2. Топырақтың гигиеналық маңызы Тұрғындар денсаулығы үшін топырақтың маңызы өте зор. Ол адамның тіршілік етуі мен өмір сүру ортасында түрлі жағдайларды қалыптастыруда маңызды роль атқарады.
Топырақ адамға қажетті өсімдік текті азық өсірілетін және жануар текті азықтың біраз бөлігі алынатын, осыған байланысты оның құнарлылығы аса маңызды болып саналатын қоршаған ортаның объектісі болып табылады.Топырақтың химиялық құрамы сол территориядағы қоршаған ортаның басқа нысандарының – су, өсімдіктер, алынатын өнімдердің химиялық құрамын, сондай-ақ адамның өз ағзасының ұлпалары мен мүшелерінің құрамын анықтайды, осыған байланысты топырақтағы микроэлементтердің табиғи жетіспеуі немесе артық мөлшері эндемиялық аурулардың пайда болуына әкеп соғады.
Топырақ кәсіпорындардан, көлік түрлерінің түтіндерінен атмосфералық ауаға бөлінген түрлі экзогенді химиялық заттармен, радионуклидтермен, ағынды сулармен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануы мүмкін және осы ластаушылардың тасымалдануы нәтижесінде жер астылық, жер бетілік суларды, атмосфералық ауаны, тағамдық өнімдерді ластаушы заттар көзіне айналады. Топырақтың техногенді ластануы тұрғындардың денсаулық жағдайының нашарлауына себеп болуы мүмкін.
Топырақ климатты қалыптастырушы факторлардың бірі болып табылады. Түрлі үйлер мен жергілікті жердің микроклиматтық жағдайлары топырақтың құрылымы мен физико-химиялық қасиеттеріне байланысты болады, бұл көрсеткіштер құрылыс салу үшін топырақтың жарамдылығын, өздігінен тазару үрдістерінің тиімділігін анықтайды.
Топырақ үнемі биологиялық ластануға ұшырап отыратындықтан, жұқпалы және паразиттік аурулардың берілу факторы бола алады.
Топырақта – оразан зор табиғи биохимиялық зертханада – топырақ организмдерінің қатысуымен үнемі органикалық заттардың ыдырау және жаңа протеинді кешендердің синтезделу үрдістері жүзеге асып отырады, нәтижесінде топырақтың құнарлылығы артады. Өздігінен тазару үрдісінде патогенді микрофлора жойылады. Топырақтың өздігінен тазару қабілеті сұйық және қатты қалдықтарды залалсыздандыру және өңдеп, қайта пайдаға асыру үшін қолданылады.
Топырақтың гигиеналық маңызының негізгі аспектілеріне толығырақ тоқталайық.