Оқулық 8 Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған 3-басыылымы, өңделген Алматы «Атамұра» 2016



бет97/251
Дата26.10.2022
өлшемі0,62 Mb.
#155042
түріОқулық
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   251
Байланысты:
ҰБТ Қазақстан тарихы 8 сынып Атамұра Алматы

3. Мал шаруашылығы. Қазақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал өсіру болды. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанды. Қазақтардың көші-қонының қашықтығы әртүрлі болып келетін. Жаңа қонысқа көшуден бұрын ауылдың тәжірибелі адамдары жер шолып, малға жайлы жайылым іздестіретін. Онда жерінің шөбі шүйгін, міндетті түрде су көзінің болуы қарастырылды. Аталас туыстар әдетте белгілі бағытта бірлесіп көшетін. Қыс кезінде үйір-үйір жылқылар ашық далада қарды тұяғымен аршып, тебіндеп жайылатын. Жылқы тебіндеп жайылған соң ол жерлерге ірі қара, түйе және уақ мал - қой, ешкі жіберілетін.
Мал басы көшпелі қазақтарды ішіп-жем, тағаммен қамтамасыз етті. Қой мен құлын, ешкінің иленген терісі түрлі сырткиімдер мен аяқкиім тігуге пайдаланылды. Ірі қараның терісінен саптама етік тігілді. Қойдың және түйенің жүнінен киіз басылды, жіп иіріліп, шекпен тігілді, арқан-жіп есілді, бау-шулар жасалды, кілем тоқылды. Ешкінің түбіті әдемі де жылы шөлілер тоқуға пайдаланылды. Малшылар серкенің, өгіз бен жылқының терісінен құдықтан су тартатын ыдыс - қауғалар, қымыз ашытатын сабалар мен сусын құятын торсықтар жасады. Қазақтар малдың тезегін отын ретінде пайдаланды. Көшпелі қазақтардың өсіретін малының негізгі түрлері қой-ешкі, жылқы мен түйе болды. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақтарда сиыр өсіру де елеулі түрде дами бастады.
Қой қазақтың ең басты байлығы саналды. Қазақтар қылшық жүнді әрі құйрықты қой тұқымын өсірді. Қой - қандай қиындыққа да төзімді түлік. Ол ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да шыдамды келеді. Ірі қойлар 2 пүтқа дейін ет, 1 пұтқа дейін құйрық майын, 4 қадаққа дейін жүн бере алады.
Қазақ жылқысы тұрқы аласа, кеуделі келеді. Ол жыл бойы өз аяғымен тебіндеп жайылады. Қазақ жылқысы жүйрік әрі өте төзімді, сондықтан да ол ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыстардың арасында өте жоғары бағаланды. Жылқы малы қазақты етпен, қымызбен қамтамасыз етті, мініске және ауыл шаруашылығында күш көлігі ретінде де пайдаланылды.
Сиыр малы қалмақ сиырлары сияқты ұсақтау болып келеді. Сүтті де көп бермейді. Сиыр елдің солтүстік аймақтарында көбірек өсірілді. Отырықшы және жартылай отырықшы шаруашылықтарда өгіздер жер жырту кезінде соқаға жегілетін күш көлігі ретінде пайдаланылды. Қазақ байлары өз сиырларын ежелгі дәстүр бойынша кедейлерге сауын ретінде таратып беретін. Кедейлер сиырдың сүтін сауып ішетін. Оның есесіне ол сиырларды жемшөппен қамтамасыз етіп, бағып-күтуді, төлін аман өсіруді өз міндеттеріне алатын.
Қазақтар ешкіні негізінен тамаша түбітіне бола өсіретін. Атақты Орынбор шөлілері қазақ ешкілерінің түбітінен тоқылып келгені белгілі. Әр отар қойды бастайтын серке болады. Түйе түлігі негізінен қос өркешті болып келеді. Жалғыз өркешті нар түйелер Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында өсірілді. Қазақтар түйені көші-қон, егін шаруашылығында күш көлігі ретінде де пайдаланды. Түйені Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруалары аз да болса сатып алып жүрді.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы ең ірі байлардың бірі Азынабай еді. Баянауыл сыртқы округінде тұратын оның 25 мыңға жуық малы болды. XIX ғасырдың ортасына қарай мал саны азая түсті. Ал 1917 жылға қарай Қазақстандағы алты облыста тұратын қазақтардың қолындағы малдың жалпы саны 18 миллион басқа жуық болатын.

  1. Жұт. Қазақтар үшін ең қасіретті кез жұт жылдары болды. Кейде көктайғақ мұздардың немесе шөп шықпай қалудың салдарынан бүкіл мал қырылып қалатын. Өйткені мал көкпеңбек болып қатып қалған қалың мұздың қабатын бұзып, шөп жей алмайтын. Ондай жұт кезінде мал мың-мыңдап қырылатын. Ең сұрапыл апатты жұт 1880 жылы болды. Сол жылы тек Торғай облысында ғана 1,5 миллионнан астам мал аштан қырылды. Қазақтардың байқауынша, мұндай сұмдық жұттар әрбір 10—12 жылда бір рет қайталанатын «қоян» жылына сәйкес келеді. Ондай жұттардан аман қалу үшін қазақтар шекара шебіндегі казактар мен орыс шаруаларына жақын келіп қонуға тырысатын. Станицалар мен деревня тұрғындарынан пішен мен сабан сатып алатын. Жұттан кейін күйзеліп, қайыршыланған қазақ шаруашылықтары ендігі жерде егіншілікпен айналысуға мәжбүр болды.

Қазақтар мал емдеу ісінде орасан зор тәжірибе жинақтады. Қазақ даласы әрбір тұрғынының мал емдеуден едәуір хабары болды.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   251




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет