Ежелгі Мысыр әдебиеті
Мысыр тілінде үш жарым мың жылдан астам уақыт аралығында жазған, сондықтан тілдің түрленуі мен өзгеруі заңдылық. Жазба ескерткіштері өз тіршілігінің 35 ғасырында бірнеше төменгідей даму кезеңдерінен өтті:
Ежелгі патшалық дәуірінің көне мысыр тілі (б.з.д. XXX-XXII ғ.)
Орта мысырлық немесе классикалық oрта патшалық дәуірінің тілі (б.з.д. XXII-XYI ғ.)
Жаңа патшалық дәуірінің жаңа мысыр тілі
Демотикалық тіл (б.з.д. YIII ғ.- б.з. III ғ.)
Копт тілі (б.з. III ғ. басталған)
Ғылымда белгіленген дәстүрге сәйкес мысыр тілінің даму кезеңдерін жеке тіл ретінде қарастырамыз, себебі олар бір-бірінен барынша өзгеше. Солай есептеле тұра, бұл - бір тілдің даму кезеңдері. Мысыр тілі дамуының соңғы сатысын білдіретін копт тілі тілтану ғылымында жеке өзіндік тіл болып саналады.
Демек, мысыр әдебиеті бір тілде, яғни мысыр тілінде жазылған деп негіздейміз. Өйткені мысырлықтардың өздері әдеби дәстүрлерінің үздіксіздігін сезінген. Өз кезінде классикалық тілде жазылған орта патшалықтың әдебиет ескерткіштерін жаңа патшалық дәуірінде үйреткен, жаңа мысыр тіліне аударған. Классикалық тілде кейінгі уақытта да жазуға тырысқан. Тілдің біркелкілігінің арқасында ежелгі әдеби сюжеттер мен мотивтер ғасырлар, мыңжылдықтар бойы өмір сүрген.
Мысыр жазбасы - дүниежүзіндегі жазулардың ең көнесі. Өз тарихында мысырлықтар жазудың екі жүйесін иероглифтік және иератикалық қолданды. Б.з.д. YIII ғ. тағы бір күрделі демотикалық жазу түрі пайда болды, ол өзінің ерекшелігіне қарамастан иератикалық жазуының кезекті кезеңі болып табылады. Белгілі орыс мысыртанушысы Б.А. Тураевтың салыстыруына сүйенсек иероглифтік, иератикалық және демотикалық жазулар арасындағы қатынас біздің баспа, қолжазба және стенографиялық таңбалар арасындағыдай.
Мысыр мәдениетінің бөлігі болып табылатын мысыр әдебиеті тәуелсіз Мысыр мемлекетіне қарағанда барынша ұзақ өмір сүрді. Б.з.д. 332 жылы Мысырды Александр Македонский жаулап алса, б.з.д. 30 жылы ол Рим империясының құрамына провинция ретінде кірді. Бұл ретте мысыр мәдениеті жаңа саяси жағдайларда өмір сүріп, дами бастады. Мысыр әдебиетін оқып зерттеу ертеден-ақ мысыртанудың дербес саласына айналғанына қарамастан, мамандар оның тарихын кезеңдеуде сыртқы белгілеріне сүйенгенді қалайды, сондықтан тіл және мемлекет тарихы секілді Ежелгі патшалық, Орта патшалық, Жаңа патшалық және демотикалық кезеңдері деп бөледі.
Кез келген әдебиет сияқты, ежелгі мысыр әдебиеті қоғам өмірімен және оның идеологиясымен тығыз байланысты болған. Ежелгі Мысырда дін идеологиясы басым болғандықтан, әдебиетте оның әсерінің болуы әбден түсінікті. Алайда мысыр әдебиеті тек діни және аңыздық мәтіндермен берілген деуге болмайды. Керісінше, ол әдеби жанрлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді.
Оның құрамында ауыз әдебиетімен бітесе қайнасып кеткен халық ертегілері (Весткар папирусындағы ертегілер, Екі ағайынды туралы, Ханзада туралы), өмірде орын алған оқиғаларды шабыттайтын әңгімелер (Синухе мен Ун-Амон хикаялары), тарихи сипаттағы патшалар жазбалары, діни жазбалар (құдайларға арналған әнұрандар/, философиялық ойлар (Арфист әні), аңыздар, махаббат лирикасы, этикалық нұсқаулықтар т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |