Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет10/17
Дата10.03.2020
өлшемі1,76 Mb.
#59857
түріОқулық
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17
Байланысты:
О улы Астана, 2012 аза стан республикасыны білім ж не ылым м


Әңгіме

Әңгіме, баспасөз конференциясы, дискуссия екеуаралық сипатқа ие болып, сұхбаттан өзгешеленеді. Әдебиетте «әңгіме» деген терминге сан түрлі анықтама беріледі. Біздің жағдайымызда бұл бір-бірімен ой бөлісетін, ортақ мәселе төңірегінде сөз қозғайтын бірнеше адамдар қатысатын бағдарлама туралы болмақ. Сонымен, әңгіме - екеуара хабарламалық пішін, сараптамалық публицистиканың арнайы телевизиялық жанры. Бағдарламаларда жиі кездеседі. Әңгіме қоғамдық қызығушылық туғызып отырған оқиғаларға, өзекті тақырыптарға арналады: саяси, экономикалық, әлеуметтік, адамгершілік-эстетикалық, ғылыми т.б. Көбінесе, әңгіме соңы дискуссияға ұласып отырады. Шиеленістің болуы, әртүрлі көзқарастардың қақтығысып қалуы, ойдың дамуы, алдын-ала жоспарланған сценарий бойынша, соңында бұл шиеленістерді ең сенімді мәліметтер көмегімен шешу шындық сапасының артуына, бағдарламаның танымалдылығына әкеледі. Өзінің сыртқы ерекшелігіне орай, әңгіме ішкі динамикалық қатаңдыққа ие. Мұнда әртүрлі көмекші құралдар қолданылады: кадрлар, фотосуреттер, кескіндер, құжаттар.т.б.



Телеәңгіме. Әңгіме, баспасөз-конференциясы, пікірталас диалогтық сипатта болып, өз шежіресін сұхбаттан бастайды.

Әңгіме – хабарламаның диалогтық пішін ұсынатын сараптамалық публицистиканың спецификалық телевизия жанры. Бұл пішін бағдарламаларда кең тараған және қоғамның қызығушылығын туғызатын тақырыптарға арналады. Телеәңгіме саяси, экономикалық, қоғамдық, этикалық, ғылыми және т.б. пікірталасқа айналып кетеді.

Келіспеушіліктің болуы, әр түрлі көзқарастың соқтығысуы, сценарийлық жоспар бойынша жасалған ойдың дамуы, нәтижесінде – сендіретін дәлелдерді таңдау арқылы келіспеушілікті шешу, мәселенің мағыналылығы, қызықтығы – бұл қасиеттер осындай бағдарламалардың әрекеттілігін және танымалдығын, сонымен қатар олардың жасалуының күрделілігін көрсетеді.

Автор-публицистің осындай әңгімелерді дайындаудағы жұмысы тақырып анықтаудан, қатысушыларды таңдаудан, композициялық шешімді жоспарлаудан басталады. Сценарийлық жоспар болашақ бағдарламаның маңызды кезеңін ғана белгілейді. Мұндай бағдарламаларға тым нақтыланған сценарий келмейді, себебі, ол суырып-салма өнерді, табиғилықты, ой дамуының бейнелігін жоғалтады. Әңгіменің құрылымын анықтайтын негіз – мазмұн, таңдалған тақырыпты ашатын сценарийлық жоспар және студияға шақырылған адамдардың өзара қатынасы. Жоғарыдағы құрылым негізгі түгел болғанда ғана әңгіменің ішкі динамикасы тартымды шығады, онда әртүрлі қосымша құралдар (кадр, фотосурет, схема, құжат) қолданылуы мүмкін.


Пікірталас (дискуссия)

Пікірталас жанрының кең таралғандығы және танымалдығы қазіргі өмірдің стиліне және ақиқатты табу құралына айналған. Пікірталас латынша «дискуссия» зерттеу, қарау, талқылау деген мағына беретін телеэкрандағы тартымды жанр. Көрермен алдында болатын ой үрдісін, оның тууын, дамуын, мақсатқа жетуін көрсетеді. Әртүрлі пікірлердің тоғысуы телеаудиторияны қызығушылығын туғызып, интеллектуальдық қызметін арттырады, зерттеу үрдісіне жетелейді. Осыдан барып жанрдың жоғары танымдық потенциалы шығады.

Пікірталасқа құрылған бағдарламаларды дайындауда әдеби еңбек өте аз болады. Жүргізушінің алғашқы сөйлемінен бастап, адамдардың студияға пікірталасу үшін жиналғанын айтады. Пікірталас тақырыбы анкеталық сұхбатта қарастырылған талаптарға сай болуы керек. Таңдалған тақырыптың таласқа түсе алатындығы және көпшілікке қызықты, қоғамдық маңызы бар болуы шарт.

Әртүрлі көзқарасты жақтаушылар кейде әртүрлі үстелдерге отырғызылады. Жүргізуші аудиторияның өкілі, мамандар мен олар арасындағы арашашы болады. Бұл жанрға мысал ретінде «Хабар» арнасындағы «Сонымен солай дейік» бағдарламасын атауға болады. Сценарийлық жоспарға қарамастан, журналист импровизацияға дайын болу керек. Кез келген көрерменге мәселені шешуде қатыса алатын, сұрақ қоя алатын мүмкіндікті беретін студияда орнатылған телефондар пікірталас жанрының шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.


Пресс-конференция

Пресс-конференция – бірнеше интервьюерлердің белгілі бір саланы жақсы білетін бір, не одан да көп адамдарға сұрақ қоюы арқылы ерекшеленетін сұхбаттың түрі.

Брифинг - журналистерге айтулы оқиға туралы қысқа түсінік беріп, оның жалпы барысы туралы баяндап, талқылануға тиіс тақырыптарға тоқталып өтетін жиын. Егер тақырып жалпы халықтың қызығушылығын туғызатын болса, кез келген пресс-конференциясы бір уақытта телевизиялық бағдарламаға айналып шыға келуі әбден мүмкін.

Телевизияның талдамалы публицистикалық жанры ретінде пресс-конференцияны журналистердің өздері де өткізуі мүмкін. Мұндай телевизиялық пресс-конференциясы кейде дауға ұласып, көрермендерді еліктіре түседі. Мұндайда телеаудиторияның өзі шындықты бірлесе іздеуге қызу кірісіп кетеді. Телевизиялық пресс-конференциясына көбіне режиссуралық қысқартуларға түспейді. Кейде тікелей эфир арқылы таратылады. Бұл пресс-конференцияның да әрбір азамат сақтауға тиісті заңдылықтары болады.

Жүргізуші пресс-конференцияға қатысушыларды таныстырып, олардың аз-кем сөйлеуіне мүмкіндік туғызады. Кейде мәселе жалпыға бірдей түсінікті болған жағдайда бірден сұрақтарға жауап беруден басталады. Бірақ, сұрақ қою пресс-конференцияға төрағалық етуші адамның рұқсатымен жүзеге асады. Бұл жерде сұрақ қоюшы микрофон жеткенше шыдамдылық танытқаны дұрыс. Микрофон қолға тиген соң өзіңізді таныстырып, қай БАҚ-тан келгеніңізді айтып кеткеніңіз абзал. Сұрағыңызды жүйелі құрып, нақты, анық қоя білу де өнер. Бірнеше сұрақты бірінен соң бірін жаудыра берудің нәтижесі толымсыз жауап болмақ. Сондықтан, ой бір сұраққа сыйып тұрғаны абзал. Жауап берушімен жағаласып, жарысып сөйлеу – әдепсіздік.

Егер зал үлкен болса, сұрақты орныңыздан тұрып қойыңыз (бұл жауап беріп отырған адамның және камераға түсіріп жүрген оператордың сізді тез тауып алуына көмектеседі). Сіз жауап берушінің сөзін дұрыс тыңдамай немесе оның айтқандарын қасыңыздағы әріптесіңізге қабаттаса түсіндіріп тұрсаңыз, не отырған қонақтарға басқа да жағымсыз қылықтарыңызбен әдепсіздік көрсетсеңіз бұл ісіңіз жайсыз атмосфера қалыптастырады. Оның үстіне сіз бұл кезде камераның «қарауылында» тұрасыз.

Пресс-конференциялар (міндетті түрде) жалпы халықтың қызығушылығын туғызатын маңызды мәселелерге арналады. Пресс-конференция экономикалық, саяси, ғылыми мәселелерді терең қаузауға, жан-жақты талдауға құрылады.

Сырттай қарағанда журналистің пресс-конференцияға қатысуы қарапайым жұмыс. Ол отырады, тыңдайды, сұрақ қояды. Бірақ бұл телевидениедегі оңай жанр деп түсінуге болмайды. Себебі, журналист камера үлкен планда еркін ала алатындай қашықтықта отыруы керек. Еш нәрсені қалт жібермей мұқият тыңдау керек. Дұрыс сұрақ қою – бұл кез-келген адамға бірден беріле салмайтын шеберлік.


Колонка

Колонка – қазақ журналистикасының қайта құру кезеңіңде кең таралған жанр түрі. Баспасөз тәжірибесіне ол сараптаманы берудің батыстық үлгісімен бірге келді. Газет бетіндегі колонканы жеңіл табуға болады. Колумнистердің мәтіндері (батыста колонка авторларын осылай атайды, ағылшынның «column» деген сөзінен шыққан) үнемі бір бетте және сол орында шығып тұрады, тұрақты көлемі екі жүз жолды құрайды.

Жанрлық жағынан колонка өзінің бойына эссе ерекшеліктерін (колонкаға қойылатын басты жанрлық талап – «бір ғана көзқарасты ұстану, тек өзінің «пікірімен, стилімен сипаттау» [30,43-б],- деген пікір бар. Фельетон элементтерін де (колонканың ирониялық, сыни үлгісі) бойына топтастырады. Кейде колонка тұтастай талдамалы (рецензия, шолу, түсініктеме) немесе көркем-публицистикалық (эссе, фельетон) жанрында жазылған туынды ретінде көрініс табады.

Колонкадағы автор бейнесі жұртшылыққа колумнистің беделінің арқасында көрінеді. Батыста бұл рөл өте құрметті және тек редакциясының жетекші қызметкеріне беріледі, сондай-ақ саясаткерлерге, экономистерге, ғалымдарға, мәдениеттанушыларға, не болмаса, олардың таңдап алған типтік бейнесі арқылы қызғылықты болады.


Серия (цикл)

Серия (немесе цикл) – бұл бір-бірімен тақырыптары, тұжырымдамалары, ортақ жүргізушілері, негізгі қызмет етуші тұлғаларымен өте тығыз байланысты бағдарламалардың жиынтығы. Серия - белгілі бір уақыт аралығында эфирге шығып тұратын дербес бағдарламалардан тұрады. Мысалы, заманауи журналистика туралы «Коридори четвертой власти» атты 12 бағдарламалардан тұратын цикл «НТВ» телеарнасынан көрсетілді. Оның алғашқы бағдарламасында 1988 жылдан кейін 20 жыл ішінде орыс журналистикасында орын алған өзгерістер туралы айтылып, негізгі мәселелері қаралған болатын. Одан кейінгі шығарылымдарында журналист аттап өтпейтін жаңалықтардың құндылығы туралы, этникалық келіспеушіліктер жайында, содан кейін редакцияның камерадан тыс өмірі туралы, жергілікті БАҚ туралы айтылды. БАҚ пен мемлекет, қоғамның билікті масс-медия арқылы бақылап отыру құқығы жайындағы мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.

Қоғамды БАҚ-пен кері байланысты қамтамасыз ету – хаттан ток-шоуға дейін, баспасөздің рөлі, сайлау науқаны кезіндегі радио мен телеарнаның рөлі, БАҚ-тағы аудитория мүддесінің ұсынылуы, соғыстағы журналист, масс-медианы қаржыландыру көздері және тәуелсіздік мәселелері, БАҚ-қа жаңа технологиялардың ықпал етуі сияқты барлық сұрақтар бағдарламаның серияларында жан-жақты талқыланады. Оған белгілі отандық және шетелдік журналистер, саяси қайраткерлер, БАҚ-тың басшылары, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық бірлестік өкілдері, телерадио тыңдаушылары мен көрермендер қатысып отыруына болады.
Журналистік зерттеу

Публицистиканың теоретиктері бұл жанрды ұзақ уақыт бойы байқамай келген. Оны репортаж, корреспонденция, мақала жанрына да жатқызылуы заңды құбылыс. Журналистік зерттеудің қазақ журналистикасында қалыптасуы мен дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Әсіресе, 1980-90 жылдары жылдары соттық отырысты мұқият зерттейтін корреспонденциялар көбейді. Тәжірибе көрсеткендей, әр жанрдың қалыптасуы мен дамуы ондаған жылдарды талап етеді. Журналистиканың жанр теориясы тәжірибеден туындайды және тәжірибеге негізделеді. Қазақстандағы журналистік зерттеудің қалыптасуы да ондаған жылдарға созылған.

Америкада журналистік зерттеудің пайда болуы 1930 жылдармен, яғни Америкадағы экономикалық дағдарыс кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сол кезде газеттің тәжірибесі газеттік публицистиканың жаңа жанрын журналистік зерттеуді өмірге алып келген.

Кеңес журналистикасында жаңа жанрдың пайда болуы мен қалыптасыу М.Е.Кольцовтың шығармашылығында байқалған. 1980 жылы шыққан «Теория и практика советской периодической печати» атты оқу құралында журналистік зерттеу ұғымы әлі аталмайды. Ол КСРО мен Ресей аумағында 1990 жылдардың басында пайда болғаны белгілі.

Зерттеу жанрының америкалық үлгісі мен ресейлік үлгісінің арасында біршама өзгешеліктер бар. Дэвид Вейер, Дэн Нойес журналистік зерттеу туралы былай дейді: «Зерттеуді бастай отырып жақсы дерек жинау қажет. Журналистік зерттеу жанры әлеуметтік тұрақсыздық пен түрлі революциялар кезеңінде дамиды. Журналистік зерттеуде дерек өте құнды болып келеді. Алайда репортер осы деректерді жинап, әрі реттегенде, мақалада автордың бағасы пайда болады. Ол оқырманның қабылдауына зор ықпал етеді» [31,56-б],-дейді. Осындай туындының авторы өз пікірінің объективтілігін дәлелдейді.

Журналист әрқашан өз пікірі мен дерегіне қайшы келетін жағдайлардан аулақ болуы тиіс. Журналистер үшін ең басты ереже – мақала зерттеу субъектісі жарияланбас, не тапсырмас бұрын кез-келген кінәлауға жауап беру мүмкіндігіне ие болу.

«Объективтілік» ұғымынан бас тарту «шындықтың» мақаладан алып тасталынуын не «объективтіліктің» журналистік зерттеуде маңызды рөл атқармағанын білдірмейді. Керісінше, зерттеуші-журналист бұл жағдайда ешқашан нүкте қоюға болмайтынын ескеріп, оқиға арқылы оның түп-тамырына жетіп, шындықты табуға талпынады» [33,14-б],-дейді зерттеушілер.

АҚШ журналистерінің әдістемесіне сәйкес, журналистік зерттеу әдісінің мәні – құрғақ дерек арқылы емес авторлық бағалау арқылы жетістікке жету. АҚШ-тағы журналистік зерттеудің концепциясы – қасақана еместік. Көріп отырғанымыздай, бұл АҚШ журналистикасының теориясы мен тәжірибесіндегі жаңашылдық. Отандық журналистикада деректерге шынайы мән беру арқылы, нақты, әрі тексерілген авторлық позиция көптеген талантты журналистердің шығармашылығында баршылық.

Журналистік зерттеу жанрында корреспонденция, мақала, очеркке сәйкес белгілер кездеседі. Журналистік зерттеудің басқа жанрлардан төмендегідей ерекшеліктері бар: зерттеудің мақсаты; зерттеудің пәні; зерттеудің әдісі; алынған материалды мазмұндау тәсілі өзгеше болуы тиіс.

«Журналистік зерттеудің мақсаты - белгілі бір құбылыстың, оқиғаның, жағдайдың себебін түсіндіру, толығымен нақты нәтижені туғызған, механизмді анықтау болып табылады» [33,16-б].

Журналистік зерттеу жанрының шекарасын белгілеп, негізгі өзіне ғана тән белгілерін атау мүмкін емес. Зерттеуші-журналист қоятын «неге?» және «қалай?» сұрақтары, «негативті құбылыс» - журналистік зерттеудің пәні, жанрдың міндетті белгісі – автордың болуы, мәліметтер қабылдау әдісі – бақылау, сұхбат, құжат талдау және т.б. Зерттеуші М.Шостак: «Зерттеу – жасырын деректерді іздеу. Журналист детектив сияқты деректерді жинайды, бірақ ол белгілі бір тұлғаны айыптау мақсатында емес, қоғамдағы келеңсіз жайларды анықтауға үміттенеді» [34,67-б],-дейді.

Журналистік зерттеуге байланысты бірнеше жайды ұсынуға болады. Соның ішінде: компроматты тақырыптан айыру шеберлігі, интуиция, публицистің ізденгіштік қабілеті. Зерттеу кезеңдерінің ішінде дерекаралық байланыс және болжамдар ұсынуға болады. М.Шостак зерттеудің жетекші әдісі экстенсивті сұхбат беру деп есептейді. Зерттеуші жанжал шығару туралы емес, техника мен этика, дерек көрінісі мен оқиға, сақтық пен абайлаушылық, тұйық жерден шығу жолдарын табу туралы сөз қозғайды.

Теоретик-журналистер қазақ журналистикасында танымал, кең таралған газеттік публицистика жанрлары (репортаж, сұхбат, корреспонденция, мақала, очерк) бар екені туралы айтады. Журналистік зерттеу дегеніміз не? Әдіс пе, әлде жанр ма? Екі жүз жылдық тәжірибесі бар қазақ журналистикасына жүгінсек, мынаны байқауға болады: журналистік зерттеу – бұл басқа жанрдың белгілері басым болатын әртүрлі әдіспен орындалған БАҚ-тың жанры. «Журналистік зерттеу» айдары газеттік материалға қоса шығарылмаса да, газет беттерінде көп кездеседі.

«Newsday» газетінің орналастырушы редакторы Роберт Грин: «Журналистік зерттеу - өзіндік бастамаға және жеке дара жұмысқа негізделген, белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материал. Оның негізгі бөлшектері: журналист өзге біреу жүргізбеген зерттеулермен айналысады, материалдың тақырыбы оқырман немесе телекөрермен үшін аса маңызды, қызықты» [35,246-247-б]»,- деп анықтама береді.

Қазіргі таңда журналистік зерттеу жанры орталық және жергілікті баспасөз беттерінде кең қолданыс табуда. Әртүрлі авторлар мен әртүрлі әдіспен дайындалған зерттеулер құлақ түрерлік және дау туғызудан ешқашан қаша алмайды.

Нағыз журналистік зерттеулер экономикадан, қоғамдық өмірден, өнегелі-құқықтық қатынастардан және т.б. алынған деректерге негізделеді. Ол деректер авторлық жалпылау мен талдаудан құралып, мазмұны жағынан публицистикалық және көкейкесті, көтерген тақырыптары бойынша өзекті болады. Журналистер әртүрлі әдістер арқылы ақпарат жинайды: бақылау, құжаттарды зерттеу, сұхбат алу, деректерді бере білу шеберлігі талап етіледі.

Журналистік зерттеуге тән белгілер: фактографиялық нақтылаудың үлкен дәрежесі, публицисшілдік, авторлық ұстаным, зерттеліп отырған тақырыптың жан-жақты ашылуы мен тегіс қамтылуына жағдай жасайтын авторлық ойдың терең болуы. Сонымен, журналистік зерттеу дегеніміз – кез-келген өзекті мәселенің себебін терең, жан-жақты, объективті талқылау мен зерттеу. Бұл жерде автор мәселенің түбіне, бастауына жетуге тырысады.

Журналистикадағы журналистік зерттеуге авиациядағы жоғарғы пилотаж сияқты кез-келген журналист қол жеткізе алмайды. Ол үлкен дайындық, рухани және моральдық күшті талап етеді. Бұл туралы журналист Эдуард Полетаев: «Зерттеумен кез-келген журналист айналыса береді. Тек қажетті адамды «сөйлете» білу қажет және маңызды құжаттарды іздеуге кеткен уақытымды босқа рәсуә еттім деп өкінбесе болғаны. Қалғанының бәрі тәжірибе барысында келетін дүниелер» [35,247-б],- дейді. Сонымен, журналистік зерттеу кең ауқымды бақылауды, құжаттармен тынбай жұмыс істеуді, оны қайта-қайта тексеруді, қосымша материалдарды көптеп жинақтауды талап ететін жанр.


Үшінші бөлімнің тақырыптарын бекітетін сұрақтар

1. Талдамалы жанрдың басқа жанрлардан қандай ерекшелігі бар?

2. Комментарийдегі авторлық ұстанымды қалай түсінесің?

3. Телевизиялық комментарий табиғаты туралы не білесің?

4. Қазақ баспасөзінде хат жанры қашан пайда болды?

5. Қазіргі публицистикадағы эпистолярлық жанрдың орны қандай?

6. «Егемен Қазақстан» газетінде басылған Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың әңгіме-хаттарының мән-маңызы неде?

7. Корреспондецияның неше түрі бар?

8. Радиодағы корреспонденция жарының қандай мақсаты мен міндеті бар?

9. Телеэкрандағы корреспонденцияның толыққанды екі авторы дегенді қалай түсінесің?

10. Мерзімді баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарына шолу деген не?

11. Шолу-диалог дегенді қалай түсінесің?

12. Жалпы және тақырыптық шолудың өзіне тән белгілері бар ма?

13. Мақаланың негізінде не жатады?

14. Газет публицистикасындағы мақаланың түрлері қандай?

15. Проблемалық мақаланың міндетіне не жатады?.

16. Рецензия, рецензент сөздерінің мағынасын қалай түсінесің?

17. Рецензияның қандай түрлері бар?

18. Рецензияның өзіне тән ерекшелігі неде?

19. Көркем әдебиеттің жеке шығармалары туралы пікір айту қандай рецензия түріне жатады?

20. «Қазақ әдебиеті» газетінде рецензия жанрының рубрикаларын ата.

21. Телеәңгіменің құрылымын анықтайтын қандай негіз бар?

22. Телеэкрандағы пікірталастың мақсаты не?

23. Пресс-конференция дегеніміз не?

24. Журналистік зерттеудің басқа жанрлардан айырмашылығы неде?

25. Журналистік зерттеуге тән қандай белгілер бар?

26. Журналистік зерттеудің мақсат-мүддесі неде?

27. Сараптамалық жанрлардың қандай ортақ белгілері бар?

28. Журналистік зерттеу алғаш қай елде пайда болды?
Үшінші бөлімде пайдаланған әдебиеттер тізімі

1 Тертычный А. А. Жанры периодической печати: Учебное пособие. – М.: Аспект Пресс, 2000. – 312с.

2 Әдебиет терминдерінің сөздігі. - Алматы: Ана тілі, 1996.

3 Амандосов Т.С.Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы. Мектеп, 1978.

4 Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1993.

5 Әлім Қ. Махаббат жыршысы. - Астана: Фолиант, 2005.

6 Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1984.

7 Стюфляева М.И. Поэтика публицистики. – Воронеж. Изд. Воронежского университета. 1975. – С.154.

8 Смайылов К. Үш томдық шығармаларжинағы. 1 том. – Алматы: Қазығұрт, 2003.

9 Мұртаза Ш. Алты томдық шығармаларжинағы. 6 том. – Алматы: Қазығұрт, 2002.

10 Голядкин Н. Краткий очерк становления и развития отечественного и зарубежного телевидения. М.: 1996.

11 Пельт В.Д. Теория и практика советской периодической печати. - М.: 1980.

12 Жуков И. Проблемы телевидения и радио. - М.: 1967. Вып. 2. - М.: 1971.

13 Прохоров Е.П. Введение в теорию журналистики. - М.: МГУ, 2000.

14 Хлынов Р.М. Жанры радиожурналистики: интер-вью//www.vlazrum.ru

15 Бекасов Д.Г. Радиоискусство. Теория и практика. Вып. 1. - М.: 1983.



  1. Черепахов М.С. Таинство мастерства публицистики. - М.: 1984.

  2. Ворошилов В. В. Журналистика. Учебник. - М.: 1996.

  3. Cоболев Л. Литературно-критические статьи. - М.: 1985.

  4. Короленко В.Г. Он томдық шығармалар жинағы. 10-том. - М.: 1956.

  5. Шмелев А. Методологические проблемы художественной критики. - М.: 1980.

  6. Ысқақұлы Д. Сын өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 2001.

  7. Ысқақов Д. Сын жанрлары. - Алматы: Санат, 1999.

  8. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы: Санат, 1994.

  9. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.

  10. Шанин. Ж. Кереку-Баян кітапханасы "Рухнама". - Павлодар: 2003.

  11. Абрамович Г.Л. Введение влитературоведение. - М.: 1975.

  12. Ысқақ Д. Сын сымбаты. – Алматы: Қазақпарат, 2000.

  13. Горький М.А. О литературе. - М.: 1953.

  14. Белинский В.Г. Шығармалары. ІІ-том, - М.: 1978.

  15. Михайлов Б. Большие пороги. - М.: 1964.

  16. Аналитическая журналистика: Жанры радиовещания в контексте массовых коммуникаций. Теория и практика. - Ростов-на-Дону, 1999.

  17. Корконосенко В. Основы журналистского творчества. Учебное пособие. - М.: МГУ, 2000.

  18. Барманкулов М. К. Журналистика для всех. Общность и специфика жанров печати, телевидения и радиовешания. – Алматы: 1979.

  19. Шостак М. Репортер профессионализм и этика. - М.: 2001.

  20. Қазақстан журналистерінің тәжірибесінен. Тәжірибелік нұсқаулық.-Алматы: 2008.


ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
КӨРКЕМ-ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ ЖАНРЛАР
Ғаламтор мен ақпараттық технологиялар дамыған дәуірде материал ұсынудың жылдамдығы мен сенсациялығы, сонымен қатар, баспагер мен құрылтайшылардың газеттерді батысқа, әсіресе, америкалық басылымдарға ұқсату талпынысы қазақ газеттерінің жанрлық палитрасының тапшы болуына әкелді. Одан әрі, жанрларды, олардың ішкі заңдылықтарын білмеу журналистік әдістердің, атап айтқанда, дерек жинау әдісі, журналистің материалды ұсынуы жанрға айналуына алып келді. Бұл баспасөздегі жанрлардың сапалы өзгеруіне қызмет етпейді, керісінше, жарияланымдардың жаңа «суррогаттық» пішіндері пайда болуына әкеледі. Бұл жанрлардың ең басты айырмашылығы деректерді ұсынуында. Көркем-публицистикалық жанрда деректің құжаттылығы мен нақтылығы екінші орынға шығады. Бірінші орында автордың деректен алған әсері, оған берген бағасы мен авторлық пікірі болады. Оның негізгі жанрлары – қоғамның жақсы жақтарын жеткізетін очерк, суреттеме, сатиралық жанрлар: фельетон мен памфлет т.б. жатады.

Суреттемеде ақпараттық пен көркем-публицистикалық жанрлар, жедел газет жанрлары мен очерктің бір түрі – этюд белгілері ішінара байланысады. Суреттеме болған оқиға туралы маңызды ақпаратты хабарламайды, бірақ, оны көрнекті, анық, қызықты етіп бейнелейді. Очеркте болса бір құбылыс, оқиға суреттеледі. Суреттеме сюжетті немесе сюжетсіз, даулы немесе даусыз бола береді.

Очерк журналистке белгілі бір оқиға төңірегінде оқырманға түсінікті, жылдам және қызықты етіп үн қатуға мүмкіндік береді. Журналист танымал адам бейнесін, ұйым портретін, тұрмыс, түрлі көзқарастар жайлы осы очерк жанры арқылы жеткізеді. Тақырыбы бойынша очерктің бірнеше түрі бар: портреттік очерк – тұлғаның өмірі, көзқарасы жайлы әңгіме; проблемалық очерк – автор ең алдымен маңызды мәселені талдап, оның адамдар әрекетіндегі көрінісіне тоқталады. Ғылыми-көпшілікке арналған очерк – ғылыми мәселелер туралы терең және дәйекті, бірақ баршаға түсінікті тілде айтады.

Сонымен қатар очеркте түрлі жанрлардың ерекшеліктері байланысады, мысалы, репортаж, есеп, суреттеме, корреспонденция. Бұл очерктің жанрлық еркіндігі мен жан-жақтылығының белгісі. Авторға материалдың сюжеттік және стилистикалық, композициялық бірлігінде хабарлау үндестігін, мазмұндау ырғағын ауыстыруға мүмкіндік береді.

Көркем-публицистикалық жанрларға фельетон мен памфлет жатады.

Фельетон өз ішінде публицистикалық (айтылатын дерек тек қана қажет емес, өзекті және жылдам), сатиралық (деректі бағалау сатиралық сараптаумен өлшенеді) және көркемдік (сатиралық бейне жасалады) сияқты үш бастаманың синтезінен құралады. Фельетон мерзімді баспасөз жанры ретінде деректерге жоғары қанықтылығымен, ал әдеби пішін ретінде суретші қиялын қажет етеді. Осы жанрлардың талаптары тоғысқанда сатиралық бейне туады. Мысқыл сипатындағы фельетонға қарағанда, памфлет – масқаралаушы, сынаушы туынды. Бұл жанрдың негізгі ерекшеліктері: сарказм мен жоғары дәлдік, сонымен қатар қажеттілік, шапшаң деректілік және нысанды дәлме-дәл әшкерелеу.

Жоғарыда айтылғандардың барлығынан, журналистиканың жанрлық жүйесі көп қырлы деген қорытындыға келеміз. Қазіргі заманауи журналистикада жанрларды үшке бөлу шартты түрде ғана қалып барады. Бұл жанрлардың өзгергіштігі мен тұрақсыздығымен түсіндіріледі. Мысалы, сұхбатты ақпараттық жанрларға жатқызады, алайда, проблемалық және портреттік сұхбат ақпарат беру шегінен шығып, талдамалы жанрдың белгілерін өз ішінде топтастырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет