Қазақтардың жауға қарсы күрес ұйымдастыру әрекеттері. Сыртқы жауларға қарсы тұру үшін қазақтардың ұлт болып күш-жігерін біріктіру өте-мөте қажет болды. Осы мақсатпен 1710 жылы қазақ халқының беделді өкілдері жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерінің құрылтайы Қарақұмда өткізілді. Онда Бөгенбай батыр бастаған бүкілқазақтық жауынгерлік жасақ құру жөнінде шешім қабылданды. Құрылтайда Бөгенбай батыр жалынды сөз сөйледі: «Таланған көштпі, тұтқындалған бала-шағаны қорғай алмай қор болып отпырмақпыз ба?! Жаудан кек алатын, өлсек қару ұстап өлетін күн туды! Қыпшақ даласы сарбаздарының сыртқы жаудан жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман?! Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» - деді.
Жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруді ұйымдастырушылардың бірі Әбілқайыр хан болды. Қазақ жасақтары жауды шығысқа ығыстырып тастады.
Қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің арасында кескілескен қанды шайқастар болып өтті. Біріккен, орталық басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды. Жоңғарлар Қазақстанның аймақтарына бойлап ене бастады.
Империя -император басқаратын, отарлық иеліктері бар монархиялық мемлекет.
Отар - мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылған ел.
Құрылтай - көшпелі ақсүйектердің аса маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдайтын жиналысы, яғни түркі-монғол халықтарының ең жоғарғы өкімет билігі органы.
Сепаратизм -өзінше бөлініп шығуға, жеке билікке ұмтылу.
Әбілқайыр (1693-1748)- мемлекет қайраткері, Кіші жүздің ханы.
Левшин Алексей Ираклиевич (1797-1879) - белгілі орыс ғалымы, тарихшы, географ әрі этнограф. Ол қазақтар туралы жазылған «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген іргелі еңбектің (Санкт-Петербург, 1832) авторы.
«Тек аңыздардың айтуы бойынша, қырғыз-қазақтардың арасында Тявка (Тәуке) қалпына келтірген тыныш та бейбіт өмір ұзаққа созылмады. Көп ұзамай-ақ олардың арасындағы алтыбақан алауыздық қайтадан басталды да, көрші халықтар бұл жағдайды өз мақсаттарына пайдалана қойды. Батыстан Еділ қалмақтары, солтүстіктен - башқұрттар мен Сібір казактары шабуылға шықты. Мұның бәрінен де өте-мөте қауіптісі шығыстағы жоңғарлар болды. Бұларды ол кезде өте күшті қонтайшы Галдан-Церен (Черен) басқарды. Ол өзінің көшпелі көршілерінің бәріне де тітіренткен үрей туғызып қана қойған жоқ, сонымен қатар тіпті Ресей мен Қытайды да ойландырды». Левшин А. И. Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы. Алматы, 1996, 165-167-беттер.