Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Шумер жазбалары нені баяндайды?
Гильгамеш жырына тоқталыңыз
Эдуба мектебі мен эдуба әдеби мәтіндерін топтаңыз
Шумерлік әдебиетке тән жанрларды атаңыз
ЕЖЕЛГІ Аккад (Вавилондық-Ассириялық) әдебиеті
Аккад тіліндегі көне ескерткіштер (іс құжаттары) б.з.д. ІІІ мыңж. ортасына сәйкес келеді. Аккад әулетінің дәуірінде (б.з.д. ХХІY-ХХІІ ғ.) аккад тілі Қосөзен аңғарында қысқа уақыт аралығында ресми тіл болды. Б.з.д. ІІ мыңж. шамасында ІІІ Ура әулетінің, сонан соң б.з.д. ХІХ ғ. басында Исин әулетінің құлауынан кейін құдайға сыйынатын мәтіндер аккад тілінде жазылып, шумер тілі біртіндеп ұмытыла бастады. Осы кезеңнен бастап және б.з.д. ІІ-І мыңж. Қосөзен немесе Месопотамия тарихы семит халықтарының тарихы болып саналды.
Бірақ шумер тілінің аккад тілімен ығыстырылуы шумер мәдениетінің жойылғандығын, оның жаңа семиттекпен түбегейлі ауысқандығын білдірмейді. Тіпті аккадтық құдай есімдері шумерлік атаулардан шыққан немесе солармен теңдестірілген (Энлиль-Бел, Иштар-Инанна, Ут-Шамаш). Семит халқы бұрыннан Месопотамия тұрғындарының маңызды бөлігі болғандықтан да, екі халықтың бір-біріне сіңісуі біртіндеп жүрді.
Дегенмен шумерлік шығармаларға қарағанда аккадтық өлең шумақтарының құрылымы мен заңдылықтары түсінікті. Аккадтық ескерткіштер екпін түскен буындардың санына байланысты шумақтармен жазылған. Бұл өлеңдер әуезбен айтылуға арналғандықтан, әуенді такт шумақтардың негізі болып саналады. Аккад тіліндегі өлеңдердің логикалық екпіні болғандықтан, екі сөздің ортақ бір екпіні болуы мүмкін. Егер сөздің соңы тұйық немесе ұзақ дауысты дыбыстан аяқталса, екпін сөздің соңынан санағанда екінші буынға, ал қалған жағдайда үшінші буынға түседі.
Вавилон мәтіндері өте нашар күйде сақталған түрлі көшірмелер мен жазулар арқылы жеткен. Вавилондықтар да шумерлер сияқты шығармалардың канондық тізімін жазған. Мұндай каталогты 1958 ж. ғалым У.Г. Лэмберт шығарған. Бұл тізім шығарма атауларынан басқа, олардың авторы көрсетілгендігімен ерекшеленеді.
Вавилон әдебиетіндегі «Әлемнің жаратылуы» (Энума элиш) атты космогоникалық мазмұндағы поэма ерекше көзге түседі. Архаикалық тілде жазылған бұл шығарма көлемі тұрғысынан Гильгамеш туралы жырдан кейін екінші орынға ие болып, әрқайсысы 125-165 қатардан құралған жеті сына жазу кестесінен тұрады. Бұл поэма көне тілде жазылып, оның басы шумер шығармаларының кіріспе бөлімінде кездесетін құдайлардың алғашқы қалаулары туралы мәтіндерді еске түсіреді. Поэмада Вавилон қаласы мен оның жергілікті құдайы Мардуктың даңқын паш ету мақсаты табылады.
Нергаль мен Эрешкигаль құдайлары және Иштар құдайының шығу тарихы туралы вавилондық поэмалар жер асты патшылығы туралы аңыздар төңірегінде құрылған. Шумер әдебиетінде жиі кездесетін ажалды батырлар туралы әңгімелер вавилон әдебиетінде сирек кездеседі. Осы уақытта Қосөзен тарихының ерте кезеңіне қарағанда батыр-құдайлар туралы аңыздардың саны арта түседі. Вавилон әдебиетінде бізге белгілі төрт батыр бар: Гильгамеш, Адап, Этан мен Атрахасис. Осындай вавилондық қызық шығармалардың бірі балықшы Адап туралы аңыз. Аңыз бойынша, Адап - ежелгі шумердің аңызға айналған Эреду қаласының данышпан тұрғыны әрі балықшы. Ол - Эа құдайының баласы. Бірде, балық аулап жатқан Адап өзіне кедергі болған Оңтүстік желіне ызаланып, оның қанатына зақым келтіреді. Ызаланған Көк тәңірі Ану кінәліні жазаламақ болады. Адапқа әкесі Эа Ану құдайының алдында өзін қалай ұстау керек екенін үйретеді. Адап әкесінің кеңесін бұлжытпай орындайды. Адаптың тапқыр жауаптарына тәнті болған Ану оған өмір суын ұсынады. Әкесінің кеңесі бойынша, оны өлім суы деп қабылдаған Адап одан бас тартады. Ану Адаптың бұл қылығын түсіне алмайды да, оның себебін сұрайды. Сонда Адап бұл әкесінің бұйрығы екенін айтқанда, ызаланған Ану Адапқа өлім жазасын кеседі. Осылайша, Адап өмірінен айырылады. Бұл шығарманың негізгі нұсқасы Мысырдан табылған. Осы жерде жазғыштар сол кезде халықаралық тіл болған аккад тілін үйренетін. Шығарма шамамен б.з.д. ХІY ғ. логикалық байланыссыз құрылған.
Лирикалық мәтіндердің ерекше тобын дұғалар қамтиды. Олар көп жағдайда әдеби құндылыққа ие болмағанымен, олардың кейбір үзінділерінде көркем шығармаға тән элементтер кездеседі. Егер әнұрандар құдайға қызмет етудің ресми түріне жатса, дұғалар мен тәубеге келу жеке діни сарынға жатады.
Махаббат жырлары туралы бізге жеткен түрлі шығармалардың аттары сақталған каталог-тізімнен мол мәлімет ала аламыз. Осындай шығармаға 50 қатардан тұратын «Ғашықтың сынағы» атты көневавилондық (б.з.д. ІІ мыңж. І жартысы) махаббат диалогын жатқызуымызға болады.
Б.з.д 745 ж. бастап (Набанасар билігінің басталуымен) канондық вавилон хроникасын жүргізу басталады. Б.з.д. 745 ж. бастап Ашшурбанипалға б.з.д. YІІ ғ. дейін жеткізілген вавилон хроникасы, Ассирияның құлауы жөнінде әңгімелейтін «Гэдда хроникасы» (б.з.д. 626-605 ж.), б.з.д. YІІ ғ. ортасына дейін жеткізілген «Уайзман хроникасы», Вавилонды парсылардың жаулап алуын суреттейтін «Набонида кира хроникасы» сияқты бізге жеткен барлық вавилон хроникалары тұтас прозаикалық шығарма болуы мүмкін. Олар барынша қысқа әрі ықшам тілмен жазылып, таза ақпараттық сипатқа ие боды.
Асархаддон мен Ашшурбанипалдың бірнеше әнұрандарын есептемегенде, ассириялық әдебиетпен мүлде таныс емеспіз. Шынымен де, ассириялық сына жазу әдебиетінің бірден-бір өзіндік ерекшелікке ие ескерткіштері патшалық жазулар болып табылады. Бірақ б.з.д. ІХ ғ. патшалардың жылнамаларынан басқасы, аз ғана жергілікті ассириялық ерекшеліктері бар вавилондық әдеби диалектісінде жазылған.
Таяу Шығыстың сына жазу әдебиетінде патшалық жылнамалар жанры Хетт патшалығында (б.з.д. ІІ мыңж.) пайда болып, кең тарады. Бұл жанр хеттер арқылы хурриттік патшалық Митанниде қабылданып, б.з.д ІІ мыңж. екінші жартысында Митанни арқылы Ассирияға өтті. Б.з.д. ІХ ғ. дейін ассириялық жылнамалардың көп бөлігі жорықтар, алынған бекіністер, құлдар мен бұқаралық жазалаулардың құрғақ тізімінен тұрды. Бұлар көбінесе айқын хеттік анналистикаға жататын қалыпты тіркестермен баяндалған. Алайда ассириялық мәтіндердің кіріспесінде патшаның атақтары мен артықшылықтары, құдайларға үндеу өлеңдері жазылған. Кең ауқымды тарихи мағлұматтар мен табиғат пен соғыс суреттерін көркем бейнелеу жаңа ассириялық (б.з.д. YIII-YII ғ.) патша жазуларының ерекшелігін білдіреді.
Ассириялық патша жазуларын үш типке бөліп қарастыруға болады: салтанатты жазулар, жылнамалар және құдайларға арнап жазылған «хаттар». Салтанатты жазу патша жеңісін қандай да да бір географиялық немесе тарихи мәліметтерсіз көрсетеді. Жылнамалар қандай да бір патшаның билеу уақытындағы жорықтары мен жеңістерін толық суреттеу болып табылады. Олар бізге ассирия әскерлері болған елдер жөнінде құнды тарихи және географиялық мәліметтер береді. Патша жазуларының үшінші түріне қандай да бір патшаның жорығы жөнінде құдайға хат түрінде жазылған толық есебі жатады. Бұған Урарттың жорығы мен II Саргон мен Шубрия еліне жасаған жорығы туралы Асархаддонның Ашшур құдайына арнаған хаттары дәлел бола алады.
Вавилон-ассириялық әдебиетіндегі сюжеттер, көптеген жанрлар шумерліктерге ұқсас, алайда біршама көрнекірек жазылған. Бірдей сюжеттегі түрлі жанрлардағы ескерткіштер аккад поэзясында мүлдем басқаша беріледі. Бір тақырыптағы вавилондық шығармалар шумерлік нұсқаға қарағанда өте қысқа, бірақ көп нәрсе баяндалған әрі оқырманның жүрегінде әсерлі із қалдырады.
Егер шумерлік әдебиет, ең алдымен, әдебиеттің қалыптасу үдерісі мен дәстүрлі ауызша жанрлардың жазбаша әдебиет шарттарына бейімделу үдерісіне әсер етсе, вавилондық әдебиет сол үдерістің нығайып, ары қарай жалғасын табуына өз үлесін қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |