ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 78(574)(075)



бет1/17
Дата05.11.2016
өлшемі7,09 Mb.
#526
түріОқулық
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Қазақстан Республикасы

білім және ғылым министрлігі




Т. ҚОҢЫРАТБАЙ



ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ ТАРИХЫ



ОҚУЛЫҚ


Қазақстан Республикасының Білім және

ғылым министрлігі бекіткен

Алматы, 2011


ӘОЖ 78(574)(075)

КБЖ 85.313(5Қаз) я 7

Қ 65

Пікір жазғандар:
Б. Қарақұлов - өнертану ғылымдарының докторы, профессор;

Б. Оспанов - өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент.


Т. Ә. Қоңыратбай

Қ 65 Қазақ музыкасының тарихы. Педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық. – Алматы, ЖШС РПБК «Дәуір», 2011. – 204 бет.



ISBN 978-601-217-189-1

Қазақ халқының музыкалық өнері – сан ғасырлық тарихы бар этномәдени құбылыс. Ерте замандардағы көне фольклорлық музыка, көне түркі дәуіріндегі музыкалық сарындар, ХY-XYIII ғасырлардағы жыраулық өнер, XIX ғасырдағы әншілік және күйшілік дәстүр, XX ғасырдағы кәсіби музыка өнерінің туу, қалыптасу, даму жолдарын оқып игерудің танымдық маңызы зор.

Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, қазақ мәдениетінің тарихын сүйіп оқитын көпшілік оқырман қауымға арналған.


ISBN 978-601-217-189-1

ӘОЖ 78(574)(075)

КБЖ 85.313(5Қаз) я 7
© Т. Ә. Қоңыратбай, 2011 ж.

© ҚР Жоғары оқу орындарының

қауымдастығы, 2011 ж.

КІРІСПЕ

Музыка - өнердің бір саласы. Фольклорлық сатыда ол көбіне наным-сенім жүйесімен байланыста көрінетін болса, тарихи дәуірлерде кәсіби сипатқа ие болады. Қазақ халқының музыкалық мәдениеті де сан ғасырларды артқа тастап, дамып, жетіліп келе жатқан мәдени құбылыс.

Музыка әуені – этникалық сипатқа толы, ұлттық үн-әуез белгілерін бойында ұзақ уақыт сақтайтын құбылыс. Өзінің даму барысында бір этностың жазба мәдениеті (әліпби), тарихы өзгеруі мүмкін, бірақ музыкалық әуені ұзақ мерзімге сақталады. Шағын бір этнос түрлі этникалық бірлестіктердің құрамына еніп, бір кездері тарих сахнасынан тыс қалса да, оның ежелгі музыкалық сарындары сақталады.

Музыка өнері – халықтың көркем жады. Оның әуендік-интонациялық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасады. Сол себепті жойылуы да ұзақ мерзімдерге кетеді.

Кез келген халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық ерекшеліктері болады. Ел қиялында туған аңыз-әңгіме, жыр-дастандар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, бірде қайғы, бірде қуанышқа бөлейтін мұңды да асқақ музыкалық үн-әуенмен орындалған. Музыкалық сарын жоқ жерде діни жол-жоралғылар, музыкалық мақам болмаған тұста жыр, эпикалық дәстүр де дамымақ емес. Ал эпикалық дәстүр дегеніміз – халқымыздың ауызекі жолмен дамыған тарихи жады.

Ғасырлар тереңінен жеткен қазақ халқының музыкалық мәдениеті аса қымбат әрі көркем құбылыс. Оны зерттеу ісімен көптеген шетел, орыс оринталистері, қазақ зерттеушілері айналысты. Қазан төңкерісіне дейін А. Алекторов, И. Андреев, А. Бимбоэс, И. Кастанье, С. Рыбаков, Г. Потанин, Н. Савичев, А. Эйхгорн, А. Пфеннинг сияқты толып жатқан саяхатшылар әр түрлі деректер қалдырғаны белгілі. ХХ ғасырдың бас кезінен А. Затаевич, В. Успенский, В. Беляев, А. Жұбанов, Б. Ерзакович, П. Аравиндер, оның бергі жағында Г. Бисенова, А. Темірбекова, С. Күзембаева, Ү. Жұмақова, Б. Қарақұлов, С. Елеманова, А. Мұхамбетова, Қ. Жүзбасов, А. Құнанбаева, Т. Қоңыратбай, басқа көптеген музыка зерттеушілерінің жазған еңбектері ұлттық музыка өнеріміздің тарихын жинақтауға ықпал етті.

Қол жеткен табыстары аз емес. Бірақ ұлттық музыка тарихымыз бірер күнде мұндай биіктікке көтерілген жоқ. Мысалы, А. Жұбанов көбіне ХIХ ғасырдағы әнші-күйші композиторлар шығармашылығын зерттеді. Әрине, басқа кезеңдерге қатысты ізденістері де бар. Бірақ халқына мұра болып қалған еңбектері – “Замана бұлбұлдары” мен “Ғасырлар пернесі”.

Қазақ музыкасын орта ғасырлардағы түркі тайпаларының мәдениетімен байланыстыра зерттеу нышандары Б.Сарыбаев еңбектерінде болды. Бірақ бұл мәселе батыстық және шығыстық негізде алғаш рет “Көне мәдениет жазбалары” (1991) атты еңбектер қарастырылған-ды.

80-жылдары музыкатану ғылымында біршама ізденістер байқалды. Оған Б. Ерзакович пен З. Қоспақовтың музыка фольклорының тарихнамасына арналған зерттеулері, халқымыздың дүлдүл өнерпаздары – Жаяу Мұса, Абай, Ақан сері, Біржан сал, Қорқыт, Шәкәрім шығармаларына арналған жинақтар куә. Осылардың қатарында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарып жатқан “Қазақ музыкасы” атты көп томдық музыка антологиясын ерекше атау қажет. Ұлттық музыкамыздың көне үлгілерін қамтыған бұл басылымның келешекте талай зерттеушілерге азық болары анық.

Зерттеу – шығармашылық процесс болғандықтан, кемшіліктердің болатыны анық. Айталық, жоғарыда аталған халық композиторларының шығармашылықтарына арналған басылымдардың кемшіліктері де жоқ емес. Оны болашақ мамандардың білгені ләзім. Мысалы, Ақан сері әндері топтастырылған “Маңмаңгер” жинағына даулы әндер еніп кеткен. Абай әндерінен түзілген “Айттым сәлем, қаламқас” жинағына белгілі композитор С. Мұхамеджановтың төлтума шығармасы қосылған. “Елім-ай” жинағында жарияланған қобыз күйлерін Қорқыт бабамыздың туындылары ретінде ұсыну да көкейге қона бермейді. Ең бастысы, бұл күйлердің Қорқытқа қатысы туралы бұлтартпас дәлелдер, ғылыми тұжырымдар жасалмаған. Оларды Нышан абыздың қобыз сарындары үлгісіндегі авторлық туындылары ретінде бағалаған дұрыс. Оны жинаққа енген көптеген күйлердің музыкалық құрылымы, музыкалық-интонациялық және образдық жүйелері, басқа да толып жатқан ерекшеліктері дәлелдеп тұр.

Музыкатанушыларымыз ұлттық музыка өнеріміздің белгілі бір тарихи кезеңі мен зерттеу тәсілдерінен аса алмай жатқандай әсер қалдырады. Еңбектер мемлекеттік емес, көбіне орыс тілінде жазылатыны тағы бар. Мамандарымыздың көне дәуір жазбаларына, әдеби-тарихи мұраларымызға дендеп бара алмауы, бұл саланың өрісін тартылып келеді. Көршілес өзбек бауырларымыздың көптеген ғалымдары орта ғасырдағы Әбунасыр әл-Фараби, Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, аш-Ширази, Дәруіш Әли және т.б. ғұламалардың музыкалық-теориялық еңбектеріне құлаш сермеп, мақам, мақом мәселелерін талдап, музыкалық шығыстану, түркітану салаларының арқауын тартып жатқанда, біздің мамандарымыздың ХІХ ғасырдың төңірегінде жүруі осыны аңғартады.

“Оғызнама”, “Қорқыт ата кітабы”, “Құтты білік”, “Махаббатнама”, “Кабуснама”, “Тотынама”, басқа да жазбалардағы музыка өнеріне қатысты деректерге, қытай елінің ежелгі тарихи жазбаларындағы музыкалық трактаттарға, ХХ ғасырдың бас кезіндегі “Айқап”, “Шолпан”, “Терме”, “Қазақ”, “Жас қайрат”, “Жаңа мектеп”, “Жаңа әдебиет”, “Әйел теңдігі” газет-жорналдарындағы көптеген құнды деректерге ой бөліп, ғылыми оралымға ендіретін кез жетті. Олардың беттерінде қазақ музыка өнерінің әр кезеңдегі тарихына қатысты құнды деректер мен мәліметтер аз емес.

Ұлттық музыкамыздың түрлі мәселелерін зерттеу ісіне екінші қанаттан келіп, көбіне тарихи-мәдени іздеп еңбек еткен зерттеушілер де болды. Олардың қатарына қазақ музыкасының ілкі дәуірі туралы алғаш ой білдірген Құдайберген Жұбанов, қорқыттың музыкалық мұрасын сөз еткен Әлкей Марғұлан мен Әуелбек Қоңыратбаев және Ақселеу Сейдімбек есімдерін атауға болады.

Соңғы жылдары ұлттық музыкалық тіл, терминология, этимология салалары дамып келеді. С. Джансеитованың “Казахская музыкальная терминология”(1992), Г. Бегалинованың “Казахский музыкальный язык” (2001) атты еңбектері соның айғағы. Ендігі жерде өскелең ғылыми танымның қобыз - ысқышты, домбыра – шертпелі, асатаяқ - ұрмалы аспап деген қағидаға қанағаттана қоймасы анық. Көптеген музыкалық аспаптарымыздың ішкі сырына қаныға түсу үшін, сол атаулардың этимологиясы мен семантикасын анықтап, этимологиясына үңілу қажет.

Мәдени құбылысты қоғамдық ой-сана, халықтың жанды тарихы, тұрмыстық-этнографиялық ерекшеліктерінен тыс алып зерттеуге болмайды. Ал бізде ұлттық музыка тарихы ғана емес, оның теориялық қайнар көздері де тиянақты зерттеліп болған емес. Сондықтан қазақ даласында Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сейтек, Мәмен, Дина, Байсерке, Ықылас, Сүгір секілді толып жатқан әнші-күйшілер болған да, музыка теориясына қатысты ой-сана дамымаған болып шығады.

Қазақ музыкасының ХVІІІ-ХІХ ғасырлар емес, көне түркі дәуірінен басталатыны 90-жылдардың бас кезінде анықтала бастады. Бұл мәселелерді ғылыми арнаға қойып зерттеу үшін өз халқымыздың көне дәуірлердегі тарихын, түрлі тарихи-этникалық қозғалыстары мен мәдени байланыстарды жетік білу қажет. Сонымен бірге Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалардың музыкалық-эстетикалық ойларына қаныға түсуіміз керек. Орта ғасыр ғұламаларының музыка теориясына қатысты трактаттарын, ондағы ұлттық музыкамыздың көне дәуіріне қатысы деректерді оқып игеруіміз керек. Бұл салада атқарылған жұмыстар бар, бірақ әлі де жалғасын таба беруі керек. Еуропа музыкасында қалыптасқан дәстүрді дамытумен бірге, өз мәдениетіміздің асыл арналарына да мойын бұратын кез жетіп отыр.

Әл-Фараби, Инб-Сина есімдері мен еңбектері шығыс пен батысқа тегіс мәлім. Өткен ғасырдың орта шенінде Б. Гулисашвили олардың еңбектерін жоғары бағалай отырып, музыка теориясына қатысты кейбір тұжырымдарының әлемдік сипатын атап көрсеткен еді. Бұл салада олар Батыс Еуропаны екі ғасыр артта қалдырған.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап педагогикалық жоғары оқу орындарында “Қазақ музыкасының тарихы” атты пән оқытылып келеді. Осы жолдар иесі аталған пәннің мемлекеттік стандартын жасап, оқу бағдарламаларын құрастырды. Артынша көне түркі дәуіріндегі музыка тарихына қатысты оқу құралын да бастырып шығарды.

Сол кезден бері бұл пәннің мазмұны тереңдеп келеді. Мемлекеттік стандарты да бірнеше рет өзгеріске ұшырап, типтік бағдарламасы да бірнеше рет толықтырылды. Бүгінде білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер, кредиттік технология жүйесінің аясында шағын пәндердің біріктіріліп жатқаны белгілі. Осы себепті бұрынғы музыкалық фольклор мен музыка тарихы біріктірілді. Бұл оқулықта қазақ музыкасының тарихы мынадай кезеңдерге жіктелді:


  1. Қазақ музыкасының ілкі дәуірі (фольклорлық кезең).

  2. Орта ғасырлардағы музыка өнері (IX - XIX).

  3. ХХ ғасырдағы қазақ музыкасы.

Мұның алғашқы бөлімінде музыкалық фольклор мәселелері қарастырылды. Олар ән және аспаптық музыка. Өз кезегінде халық әндері салтқа байланысты және салттан тыс болып сараланды. Ән өнерінің екінші қанатын музыкалық-эпикалық дәстүр құрады.

Фольклорлық музыкалық аспаптар да жаңаша қарастырылды. Шығыс музыкасының монодиялық сипаты ескеріліп, бұрынғы көп ішекті (көп дауысты) музыкалық аспаптарға қатысты пікірлер сараланды. Музыкалық аспаптардың атауларына жете мән берілді. Олар халқымыздың этнографиялық ерекшеліктері аясында қарастырылды.

Екінші бөлімінде қазақ музыкасына қатысты түрлі жазбалар қамтылды. Олардың арасында жанама дереккөздер де, төтелей музыкалық трактаттар да бар. Олардың қатарында әл-Фараби, Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, Дәруіш Әли және т.б. музыкалық-теориялық еңбектерін атауға болады. Одан әрі хандық дәуірдегі музыкалық-эпикалық дәстүр, XIX ғасырдағы халықтық-кәсіби әншілік және күйшілік өнер сарапталды.

Оқулықтың үшінші бөлімі ХХ ғасырдағы кәсіби музыка өнеріміздің туу, қалыптасу, даму тарихын қамтыды.

Сөз соңында мына жайтты да айта кетуді орынды санадық. Республикамызда музыкалық білім беру ісі әр түрлі бағытта жүргізілетіні белгілі. Осы себепті Ұлттық консерватория, Музыка академиясы және педагогикалық университеттер жанындағы музыкалық білім беретін факультеттерде қазақ музыкасының тарихы да әр түрлі көлемде оқытылады. Олардың сағат мөлшері де, тақырып ауқымдылығы да өзгеше.

Назарларыңызға ұсынылып отырған оқулық педагогикалық жоғары оқу орындарының жанындағы музыкалық білім беру факультеттерінің бакалавр мамандығына арналған.



БІРІНШІ БӨЛІМ

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ ФОЛЬКЛОРЫ


Фольклор туралы ұғым


Қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани-мәдени мұраларының бiрi - фольклор. Осы кезге дейiнгi ғылыми әдебиеттерде фольклор – сөз өнерi, халық даналығы, ел естілігі ретiнде көрсетiлген. Оның синкреттiк сипаты да айқын. Осы тұрғыдан келгенде фольклор - ауыз әдебиетi мен музыка өнерiнiң бiртұтастығына негiзделген ерекше бiр сала.

Кезiнде ғалымдар фольклордың этнографиялық сипатын көрсетiп, «фольклортануды» өнертану ғылымымен салаластығын да көрсеткен. Осы мәселеге орай В. П. Аникин мен Ю. Г. Круглов: «Очень существенно, что отделение фольклористики как искусствоведческой дисциплины от этнографии признают и видные представители последней» (Русское народное поэтическое творчество. -Л.,1987, 6-б.), - деген болса, Ю. В. Бромлей этнография мен өнертану салаларыны” сабақтастығын анықтауда оларды” әрi эстетикалық, әрi этникалық қызмет атқаратыны ескерiлуi қажет екенiн ескертедi (Этнос и этнография.- М.,1973, 223-б.).

Бұл ғылыми саласының мақсаты - халқымыздың музыкалық мәдениетiн, соның iшiнде фольклорлық мұрасын жете игерiп, негiзгi белгiлерi мен сипаттарын ажырату. Осыған орай қазақ музыкалық фольклорына байланысты арнайы зерттеу еңбектермен танысып, фольклор туындылары – халық ән-күйлерiн тереңiрек игеру мiндетi де туады.

Музыка - өнер, көркем ой көрiнiсi. Оның өзiне ғана тән образдау тәсiлдерi болады. Музыкалық пішімі, тiлi, мақамдық-ырғақтық жүйесi осыған қызмет жасайды. Сонда музыка өнер әлемiндегi күрделi құбылыстардың бiрi болып шығады.

Халық шығармашылығында музыка өнерiне елеулi орын берiлген. Арғы жерде оның салтқа байланысты үлгiлерi үстем болса, берi келе аспаптық және вокалдық арналары халықтық-кәсiби деңгейге дейiн көтерiлген.

Ғылымда фольклордың көбiне сөз өнерi ретiнде танылып келгенi белгiлi. Ол халық шығармашылығы, ауыз әдебиетi мағынасында ғана қолданылып, негiзiнен тұрмыс-салт жырларын, ертегi, аңыз, әпсана, көне, батырлық, романдық, тарихи жырларды қамтыды.

Берi келе қазақ фольклорының музыкалық әуеннен тыс дамитын мақал-мәтел, шешендiк сөздер, жұмбақ секiлдi шағын үлгiлерi де зерттеле бастады.

Музыкалық фольклор осы аталған жанрлардың басым көпшiлiгiмен сабақтас. Бiрақ оны бiр ғана сөз емес, сонымен бірге музыка өнерi деген жөн. Себебi белгiлi бiр музыкалық-эпикалық дәстүр аясында жеткен фольклор шығармаларының барлығы дерлiк музыка өнерiмен тығыз байланысты.

Музыкалық фольклор шеңберiнде халық ән-күйлерiнiң құрылымдық, ладтық, интонациялық, ырғақтық ерекшелiктерi қарастырылады. Ән жанры тұсында олардың көркемдiк жүйесi мен поэзиялық өлшем-құрылымы да назардан тыс қалмауы шарт.

Көне дәуiрлерден жеткен музыка үлгілерінің халықтық тыныс-тiршiлiгi - этнографиясымен байланысты екені айқын. Музыкалық фольклордың тiкелей халқымыздың тұрмыс-салт ерекшелiктерiнен туындайтын үлгiлерi де аз емес. Осы белгiсiне орай, қазақ халқының музыкалық фольклорын үлкен екi арнаға жiктеймiз:

  1. Салтқа байланысты туған фольклор үлгiлерi. Оған “Сыңсу“, “Тойбастар“, “Бесiк жыры“, «Жоқтау» секiлдi салт-дәстүр аясында өмiр сүретiн шығармалар жатады.

2. Салттан тыс фольклор туындылары. Бұл салаға эпикалық жанр - жыр, толғау, терме, желдiрме, ертегiлiк, тарихи, лирикалық әндер мен халық күйлерi жатады.

Музыкалық фольклор бүгiнде музыкалық этнография деген ұғым аясында да қарастырылып жүр. Этнография – түрлi ру, тайпа, халықтардың рухани-мәдени және материалдық мәдениетiн зерттейтiн пән. Мұндағы этно (этнос ) - халық, графо – жазу деген ұғымды бiлдiредi. Оның мәнi туралы ғылыми әдебиеттерде былай деп жазылған: “Главный предмет этнографии составляют характерные, традиционные черты культуры и быта народов, создающие в своей совокупности (вместе с фзыком) их специфический, этнический облик» (Итс Р. Ф. Введение в этнографию.- Л.,1974, 6-б.).

Этнография - географиядан жiктелiп шыққан ғылым саласы. Бiрақ зерттейтiн нысанасы – этнос тарихы мен мәдениетi. Осы сипатына орай оның өзіндік ерекшелiгi де айқындалады. Егер тарихшы нақты айғақтар мен деректерге жүгiнсе, жазба мәдениетi туа қоймаған халықтар мәдениетiнің тарихын қалай зерттеуге болар еді?

Бұл тұста белгiлi бiр халықтар тарихының тек қана жазба ескерткiштерде сақталмайтынын ескеру қажет. Оның iздерiн салт-дәстүр, наным-сенiм жүйелерiнен де кездестiремiз. Осыған сол халықтың фольклорлық мұрасын да қосамыз. Барлық фольклор үлгiлерi болмаса да, тарихи-этникалық сипаты басым жанрлар қазақ мәдениетiнде аз емес.

Осыған орай мәдениет дегенiмiз не? Оның қандай сипаттары бар? - деген сауал туындайды. Бұл мәселе тұсында Р. Ф. Итс: Культура – означает все то, что создано человеком в отличие от того, что создано природой” (Введение в этнографию. – Л., 1974, 40-б.),- деп жазады да, оны материалдық және рухани деп екiге жiктейдi. Бiрi елдiң тұрмыс-тiршiлiгiнде қолданылған құрал-саймандар болса, екiншiсi – адамзат баласының ой-санасы тудырған руханият саласы.

Этнография ғылымында халықтардың төрт түрлi даму кезеңi анықталған. Олар: демос – этнос – халық - ұлт. Бұлардың бiрi жабайылық, екiншiсi – феодалдық, үшiншiсi – капиталистік, төртiншiсi – жаңа дәуiрге қатысты ұғымдар. Мұндағы этнос (тайпа) - тапсыз қоғамда туған алғашқы этникалық топ болса, халық - таптық қоғам жағдайында қалыптасқан этникалық бiрлестiк атауы.

Фольклор шығармаларының ерекшелiгi олардың қоғамда атқарған қызметімен де айқындалады. Осының бәрi музыкалық фольклор ( музыкалық этнография) ғылымының мақсат-мiндеттерi мен нысанын түзейдi.

Фольклор дегенiмiз не? Оның музыкалық үлгiлерi несiмен дараланады? Қандай белгiлерi мен сипаттары болады? – деген мәселелер арнайы қарастыруды қажет етедi. Осы кезге дейiн бiзде музыкалық фольклор мен музыка тарихыны ұғымдарының аражiгi ашылмай келдi. Бұлар бiр тарихи-мәдени құбылыстың екi түрлi кезеңi. Танымдық табиғатына келгенде оларды қосақтауға болмайды, екеуi екi түрлi танымдық категориялар аясында қарастырылуға тиiс. Себебi оларды” бiрi - ұжымдық, екiншiсi – авторлық сананың жемiсi. Жеке санаға көркем құбылыс тән болса, ұжымдық сананың этникалық сипаты басым.
Фольклор шығармаларының белгілері мен сипаттары
Фольклор туындыларының өзiндiк ерекшелiктерi мен негiзгi белгiлерi болады. Олар:

  1. Халықтығы. Кез келген фольклор үлгiлерi нақты бiр халықтың ортақ рухани-мәдени мұрасы. Олар сол халықтың көркем ойлау жүйесін эстетикалық, тарихи талап-талғамдарын білдіреді.

  2. Авторсыздығы (анонимдiгi). Фольклор үлгiлерi бүтiн бiр этникалық топ, ел, халық өңдеуiнен өткен ұжымдық шығармалар болып саналады.

  3. Көпнұсқалығы (варианттылығы), яғни ел арасына тараған бiр шығарманың бiрнеше нұсқаларының қатар өмiр сүруi.

  4. Дәстүрлiлiгi. Фольклор шығармаларының өмiр сүретiн ортасы – дәстүр. Музыкалық дәстүр жоқ жерде фольклор үлгiлерi де болмақ емес.

  5. Ауызекiлiгi. Фольклор өте ерте замандарда туып, жазба мәдениеттен көп бұрын қалыптасқан мәдени құбылыс. Олар ауыздан-ауызға, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп отырған.

  6. Көркемдiгi (поэтикасы мен композициясы). Фольклорлық шығармалар бiрде прозалық, бiрде поэзиялық жанр ретiнде қалыптасқан. Оларға тән көркемдiк ерекшелiктер болады. Олар мотив, сюжет деңгейінде айқындалады. Фольклор туындылары қатарында синкреттiк сипаты басым, музыкалық мақаммен айтылатын жанрлар да бар. Олардың табиғаты осы тұтастыққа ғана қарастырылуы шарт.

  7. Тарихилығы. Музыкалық фольклор үлгiлерiнiң тарихилығы да айқын. Ол екi түрлi деңгейде: а) көркем шығармаға тән (ән-күй) музыка тiлiнiң қалыптасу кезеңдерiне, ә) тарихи тақырыптарға құрылған шығармалар ретiнде көрiнуi мүмкiн. Фольклордың бұл ерекшелiктерi ғылымдағы тарихилық принципi негiзiнде танылады.

  8. Этникалық сипаты. Орыс былиналарын зерттеген В. Я. Пропп оның негiзгi белгiсi ретiнде тайпалары атауларының кездеспеуiн көрсеткен екен. Бұл қазақ эпосы үшiн қонымсыз пiкiр. Қазақ фольклорында этнонимдiк атаулар кездесетiн шығармалар аз емес. Осындай туындылардың музыкалық мақамын зерттей отырып, әрбiр аймаққа, этникалық топтарға тән үн-интонация, ырғақ-өлшем және мақамдық жүйелердi анықтауға болады.


    Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет