Оқулық Алматы, 2014 Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Оқулық»



Pdf көрінісі
бет2/302
Дата06.02.2022
өлшемі3,11 Mb.
#80173
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   302
Байланысты:
iztaev osimdik sharyashylygy (1) (1)
203 топ сабакка катысу, ағылшын тест, Turakhanova Nilufar and Khairullayeva Zulkhumor Fat-811B lesson, Turakhanova Nilufar and Khairullayeva Zulkhumor Fat-811B lesson
Ізтаев Ə.І., Ермекбаев С.Б. 
Өсімдік шаруашылығы негізінде астықтану:
Оқулық / Ə.І. Ізтаев, 
С.Б. Ермекбаев. – 2014. – 416 бет.
ISBN 978-601-217-473-1


3
Бұл оқулықты астықтану саласының 
көрнекті ғалымы, ұстазымыз Отыншиев 
Беделханның рухына бағыштаймыз.
КІРІСПЕ
Астық өндірісі – ауыл шаруашылығының ірі саласы. Астықтан ұн, 
нан, макарон, жарма, тəтті тағамдар сияқты адам баласына ең керекті 
өнімдер алынады жəне оны күрделі жем ретінде мал шаруашылығында 
да кеңінен пайдаланады.
Дəнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар жəне майлы тұқымды 
дақылдар өндірістің көптеген салаларында пайдаланылады. Олардан 
спирт, сыра, өсімдік майы, мақта, кендір, олифа, дəрі-дəрмектер жəне 
бұлардан басқа да, адамға керекті көптеген заттар алынады. Қорыта 
келгенде, көк өсімдіктер, əсіресе, ауылшаруашылық дақылдар, адам 
өмірінің өзегі деп есептеледі. Көк өсімдіктер болмаса тіршілік те 
болмаған болар еді. 
Көк өсімдіктер жазда өзінің жасыл жапырақтарындағы хлоро-
филл ферменттері арқылы күн сəулесінің қуатын пайдаланып, су мен 
көміртегін органикалық сутекті заттарға айналдырады. Бұл үдерісте 
оттегі бөлініп шығады да, ауаны тазартады, ал күн қуаты болса, 
органикалық заттардың құрамына кіріп энергия қорына айналады. 
Астық піскен кезде дəннің құрамына кіріп сақталады. Міне, осыдан 
көк өсімдіктер нан жəне ет, сүт, май сияқты басқа да адамға өте керекті 
қоректік заттарға айналады да, денсаулық сақтау саласында баға жетпес 
маңызға ие болады, ал оттегі болса, адамның жəне басқа жануарлардың 
тыныс алуына жұмсалады.
Астық құрғақ жағдайда өте ұзақ сақталады, əртүрлі пішінді 
қамбаларға құюға жəне жер жүзінің түкпір-түкпіріне тасымалдауға 
қолайлы, ыстықтан да, суықтан да қорықпайды. Міне, осыдан барып 
барлық жержүзіне кең тарап кеткен. Осындай маңызды ерекшеліктеріне 
қарай дүниежүзінің көптеген елдерінде егін шаруашылығын дамытуға, 
сапалы астықты мол өндіруге үлкен мəн беріледі. 
Қазақстан астық өндіру жөнінде дүниежүзіндегі белгілі елдердің 
қатарына жатады. Республикада астық шаруашылығын өркендетуге 
басты көңіл бөлініп, жыл сайын орташа есеппен өндірілетін астықтың 
көлемін 26,5-28,5 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Ауа райы 
қолайлы жылдары Қазақстанда астық өнімі 30-32 млн тоннаға дейін 


4
жетеді. Мысалы, 2011 жылы 31 млн тоннадан астам астық өндірілді. 
Жержүзінде адам саны көбейіп, соған байланысты тамақ өнеркəсібін 
өркендету мəселесі күрделі міндет болып тұрғанда, құнарлы жерлердің 
көлемі жыл сайын азайып, шөп-шабындық кеміп, мал көбінесе, қолға 
қарайтын болғанда, одан жыл сайын сапалы мол өнім алу – аса маңызды 
міндет болып қалып отыр.
Егін шаруашылығының көлемі жөнінен Қазақстан ТМД елдерінің 
ішінде үшінші орында (Ресей мен Украинадан кейін). Бірақ астықтың 
сапасы жағынан бірінші орын алады. Қазақстанның солтүстік 
облыстарының бəрінде дерлік күшті жəне қатты бидай өсіріледі. Онсыз 
сапалы нан пісіру мүмкін емес жəне оны шет мемлекеттерге алтынға 
балап сатуға болады.
Қазақстан Республикасында астық дақылдарының көптеген 
мол өнімді, сапасы жақсы жаңа сорттары шығарылып отыр, олар 
еліміздің барлық жерлеріне кең таралады. Астық көп өндірілетін 
солтүстік аймақтарда элеватор жəне астық қамбалары көп салынып, 
ондағы барлық орындалатын жұмыс механикаландырылған жəне 
автоматтандырылған.
Республиканың егін шаруашылығына жаңа техника мен озық тех-
нология кеңінен енгізілуде. Ол астықты көп өндіріп, оның сапасын 
жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. 
Қазақстан астық өнімдері 1953 жылдан, яғни тың жəне тыңайған 
жерлерді игеруден бастап тез дамыды. Қазір республикамызда 21,5 млн 
гектардан артық егіс егіледі.
Осындай жетістіктерге қарамастан, астық өнімдері тамақ өнеркəсібін 
шикізатпен, мал шаруашылығын құрама жеммен қамтамасыз ету-
ге əлі де жетіспейді. Сондықтан республикамыздың əлеуметтік жəне 
экономикалық дамуының негізгі бағыттарында егіс өнімін арттыру 
ең басты бағыт деп есептеліп, əр адам басына жылына 1,5 тоннадан 
астық өндіру міндетін алға қойып отыр. Сонда ғана Қазақстанда ұн, 
нан сияқты халық күнделікті пайдаланатын тағамдармен қатар, мал 
азығына қажетті сапалы жем де жеткілікті болмақ.
Құрметті оқырман, ана тілімізде жарық көріп отырған бұл оқулық 
осындай аса маңызды мəселеге арналған. Оқулық жаңа бағдарлама та-
лаптарына орай жазылып, астықтану сапасының мамандарына, жоғары 
оқу орындарының студенттеріне күнделікті оқу, тəжірибелік жұмыс 
үдерісі үстінде пайдаланатын бірден-бір құрал ретінде ұсынылып отыр.
Оқулықтан егіншілік тарихы жөнінде қысқаша мағлұмат, 
Қазақстандағы егіншілік жүйесі, оның ерекшеліктері жөнінде толықтай 


5
түсінік аласыздар. Дəнді топыраққа енгізуден бастап, оны жинап алу, 
астықты сақтау, одан түрлі өнімдер жасау жолдарымен танысасыздар. 
Дəнді, бұршақ тұқымдастар, майлы дақылдардың түрлері, олардың 
химиялық, физиологиялық қасиеттері, астықтан түрлі өнімдер жасау 
технологиясы жөнінде, астық өнімдерін стандарттау туралы қажетті 
мəліметтермен қанығасыздар.
Енді осындай дербес оқулық арналып отырған пəн не үйретеді 
жəне оның əдістері қандай деген мəселеге тоқталып өтейік. Астықтану 
жəне диқаншылық негіздері пəні астықты, ұн, жарма жəне басқа 
да астықтан алынатын өнімдерді жəне олардың сапасын зерттеудің 
негіздерімен таныстырады. Астық өнімдері егін шаруашылығының 
жалғасы, бірақ бұл пəн ауыл шаруашылығы ғылымдарына жатпай-
ды, технологиялық ғылымдардың бір саласы болып есептеледі. Егін 
шаруашылығы өсімдікті қалай өсіріп, қалай одан жоғары өнім алудың 
жолдарын қарастырса, технологиялық ғылымдар ауыл шаруашылығы 
дақылдарының түсімінің сапасын зерттеп, оны мемлекетке тапсырудың 
негіздерін, астықтың сапасына қойылатын негізгі шартты межелерге 
(кондициялық) жеткізу əдістерін қамтамасыз етеді. 
Астық тамақ өнеркəсібінің шикізаты болғандықтан, ол ауыл 
шаруашылығынан тамақ өнеркəсібіне жақын. Сонымен қатар пəн ауыл 
шаруашылығының дақылдарымен таныстырып, оның түсімін қалай 
тиімді пайдалану əдістерін үйретеді. Егін шаруашылығының негіздерін 
білуге, астықтың сапасының солармен тығыз байланысты екенін жете 
түсінуге көмектеседі. Сондықтан бұл ғылымның екі саласы бірін-бірі 
толықтырып, оларды дұрыс пайдалана білудің негізін салады. Осылар-
ды ескере отырып, бұл пəн – бір ғылымның екі саласын ұластыратын, 
өсімдікті өсірумен оның түсімдерін бірімен-бірін жалғастыра ұғым 
беретін пəн. Дегенмен, мұнда технологиялық ұғымдар басымырақ 
болмақ. Міне, осы көрсетілген ерекшеліктерді еске ала отырып, пəн 
мына төмендегі ғылыми жетістіктерді: 
– барлық ауыл шаруашылығы дақылдары дəндерінің ішкі жəне 
сыртқы құрылысын; 
– химиялық құрамын жəне оларға агротехникалық шаралардың, 
ауа райының, орып-жинау, сақтау кезіндегі кездесетін кездейсоқ 
жағдайлардың тигізетін əсерін;
– əр дақылдың биологиялық ерекшеліктерін;
– астық дəнінде болып тұратын физиологиялық жəне биохимиялық 
өзгерістерді;
– астықтың технологиялық қабілеттерін;


6
– ауыл шаруашылығы дақылдарының жағырапиясын;
– бұларды келешекте жетілдіруді жəне т.б. мəселелерді қамтуды, 
олардың ғылыми негіздерін зерттеуді қарастырады.
Сонымен қатар бұл пəн астықты сақтау, астық аурулары мен зиянды 
жəндіктері, элеватор жəне қамбалар, биохимия, ұн тарту, жарма жасау, 
құрама жем өнеркəсібі, т.б. технологиялық ғылымдардың негізін сала-
ды.
Астықтану пəні дəнді зерттеу кезінде өзінің ерекше əдістерін пайда-
ланады. Бұл əдістерді:
1. Адамның сезім мүшелері арқылы (органолептикалық, сен сор лық) 
зерттеу, сезу. (Бұл тəсіл астықты қабылдағанда, басқа жаққа жібергенде, 
қамбада сақталып жатқан кезде қолданылады);
2. Зертханалық əдістер. (Бұлар астықтың əртүрлі технологиялық қа-
сиеттеріне, дақылдардың түріне байланысты жүргізіледі) сияқты екі 
топқа бөлуге болады.
Бұл екі тəсіл бірін-бірі толықтырып, қатар жүруі керек. Сонда ғана 
тиісті нəтиже бере алады.
Оқулық туралы пікірлеріңізді Алматы технологиялық универ-
ситетіне 050012, Алматы қаласы, Төле би көшесі, №100-үйге 
жіберулеріңізге болады.


7


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   302




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет