§1. Жүйке жүйесінің дамуы туралы жалпы мәлімет
Жүйке жүйесі өте нәзік те, күрделі аспап болып табылады. Ол төменгі даму сатысындағы тірі ағзаларда рецепторлар мен бұлшық еттер арасындағы жай ғана байланыстыру рөлін атқарады. Жоғары дамыған ағзаларда оның құрылымы күрделене келе, қоршаған орта мен ағза арасындағы өзара байланыстардың барған сайын күрделі қызметтерін өз міндетіне алады. Адамның қызметі әлеуметтік факторлармен айқындалады, сондықтан жүйке жүйесінің осы қызметтері адамда өз кемеліне жетеді. Бұл жүйке жүйесінің міндетті. Дамудың жоғарғы сатысындағы жануарлардың көбінде жүйке жүйесі басқа мүшелер мен ағза жүйелерімен тең дәрежелі жүйеге жатпайды. Ол басқа жүйелермен, мысалы қан айналым, ас қорыту, бөлу жүйелерімен, бір қатарға қойыла алмайды. Бұл көзқарасты ертеде ағза әртүрлі мүшелердің механикалық жинағы деп есептеген неміс ғалымы Р. Вирхов пен оның ізбасарлары ұстанған. Жүйке жүйесі ағзаның өзге мүшелерімен және жүйелерімен мүлдем басқа өзара байланыста болады. Жүйке жүйесі олардан үстем тұрып, жоғарғы қызмет атқарады. Ми денеде өтетін барлық процестерді өз қарамағында ұстайды.
Мидың аса күрделі құрылысы мен қызметімен және адам ойы тудырған ғылыми, техникалық және өнер салаларындағы ұлы жетістіктермен танысу мынандай сұрақтардың қойылуына итермеледі. Адам миы өзіне тән құрылыс ерекшеліктеріне о баста ие болды ма, жоқ әлде бұл күрделі мүшенің қалыптасуы біртіндеп жүрді ме, және ақырғысы, бұл дамудың кезеңдері қандай болды? Қазіргі ғылымда адамның дамуы, оның онтогенезі филогенездік тұрғыда оның алыстағы арғы тегі болып табылатын жануарлардың күрделі түр түзілу тізбегінен ажыратылып бөлек қарастырыла алмайтындығы жайында күдік тумайды. Эволюциялық теорияның қазіргі таңда күмәнсіз болып отырған осы негізгі қағидасы бірқатар буындағы ғалымдардың арасында болған қатаң келіспеушіліктерінің нәтижесінде тұрақты бекітілді.
Жердегі өмірдің туу мәселесі жайында бірнеше ғасырлар бойы созылған үлкен келіспеушіліктер көзінің бірі тірі организмдер өзінің құрылыс түрлерінің тұрақтылығымен о бастан ерекшеленді ме, әлде олардың дамуы қарапайым түрден күрделіге қарай біртіндеп жүрді ме деген сұрақ болды.
Өсімдіктер мен жануарларды жүйелеу жөніндегі еңбектерімен әйгілі К. Линней (1707-1778) XVIII ғасырда жануарлардың түрлерінің өзгермейтіндігін тапжылмай қорғады. Бұл түрлер, оның көзқарасы бойынша, көбейіп, көптеген тек қана өзіне ұқсас басқа түрлерді шығарады. Бұл бағыттың қарсыластары табиғаттану саласында табылған ғылыми деректерге сүйеніп, жануар организмдердің түрлерінің өзгергіштігін, олардың қоршаған орта жағдайларына – тағамға, ауа-райына, жарыққа, ылғалдылыққа және т.б. тәуелділігін пайымдаған пікірінен тайынбай, бұл көзқарастарды жоққа шығарып отырды.
Шынайы эволюциялық теория үшін күрес әсіресе қарқынды түрде XIX ғасырдың бірінші жартысында өрістеді, бұл Ж. Б. Ламарк, Ж. Кювье, Сент-Илер, К. Ф. Рулье, Н. А. Северцов, А. О. Ковалевский, А. Н. Бекетов және, ақырында, Ч. Дарвин сияқты ғалымдардың аттарымен байланысты болды.
Ғылыми эволюционизмнің алғашқы негізін қалаушылардың бірі Ж. Б. Ламарк (1744-1829) қоршаған ортаның үлкен қалыптастырушы ролі мен мүшелердің қызметінің олардың құрылысының қалыптасуындағы маңызын атап өткен: «Қызмет мүшені тудырады» деп тұжырымдаған. Ол Ж. Кювье жасаған жердегі апаттар теориясын жоққа шығарып, организмдердің түрленуінің эволюциялық жолын ғана қолдаған. Ламарк жануарлардың организмінің өзгерушілік процесінде жүйке жүйесіне (тітіркену қасиетіне) үлкен мағына берді. Жүйке жүйесінің даму дәрежесіне қарай ол жануарларды әртүрлі топтарға бөлді.
Адамның жануарлардан шығуын, сонымен қатар табиғи сұрыптаудың маңызын дәлелдеген, әлемнің ірі биологтарының бірі Ч. Дарвиннің ашқан керемет жаңалықтары биология саласында үлкен жандану тудырды, бұл эволюциялық теория сұрақтарына байланысты көптеген жұмыстарда көрініс тапты.
Жоғарыда айтылған организмнің даму процесіне деген эволюциялық көзқарастардың дамуындағы негізгі кезеңдер тірі және өлі табиғаттың дамуының барлық түрлерінің тек тарихи тұрғыдағы қарастырылуы ғана дұрыс екендігін куәландырады.
Жүйке жүйесі өзінің дамуының әртүрлі деңгейлерінде тірі организмдердің күрделі түр түзілу процестерінде қандай роль атқарғаны жайлы сұраққа келейік.
Тірі организмдердің түртүзілу процесіндегі жүйке жүйесінің күрделі реттеуші маңызын талдап түсіну үшін ең алдымен эволюция сатысының әр жаңа баспалдағында күрделене отырып, біртіндеп дамыған жүйке механизмдерінің өздерінің қалыптасуымен танысу керек. Бұл түрдің дамуы (филогенез) мен жеке дамуға (онтогенез) қатысты. Әрі қарай жүйке жүйесі қайта құрыла отырып және өзінің ішкі ұйымдастырылуын күрделендіре отырып, сонымен бірге зат алмасуы арқылы жануарлардың дене құрылысын да, бөлек мүшелерін де олардың қоршаған орта жағдайына бейімделуін жақсарту мақсатымен өзгертіп отырғанын түсіну жеңілірек болады.
Күрделенудің жоғарылау дәрежесі бойынша жүйке жүйесінің дамуының негізгі түрлерін қарастырайық.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Жүйке жүйесі төменгі жануарлардан адамға дейін күрделіленіп, қандай маңызға ие болды?
Эволюция теориясының негізгі мағынасы неде?
Бұл теорияға қатысты келіспеушіліктер қандай сұрақтарға сайып келді?
Осы саладағы белгілі ғалымдарды атап, олардың көзқарастарын түсіндіріңіз?
Сыртқы ортаға бейімделу тірі организмдерде қандай өзгерістер туғызады, оған жүйке жүйесінің қатысы қандай?
§2. Жүйке жүйесінің филогенезі
Омыртқасыздардың жүйке жүйесі
Өзіндік рецептивтік түзілістердің ең қарапайым түрін біз инфузорияларда (біржасушалыларда) кездестіреміз. Инфузорияның рецептивті аппараты ауыз тесігінің алдында орналасқан арнаулы жетілген протоплазма аймағынан тұрады. Одан қозғалыс мүшесі болып табылатын мионемаларға бірнеше талшықтар, жұтқыншақ қабырғасына бірнеше талшықтар кетіп, көпжасушалылардың жұтқыншақ маңы сақинасына ұқсас түзіліс пайда болады. Инфузориялардың осы аппараты бұзылған кезде қозғалыстар тепе-теңдігі бұзылады. Сонымен қатар инфузорияның денесінде үлкен ядро (макронуклеус) және ядрошық (микронуклеус) болады. Инфузорияның рецептивті түзілістері жүйке жүйесінің прототипі болып табылады.
Тірі организмдер дамуындағы келесі кезең біржасушалылардың шоғыры болды, олардың пайда болуы біржасушалы тірі жәндіктердің топтарға бірігуімен байланысты. Бұл кезде жасушалардың бір қатары бетінде, ал басқалары ішінде қалды. Жасушалардың сыртқы қабаты күнмен жылытылып, сумен шайылып, оған қоршаған орта әсер етті. Сыртқы ортаның тітіркендіргіштерінің полиморфтылығы жасушалардың жіктелуін қажет етті: сыртқы қабаты қабылдағыш болды, қалғандары өткізуші және қозғалысты жүзеге асырушы болды. Осылайша нерв жасушаларының арнайы жіктелуі пайда болды.
Көпжасушалы жануар гидраның деңгейінде жасушалар арасында тұрақты байланыстар пайда болады (19-сурет). Гидра денесі қапқа ұқсайды. Ерекше жүйке жасушалары оның денесінің ішкі және сыртқы бетінде шашыранды орналасқан. Нерв жасушаларының бір-бірімен тор, яғни жүйке жүйесінің алғашқы элементін түзіп, қосылуын қамтамасыз ететін өсінділері болады. Гидраның беткейінен тітіркеністер қызмет орындалу үшін ішкі жасушаларға беріледі. Жасушаларының арнайы жіктелуі гидраны жасушалар шоғырымен салыстырғанда жоғары даму деңгейіне қойды. Жүйке жасушаларының тор түрінде қосылуы «глия» деп аталды. Көпжасушалы организмдердің келесі түрлерінде глия жасушалары жоғалмайды. Олар сақталып, қарапайым қызмет атқарады, яғни арнайы, жоғары қалыптастырылған жүйке жасушаларын қоршап, оларды сүйемелдейді немесе тірейді және қоректендіреді.
Жүйке жүйесінің жетілуі бірнеше бағытта жүреді. Біріншіден, жүйке жасушалары топқа бірігіп, ганглий түзеді, бұл әрі қарай жүйке жүйесі құрылысының ганглионарлы түрінің қалыптасуына жағдай жасайды. Екіншіден, жүйке жасушаларының басты қызметінің түріне қарай (сезгіш және қозғалтқыш) арнайы жетілуі жүреді, мұның жүйке жүйесінің күрделі құрылымдарының қалыптасуында маңызы бар. Үшіншіден жүйке өсінділерінің арнайы жіктелуі орын алады; нәтижесінде тітіркендіруді қабылдайтын қысқа өсінділер мен тітіркенуді беретін және жасушаларды бір-бірімен байланыстырып, жүйе құрайтын ұзын өсінділер пайда болады.
Жүйке жүйесінің түзілуі жөнінде алғашқы рет жауын құрты сияқты көпжасушалы организмнің құрылысын зерттегенде айтуға болады, онда жұтқыншақ үсті және жұтқыншақ асты түйіндер (ганглийлер) пайда болады. Терінің сезімтал жасушалары тітіркеністі түйінге береді. Әр дене бөлігінде өңештің ұзына бойында орналасқан жүйке жасушаларының жиынтығы болады. Бір бөліктің жүйке жасушасының ұзын өсіндісі келесі бөлікте орналасқан қысқа өсіндіге жетеді. Жүйке жасушаларының өсінділерінің арнайы жетілген болады: нәтижесінде жасушалардың жартысы асқорытуды, қалғаны қозғалысты қамтамасыз етеді.
Осылайша, құрттың жұтқыншақ үсті түйіні мен құрсақ жүйке тізбегі бар жүйке жүйесі омыртқалылардың миы мен жұлынының өзіндік прототипі болып табылады.
Буынаяқтылардың жүйке жүйесінің құрылымы бұдан да күрделірек. Мысалы, бал арасының бас түйіні 3 бөлімге жіктеледі. Алдыңғы бөлімде көру жүйкесі кететін көру бөлігі орналасқан. Көру бөліктерінің арасында саңырауқұлақ тәрізді дене деп аталатын түзіліс болады. Бұл мүше, шамасы, бағдарлану реакциясының орталығы болып табылады. Бұл орталық бұзылса, бал арасының кеңістікте бағдарлану қызметі бұзылады (ұясын таба алмайды және т.с.с.). Бұдан төменірек иіс сезу бөліктері (ортаңғы бөлім) орналасады, одан сезгіш және қозғалтқыш жүйкелер кетеді. Артқы бөлігі кішкене түзілімдер – алмұрт тәрізді денелер түрінде болады, олардан жұтқыншақ асты түйінімен байланыстырушы жүйке дәнекерлері басталады; бұл түйіннен жоғарғы және төменгі ерінге қарай жүйкелер кетеді.
Көпжасушалылардың әр түрінде жүйке түйіндерінің құрылысы әртүрлі модификацияда болып келеді. Біреулерінде, мысалы бал арасында, бірнеше түйіндер қосылып бір күрделі түйін – синганглий түзеді, басқаларында жүйке түйіндері организмнің әртүрлі жерлерінде жиналады. Инетерілілерде, жеке алғанда, теңіз жұлдызында жүйке түйіндері сақина тәрізді орналасып, олардан сәуле тәрізді өсінділер кетеді. Моллюскілердің жүйке жасушалары 3 түйіннің құрамына кіреді; осы түйіндер жекелей немесе қосылып жатады.
Осылайша, омыртқасыздардың жүйке жүйесі жүйке түйіні (ганглий) түріндегі ерекше рецепторлардың болуымен сипатталады, сонымен бірге кейбір жануарларда олар дене беткейінде таралып, ал басқаларында организмнің әртүрлі нүктелерінде орналасып, әр сегмент үшін рефлекторлық орталық рөлін орындайды. Жүйке жүйесінің құрылысының ганглионарлы түрі төменгі даму сатысындағы тірі организмдерге тән. Қоршаған ортаның тітіркендірулерін қабылдай отырып, бұндай организмдер тек диффузды, яғни жайылмалы, реакция беруге бейім, ал орталықтандырылған әрекет мұнда тіпті білінбейді дерлік. Сегменттелген организмде әр жүйке түйіні өзінің сегментіне рефлекторлық орталық болып табылады. Осылай, жер құртын бірнеше бөліктерге кескен кезде, әрбір бөлік жиырылу қасиетін сақтайды. Омыртқасыздардың ганглионарлы жүйке жүйесі тегіс салалы бұлшық еттердің қызметін реттейді.
Эволюцияның бұдан жоғары сатысындағы қаңқа немесе көлденең жолақты бұлшық еттері бар омыртқалыларда рецепцияның күрделірек түрі – нейрондық құрылымымен сипатталатын орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) дамиды. Бұл жаңа құрылым ескілерінің (ганглионарлы жүйке жүйесінің) үстіне қондырылған болып табылады. Ганглионарлы жүйке жүйесі омыртқалыларда тек қана ішкі мүшелердің қызметін реттеп, екінші орынға ығысады. ОЖЖ енді жануарлардың әрекетін реттейтін, ең негізгі жоғарғы орталық болып табылады. Жүйке жүйесінің бұл көбірек жетілген түріне енді орталықтандырылған әрекеттер, сонымен қатар жергілікті (таңдаулы) тітіркенуді шақыру қабілеті тән.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Біржасушалы организмдердің жүйке жүйесіне ұқсас қызметті қандай түзіліс атқарады?
Біржасушалылардың шоғыры деңгейіндегі тірі организмдердің жүйке жасушаларында қандай өзгерістер пайда болды?
Көпжасушалы қарапайым тірі организмдердегі (гидра деңгейінде) торлы жүйке құрылымына сипаттама беріңіз?
Көпжасушалы организм – жауын құртының жүйке құрылымы қандай?
Буынаяқтылардың (бал арасының) жүйке жүйесінің құрылысының ерекшеліктері қандай?
Омыртқасыздардың ганглионарлы жүйке жүйесінің ерекшеліктері мен түрлерін атаңыз?
Омыртқалылардың жүйке жүйесі
Омыртқалылардың жүйке жүйесінің құрылысын эволюциялық дамудың әр кезеңдерінде қарастырғанда, оның құрамындағы жеке бөліктердің жоғары дәрежеде арнайы жетілгендігі көңіл аударады (20-сурет). Сонымен, бұл жерде ми бөліктері (алдыңғы ми, ортаңғы ми, мишық) және жұлын ажыратылады. Омыртқалылардың жүйке жүйесінің дамуына тән эволюциялық тұрғыдан аса маңызды болып табылатын екінші ерекшелігі – бұл алдыңғы мидың айтарлықтай ұлғаюы, әсіресе жануар организмдерінің жоғары даму кезеңдерінде құрылымы біртіндеп күрделеніп, ми қыртысына айналатын жабынды тәрізді бөлігінің пайда болуы. Бұл жаңа формация жоғары сатыдағы омыртқалылар мен адамда тек қоршаған ортамен күрделі байланыс қызметін ғана атқарып қоймай, сонымен қатар организмнің барлық өмірлік қызметін реттейтін орталық механизм болып табылады.
Омыртқалылардың жеке класстары бойынша жүйке жүйесінің біртіндеп күрделенуін байқайық.
Ең қарапайым жүйке жүйесінің құрылысы теңіз жануары – ланцетникте анықталады. Ланцетниктің жүйке жүйесі шеткі жүйкелер тарайтын ұзын түтіктен (бағанадан) тұрады. Жүйке бағанасының ішінде канал орналасқан, оның алдыңғы жағы кеңейген және жоғары дамыған омыртқалылардың миындағы келешек ми қарыншаларын еске түсіреді. Сонымен, ланцетник кезеңінде-ақ орталық жүйке жүйесінің ми мен жұлынға ажыратылуының бастамасы байқалады. Ланцетниктің денесінің әрбір бөлігі жеке қызметтер атқарады. Жүйке жүйесінің бірлестіруші және реттеуші әсерлері бұл кезде әлі айқын емес білінеді.
Бірақ келесі сатыдағы балықтардың миының адамның миы сияқты 5 бөліктен тұратындығы байқалады. Әсіресе оларда ортаңғы ми мен мишық күшті дамыған. Жабынды тәрізді бөлігі көрінбейді, қыртыстық құрылымдар жұқа пластинка түрінде болады.
Амфибияларда негізінен иіс қызметін атқаратын алдыңғы мидың жабынды тәрізді бөлігі біраз көрінеді. Нағыз қыртыс әлі жоқ, бірақ кубтәрізді жасушалардың қабаты бар. Үлкен мидың жартышарлары ортаңғы миға қарағанда басым болады. Мишығы балықтармен салыстырғанда әлсіз дамыған.
Бауырмен жорғалаушыларда (жыландарда, тасбақаларда және т.с.с.) қыртыс бөлігінің біраз түзілгендігі байқалады. Мидың басқа бөліктеріне қарағанда алдыңғы ми анық басым болады.
Құстарда алдыңғы мидың жабынды тәрізді бөлігі одан да жақсы дамыған. Жартышарлардың дамығандығы сонша, аралық миды ғана емес, ортаңғы миды да жауып тұрады. Әсіресе, жолақты дене, сонымен қатар көру төмпешігі мен мишық та жақсы дамыған. Нағыз қыртыстың өзі шамалы ғана дамыған.
Алдыңғы мидың жабынды тәрізді бөлігі сүтқоректілерде ең күшті дамыған. Олардың жарты шарлары көптеген жүйке жасушаларынан тұратын сұр затпен қапталған.
Жоғары омыртқалыларда ми жарты шарлары немесе жаңа ми (неоэнцефалон) ежелгі түзілімдерді – аралықми мен ортаңғы миды, немесе ескі миды (палеоэнцефалонды) жауып тұрады. Сонымен қатар, мидың сыртқы беті де өзгереді. Осылай, қоянның өзінде сайлар мен қатпарлардың түзілуі байқалады, ал мысықта олар айқындала түседі. Одан кейін, итте сайлар мен қатпарлар аздап қарапайымдау архитектоникалы болса да, өте айқын дамыған болады. Маймылдың миы сыртқы түрі бойынша адам миына едәуір жақындай түседі, сонымен қатар сайлар мен қатпарлардың орналасу түрі де күрделенеді. Мидың жабынды тәрізді бөлімі адамда ең жоғарғы даму дәрежесіне жетеді.
Жоғары омыртқалылардың, жеке алғанда маймылдардың, миының ішкі құрылымы адамға ғана тән қыртыстық құрылымның ерекше сапасымен сипатталатын адам миынан қыртыстық алаңдардың құрылысы бойынша ажыратылады. Сөйтіп, балықтан адамға дейін алдыңғы мидың (үлкен жарты шарлардың қыртысының) салмағы біртіндеп артатындығын бақылауға болады.
Бірақ, омыртқалылардың әртүрлі даму кезеңдеріндегі қыртыстық түзілімдердің организмнің тіршілігін реттеудегі қызметтік маңызының бірдей емес екендігін ескеру қажет. Осыған қатысты алдыңғы мидың жабынды тәрізді бөлігі алып тасталынатын тәжірибелер өте көрнекті болып табылады. Сүйекті балықтардың алдыңғы миын алып тастағанда оның тіршілік әрекетінде ешқандай өзгеріс байқалмайды десе де болады. Бақаның үлкен жарты шарларын алып тастау да (аралық ми сақталған жағдайда) оның өмірлік қызметінде аз өзгерістер тудырады: бақада жүзу қызметі мен шыбын ұстау қызметі сақталады. Кептердің жарты шарларын алып тастаса (М. Флуранс тәжірибесі), оның тәртібі айтарлықтай өзгереді. Мұндай кептер тек егер оны қолмен жоғары лақтырса ғана ұша алады, жақсы жүре алады, қанаттарын түзейді, бірақ ол жемін (мысалы, жанына сепкен тарыны) таба алмайды, немесе жанында тұрған ыдыстан суды іше алмайды. Бұндай кептерді жасанды түрде тұмсығына жемді салып отырып тамақтандыру керек. Жемді жұту қасиеті сақталса да, кептер өз бетінше жемін тауып жей алмай, аштан өлуі мүмкін.
Иттердің үлкен жарты шарларын алып тастаған кезде тәртіп өзгерістері одан да қатты білінетін өзгерістермен сипатталды. Мұндай тәжірибелерді баяғыда неміс ғалымы Ф. Гольц, кейінірек И. П. Павлов лабораториясында Г. П. Зеленый, соңғы уақытта профессор Э. А. Асратян жүргізді. Операция жасалған ит те жазылғаннан кейін тамағын жанында тұрса да өз бетінше таба алмайды, иесін танымайды, атына алаңдамайды, бірақ қозғалыс қабілеті сақталады, бөгеттерді айналып өтеді. Оның ұйқысы мен ояу қалпының алмасуы сақталады. Жақсы күтім болса, бір жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Маймылдардың үлкен жарты шарларын алып тастау тез өлімге әкеп соғады.
Көрсетілген тәжірибелер жануарлар эволюциялық сатыда неғұрлым жоғары тұрса, соғұрлым оларда үлкен жарты шарлардың қыртысының өмірлік маңызы зор екендігін көрсетеді.
Адам үлкен ми жарты шарларынсыз тіпті өмір сүре алмайды. Мидың ауыр даму ақауларымен туылған балалар, соның ішінде ми жарты шарлары жоқ болып туылған (анэнцефалия) балалар, көбінесе туа салысымен өледі.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Омыртқалылардың жүйке жүйесінің дамуына тән маңызды ерекшеліктерін атаңыз?
Ланцетниктің жүйке жүйесіне сипаттама жасаңыз?
Балықтар мен амфибиялар миының құрылысындағы айырмашылықтар қандай?
Бауырмен жорғалаушылар мен құстарда мидың қандай өзгерістері байқалады?
Қыртыс түзілісі омыртқалылардың қай сатысында алғаш рет байқалады?
«Ескі ми» мен «жаңа ми» түсініктері қандай құрылымдарды біріктіреді?
Сүтқоректілердің миының құрылысында неге баса назар аударамыз?
Маймылдардың миының адам миынан негізгі ерекшелігі неде?
Сүтқоректілерде ми жарты шарлары маңызының эволюция сатысының жоғарылауына қарай артуы қандай тәжірибелерде көрсетілген?
Жүйке жүйесінің жануарлар эволюциясындағы маңызы
Жүйке жүйесінің филогенезінің сұрақтарымен танысу эволюция процесінде жүйке механизмдерінің біртіндеп құрылуының, төменгі жануарлардың ганглий түйінінің жүйке жасушаларынан бастап жоғары омыртқалылар мен адамның күрделі ми механизміне дейінгі дамуының айқын көрінісін береді.
Жануар организмдердің қалыптасу процесіндегі жүйке жүйесінің маңызы туралы сұраққа жауап берейік. Жануар организмдерінің түрлік өзгергіштігіне жүйке жүйесінің әсерінің орасан зор болғандығы әрине шүбәсіз. Алайда ол тіпті де бірдей болған жоқ. Осылай, жануарлар дамуының төменгі сатысында, жоғарыда көрсетілгендей, жүйке жүйесінің әсері аса үлкен болған жоқ. Бұл кезеңдерде жүйке аппараттары әлі орталықтандырылмаған еді, олар әлі бүкіл организмді түгелдей реттейтін жүйе болмаған еді. Керісінше, эволюциялық сатының келесі баспалдақтарында, мысалы омыртқалыларда, жүйке жүйесінің маңызы күрт жоғарылайды. Жүйке жүйесі енді орталықтандырылған қызметке ие болып, организмнің барлық қызметін түгел реттейді. Бұл жағдайларда белгілі бір заңдылық байқалады, жануар эволюциялық сатыда неғұрлым жоғары тұрса, соғұрлым көптеген өткізгіш жолдар ортаңғы мида емес, көлемі ұлғайған және өзінің құрылымын күрделендіре түскен алдыңғы мидың жабынды тәрізді бөлімінде бітеді.
Сыртқы ортаның жағдайының өзгеруі бейімделу процесінде әртүрлі қиыншылықтар туғызады. Осыған байланысты, өзгеріп отыратын тітіркендіргіштердің жиынтығын ең алдымен өзіне қабылдайтын жануар организмінің жүйке механизмдері өзінің қызметін жетілдіруі қажет болды. Мұндай жетілу бірінші кезекте жүйке жүйесінің ішкі ұйымдастырылуының сәйкес түрде қайта құрылуын талап еткен. Осыған байланысты жүйке жүйесінің жеке бөліктері күрделі қайта құрылудан өтті: біреулері регрессияға ұшырады, басқалары, әсіресе жаңа қиын жағдайда қажетті қызметтер, керісінше, өте күшті дамып кетті. Сонымен, мысылы, иттердегі алдыңғы мидың иіс сезу бөліктері күрт ұлғайды, бұл өмір сүру жағдайына сәйкес жануардың осы түрінің сақталып қалуы үшін күшті иіс сезудің қажет болуына байланысты болды.
Одан жоғары даму сатысында – маймылдарда – ми дамуында көрсетілген ерекшеліктер енді кездеспейді. Жүйке жүйесі өзінің ішкі ұйымдастырылуын бір аймақтарды күшейтіп, басқаларын әлсіретіп қайта құра отырып, әрине, әртүрлі мүшелер мен жүйелерге, ал одан бүкіл организмге тигізетін трофикалық әсер түрлерін өзгертіп отырды (зат алмасуы арқылы). Осыған байланысты, біртіндеп бірқатар қиын қайта құрылулар арқылы – дене габаритінің ұлғаюы немесе кішіреюі, түстің өзгеруі, т.б. – жануар денесінің барлық құрылысы өзгерді.
Жер тіршілігінің ерте этаптарында біз қазбалардан ғана білетін көптеген жануарлар болған. Бұл жануарлар, мысалы, алып мамонттар, ихтиозаврлар және бірқатар басқа да денесінің алып өлшемдерімен ерекшеленетін жануарлар Жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен. Олар өте көп мөлшерде қоректенген. Сол кезеңдерде бұл жануарлардың қажеттіліктері толық қанағаттандырылған. Климаттық жағдайдың өзгеруі (мұзды кезең және т.б.) қоректің табылуын қиындатып, бұл жануарлардың өліміне әкеп соқты. Жануарлардың басқа түрлері күресу және қорғану мүшелерін жетілдіре отырып, өздерінің құрылысындағы күрделі қайта құрылуларды бастан кешірді.
Жануарлар әлемінің бұл өзгеріп отыратын сыртқы орта жағдайларына күрделі бейімделу процесінде, орта мен организм арасындағы қарым-қатынастың өте нәзік механизмі ретінде жүйке жүйесінің маңызы зор болды.
Бұл жайында профессор E. K. Cenn былай деп жазды: «...Адамның жүйке жүйесі ұзақ тарихи кезеңнің нәтижесі, оның барысында жануарлардың өмір сүруінің жаңа жағдайлары, жаңа қажеттіліктері және сонымен бірге жаңа қызметтері пайда болды. Бұнымен байланысты жүйке жүйесінде жаңа қызметтер үсті-үстіне орнатылды. Алдыңғы формациялардың ішінен өзінің функционалды маңызын жоғалтқан бөліктері жойылып, пайдалы болғандары аздап өзгергенімен, сақталып қалды. Осымен бірге бөліктердің ішкі қарым-қатынастарында қайта топтастырылу мен оларға сәйкес бөліктерінің ауысуы жүрді. Жүйке жүйесінің күрт бұрылыстар мен секірістермен, организмнің негізгі өзгеріске аз ұшырайтын қажеттіліктермен өткен эволюция процесі зерттеуші нерв жүйесінің құрылысы мен қызметін тарихи әдіс жолымен зерттегенде алдынан ашылады».
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Төменгі және жоғарғы даму сатыларындағы жануарлардың түрлік өзгергіштігіне жүйке жүйесінің әсерінің айырмашылығы қандай?
Жүйке жүйесінің эволюциялық процестерге әсер етуінде қандай заңдылық байқалады?
Сыртқы орта жағдайының өзгеруі жануарлардың организмінде тудырған қайта құрылуларға мысал кетіріңіз?
Жүйке жүйесі әртүрлі мүшелерді өзгерткенде зат алмасу арқылы әсер ететіндігін қалай түсіндіңіз?
§3. Адамның жүйке жүйесінің онтогенезі
Адам ұрығын жатыр ішілік дамудың әртүрлі кезеңдерінде зерттеу (4 айға дейін) және оны басқа омыртқалылардың ұрығымен салыстыру олардың құрылысының кейбір ортақ ұқсастықтарын анықтады. Осы бағытта К. М. Бэр, А. О. Ковалевский және А. Н. Северцов өткізген жұмыстар 1864 жылы неміс ғалымы Э. Геккельге адам ұрығының даму барысында өзіне дейінгі төменгі қатардағы омыртқалылардың барлық даму кезеңдерін қайталайтындығын пайымдаған пікірін жариялауға мүмкіндік берді. Бұл пікір кейінірек ғылымға Геккельдің биогенетикалық заңы атауымен енген. Ол бойынша онтогенез филогенездің қысқартылған қайталануы ретінде қарастырылады. Биогенетикалық заң біраз қарсылықтар тудырды және, әрине, ол қатаң заң болып санала алмайды. Әрине, жануарлар әлемі өзінің мыңдаған жылдардағы тіршілігінде басынан өткізген барлық сатыларын объективті түрде бақылап шығу мүлдем мүмкін емес және олардың адам эмбрионында бейнеленіп сақталып қалуы керек деген пікір толығымен қабылдануы да мүмкін емес. Бірақ адамның эмбрионы кейбір өтпелі сипаттағы жауапты кезеңдерді өтетіндігі күмәнді емес, бірақта оны қатаң әрі әділ дәлелдеу қиын, сондықтан да мүмкін емес.
Адамның жүйке жүйесінің дамуы. Жүйке жүйесінің қалана бастауын байқау мүмкіндігі ұрықтың екі апталығында болады, ол табақша түрінде көрінеді. Жүйке жүйесі ұрықтың эктодерма жапырақшасының арқа жотасынан түзіледі (21-сурет). Көп кешікпей табақшаның шеттері біртіндеп бүгіліп, науа жасайды. Бұл науа ұрықтық жүйке жасушасынан құралған – нейробласттар мен спонгиобласттар. Одан әрі қарай біріншілерінен неврондар, ал екіншілерінен глиозды жасушалар дамиды. Біртіндеп науаның алдыңғы және төменгі ұштарынан басқа шеттері бітісе бастайды, сөйтіп медуллярлық түтік немесе ми түтігі түзіліп, ол ұрықтың ішіне қарай батады. Ұрық дамуының 4-ші аптасында ми түтігінің алдыңғы ұшы біркелкі емес дамып, үш көпіршік түрінде кеңейеді. Одан әрі алдыңғы және артқы көпіршіктер қайта бауланады да, бес ми көпіршігі пайда болады, олар мидың негізгі бөліктерін құрайды.
Ең соңғы (бесінші) көпіршіктен сопақша ми түзіледі, төртінші көпіршіктен Варолиев көпірі мен мишық, ортаңғы (үшінші) көпіршіктен ортаңғы ми, ал екінші көпіршіктен көру төмпешіктері (таламус), гипоталамикалық аймақ және қыртыс асты түйіндерінің бір бөлігі – паллидум (бозғылт шар) түзіледі. Медуллярлы түтіктің оральды бөлімінен (алдыңғы,яғни бірінші ми көпіршігінен) ми жарты шарлары және қыртыс асты құрылымдарының басқа бөлігі – неостриатум (жолақ дене) түзіледі.
Ми түтігінің бүйір бөліктерінде орналасқан жасушалардан жұлын пайда болады. Ми түтігінің қуысы жұлынның арнасына айналады, ол алдыңғы бөліктерін кеңейіп, мидың қарыншаларын түзеді. Жұлынның дамуы мидың дамуына қарағанда қарқынды жүреді. Әдетте ол үш айлық ұрықта негізінен түзіліп болады. Ми көпіршіктерінің дамуы біркелкі өтпейді. Тік болған ұзындық осі иіліп, үш бүгіліс жасайды. Мидың алдыңғы көпіршігі қарқынды өседі, одан мидың жарты шарлары мен қыртыс асты түйіндері дамиды. Төрт айлық ұрықта салына бастаған сайлар мен қатпарлар байқала бастайды, ал бесінші айында әлдеқайда жақсы білінеді. Ұрықтың миы босану кезіне қарай сыртқы белгілеріне қарағанда жеткілікті қалыптасқандай болады (22-сурет). Нәрестелердің миында ересек адамдардағыдай, бірақ кішірейтілген түрде барлық сайлар мен қатпарлар болады. Жүйке талшықтарының миелиндену үрдісі эмбриональды өмірдің төртінші айында басталып, негізінде екі-үш жаста аяқталады, бірақ миелин қабатының ұлғаюы организм өсуінің барлық кезеңінде жүруі мүмкін (А. М. Гринштейн).
Нәресте миының салмағы әдетте ұл балаларда 370 г, ал қыз балаларда 360 г болады. Мидың салмағы әдетте 8-ші – 9-шы айда екі еселенеді. Ми салмағының өсуі әдетте еркектерде 19-20 жаста, ал әйелдерде 16-18 жаста тоқталады.
Баланың үлкен жарты шарларының қыртысын микроскоппен зерттегенде оның нейрондарының құрылысы мен басқа омыртқалылардың нейрондарының құрылысы арасында айырмашылық бар екендігі аңғарылған. Мұнда ядроның үлкен көлемділігі және өсінді бұтақтар жүйесі жақсы дамығандығы байқалады. Бұл адам миына тән байланыстардың бай болуының себебі болып табылады. Қыртыс алаңдардың құрылысында да айырмашылықтар болады, ол аймақтардың қалыптасуы ұрықтың алты айлық кезінде-ақ басталады. Баланың миының қыртыстық алаңдары жасушалар мен талшықтардың өзіндік құрылысымен ерекшеленеді. Осындай артықшылықтар тек адам миына ғана тән. Жоғары омыртқалылардың, соның ішінде маймылдардың, үлкен жарты шарларының қыртысында бұған ұқсас түзілістер жоқ. Көрсетілген қыртыстық құрылым онда дамитын тек адамға ғана тән жоғарғы жүйке қызметінің, яғни сөйлеу мен оған байланысты абстрактылы ойлау қабілетінің материалдық негізі болып табылады. Міне сондықтан әртүрлі зерттеушілердің маймылды сөйлеуге, жазуға үйретуге тырысқан тәжірибелері нәтижесіз болды (А. Келлер, Е. А. Ладыгина-Котс, В. Дуров және т.б. тәжірибелері). Осы күрделі қызметтердің қалыптасуы үшін жоғары омыртқалылардың қыртысында сәйкес келетін материалдық негіз жоқ.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Геккельдің биогенетикалық заңының мағынасы неде?
Жүйке жүйесі ұрықтың қай жапырақшасынан түзіледі?
Жүйке түтігінің түзілу процесін сипаттап беріңіз?
Ми түтігінен неше көпіршік пайда болады және олардың әрқайсысынан мидың қай бөлімдері дамиды?
Жұлын ми түтігінің қай бөлігінен дамиды және ол ұрықтың қай мерзімінде негізінен түзіліп болады?
Жүйке талшықтарының миелиндену үрдісі қандай мерзімде өтеді?
Нәрестенің миының құрылысына сипаттама беріңіз?
Ми қыртысы құрылысының адамға ғана тән өзіндік ерекшеліктері неде және олар қандай қабілеттердің негізі болып табылады?
Сенсомоторлық қызметтердің дамуы
Жоғары сатыдағы жануарлардың жүйке жүйесінің ішкі мүшелер мен қоршаған ортаның тітіргендірулерін қабылдайтын қабілеті бар.
Кез-келген таным ең алдымен сезімталдықтың мәлеметтеріне негізделеді, ол терілік (беткей), терең (проприорецепция) және ішкі мүшелердің сезімталдығы (интерорецепция) деп бөлінеді. Сезімталдықтың барлық түрі ұрықтың құрсақ ішіндегі даму кезеңінде қалыптасады және баланың дүниеге келу сәтінде олар тітіркеністі қабылдауға дайын болуы керек. Нәрестенің өзінде белгілі рецепторлар мен сезім жолдары қызмет атқара береді. Алғашқы айларында балада ең жақсы дамыған тактильді сезімталдық (жанасуға деген реакция) болады. Тітіркеніс сезімтал талшықтар арқылы жұлынның жасушаларына немесе бас-ми жүйкелерінің ядроларының сезімтал талшықтарына таралады, қозғалыс жасушаларына беріледі, осыған байланысты жауап ретінде қозғалыс реакциясы болады. Алғашқы айларында бала тітіркендіруге тек жергілікті ғана емес, сонымен бірге жалпы қимыл әрекетімен жауап береді. Ол тек жанасуға ғана емес, ауыру сезіміне (инемен шаншығанда), қоршаған орта температурасының өзгеруіне реакция арқылы жауап береді. Жүйке талшықтарының миелинденуі әртүрлі жас аралығында өтеді, осыған байланысты терең сезімталдық элементтері біраз кеш дамиды. Ішкі мүшелерден келетін тітіркеністер көбінесе іш қуысында орналасады, сондықтан да балалар кез-келген жағдайда ішінің ауыруына шағым жасайды. Жасы артқан сайын сезімталдық түрлері жетіле түседі. Қыртыстық құрылымдардың дамуына байланысты (3 жаста) терең сезімталдықтың барлық түрлерінің жағдайын анықтауға мүмкіндік туады (стереогноз, екі шамалық-кеңістік сезімі, дикриминация және т.б.).
Кез-келген қозғалыс (ерікті және еріксіз) рефлекторлы түрде жүзеге асырылады. Рефлекстердің күрделілігі түрлі дәрежеде болуы мүмкін және жүйке жүйесінің түрлі деңгейінде шектеліп, түйісуі мүмкін. Тітіркендіруге жауап беруге сезімтал, аралық және қозғалыс жүйке талшықтары қатысады. Баланың қозғалыс қызметінің дамуы жатырішілік кезеңде басталады да (20-шы аптада), бірте-бірте белсенділігі артады және күшейеді. Бала туылатын сәтте бас-ми жүйкелерінің ядролары, әсіресе жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерін реттейтін кезеген жүйкенің ядросы орналасатын жұлын мен ми бағанасының құрылымдары қалыптасуы керек.
Баланың алғашқы дем алуы мен дем шығаруы рефлекторлы болып табылады. Нәрестені кеудеге қойса, ол еме бастайды. Нәрестелерде қорғаныс қимыл реакциялары, қоректік және лабиринттік жинақталу ерте пайда болады да, тербеткенде немесе емгенде бала тынышталады. Бала туылғаннан соң алғашқы уақытта бұлшық ет тонусы біраз жоғары болып, құрсақ ішінде жатқандай кейпі сақталады. Бірте-бірте бұлшық ет тонусы қалпына келіп, мидың экстрапирамидалық жүйесі мен қара субстанцияның іске қосылғандығының көрінісі ретінде бейберекет еркінен тыс қозғалыстар пайда болады. Дамуының екінші кезеңінде бала есту және көру тітіркендіргіштеріне жауап ретінде жымия және күле бастайды. Көрудің тұрақталуы қалыптасады: бала ойыншықтың қозғалысын бақылайды, өзінің қолына қарайды, онымен ойнайды. Үшінші кезеңде бала қолын созып ойыншыққа жеткізуге әрекет жасайды, алғашқыда қолы тимей өтіп кетсе, кейін көрудің бақылауымен және мишықтың түзетуі арқасында қозғалысы дәл болып қалыптасады. Моторлық қызметтердің жақсара келе, бала отырады, арқасынан бүйіріне және ішіне аунайды; ойыншыққа қолы жеткен соң оны ұстап алады. Бұл кезеңде тізбектік реакциялар қалыптасады. Кейінгі кезеңдерде моторлық қызметі күрделенеді де, бала еңбектей бастайды, тұрады және жүреді. Еркінен тыс болатын қозғалыстар жүйке жүйесінің түрлі деңгейінің қатысуын талап ететін күрделі ұйымдасқан ерікті қозғалыстарға ауысады.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Сезімталдықтың қандай түрлері бар?
Қыртыстық құрылымдардың дамуы қанша жаста байқалады?
Қозғалыстың кез-келген түрі қалай жүзеге асырылады?
Баланың қозғалыс қызметінің дамуы жатырішілік кезеңнің қай мерзімінде басталады?
Тітіркендіруге қозғалыс реакциясымен жауап беру тізбегін айтып беріңіз?
Баланың қозғалыс қызметтерінің күрделену кезеңдеріне сипаттама беріңіз?
Сенсорлық қызметтердің дамуы
Сенсорлық қызметтерге көру, есту, дәм сезу, иіс сезу және жанасуды сезіну жатады. Осылардың ішінен көру мен есту адам үшін ең маңыздылары болып табылады.
Көру анализаторының онтогенезінің өзіндік құрылымы мен жүйелілігі бар. Көз алмасы мен көру жүйкесі алдыңғы ми көпіршігінен дамып, мидың бір бөлігі болып табылады және онымен ортақ қантамыр жүйесі және көру жүйкесін жауып тұратын ми қабықшалары болады.
Құрсақ ішіндегі дамудың алғашқы апталарында-ақ медуллярлы түтіктің алдыңғы ұшында көз көпіршіктері пайда болып, одан көз торсығы дамиды. Сосын көз торсығының қабырғалары көз алмасына айналып, пигментті қабат пен торшаны түзеді, ал торсықтың аяқшаларынан көру жүйкесі қалыптасады. Көру жүйкесі торшаның ганглиозды жасушаларынан басталады, олар биполярлы жасушалар арқылы торшаның көру жасушаларымен байланысқан. Құрсақ ішіндегі дамудың екінші айында көз алмасының құрылымдары қалыптасады, көру жасушалары таяқшалар мен құтышаларға бөлінеді, көздің қасаң қабығы, қабақтар, жас жолдары түзіледі. Үшінші айда көру анализаторының дамуының эмбрионалды кезеңі аяқталады, бірақ та оның жетілуі мен күрделенуі жалғасып жатады. Әсіресе көру жүйкесінің мидың басқа құрылымдарымен: ортаңғы және артқы мимен, мишықпен байланыстарының маңызы артады.
Туылатын кезде жүйке жүйесінің құрылымдары көз алмасының қозғалысын қамтамасыз ететін бас-ми жүйкелерінің ядроларымен бірлесе қызмет атқаруға дайын болуы керек.
Көз-қимыл, шығыр және сыртқа әкеткіш – осы үш жүйкемен жүйкелендірілетін көз қозғалысының көру қызметі үшін маңызы өте зор. Екі көздің бірлескен қозғалысы үшін қажет көз бұлшық еттерінің жеке ядролары арасындағы байланыс аралық нейрондардың қысқа аксондарынан және артқы тік шоғыр жүйесінен түзіледі.
Артқы тік шоғыр көзді қозғалтатын жүйкелердің ядроларын торлы құрылыммен, мишықпен, гипоталамуспен, вестибулярлық жүйемен және бастың қозғалысын басқаратын аппаратпен (жұлынның мойын бөлімі мен бағанының торлы субстанциясы) байланыстырады. Кеңістікті бағдарлау үшін бұл механизмнің биологиялық маңызы өте зор, себебі бастың әрбір қозғалысы көру өрісін ауыстырады, ал бас пен көздің үйлестірілген қозғалысы қоршаған ортаны бағдарлау үшін айтарлықтай үлкен мүмкіндік туғызады (М. Б. Цукер). Көздің ұштастырыла бірлескен қозғалыстары ерікті болып келеді және ми қыртысында өзінің белгілі жерлері болады.
Туылғаннан соң баланың көруінің дамуы бірнеше кезеңдерден өтеді. Алғашқы күндері баланың көзі қысқа уақыт қана ашық болады, асимметрия жиі байқадады (бір көзі ашық, екіншісі жабық). Көз алмаларының қозғалысында да асимметрия байқалады, ол бірте-бірте 10-14-ші күнде қалпына келеді. Нәрестенің көз алмалары бір-біріне байланыссыз қозғалыстар жасай алады, бұл ұштастырыла бірлескен қозғалыстың жоқтығын көрсетеді. Назар тоқтату механизмі 1-1,5 айда қалыптасып, бірте-бірте көздің үйлестірілмеген қозғалыстары жоғалады және оның біріккен әрекеті пайда болады. Екі-үш ай болғанда назардың тоқтатылуы ұзағырақ созылады. Бала тек алдында тұрған заттарды тауып қана қоймай, оның заттарды белсенді түрде іздеуі қалыптасады (бас пен көзді бұруы).
Өз қызметі бойынша көру анализаторы естумен және вестибулярлық жүйемен тығыз байланысты. Есту және вестибулярлық жүйелер ішкі құлақта орналасады және сәйкес жүйкелермен ОЖЖ-мен байланысады. Жануарлардың кеңістікті бағдарлауына мүмкіндік жасайтын статико-динамикалық жүйе ретінде вестибулярлық жүйе филогентикалық тұрғыда ежелгі болып табылады. Вестибулярлық аппарат екі рецептордан тұрады: отолиттерден және жартылай иірім түтікшелерінен. Дененің белгілі бөлімдерін, әсіресе басты денеге қатысты ұстап тұрудың (тұрақтылық) жануар үшін маңызы өте зор.
Кеңістіктегі дене қалпының өзгерісі тепе-теңдіктің бұзылуын шақырады, оны вестибулярлы аппарат қабылдап, мишыққа сәйкес реакция береді. Мишықтық жүйе экстрапирамидалық жүйемен, торлы құрылыммен, артқы тік шоғырмен, жұлынның қозғалыс жүйесімен және диэнцефалдық аймақпен байланысы арқасында рефлекторлы түрде тепе-теңдіктің бұзылысының алдын алады.
Вестибулярлық аппарат (тепе-теңдік мүшесі) онтогенез тұрғысында кохлеарлық (есту) аппараттан ерте дамиды. Ішкі құлақтың алғашқы бастамасы төрт апталық ұрықта пайда болады. Артқы мидың беткейінен бөлініп шығатын есту көпіршігінен жартылай иірім түтікшелері мен ұлу пайда болады. Лабиринт ұлудан ерте қалыптасады. Есту қызметі вестибулярлыққа қарағанда онто- және филогенетикалық тұрғыда кеш дамиды. Вестибулярлық жүйе қызметін құрсақ ішінде атқара бастайды да, баланың белгілі қалпын, оның босану жолынан өтуге даярлығын және қозғалысын қамтамасыз етеді.
Есту жүйесі ұлудан биполярлық жасушалармен басталады. Жүйке жасушаларының бір өсінділері кортий мүшесіндегі есту жасушаларына келсе, басқалары біріге отырып, есту жүйкесін құрайды. Есту жүйкесі вестибулярлық жүйкемен бірге самай сүйегінің пирамидасынан шығып, ми бағанасына жақындайды. Есту жолдарының жүрісі өте күрделі, бірақ ең соңында олар түрлі қыртыс асты түзінділеріне көптеген тармақтарын бере отырып және айқасып, мидың самай бөлігіне жетеді.
Құрсақта дамудың соңғы айларында ұрық қоршаған ортаның дыбыстарын ести бастайтындығы маңызды: сабырлы және назды дыбыстар оны тыныштандырады, ал қатты және жағымсыз дыбыстар селк еткізіп, мазасыздандырады. Көптеген нәрестелер қатты дыбыстарға бет бұлшық етінің рефлекторлы жиырылуымен, тіпті бұлшық еттің дірілдеп тітіркенуімен жауап береді. Дыбыстарды ести отырып, алғашқы аптада бала ол жаққа қарамайды. Бұл реакция естуді вестибулярлық аппаратпен және қозғалыс үйлесімділігінің жүйесімен байланыстыратын жолдардың жетілуінен соң ғана, кешірек қалыптасады.
Дәм сезу мен иіс сезу естумен және көрумен салыстырғанда филогенетикалық тұрғыда ерте дамыған. Ми қыртысындағы иіс сезу аймағы оның төменгі бөлімідерінде орналасады. Иіс сезу жүйкесі мұрынның шырышты қабатының астынан басталып, бастың қуысына бағытталады, оның ядросы мидың негізінде орналасады. Иіс сезу жүйкесі көптеген тармақтар береді және оның екі жақты өкілеттігі бар. Иіс сезу жүйкесі әсіресе ми қыртысының лимбикалық аймағымен тығыз байланысты.
М. Б. Цукердің мәліметтері бойынша, алғашқы күннен бастап-ақ бала күшті иістерге мимикалық мускулатураның жиырылуымен жауап береді. Кейбір авторлар тіпті бала ұйықтап жатып түсіндегі жағымсыз иістерден көзін жұмып, мазасы кететінін, тіпті оянып кететінін байқаған. Емшектегі балалардың иіс сезімінің дамуын тағамды ішпей тұрып азық-түліктерге теріс реакция беретіндігі көрсетеді. Балалардың жасы үлкейген сайын иіске реакциясы сақталынады.
Дәм сезудің дамуы балаларда ерте қалыптасады. Жаңа туған нәрестелерге ұнамайтын тағам берілсе (қышқыл су, сүзілген сүт), наразылық тудырып, жауап береді. Дәм сезуді қабылдау үштік және тіл-жұтқыншақ жүйкелерінің қызметіне байланысты болады. Тілдің артқы бөлімінің емізікшелеріне тіл-жұтқыншақ жүйкесінің талшықтары, ал алдыңғы бөліміне – үштік жүйкенің тармақтары келеді. Дәм сезу тітіркеністері бас-ми жүйкелерінің сәйкес ядроларына келіп түседі. Олар біріге отырып, жүйке жүйесінің жоғарғы деңгейіне (көру төмпешіктері мен ми қыртысына) жетеді, бұл кейіннен баланың дәм сезуге үйреншіктілігін анықтайды.
Қарастырған сенсорлық түрлердің (көру, есту, дәм, иіс сезу, жанасуды сезіну) онтогенездегі кезеңдерінің дефектологиядағы маңызы өте зор.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Көздің негізгі бөліктері эмбрионның қай құрылымдарынан дамиды?
Баланың көру қызметінің даму кезеңдеріне сипат беріңіз?
Көру анализаторының вестибулярлық жүйемен байланысын түсіндіріңіз?
Вестибулярлық жүйенің қалыптасуы қалай өтеді?
Ұрықтың есту қабілеті қай мерзімде байқала бастайды және әрі қарай қалай дамиды?
Дәм және иіс сезу дамуының ерекшеліктері қандай?
Онтогенездегі асимметрия
Қызметтік асимметрия моторлық, сенсорлық және психикалық қызметте байқалады. Оң және сол қолға бейімділік (амбидекстриялар) табиғи құбылыс болғандықтан, биологиялық заңдылықтармен анықталады. Бұл бейімділік табиғи бейімділіктің максималды дамуын қамтамасыз ететін нақтылы әлеуметтік жағдайда жүзеге асырылады. Алайда бүкіл әлеуметтік орта мен еңбек процестері оңқайлыққа сәкес құрылғандықтан, қоғам биологиялық бейімділіктің тек оңқайлығын ғана көтермелеген. Сондықтан да көптеген педагогтар мен ата-аналар солақайды оңқайға үйретпекші болды. Сонымен бірге ешқандай да әлеуметтік әсермен солақайды толық мағынада оңқай жасауға болмайды. Солақайды кейбір жұмысқа үйретуге болады, ол оған бейімделіп, оң қолымен істеп, тіпті жазуға үйренеді. Бірақ та мұндай солақайда сенсорлық және психикалық асимметрия сақталады және мұндай адам таңдамалы моторлық қызметті «осылай ыңғайлы» деп, сол қолымен орындайды.
Ерте жастағы балада айқын білінген симметрия жоқ, ол оң және сол қолын бірдей қолданады. Бірақ бірте-бірте оң қолдың белсенділігі артады және оң қолдың жетекші болып қалыптасады. Ұзақ уақытқа дейін моторлық асимметрия қолдың теңсіздігі деп қарастырылды. Дегенмен де, эксперименталдық зерттеулер мен клиникалық бақылаулар моторлық асимметрия тек қолда ғана емес, аяқта, денеде, бетте болып, сенсорлы қызметтің және жалпы қозғалу белсенділігінің қалыптасуында біліне алатындығын көрсетті (Н. Н. Брагина, Т. А. Доброхотова).
Көптеген адамның жетекші қолы оң қол болғандықтан, оны былай сипаттайды: оң қол күшімен, ептілігімен, реакциясының жылдамдығымен, қозғалыс үйлесімділігінің шеберлігімен, автоматизация деңгейімен асып түседі, оның қозғалысы дараланған және де ол адамның эмоционалды және жеке ерекшеліктерін дәл бейнелейді. Арнайы тексеру барысында аяқта, денеде, бетте де оң және сол жақ белсендіктің басымдығы біліне алатындығы анықталды, бұл жүйелік асимметрияны көрсетеді.
Сенсорлық мүмкіндіктерді (көру және есту) зерттеу барысында да асимметрия анықталды. Көруді тексергенде жетекші көзді, көру өрісінің ерекшеліктерін, әртүрлі пішіндер мен әріптерді жадында сақтау ерекшеліктерін анықтайды. Б. Г. Ананьев жетекші көздің тереңдікті сезумен байланысын атап өткен, жетекші көз немесе олардың симметриясы болмаса, тереңдікті монокулярлық анықтаудың мүмкін еместігі туралы айтқан. Жетекші көз жетекші емеске қарағанда түсті жақсы қабылдайды. Жетекші көз бірінші болып затпен байланыс жасап, ал екінші көз жалпы белгілеуді аяқтайтындығы дәлелденген. Жетекші көзде аккомодация механизмі ертерек қосылады. Жетекші көздегі бейнелену бағынышты көздегі бейнеленуге қарағанда басым болады.
Есту ориентациясын зерттеу дыбыстың биіктігін, күшін, тембрін, ұзақтығын және кеңістіктегі орналасуын ажыратуға қатысты бинауралды сезімнің моноауралдыдан артық екендігін анықтады. Оң және сол жақтағы құлақтың есту деңгейі әртүрлі, сол жақтағы асимметрия оң жақтағыдан басым болады. Б. Г. Ананьевтің мәліметтері бойынша, есту-кеңістіктік ажыратуда кеңістіктік асимметрия басым болады. Адамға дыбыс толқындарының күші мен тербеліс жиілігін ажыратудың салыстырмалы үлкен диапозоны берілген. Естудегі ең үлкен асимметрия сөйлеу дыбыстары мен сөйлеуге қатысы жоқ дыбыстарды ажыратуда білінеді. Оң құлақ сөйлеу дыбыстарын, ал сол құлақ сөйлеуге қатысы жоқ дыбыстарды жақсы қабылдайды. Сол құлақтың әуенді, адамның сөзге қатысты емес эмоционалды дыбыстарын, сыртқы ортаның түрлі ырғақты дыбыстарын танудағы артықшылығына байланысты, «сол құлақ эффектісі» бөлінеді. Интонация мен мағынаға негізделген сөз мәліметтерін ажыратуда оң және сол құлақ тең емес. Сөз мәліметтерін сол құлақ қабылдағанда бағалау жиі интонацияға негізделсе, оң құлақ қабылдағанда вербальдық мәні жақсы түсінілді. Есту асимметриясы бірте-бірте дамиды, сол құлақтың қызметі ерте қалыптасады (әуенге және модуляцияға қатысты реакция), сосын сөзді қабылдауға байланысты оң құлақтың қызметі қалыптасады.
Л. С. Выготский (1960 жылы) адамның психикалық қызметінің даму мәселесін қарастыра отырып, мынадай пікір айтқан болатын: алдыңғы қатарға әр психикалық қызметтің түзілуі емес, баланың психикалық қызметінің әр жас деңгейіндегі қызметаралық байланыстарының өзгерістері, «үстем өзара тәуелділіктің» өзгерісі шығады. Жоғары психикалық қызметтердің қалыптасуында сөйлеу мен сөйлеуге қатысты ойлау жетекші роль атқарады, бұл онтогенезде дамитын ерекше адамға тән қызметтер, олар адамның тарихи қалыптасуының нәтижесіне жатқызылуы тиіс. Кейін Л. С. Выготскийдің ой-пікірлерін А. Р. Лурия, Э. Г. Симерницкая және т.б. қолдады.
Сөйлеу (сенсорлық және моторлық) сол жарты шармен тығыз байланысты. Оның арқасында танымның жаңа түрін құрайтын жаңа сапалы психикалық құбылыстар (жинақтау, ұғым, ой) пайда болды, бұлардың сезімдік танымнан айырмашылығы, олар кеңістік пен уақыт жөніндегі шынайы ұғымдармен шектелмейді. Оң және сол жарты шардың зақымдалуы түрлі психопатологиялық көрініс тудырады, ол Л. С. Выготскийдің, А. Р. Лурияның, Н. Н. Брагинаның және т.б. еңбектерінде егжей-тегжейлі сипатталған.
Нәрестенің самай құрылымдарын морфологиялық зерттеу сөздің қалыптасуына қатысты мидың бөлімдерінің жеткілікті түрде жетілгендігін көрсетті. Адам миының әртүрлі жарты шарларының құрылымының әрі қарай дамуы постнаталды онтогенезде жалғасады. 7-12 жаста сол жарты шарда сөйлеу аймағының басымдылығы анықталады, бұл сөйлеудің қалыптасу процесінде сол жарты шардың белсенділенуімен байланысты болады.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Адамның қандай қызметтерінде қызметтік асимметрия байқалады?
Қолдағы асимметрияға сипаттама беріңіз?
Жүйелік асимметрия деген не?
Жетекші көз қандай қызметтік ерекшеліктерімен білінеді?
Оң және сол құлақтың дыбыстарды қабылдаудағы ерекшелігі неде?
Сөйлеу қызметі қай жарты шармен тығыз байланысты?
Достарыңызбен бөлісу: |