Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен



бет301/304
Дата22.04.2022
өлшемі9,78 Mb.
#140282
түріОқулық
1   ...   296   297   298   299   300   301   302   303   304
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz

1.2. Ауыз қуысы гигиенасы. Адамның ауыз қуысы жеке гигиенасының негізгі мақсаты, тіс пен ауыздың шырышты қабығын жұмсақ қақтарынан және ас қалдықтарынан тазарту жолмен, сол сияқты, ауыз қуысын үнемі таза ұстау арқылы, стоматологиялық аурулардың және ағзаның ішкі мүшелерінің әр түрлі ауруларының дамуын және күшеюін алдын алу болып табылады. Жеке адамның ауыз қуысының гигиенасы ауыз қуысының тиісті иммунологиялық статусын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, соған байланысты, мүшелер мен жүйелердің жедел және созылмалы ауруларын, сондай-ақ, кариесті және парадонттағы қабыну үрдістерді тудыратын, әр түрлі микроағзалардың ауыз қуысы арқылы ағзаға түсуіне қарсы тұратын қуатты барьер туындайды. Қорғаныш қызметі сілекей мен ауыз қуысы сұйықтығының тиісті құрамының, қасиеттері мен қызметтерінің сақталып тұру есебінен жүзеге асырылады; бұл олардың құрамында микробтарға қарсы әсер ететін заттардың - лизоцим, лактоферрин, ферменттер және иммуноглобулиндердің болуына байланысты. Ауыз қуысындағы қолайсыз гигиеналық жағдайлар патогенді микрофлораның қарқынды дамуына қолайлы орта болып табылады. Қышқылдың артық түзілуі ортаның рН деңгейінің қышқыл жаққа ауытқуына әкеледі, нәтижесінде, тістердің қатты тіндерінің минералсыздану үрдістері күшейеді, тіс тасының түзілуі мен таралуы белсенді жүреді, бұл урдістерге пародонттың микробтық ластануы, тіс пен қызыл иектің арасында қалталардың түзілуі, грануляциялардың өсуі, қабыну үрдістерінің пайда болуы, қызыл иектің қанағыштығы, тіс аралығындағы және тіс түбірлері аралығындағы қалқалардың бұзылуы тән.
Ауыз қуысының гигиеналық күтімін жүзеге асыру үшін көптеген құралдар қолданылады. Қазіргі кездегі технологиялар, бұрын пайдаланған құралдарға қарағанда, жаңа, анағұрлым тиімді ауыз қуысының гигиеналық күтіміне арналған құралдар дайындауға мүмкіндік берді. Ауыз қуысы гигиенасының негізгі құралдарына мануальды тіс щеткалары, тіс пасталары, сұйық заттар, тіс ұнтағы, сағыздар, ауыз қуысының жеке тіс аралығының гигиена құралдары, тісті ағартатын заттар, электрлік тіс щеткалары жатады. Тіс щеткаларында ерте кезден табиғи шошқа немесе жылқы қылтаны пайдаланылған. Синтеталық талшықтың кең таралуы табиғи қылтаны қолданыстан ысырып шығарды және физиология мен тазарту қабілеттерін есепке ала отырып жасалатын, тіс щеткаларының шығарылуына үлкен мүмкіншілік берді. Қазіргі кездегі барлық тіс щеткалары гигиеналық, профилактикалық (парадонтологиялық) және арнайы болып бөлінеді. Гигиеналық тіс щеткалары тісті әдеттегідей күнделікті тазарту үшін қолданылады, олардың түрлері тік және бұрылатын, ал тазартқыш қылы - бір деңгейлі болады. Профилактикалық тіс щеткалары ретромолярлық аймақ сияқты қиын тазартылатын жерлерді тіс қақтарынан және ас қалдықтарынан тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Оларға, қылы көп деңгейлі, қылында күш салатын шығыңқысы бар, қылының ортасы тереңдетілген (қылдың биігірек шоқтары тіспен қызыл иек аралығына оңайырақ еніп,оны жақсы тазартады) қылдарында микротекстурасы бар (жұмыс атқаратын қылдың ұшы ғана емес, оның бүйір беттері де болып табылады) щеткалар жатады.
Арнайы щеткалар ортодонтияда пайдалануға арналған. Күнделікті тұрмыста профилактикалық тіс щеткаларын пайдалану ең қолайлы болып табылады. Дегенмен, үлкен адамдарға арналған тіс щеткаларын балалар мен жасөспірімдерге пайдалануға болмайды, себебі бұл щеткалардың өлшемі үлкен болады және олардың қатты қылдары ауыз қуысының нәзік тіндерін жаралайды. Сондықтан, балалар және жасөспірімдер үшін жеке тіс щеткалары шығарылады. Қызыл иектердің қабынуы кезінде, алдымен жұмсақтау қылды щетканы пайдалану керек, кейін, қызыл иектің жағдайы жақсарғанда, жұмсақ тіс щеткасын қаттырақ түріне алмастырады. Балаларға қатты щеткалар жарамсыз болып табылады.
Тіс, қызыл иек, тіс аралығын, тілді ас қалдықтарынан, тістің жұмсақ қақтарынан, шырыштан тазарту, тас дақтарын кетіру және микробтардың көбеюіне бөгет жасау үшін, әр түрлі құралдар қолданылады, бірақ олардың ішінде ең кең таралғаны - тіс пасталары. Қазіргі пасталардың құрамына, олардың 20-40% құрайтын, түрпілі (абразивті) әсері бар заттар (бор, натрий бикарбонаты, натрий хлориді, алюминийдің гидрооксиді және т.б.), сонымен бірге, әр түрлі байланыстыратын, көпіршік түзетін, микробқа қарсы түратын, дәмдеуіштер, емдік – алдын алу қасиеті бар қоспалар, ферменттер, дәрумендер, беттік-белсенді заттар және т.б. кіреді. Түрпілі заттар тісті тазарту үшін қолданылады, бірақ оларды пайдаланғанда, тіс беті тек ысылып жылтыратылып қана коймай, жұқарады және қызыл иектің эпидермисі де бұзылады. Абразивтің әсері оның пастадағы түріне байланысты. Абразивтің ірілеу түрлерінің ауыз қуысы тіндерін зақымдауға қабілеті жоғары болып келеді. Smokers пастасының құрамына агрессивтілігі жоғары абразив, ал Sensitive пастасына - өте жұмсақ абразив кіреді. Мысалы, құрамында жұмсақ абразивтер - кальций карбонаты мен кремний тотығы болуына байланысты, фторланған фин тіс пастасы - «Финндент» тістерді жақсы тазартады, ал фторланған «Глистер» (АҚШ) тіс пастасы, құрамына қатты абразив - алюминий силикаты кіретіндіктен, агрессивтілігі жоғары паста болып табылады. Үлкен адамдар үшін жасалатын тыс пасталарының көбінде агрессивтілігі орташа абразивтер, ал балалар үшін, олардың тіс эмалі жетілу кезеңінде болғандықтан – тек аз агрессивті абразивтер қолданылады. Сол себептен үлкен адамдарғае арналған тіс пастасын балаларға пайдалануға болмайды. Соңғы кездері сыртқы ортаның тітіркендіргіштеріне тістің сезімталдылығын төмендететін Sensitive тіс пасталары шығарылуда. Пастадардың аллергиялық, жергілікті-тітіркендіргіш және уытты әсері болмауы керек, сонымен қатар, олар микроағзалармен ластанбаған болуы қажет.
Тіс пасталарын гигиеналық және емдеу-профилактикалық деп бөледі. Гигиеналығы тісті тіс қақтарынан тазартады және ауыз қуысына жағымды иіс береді. Емдеу-профилактикалық тіс пасталарының құрамында, тіс жегісіне, қабынуға қарсы, сезімталдылығын төмендететін, саңырауқұлаққа, микробқа қарсы және басқа да әсерлерін қамтамасыз ететін,әртүрлі қоспалары болады. Емдеу-профилактикалық тіс пасталарының арасында жеке адам (тұрмыстық) пайдаланатын да және кәсіби мақсатта пайдаланылатын тіс пасталары болады.,
Кәсіби мақсатта пайдаланылатын тіс пасталарын тек дәрігердің нұсқауымен пайдалану қажет, себебі әр түрлі жағымсыз салдары болуы мүмкін. Мысалы, абразивті қасиеттері жоғары тіс пасталарын немесе тісті ағартатын Smokers тіс пасталарын пайдаланғанда, тіс эмалінің күрт жұқаруына және тістің жоғарғы сезімталдылығы дамуына әкеп соғуы мүмкін. Жеке адамның ауыз қуысы гигиенасына арналған емдеу-профилактикалық тіс пасталары, гигиеналық тіс пасталарына қарағанда, жақсырырақ және тиімді болып саналады. Алайда, тіс пастасының бір түрін ұзақ уақыт пайдалануға болмайды, оларды ай сайын ауыстырып отыру қажет.
Құрамында хлоргексидин, триклозан сияқты микробқа қарсы компоненттері бар тіс пасталарын іріңді қабыну үрдістері пайда болғанда ғана, бірақ қысқа уақыт (2-3 апта) қолдану қажет. Көбінесе абразивті қасиеттері орташа және шөп экстрактылары қосылған тіс пасталарын пайдаланған дұрыс.
Сонымен бірге, жеке адамның ауыз қуысы гигиенасына арналған сұйық заттар да қолданылады: табиғи (шөп, содалы, шырынды және т.б.) және жасанды (шайғыштар, тіс эликсирлері, дезодоранттар, спрейлер). Тіс эликсирлерінің құрамында әдетте, 60% дейін алкоголь болатындықтан, оны сұйылту қажет, сондықтан олардың қолдануы орынсыз болып саналады. Ең жақсысы - шөп экстрактылары қосылған алкогольсіз шайғыштарды қолдану. Күшті антисептиктері бар шайғыштарды, құрамында антисептиктері бар тіс пасталары сияқты, қысқа уақыт ғана және тек көрсетілімі болған кезде пайдалану керек.
Тіс ұнтақтары ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Олар абразивті материалдар мен иіс беретін заттардың қоспасы болып табылады, мұнда абразивті материал ұнтақтың 98-99% құрайды. Тіс пастасының пайда болуына байланысты, тіс ұнтақтары аз қолданыла бастады. Оған себеп болған, тіс ұнтақтарының абразивті қасиеттерінің біршама күшті болуы, сол сияқты олардың тазартқыш қасиетінен басқа емдеу-профилактикалық маңызының болмауы.
Ауыз қуысын тазартатын зат ретінде сағыз резеңке кең таралуы алды. Алғашқы сағыздардың құрамында қанттың көп мөлшерде болуына байланысты, олар тісті жұмсақ қақтардаң тазарта отырып, бір уақытта - тіс жегісінің дамуына әкелді. Қазіргі сағыздардың 30% - шайнайтын негізі (шайыр, парафин), 60% тәттілендіргіштер - қантты алмастырушылар, сол сияқты, тістің жұмсақ қақтарын тиімді тазартатын, дезодорациялайтын, қабынуға қарсы және т.б. қасиеттері бар кұрамдас бөліктерден тұрады. Алайда, барлық сағыз резеңкелердің жағымсыз қасиеттері бар. Аш қарынға сағыз резеңкені шайнағанда, ас қорыту бездерінің сөлі қарқынды бөлініп, гастриттер, асқазанда ойық жара және эрозия үрдістердің дамуына себеп болады. Шайнау үрдісі сілекей бездерінің үздіксіз жұмыс істеуіне әкеледі де, ауыз қуысының кілегейлі қабығының паталогиялық құрғақтануына, оның барьерлік және қорғаныш қызметінің төмендеуіне, ауыз қуысындағы ас қорытудың бұзылуына, дисбактериоз, езудің тілініп, қабынуы дамуына әкеп соғады.
Сағыздарды шайнау нәтижесінде аллергиялық реакциялар, сілекей бездерінің қатерлі ісіктері, балаларда тістердің үйлесуінін бұзылуына, шықшыт буынының дисфункциясына, парадонт тіндерінде қан іркілу салдарынан пайда болатын гиперемияға әкеледі. Сондықтан, сағыз резеңкелерді тек ас ішіп болған соң және қысқа уақыт ғана шайнау қажет. Сағыз резеңкелерінің қаптамаларында сағыздың қосымша жағымсыз әсерлері туралы мәліметтер көрсетілуі қажет.
Ауыз қуысының ауруларының алдын алуда ауыз қуысы гигиенасының құралдарын дұрыс таңдау ғана емес, сонымен бірге, тісті дұрыс тазарту да маңызды роль атқарады. Тісті күніне кем дегенде, 2 рет - таңертең және кешке тазалау қажет. Таңертең ұйқыдан соң ауызды сумен шайқап, ас қабылдаған соң тісті щеткамен тіс сықпасымен тазалайды. Осылай кешке де тісті ұйқыға жатар алдында тазалайды.
Тазарту уақыты 3-4 минуттан кем болмау керек, тіс щеткасының қозғалысы көлденең ғана емес, сонымен бірге сыпырып, дөңгелетіп тазарту қажет. Тістің қызыл иекке өтетін жерін тазарту үшін, тіс щеткасын тіске 45º бұрышпен ұстау керек. Гигиеналық мақсатта тісті таңертең және кешке ғана емес, сонымен бірге әрбір ас қабылдағаннан кейін тазартып отырған дұрыс. Дамыған елдерде тұрғындар екі тіс щеткасын пайдаланады: бірі үйде, ал екіншісі – жұмыс орнында. Әр тамақтанғаннан соң тістердің арасын флосстармен (арнайы шығарылған нейлон жібі), тіс тазартқыштармен немесе аз шоғырлары аз тіс щеткаларымен тазарту керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   296   297   298   299   300   301   302   303   304




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет