ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 78(574)(075)



бет2/17
Дата05.11.2016
өлшемі7,09 Mb.
#526
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Өз кезегiнде музыкалық фольклор үлгiлерiн этникалық дереккөз ретiнде тануға да болады. Әрбiр фольклор шығармасына тән ладтық (мақамдық) және интонациялық жүйе оның қай дәуiрге тән екендiгiн анықтайды. Мысалы, кезiнде А. Затаевич арғын, қыпшақ, қожа, т.б. рулардың ән-әуендерiн нотаға түсiрген. Демек, антикалық дәуiр ладтары секiлдi, ертеде әрбiр тайпаның өзiне тән музыкалық үн-әуенi болған. Бiзге жеткен фольклор шығармалары арқылы олардың түп-тегiн анықтауға негіз болады.

Музыкалық фольклор – қатынас, байланыс құралы. Мұны халық ән-күйлерiне бiрдей айтуға болады. Күй жанрының жiктелiп шығуын да осы музыкалық коммуникация жүйесiнен iздеген ләзiм. Олардың барлығы өз заманының тарихи оқиғаларын музыкалық-хабарламалық негiзде жеткiзiп отырған.

Танымдық негiзде музыка фольклорының мынадай екi белгiсiн көрсетуге болады:

1. Эстетикалық сипаты немесе шығармалардың көркемдiк-композициялық ерекшелiктерi.

2. Этнографиялық сипаты, яғни тарихи-этникалық табиғаты. Осы екi арна қосылғанда ғана фольклор туындыларының синкреттiк сипаты толық айқындалмақ. Осыған орай белгiлi фольклортанушы А. Н. Веселовский фольклордың синкреттiк табиғатын: песня – сказ – действо – пляска деп көрсеткен едi. Бұл тұста фольклордың эстетикалық сипаты ғана ескерiлiп, өзге белгiлерi назардан тыс қалған.

Фольклор – кең ауқымды ұғым. Ол мия, аңыз, әпсана, эпос, музыка, би, сурет, сәулет, археология, т.б. салаларды қамтиды. Осы сипатына орай фольклорды мусикалық және пластикалық деп тағы бөлемiз. Мұның бiрiне уақыт пен кеңiстiк шеңберiнде ғана өмiр сүретiн(орындалатын) ән-әуен, би үлгiлерi жатса, екiншiсiн заттық-материалдық (археологиялық) мәлiметтер құрайды.

Қазақ халқының музыкалық фольклоры ғылымда әр түрлi аталып келедi: бiрде халық шығармашылығы, бiрде халық поэзиясы, бiрде халық музыкасы болып жүр. Жеке алғанда олардың бiрде-бiрi фольклор ұғымын оның синкреттiк сипатын толық қамти алмайды. Фольклор – көпсалалы синкреттiк құбылыс.

Келесi бiр ерекшелiгi – типологиялық сипатында. Әр түрлi халықтар мәдениетiндегi ұқсас, сабақтас салалар табиғаты осы типологиялық теория аясында ғана танылады. Оның бiрнеше белгiлерi бар:

1.Тақырыптық-мазмұндық деңгейдегi ұқсастықтар мотив, сюжет, т.б.).

2. Ұқсас фольклор үлгiлерiн тудыратын тарихи-әлеуметтiк жағдай.

3. Миграциялық ұқсастықтар.

4. Генетикалық сабақтастық.

Типологиялық тәсiлдi ұтымды қолданған ғалымдардың бiрi - В. М. Жирмунский. Бүгiнгi фольклортану ғылымында оның көрiнiстерi аз емес.

Сонымен, ғылымда халық мұрасын – фольклор, оны зерттейтiн ғылымды – фольклортану деп аталады. Ал музыкалық фольклор жалпы фольклортану курсынан тармақталатын, көбiне оның эстетикалық және этникалық табиғатынан туындайтын жеке бiр сала.
Музыка фольклорын зерттеушілер
Қазақ халқының музыкалық фольклорына қатысты мәлiметтер ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезiндегі шетел, орыс ориенталистерi мен Қазақ ағартушыларының еңбектерiнде азды-көптi қамтылған. Олардың қатарында А. Е. Аллекторов, А. Э. Бимбоэс, Г. И. Гизлер, Ә. А. Диваев, И. Д. Добровольский, А. И. Левшин, П. С. Паллас, Р. А. Пфенниг, В. В. Радлов, С. Г. Рыбаков, Н. Ф. Савичев, Ш. Уәлиханов, А. Ф. Эйхгорн, т.б. атауға болады.

Өзiнiң”Қырғыздар мен сарттардың халық әндерi” атты мақаласында Р. А. Пфенниг: ”Бұл халықтар” бiрде-бiрi жиын-тойды әнсiз өткiзбейдi“, – деп жазды. Ол негiзiнен тұрмыс-салт және салттан тыс фольклорды сөз еткен.

Бақсылық үрдiс тұсында: ”Мұнда дәрiгерлердiң мiндетiн ежелгi шамандықтың қалдығы - бақсылар орындайды. Олар шамандардай барабан ұстамайды, екi iшектi скрипка тәрiздес, кiшкене қоңыраулар, қаңылтыр темiрлер iлiнген қобыз деп аталатын аспаптар пайдаланады»,–деген мәлiметтер келтiрген.

Р. А. Пфеннингтiң Музыкальные инструменты народов Средней Азии и Казахстана (СПб., 1885) атты кiтапшасында Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстiгiнде тараған музыкалық аспаптар туралы мәлiметтер кездеседi. Автор әрбiр аспапқа, оның құрылысы, орындалу ерекшелiктерiне арнайы тоқталған.

Қазақ халқының музыкалық фольклорын зерттеуге елеулi үлес қосқан Түркiстан генерал-губернаторының әскери капельмейстерi А. Ф. Эйхгорн болды. 1871 жылы оған жергiлiктi халықтардың әндерi мен музыкалық аспаптары туралы мәлiметтер жинау тапсырылған. Осы салада атқарған еңбегi үшiн ол кейiн үлкен күмiс медальға ие болған. А. Эйхгорн еңбегi ұзақ жылдар бойы жарық көрмей, тек 1963 жылы ”Музыкальная фольклористика в Узбекистане» атты жинаққа енген. Алғашқы бөлiмi - ”Музыка киргизов”, екiншiсi – ”Музыка узбеков» деп аталады. Бiрiншi бөлiмiнде домбыра, қобыз, сыбызғы аспаптарының сипаттамасы, одан әрi 30 әннiң нота жазбасы берілген. Бiрақ әндердiң әдеби мәтiндерi жоқ. Жинаушы назарынан айтыс өнерi де тыс қалмаған.

Белгiлi ориенталист А. Э. Бимбоэс ”Музыкальная этнография” (Л.,1926) деген айдармен қырғыздың 25 әнiн бастырған. Қазан төңкерiсiне дейiн Қазақтардың қырғыз аталғаны мәлiм болса, мұның бәрi Қазақ әндерiнiң көркем үлгiлерi болатын. А. И. Левшин өзiнiң «Описание киргиз-кайсацких орд и степей” (1832) атты тарихи еңбегiнде екi әннiң нотасын жариялаған. Сол сияқты Георгий, Андреев, Готовицкий, т. б. жазбаларында Қазақ халқының әншiлiк, күйшiлiк, жыршылық дәстүрiне байланысты деректер аз емес. Солардың қатарында Құрманғазы туралы естелiк қалдырып, оны жойқын күйшi ретiнде суреттеген Н. Савичев жазбасын ерекше атап өтуге болады.

Қазақ музыкасы туралы мәлiметтер өз топырағымыздан шыққан ағартушылардың да назарын аударған. Әйгiлi Шоқан Қазақ поэзиясының түрлерiне арналған мақаласында эпикалық жанр - жыр туралы қызықты ойлар айтқан. Сол сияқты музыкалық аспаптарға қатысты деректер де келтiріп, Қазақта қобыздың сүйемелдеуiмен ең соңғы жыр айтқан жырау - Жанақ деп көрсеткен.

Абайдың музыка фольклорына байланысты арнайы еңбектерi жоқ. Бiрақ:

Құлақтан кiрiп бойды алар,

Жақсы ән мен тәттi күй.



Көңiлге түрлi ой салар,

Әндi сүйсең менше сүй,-

деген жолдардан ақынның ән-күйге деген ынта-ықыласын анық көремiз.

Туғанда дүние есiгiн ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кiрер денең,-

деген тұста Абай музыканың халық өмiрiнен алатын орнын айқын көрсетiп кеткен.

Шетел, орыс ориенталистерi Қазақ фольклорына назар аударса да, оның жүйелi түрде жиналуы әйгiлi этнограф А. В. Затаевич шығармашылығымен байланысты. ХХ ғасырдың бас кезiнде Қазақ даласында жүргiзген музыкалық-этнографиялық қызметiнiң нәтижесiнде ол алғаш рет ”Қазақ халқының 1000 әнi» (Орынбор,1925) жинағын шығарды. Бұл еңбектi сол тұстағы Р. Роллан, М. Горький секiлдi мәдениет қайраткерлерi жоғары бағалаған. Әрине, жинақтың кемшiлiгi де болды. Соның бастысы – жинаққа енген әндердiң әдеби мәтiнсiз жариялануы едi. А. В. Затаевич Қазақстанның барлық аймақтарында болса да, музыкалық-эпикалық жанр оның назарын аудара қоймаған.

Қазақ музыка фольклорын жинауда А. В. Затаевичтiң ”Қазақтың 500 ән-күйi» атты этнографиялық жинағының маңызы зор болды Алғаш 1931 жылы Алматыда жарық көрген жинақ өткен 2002 жылы екiншi қайтара басылды. Мұнда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, т.б. халық күйшi-композиторларының шығармалары қамтылған. А. В. Затаевичтiң архивiнде жарық көрмеген 1500-ге жуық халық шығармалары қалған. Оларды жариялау iсi алдағы күннiң мiндетiне кiредi.

Қазақ музыка фольклорының кәсiби негiзде зерттелуi А. Жұбанов, Б. Ерзакович, Л. Хамиди, Е. Брусиловский iзденiстерiнен бастау алады. Б. Ерқазаковичтiң ”Песенная культура қазахского народа” (Алматы, 1966) атты еңбегi Қазақ халқының музыкалық фольклорын теориялық деңгейде зерттеудiң үлкен бiр көрiнiсi болды.

Қазақтың әншiлiк және күйшiлiк дәстүрiн бергi жерде зерттеген ғалымдар санатына М. Ахметова, А. Темiрбекова, Ә. Мұхамбетова, Б. Қарақұлов, С. Еламанова және т.б. қосуға болады. Бүгiнде фольклортану ғылымының алдында тұрған басты мiндет - халық ән-күйлерiнiң тарихилығы, Қазақ этногенезiнiң қалыптасуына тигiзген ықпалын анықтау.

Фольклортану – бiрнеше ғасырлық тарихы мен тәжiрибесi бар ғылым. Сонау ХY111 ғасырдың екiншi жартысынан бастап шетел ғылымында жекеленген фольклор жанрын игеру, олардың болмыс-бiтiмiн, танымдық табиғатын ашу бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Олар ғылымда ұстанған ғылыми көзқарасы, бағыттарына сай түрлiше аталып келеді.

Солардың бiрi - мифологиялық мектеп. Мифологиялық ойлау адам баласының сәби кезеңдерiне тән құбылыс. Қазақ фольклорында мифология көрiнiстерi өте көп және елеулi. Олар бiр кездегi патриархалдық қоғамға тән сананы байқатады.

Ертеде гректердiң миятік ойлау сатысында болғаны белгiлi. Жалпы мифология көркем ойлаудың төменгi сатысында туған. Соларға қарап бiз адам баласының дүниетанымын, көркем ойлау жүйесiнiң қалыптасу кезеңдерiн аңғарамыз.

Мифологиялық мектептiң кең дамыған аймағы – Батыс Еуропа. Оның iрi өкiлдерi немiс, ағылшын ғылымында басымдау байқалады. Ағайынды я. және В. Гримм, М. Мюллер секiлдi ғалымдар фольклор сюжеттерi миятен туған, олардың барлығына дерлiк герман халықтарының миятiк сюжеттерi негiз болған деген бағыт ұстанған. Сол себептi мифологиялық мектеп концепциялары кезiнде сынға ұшырады. Мысалы, өзбек халқының музыкалық мәдениетiне арналған еңбегiнде Садоков (1971) деген автор тамбур (домбыра) типтес аспаптың алғаш өзбектерде туып, кейiн көршi халықтарға өткенiн жазыпты. Мифологиялық бағыттың бүгiнгi бiр көрiнiсi осы.

Фольклортану ғылымындағы келесi бағыт – тарихи мектеп. Бұл бағыт ХIХ-ХХ ғасыр аралығында орыс фольклорында ерекше қарқын алды. Оның негiзiн қалаушы В. Ф. Миллер орыс халқының былиналарын тарихи оқиғалардың жаңғырығы ретiнде бағалаған. Оның пайымдауынша, орыс былиналарының негiзгi кейiпкерлерi - княздар мен патшалар, яғни билеушi тап өкiлдерi. Осылардың ортасында жырланған былиналар келе-келе ел, халық арасына тарап, өзiнiң көркемдiк ерекшелiктерiнен айырылып қалған болып шығады. Тарихи мектеп өкiлдерi фольклордағы әлеуметтiк мазмұнды жете ұғынбай, оның халықтық сипатын жоққа шығарды. Тарихи таным кеңес дәуірінде де өмір сүрді. Бірақ оның жетістіктерін кеңестік саясат теріске шығарды.

Ғылымның бүгiнгi талап-тiлектерi тұрғысынан, әсiресе Қазақ фольклорының табиғатынан туындайтын ерекшелiктердi ескере келгенде, тарихи мектеп ұсынған ғылыми концепциялардың қайсыбiрiн әлi де дамытуға болады. Орыс ғалымдары былиналарды белгiлi бiр географиялық аймақ, тарихи дәуiрлермен байланыстырса, Қазақ эпосында тарихи-этникалық мәлiметтер өте көп. Солардың бәрiн тарихи мектеп көрiнiсi демей, жаңаша зерттеу қажет болады. Бұл бағытты одан әрi дамыта түскен ғалымдар да болды. Б. Рыбаков, М. Плисецкий, С. Азбелев, т.б. зерттеулерi соның айғағы.

Фольклортану ғылымына миграция (сюжеттердiң ауысуы) қисыны да мәлiм. Оның негiзгi айтары – сюжет басында бiр елде туып, өзге елдерге тарайды деген тезис. Бұл ғылыми жүйеге салар болсақ, мәдениет пен әдебиет атаулы бiр елде ғана туып, өзге елдер тек қана соны қабылдап, одан әрi дамытып отыратын болып шығады. Мұның мәнiсi, бiр ғана елдiң мәртебесiн көтерiп, өзге халықтардың рухани-шығармашылық мүмкiндiктерiне тұсау салу болып шығады.

Бұл бағытты славян, түркi халықтарының фольклоры тұсында Г. Потанин қолданған. Қазақстан, Сiбiр, Алтай халықтарының фольклоры мен этнографиясын жинаған тұста ол орыс қана емес, бүкiл Батыс Еуропа сюжеттерi түркi-монғол тайпаларының эпостық жырларынан алынған деген. Бұл бағытты сюжеттердiң көшiп жүру (миграция) теориясы деймiз. Мифология қисынынан гөрi мұның өмiрге жақындығы бiр табан iлгерлеу. Сол себептi оны жақтаушылары да көбiрек болды.

Бүгiнде фольклортану ғылымында поэтикалық зерттеулер басым. Оның негiзiнде типологиялық, тарихи-типологиялық зерттеу тәсiлдерi жатады. Сонымен бiрге тарихи-генетикалық, этникалық бағыттағы ғылыми iзденiстер де жоқ емес. Жеке ел, халық мәдениетiне келгенде соңғы тәсiлдердiң ғылыми маңызы зор. Болмаса Қазақ эпосын әлемдiк деңгейге қойып, типологиялық негiзде зерттеумен өзiндiк болмысын ашу қиын. Типологиялық тәсiл бiр-бiрiмен тарихи-мәдени байланысқа түспеген елдердiң мұрасын зерттеуге жарайды. Ал тегi бiр, жерi ортақ елдерге келгенде тарихи-генетикалық зерттеулер жүргiзген абзал.

Фольклортану ғылымындағы түрлi бағыттар, көзқарастар мен мектептер оның қандай танымдық сатылардан өткенiн бiлдiрумен бiрге, алдағы кезде қай бағытта iзденiстер жүргiзу керектiгiн де айқындайды.
Халық әндерi
Кез келген халықтың ғасырлар бойы жасалған мәдениетi болады. Оның бiр саласы тарих болса, келесi бiр арнасы – әдебиет пен өнер.

Өз кезегiнде өнер де сала-салаға жiктеледi. Оларды қол өнерi, сурет өнерi, сәулет өнерi және музыка өнерi деймiз.

Халқымыздың ғасырлар тереңiнен жеткен музыка өнерi үлкен екi арнада көрiнедi. Олар: ән және аспаптық дәстүр. Зерттеушiлердiң анықтауынша, бұл екеуiнiң ерте туғаны – ән жанры.

Халық әндерi – сарқылмас қазына. Оны жай ғана ән салу, көңiл көтеру деп түсiнуге болмайды. Себебi әннiң толып жатқан өзге де қасиеттерi бар. Ән – өнер. Ән – адамның көңiл-күйi, тебiренiсi мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – табиғат суреттемесi. Ән – халықтың көркем ой-санасы, көркем тарихы. Ән – өмiр айнасы. Олай болса, бiзге әсер еткен өмiр құбылыстарының барлығы дерлiк ән арқауына айналып отырған.

Әннің синкреттік сипаты. Ерте дәуiрлерде ән, өлең және би бөлiнбей, бiртұтас күйiнде болған. Оның iзi Қазақ халқының бақсылық дәстүрiнен ХIХ ғасырға дейiн көрiнiс тауып келдi. Ондағы бақсы әрi әншi, әрi ақын, әрi бишi. Ол өзi тартып отырған қобыз сарынына қосылып ән салады, би билейдi және әруақтарға бағыштап өлең айтады. Сөйтiп бiр өзi өнердiң үш түрiн қатар атқарады. Мұны өнердiң бiртұтастығы немесе синкреттiк белгiсi деймiз.



Уақыт өткен сайын өнер де дамып, жетiлiп, жiктелiп отырған. Ендi ән, би, поэзия жеке-жеке өнер түрiнде қалыптасады. Оның бiр ғана саласымен шұғылданатын орындаушы мамандар туады. Сөйтiп өнердiң әр саласы кәсiби сипатқа ие бола бастайды. Солардың бiрi – ән өнерi.

Әрбiр дәуiрдiң, әрбiр тарихи кезеңнiң өз үнi, өз әуенi, өз мақамы болған. Сол сипатына қарап кез келген әннiң туған кезеңiн дөп басып анықтауға болады. Ән – өмiр айнасы дегенiмiздiң мәнiсi осында. Мұны әннiң тарихи сипаты деймiз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет