Публицистиканың жанрлық белгілері Әрбір жанрдың өзіндік белгілері болады, алайда, жанрға сай жалпы белгілер әрқайсысын байланыстыратын ортақ бөлшек болып саналады. Негізгі жанрлық белгілерге мыналар жатады:
Шығарма тақырыбы. Бұл жанр өмірді суреттеудің шынайылығын, мазмұнын, мағынасын анықтайды.
Материалды үйлесімді етіп ұйымдастыру. Бейнелеу бөлшектерінің арасындағы байланысын, қандай қағида негізінде құрылғандығын, материалды сұрыптауда негізге алынған шарттарды анықтайды.
Топтастырудың мөлшері (шегі). Қаншалықты шығарманың өмір сахнасында белең алып жатқандығы, құбылыстар мен оқиғалар шеңберінің кеңдігі, мазмұндаудың қаншалықты жалпы немесе жеке екендігінен анықталады. Телевизиялық журналистика зерттеушісі Э.Багиров бұқаралық ақпарат құралдарындағы рөлдік бөліністі, яғни, түрлерге топтастыруды былай анықтайды: «Радио қандай оқиға болғандығын білуге мүмкіндік береді, телевидение оқиғаның қалай өткенін көрсетсе, баспасөз келесі күні оқиғаның неліктен болғанын анықтайды»[17,89-б].
Көркемдеуіш пен бейнелеуіш құралдар. Шынайылықты көрсетудегі сәйкес пішіндерді табуға мүмкіндік беретін құралдар (түс, жарық, ырғақ, темп, стиль, дыбыс). Әрбір жанрдың тарихи қалыптасып үлгерген өзіндік ерекше жанрлық белгілері, өзгермейтін ерекшеліктерінің жиынтығы бар. Құбылыс, оқиға немесе деректің нақты бейнесін көрсету үшін бірнеше тәсілдер бар. Бірақ жанрды дұрыс таңдауда оқырман, тыңдарман, көрермен қауымға дұрыс алынған тақырыптың нақты мағынасының жеткізілуі ең маңызды шарт болып саналады.
Жанр таңдауды анықтайтын белгілер (факторлар).
Бейнеленетін құрал сипаты. Журналистика алуан түрлі мамандықтармен шектеседі. Сондықтан түрлі саладағы деректер, оқиғалар мен құбылыстардың журналистикада тоғысуы жат емес. Жанр таңдауда объекті немесе оқиғаның сыртқы (масштаб, жылдамдығы және т.б) және ішкі (әлеуметтік ерекшеліктер, өзектілігі, басқа құбылыстармен байланысы және т.б) белгілері ескеріліп, болып жатқан жағдайға сәйкес анықталады. Мысалы, төтенше жағдайлар мен түрлі апаттарды немесе ұзақ уақытқа созылатын әлеуметтік құбылыстарды сипаттауда сәйкес жанр түрлері, яғни, репортаж немесе сараптамалық мақала қолданылады.
Автор позициясы. Автор позициясы оның дүниетанымымен, білімімен, моральдық, әлеуметтік, тәжірибелік бағалау жүйесімен, тұлғалық ерекшелігімен, сүйіспеншілік пен қарама-қайшылықпен (бұл журналистикаға әсер етпеуі керек, алайда шығармашылық үрдіске қатысы болуы шарт) сипатталады. Автордың позициясы материалдың өткірлігі мен шығармашылық, сараптамалық дәрежесін анықтайды. Берілген материалдың тақырыбына терең үңіліп, әрі бұл салада жілігін шағып, майын ішкен мамандай, суда еркін жүзетін балықтай сезінетін журналистің туындысы «шабарманның» жол-жөнекей жазғанынан әлдеқайда артық екендігіне күмән жоқ. Алайда, журналистің шығармашылығы ішкі жан-дүниесіне, өзіндік ерекшеліктеріне байланысты болғаныменен, журналист алдына қойған нақты талаптар мен мақсаттар шегінен шықпауы тиіс.
Қорытынды мақсат. Жанр таңдауда шығарманың соңғы мақсатын ұғыну үлкен рөл атқарады. Шығарма мақсаты көп жағдайда тек қана автордың өз еркіне байланысты бола бермейді, мақала жазарда БАҚ-тың пішіні ескеріліп, дәстүрі ұмытылмауы тиіс. Оқырман, тыңдарман, көрермен қауымға таңсық тақырыптарда сөз қозғау редактордың өз құзырында. Кәсіби журналистке қойылатын негізгі талап - соңғы нәтижеге қол жеткізетін мақсатты ұғыну болып табылады.
Жалпы журналистиканың жанрлары табиғатына қарай үшке бөлінеді:
Ақпараттық жанрлар.
Талдамалы жанрлар.
Көркем-публицистикалық жанрлар.
Ақпараттық жанрға жаңа нәрсені хабарлау тән. Олардың негізінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени мәні бар жаңалықтар, ой-пікірлер, хабарлар, деректер жатады. Ақпараттық жанрлар қоғамдық пікірге елеулі ықпал етіп, қоғамдық сананың қалыптасуына әсер етеді.
Публицистиканың талдамалы жанрларында автордың оқиға сюжетін өз ойлағанындай етіп шығаруға мүмкіндігі бар. Талдамалы жанрда негізгі деректерді жан-жақты қарастыра отырып, оның негізгі мәнін жоғалтпай автор өз пікірін, өз көзқарасын білдіреді. Алайда, материал тек жеке көзқарасқа негізделмей, пікір теңдігі ескерілуі тиіс. Шындығына келсек, журналист рұқсат және рұқсат емес тұлғалық қарым-қатынастардың аралығында болып, өзіне мәлім деректер мен оқиға желісін тиімді пайдалана отырып, пікір алуандығына қарамастан тепе-теңдікті сақтауы тиіс. Ол үшін публицист жоғары кәсіби деңгейді меңгеріп қана қоймай, таным өрісін кеңейтіп, үлкен азаматтық жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Көркем-публицистикалық жанрларда автор өзінің көркем қабылдауын шынайы болып жатқан оқиғалармен ұштастыра отырып құруына мүмкіндік береді. Француз жазушысы Александр Дюманың метафорасын қолданатын болсақ, көркем әдебиет шығармашылы-ғындағы дерек – бұл «суретшінің өз суретін ілетін шегесі». Көркем-публицистикалық жанрлардағы деректің алатын орны жайлы айтатын болсақ, дерек ең басты элемент болып танылмаса да, ол тек басқа жағынан, яғни жан-жақты қарастырылса да, деректі ауыстыруға, тіпті өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Көркем-әдеби шығарманың негізіне алынған дерек өзге мәтіннің құрамынан алынып, өзінің мағынасын жоғалтып отыруы – үлкен қате болып есептеледі. Көркем-публицистикалық жанрлардағы деректер кей жағдайда ғана шындыққа сай болса да, нақты деректен алыстамауы тиіс. Бұл жағдайда, әсіресе, памфлеттер мен фельетондардың орны бөлек. Сатиралық шығармаларда неше түрлі аналогиялар мен параллельдер қолданылса да, журналистің немесе сатириктің негізгі ойы айшықты көрініп тұрады.
Көркем-публицистикалық жанрлардың журналистиканың өзге жанрлардан ерекшелігі - мұнда оқиғаны, я құбылысты бір бейне мазмұнына біріктіріп, түрлі драматургиялық және бейнелік құралдарды пайдалана алуында.