Синтетикалық беттік-белсенді заттар (СББЗ) немесе детергенттер судың беттік тартылу күшін төмендететін заттар тобына жатады. Олар тұрмыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын синтетикалық жуғыш заттардың (СЖЗ) құрамына кіреді. Ағынды сулармен СББЗ материк және теңіз суларына түседі. СЖЗ құрамында детергенттер, сол сияқты гидробионттар тіршілігі үшін өте улы болып саналатын түрлі қосымша ингредиенттер: ароматтандырғыш, ағартқыш (персульфаттар мен пербораттар), кальцийлендірілген сода, карбоксилметилцеллюлоза, натрий силикаты сияқты заттар болады.
Өнеркәсіп орындарының ағынды суларында СББЗ болуы, бұл заттарды кенді флотациялық байыту, химиялық технология өнімдерін бөлу, полимерлер алу, мұнай және газ бұрғылау кезіндегі жағдайларды жақсарту, құрал-жабдықтардың коррозиясымен күресу сияқты үрдістер кезінде пайдаланумен байланысты. Ауыл шаруашылығында СББЗ пестицидтердің құрамында қолданылады.
Канцерогенді қосылыстар. Канцерогенді заттар –өзгерту белсенділігі және канцерогенді, тератогенді (ағзаның ұрықтық даму үрдістерін бұзу) немесе ағзада мутагенді өзгерістер туғызатын қасиеттері бар, химиялық біртекті қосылыстар. Әсер ету жағдайларына байланысты, олар ағзаның өсуін тоқтатып, қартаюды жылдамдатып, оның жеке даму үрдістерін бұзып, генофондының өзгеруіне себеп болады.
Канцерогенді қасиеттері бар заттарға алифатты көмірсутектердің хлорланған туындылары, винилхлорид сонымен бірге, әсіресе, түрлі материалдар, ағаш пен отын жанған кезде органикалық заттардың пиролизі нәтижесінде түзілетін полициклді ароматты көмірсутектер (ПАК), радионуклидтер, ауыр металдардың бірқатары, диоксиндер жатады.
Ауыр металдар. Бұл, атомдық салмағы 50-ден жоғары, химиялық элементтердің үлкен бір тобы. Оларға сынап, қорғасын, кадмий, мыс, кобальт, марганец, никель, мырыш, т.б. жатады. Ауыр металдар табиғатта кең таралған және ластаушы заттардың ішіндегі өте уытты заттар болып саналады (Исаев Л.К., 1997; Мудрый И.В., 2003, т.б.
Судағы металдардың мөлшері туралы екі аспектіде анықтайды:
- антропогендік әсерге байланысты деңгейі бойынша;
- су көзінің табиғи жағдайда қалыптасуына байланысты деңгейі бойынша.
Суда металдардың болуына байланысты, судың сапасын бағалау кезінде ең алдымен, барлық физиологиялық үрдістерге қатысатын биологиялық белсенді (эссенциалды) элементтердің концентрациясына назар аудару қажет.
Ағзаларға әсеріне байланысты химиялық элементтерді төмендегідей топтарға бөлуге болады:
- аса маңызды (тіршілік үшін өте маңызды, эссенциалды) – (Fe, Ca, Co, Мg);
- шартты түрде маңызды – (B, V, Si, Cd, As);
- потенциалды уытты – (Ga, Sn, Ag, Sr);
-уытты – (Al, Ba, Bi, Cd, Pb, т.б.).
Химиялық элементтерді бұлай жіктеуді, кейбір қарама – қарсы пікірлер болса да, негізінен мамандардың көпшілігі жақтайды (Ершов Ю.А., Плетнева Т.В., 1989; Смоляр В.И., 1989; Кудрин А.В., 2000 және басқалар), өйткені, әдетте, химиялық элементтердің мөлшері өте көп болса, олар уытты әсер етуі мүмкін, ал концентрациялары өте аз болғанда - өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмейді. Басқаша сөзбен айтатын болсақ, уытты болып табылатыны - элементтер емес, олардың жоғары концентрациялары.
Өнеркәсіп шығарындылары әсер ететін аумақтарындағы топырақтың құрамында металдар көп мөлшерде анықталғандықтан, бұл жер асты сулары мен ашық су көздерінің микроэлементтік құрамының қалыптасуына белглі бір жағдайлар туғызады (адамның денсаулығына қауіпті заттардың суға миграциялануы арқылы жинақталу жолы). Бұл жағдайда су көзіндегі судың мөлшері маңызды роль атқарады. Ластаушы көздерден суаттарға түскен жерінен төмен жатқан суда ластаушы заттарды сұйылту мүмкіншілігі жоқ жағдайларда, металдардың концентрациясы ондаған, тіпті жүздеген есе көбеюі мүмкін. Бұнымен бірге, бірқатар жағдайларда кейбір суттарда техногендік әсерлерге дейін анықталмаған металдар пайда болуы мүмкін.
Ауыр металдар әр түрлі өндіріс өнеркәсіптерінде кеңінен қолданылады, сондықтан да, тазарту шараларына қарамастан, өнеркәсіп ағынды суларындағы ауыр метал қосылыстарының мөлшері едәуір жоғары болып қалады. Су көздеріне ауыр металдарды негізгі түсіруші топырақ екені анықталған, ол өзінің астында жатқан грунттармен биохимиялық өзара әрекеттесуі есебінен де, және атмосфералық жауын-шашын есебінен де үнемі осы химиялық заттармен байып отырады.
Ауыр металдардың ішіндегі ең қауіптілері сынап, қорғасын және кадмий болып табылады. 2006 жылдың қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен химиялық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекет аралық форумның бесінші сессиясында сынап, қорғасын және кадмийдің қоршаған орта мен бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығына әсері туралы мәлімдеме жасалып, бұдан былай ауыр металдарға байланысты жаһандық іс-шараларды жүзеге асырудың қажеттігі туралы мәлімдеме мақұлданды. Осы сессия барысында бұл металдар үлкен қашықтыққа тарайтын қабілеті бар заттардың санатына жататыны айтылды, сондықтан халықаралық масштабта әрекет ету қажеттілігі дәлелденді.
Сынап мұхитқа материк сулармен бірге және атмосфера арқылы түседі. Шөгінді жыныстардың және вулкандар атқылауынан түзілген жыныстардың желмен үгілуі кезінде жыл сайын 3,5 мың. т. сынап қоршаған ортаға бөлінеді. Атмосферадағы шаңның құрамында шамамен 12 мың. т сынап бар, оның көп бөлігі – антропогендік фактор әсерінен түзіледі. Бұл металдың жылдық өнеркәсіптік өндірілуінің жартысына жуығы (910 мың. т./жыл) әр түрлі су көздеріне әр түрлі жолдармен түседі. Өнеркәсіп орындарының ағынды сулары ластайтын аудандарда сынаптың ерітінділердегі және ерімеген күйінде араласқан заттар бар сулардағы концентрациясы өте жоғары болады. Оның үстіне, кейбір бактериялар судағы сынапты улылығы өте жоғары -метилсынапқа айналдырады.
2007 жылдың қараша айында Бангкокте өткен ЮНЕП –тің арнайы Жұмыс тобының сынап жөніндегі бірінші отырысында қоршаған ортаның сынаппен ластануын бақылауға арналған жаһандық жоспар дайындауды қолға алу туралы шешім қабылданды.
Қазақстанда өте өзекті болып отырған мәселелердің бірі - Нұра өзенінің ластануы, бұл өзеннің бойында бір жарым миллионға жақын тұрғыны бар, екі ірі өнеркәсіп орталықтары - Теміртау мен Қарағанды қалалары орналасқан. Нұра өзенінде сынап ең алғаш рет шамамен елу жылдай уақыт бұрын, Теміртау қаласында синтетикалық каучук зауты, қазіргі «Карбид», АҚ жұмыс істей бастағанда пайда болғаны белгілі (Шортанбаева М.А., т.б., 1995).
Бұл өнеркәсіп орнының ацетальдегид өндіретін цехтарында катализатор ретінде сынап қолданылатын. 1996 жылы зиянды ацетальдегид өндірісі жабылды. Алайда, ресми мәліметтер бойынша, өзеннің түбінде 150 тоннадай сынап шөгіп қалған. Қазіргі кезде Нұра өзені Қазақстанның астанасы – Астана қаласын сумен қамтамасыз ететін альтернативті су көзі ретінде жоспарланып, мамандар бұл өзеннің суын сынаптан тазартуға арналған жоба дайындауда, бұл жоба бойынша Нұраның түбінен 2-3 млн куб метр топырақты алып тастау көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |