Гомер (б.з.д. XI-YIII ғ.). Гомер - Ежелгі Грекияның аты аңызға айналған ақыны. Көне деректерде кезбе, соқыр жыраудың тарихи, нақты шынайы болмысы ойдан шығарылған, фантастикалық бейнемен ұласып кеткен де, соның салдарынан Гомер туралы анық мәлімет көмескіленіп, бізге жұмбақ күйде жеткен. Гомердің Отаны атануға «жеті қала» (Смирин, Хиос, Колффон, Саламин, Ролос, Аргос, Афины) таласқан. Қазіргі Хиос қаласында Гомердің отырған тасы сақталған.
Ерте заманда эпостық жырлардың көпшілігін Гомердікі деп келген. Кейінірек ежелгі дәуір сыншылары сапасына карай сараптай зерттеп, зерделей отырып «Илиада» мен «Одиссея» деген атақты екі эпостық дастандарды, сондай-ақ бірнеше шағын шығармаларды («Гомердің ел ұраны», «Моргит» комедиялық поэмасы және т.б.) Гомердің өзінің төл туындысы, өзі шығарған, ел аузында ерекше сақталған атақты шығармалары, эпостары деп танып, өзіндік баға беріп, ара жігін ажыратқан. Сол ерте кездің өзінде бұл екі поэманың («Илиада» мен «Одиссея») бір адамның, яғни жалғыз ғана Гомердің қаламынан туған шығарма екеніне күдік келтірушілер, өзіндік теріс пікірлерін айтушылар да болған. Бірақ сол тұста Аристархтың /б.з.д. ІІ-І ғ. Александрия ғалымы/ «Гомер «Илиаданы» жас шағында, ал «Одиссеяны» қартайған шағында өз қаламынан тудырып, жазып шыққан шығармасы» деген тұжырымды сөзі барлығын жеңіп шыққан.
Бұл екі дастан төңірегінде онан бергі кезеңдерде де қарама-қайшы пікірлер болған. Француз ғалымы Обиньяк, неміс ғалымдары Ф.А.Вольф (1759-1824) және К.Лакман бұл екі шығарманың бір ақын жазған шығарма, тұтас дүниелер екеніне өзіндік көзқарастары тұрғысынан шүбә келтіріп, жазуы жоқ адамдар хат танымайтын заманда осыншалықты тарих пен тағылымға құрылған, сюжеті ұзақ дастандар мен жырлардың өмірге келуі мүмкін емес жағдай деп топшылау жасайды. Гомердің аталған туындыларын жоққа шығарып, шүбә келтірген адамдарга қарсы жауап ретінде ғылыми дұрыс тұрғыда пікір айтқан Ф.Шиллер, В.Гете, Г.Гегель, В. Нич тәрізді ақындар мен философтарды атап өтуімізге болады.
«Илиада» поэмасының оқиғасы8 Троялық соғыстың 10-шы жылында көрініс табады, бірақ дастанда соғыстың себебі туралы да, басталуы жайында да айтылмайды. Бұл бөлімдегі басты тұлғалар оқырманға таныс болып келеді. Бұл дастанның мазмұны гректік және троялық батырлардың бейнесі жинақтала көрініс тапқан бір ғана бөлімнен тұрады. «Илиада» дастаны антикалық ғалымдар грек алфавитінің саны бойынша 24 кітапқа бөлген 15700 өлеңнен тұрады.
«Одиссея»9 - «Илиаданың» занды жалғасы болып табылады. Бұл дастанның мазмұны Трояның құлаған 10-шы жылымен байланысты болып келеді. «Илиада» дастанында көрініс табатын тұлғалар «Одиссеяның» да сюжетіне кіргізілген. «Одиссеяны» да антикалық ғалымдар 24 кітапқа бөлген.
Батырлық эпостың басты ерекшелігі – оның сол кездегі әлеуметтік қатынастарымен бірлескен қандай да бір көне замандағы тарихи жағдайға байланыстылығында еді. Гомерлік поэмалар үшін мұндай тарихи оқиға Троя соғысы, Микен жайлы естеліктер болып табылады. Олардың қатарына, мысалы; кейіпкерлердің мыстан жасалған қару-жарақтарының сипаттамасы, көркем жиһаздар, ыдыстар мен ер тоқымдар, әскери ат арбалардың қолданылуының өзі де жатады. Агамемнонның гректердің арасындағы беделі, микен дәуіріндегі орталықтанған биліктің болғанын білдіреді, ал кемелер каталогындағы 164 географиялық атаулардың ішінен шамамен тоқсаны мекендік Грекияда болған қалалар мен мекендердің атауына сәйкес келеді. Б.з.д II ғасырда гомерлік эпостар мен таяу шығыстық фольклордағы мотивтердің ұқсастықтары байқалады. Мысалы Ахилл мен Патрокл арасындағы қарым-қатынас аккад бяндамаларында сөз етілген, Гильгамеш пен Эндиктің достығына ұқсас келеді. Одиссей сапары жайлы әңгімелерінің прототипін ежелгі египеттік «Кеме апатын бастан кешіргендер» атты әңгімеден табуға болады.
Сонымен қатар автор ежелгі ауыздан-ауызға тараған әңгімелерді өңдеген кезде бұрынғы батырлық эпостарға тән қиял-ғажайып белгілерді алып тастауға талпынғаны байқалады. Нәрестенің ғажайып жағдайда туылғаны, ғажайып балалық шағы, кішкентайынан үлкен күшке ие болатындығы, сиқырлы жануарлардың, әсіресе атының көмегі сияқты ғажайып оқиғалар гомерлік поэмада мүлдем кездеспейді деуге болады. Ал киім үлгілері мен шаш үлгісінің сипаттамасы кейіпкерлердің қалай қаруланғанының, мәйіттерді өртеу рәсімінің және осы сияқты басқа да әрекеттердің сипаттамасы микендік мәдениетке емес, YIII ғасырдағы Иондық мәдениетке, яғни Троя соғысының төрт-бес жүзжылдықпен алшақтанған дәуірге тән. Негізгісі поэмадағы сол дәуірге тән әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәліметтер, ең бастысы кейбір тайпалық бірлестіктердің басшылықта орын алуы мен аристократтардың болуы жайлы мағлұматтар да жатады. Ең жақсы да шұрайлы жерлер, көптеген мал үйірлері мен таңдаулы жайылымдар әйгілі көсемдердің еншісіне тиетін еді. Қолға түскен байлықтарды бөліскен кезде олар өздеріне ең жақсысын таңдап алған.
Атақты патшалар мен көсемдер екі поэманың да басты кейіпкерлері мен сол дәуірдің идеал бейнесін алғандықтан, буржуазиялық әдебиеттануда «аристократизм» туралы көзқарастар таралған. Зерттеушілердің ішінде бүкіл гомерлік эпосты «ойын-сауықтық» поэзия деп тапқандар да кездеседі.
Басқа эпикалық көсемдер тәрізді Гектор да батырлық абырой кодексіне адал. Ахиллмен шайқастан бас тарту немесе ауытқу туралы ойламайды. Бірақ оның ахейлік батырлардан айырмашылығы – ол елін қорғау үшін күресті басқарып, троялық әйелдер мен балаларды қорғайды. Трояның құлайтынын біле тұра, Гектордың елі үшін қасық қаны қалғанша күресуге дайын болуы, оның тұлғасына шынымен – ақ трагедиялық айбындылық береді.
Батырлық «этиканың» белгілері «Одиссейде» айқынырақ білінеді. Бұл поэманың да басты кейіпкері ахейлік тайпаның жоғары әулетіне жатса, ақылы мен ептілігі арқасында атағы шыққан Одиссей үшін Ахилл мен Гектордың мінезінде кездеспейтін, икемділік, айлакерлік, барлық жерде мұқияттылық, тұйықтылық және тікелей қылымсулық тура қайсарлықпен ержүректілікке қарағанда құндырақ қасиеттер болып табылады. Поэмада Пенелопа құда түсуге келеген күйеу жігіттер жағымсыз жағынан көрсетіледі. Олар озбыр жолмен Одиссейдің үйін ойсыратады. Телемахтың олардың озбырлығын халықтық жиналыс арқылы басу талпынысы ешқандай нәтижеге алып келмейді. Міне, ақсүйек жастардың осындай қылығы тайпалық институттардың қандай дәрежеге жеткенін көрсетеді. «Илиадаға» қарағанда «Одиссеяда» құлдық еңбек туралы көбірек сөз етіледі. Бірақ ол заманда құлдық патриархалдық сипатта болады да, үй ішіндегі қызметпен шектеледі.
Гомерліктердің дүниетанымына «құдайлар - адамдарды өнегелікке қарсы күнәлары үшін соттай алатын және жазалай алатын жоғарғы күш» деген ойлар тән. Гомерлік құдайлар адамдардан тек мәңгі өмірімен және күшімен ерекше, өз араларындағы қарым-қатынасы мен адамдарға деген қатынасында әділеттілік емес, жеке көзқарастары мен керісінше жақсы көрмеулері жетекшілік етеді. Адамдардың тыңдамаушылығына деген құдайдың ашу-ызасы қауіпті, бірақ негізінен адамдардың жердегі өмірінің өлшемі оның істеріне емес, тағдырына байланысты. Тек «Одиссеяның» соңында ғана діни-этикалық мәселенің пайда болғаны байқалады. Құдайлар Одиссейдің жолдастарының немесе Пенелопаның күйеу жігіттерінің тағдырына араласпаса да, оларды масқара, арсыз әрекеттерден сақтандыруға тырысады. Ал күйеу жігіттердің өлімі ежелгі қонақжайлылық заңдарды бұзғандары үшін, Одиссейдің үйін қорлағаны үшін тартқан жазалары деп есептелінеді.
Жеке тұлғалардың мүмкіндіктерін сезіну эпостық образдарды құрудың негізі болды. Образдардың әрқайсысының жеке белгілері бар: барлық көсемдерді парыз сезімі, батылдылық, қажымас қайсарлық сипаттайды, Ахиллге қажырлылық, туралылық және адалдылық, Агамемнонға атаққұмарлық, менмендік, мақтаншақтық, Одиссейге шешім қабылдаудағы асықпаушылық, сақтық пен айлакерлік тән. Екі гомерлік ақсақалдың ішінде Троя патшасы Приамның тағдырына шыншыл жанашырлық көрсетілсе, ал ахейлік Нестордың көпсөзді насихаттары мен кеңестеріне деген жеңіл ирония байқалады. Гомерлік поэмаларда көптеген әйел образдары суреттелген. Гекторға шын жүрекпен адал Андромаха, балаларын бірінен соң бірін жоғалтқан Гекуба, жоғалып кеткен жарын адал күтіп отырған Пенелопа және Одиссей сияқты адамға тұрмысқа шығуды армандайтын жас ханшайым Навсикая. Бұл кейіпкерлердің барлығы тек айрықша тағдырмен ғана емес, белгілі бір жан қасиеттерімен, мінез-құлықтарымен ерекшеленеді.
«Илиадада» тек қана әскери өмірді сипаттаса, «Одиссейде» бейбіт тұрмыстың да келбеті бар. Автор Одиссейдің басынан өткен таңғажайып оқиғалармен қатар, оның Отанына деген сағынышын, жолдастарынан айырылған кездегі сағынышын, басқа да сезімдерін сипаттап кетеді. Одиссейдің батырлығы, айлакерлігі, Отанына оралуға деген құлшынысын тіпті жебеушісі Афинаны да таңдай қақтырады.
Ежелгі гректерге «Илиада» мен «Одиссея» тек сүйікті жыр ғана емес, тәрбиелік мәні бар жалпыгректік мәдени туынды еді.
Аңыз айтушы ақынды (ежелгі гректерде ол аэд, кейін рапсод деп атаған) тойларда ұзақ, түрлі оқиғалармен әбден сіңген поэманың белгілі бір бөлігін (жырлар) ән салып айтуды сұрайтынын елестетуге болады. Егер тойлаушылар ежелгі Троя түбіндегі ерлік істер туралы естігілері келсе, ақын-жыршы кифараның дыбыстарының сүйемелдеуімен керемет «мықты дуалданған» Троя (Илион) орналасқан Кіші Азия жағалауына Грекиядан «қара қабырғалы кемелерде» жүзіп келген «сары сауыт киген жауынгер» ахейліктер (гректер) мен туған қаласының қорғаушылары батыл троялық жауынгерлер арасында туындаған Троя соғысы туралы өлеңді айтқан.
Трояны алу кезіндегі қанды оқиғалар туралы римдік ақын Вергилийдің б.з.д. I ғ. жазылған «Энеида» поэмасында да баяндалады. Бұл поэманың батыры талқандалған және жанып жатқан қаладан қашып кете алған троялық Эней болды. Вергилий сөзсіз Илионның (Троя) күйзелісі туралы поэманы білді, себебі ол Демодоктың «Одиссеядағы» әңгімесінде кездеспейтін нәрселерді еске алады.
Достарыңызбен бөлісу: |