Аңшылық. Қазақстанның байырғы жергілікті тұрғындары аңшылықпен ерте заманнан бері шұғылданды. Ресейдің XVIII ғасырдағы белгілі зерттеушілерінің бірі И. Г. Андреев бұл жөнінде былай деп жазды: «Аңшылық кәсібі аңдардың көптеген түрлерін аулауға бейімделген. Мәселен, қасқыр, түлкі сияқты аңдарды кең далада атпен қуып жүріп аулайды».Қазақ шаруашылығында аңшылық қосымша кәсіп сипатында болды. Ауқатты бай қазақтар көңіл көтеріп, ермек ету, уақыт өткізу үшін аң аулады. Аң аулауға қыран құстар салу, құмай тазылар жүгірту, қақпан және тұзақ құру сияқты толып жатқан тәсілдер қолданылды. Қазақтар қақпанды көбінесе казактар мен қоныс аударып келген орыс шаруаларынан сатып алды. XIX ғасырда аң аулауға мылтық пайдаланыла бастады. Қасқыр, түлкі, қарсақ ату кең таралды. Қымбат бағалы аң терілерін жәрмеңкелер мен сауда орындарына шығарып сататын болды.
Қазақтардың кәсібі
Мал шаруашылығы
Егіншілік
Аңшылық
Балық аулау
Балық аулау. Ірі көлдер мен өзендерде, сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінде балық аулау едәуір дамыды. Бұл кәсіппен кедей қазақтар айналысты. Қазақтар балықты тағам ретінде тұтынды және сату үшін аулады. Ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруаларының көбеюіне байланысты балыққа деген сұраныс арта түсті. Балық Ертіс пен Жайықта көп ауланатын. Бірақ онда балық аулауға казак офицерлері қатаң бақылау орнатты. Қазақтардың бұл кәсіппен айналысуы үшін ендігі жерде солардың рұқсат қағазын алуына тура келді. Балық аулау әсіресе Сырдария өзені мен Арал теңізінде қарқынды дамыды. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде онда мыңдаған балықшы қазақтар болды. Балық аулаудың қарқынды дамуына Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы қатты ықпал етті. Балық аулау және оны теміржолмен жөнелту үшін 1905 жылы Арал поселкесі салына бастады.
Қолөнер. Қазақ халқы арасында қолөнер кәсібі ертеден-ақ кең таралды. Қолөнершілер үй тұрмысына қажетті түрлі бұйымдар жасады. Қазақ әйелдері киіз басып, кілем тоқыды, киім тікті. Ер кісілер тері, ағаш, сүйек өңдеумен, зергерлік, ұсталық кәсібімен айналысты.