ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 78(574)(075)



бет6/17
Дата05.11.2016
өлшемі7,09 Mb.
#526
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Қорқыт. Осы кезге дейін Қорқыт, оның музыкалық мұрасы туралы айтылған пікірлер аз емес. Бірақ қазақ музыкасының тарихында оның музыкалық репертуары арнайы сөз бола қойған жоқ. Бірқатар зерттеулерде Қорқыт туралы аңыздар ғана қамтылып, оның тарихи тұлға екендігі қарастырылмады.


Қорқыт – бүкіл түркі тайпаларына ортақ есім. Оның көне түркі дәуірінде өмір сүргені туралы мәліметтер Әбілғазының тарихи шежіресінде бар. Оның есімі қазақ халқына төрт түрлі арнада жетіп отыр. Олар: а/ аңыз-әпсаналар, ә/ тарихи шежіре мәліметтері, б/ Қорқыт жырлары, в/ күйлері.

Қазақ аңыздарындағы Қорқыт – бақсы, шаман, қобызшы. Кейде қазақтың арасына исламды таратқан екінші Мұхаммед болғаны да айтылады. Әбілғазының “Түрік шежіресі” атты тарихи еңбегінде Қорқыттың 295 /95/ жыл өмір сүргені жазылған. Сонымен қатар Қорқыт тұлғасына қатысты тарихи мәліметтер де сақталған. “Қорқыт ата кітабы” бойынша Қорқыт оғыз елінің үлкен эпос айтушысы, ел ақылгөйі, данасы. Ол ел кезіп жүріп өзінің жырларын орындаған.

Қорқыт барлық он екі жырдың негізгі кейіпкері емес. Оның есімі үш жырдың сюжетіне ғана кірістірілген. Өзгелерінде оның есімі жыр соңында кездесіп, “сол тойға Қорқыт ата келіп жыр айтып, қобыз шалыпты” деген жолдармен шектеліп отырады.

1999 жыл ЮНЕСКО тарапынан “Қорқыт ата кітабының” 1300 жылдығы болып жарияланғаны әлем жұртшылығына аян. Сол тұста республикамыздың Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында осы айтулы датаға байланысты бірқатар іс-шаралардың өткізілгені де белгілі. Әсіресе Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Философия және политология институты, Қызылорда облыстық әкімшілігі мен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет ұжымы бірлесіп өткізген республикалық ғылыми теориялық конференцияның маңызы аса елеулі болды. Оған әрісі Түркия, берісі ТМД елдерінен ғалымдар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Бұл ғылыми форумның негізгі табысы - Қорқытты әдеттегідей аңыз-әпсана кейіпкері емес, тарихи негізде тану десек артық айтпаған болар едік. Дәл осы ой негізгі баяндамашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Ыбыраевтың баяндамасында айтылып, одан әрі Ә. Нысанбаев, Р. Бердібай, С. Ақатай және т.б. ғалымдардың пікірлерінен жалғасын тауып жатты.

Жұртшылыққа терең ой салған Р. Бердібайдың: "Қорқыт тұлғасы ұлы мұрамызды сақтаудың жолы. Бүгінде Қорқыт түркі халықтарының басын біріктіретін үлкен факторға айналып отыр. Қорқыттың оралуы - үлкен ғылыми мәні бар проблема", - деген түйінді пікірі болды.

Бір өкініштісі, конференция Қорқыттың заманына келгенде нақты тарихи датаны анықтап, оны тарихи негізде дәлелдеген жоқ. Баяндамашылар аузынан оның заманын VІІІ ғасырға межелеу туралы ұсыныстар естілсе де, бұл күрделі мәселеге терең мән беріп, егжей-тегжей талқылағандар көп болмады. Сондықтан Қорқыттың заманы туралы айтылып жүрген сан-алуан пікірлер бізге сол қалпында жетіп отыр.

Әлемдік қорқыттану ғылымында 1Х-Х ғасырларға орныққан Қорқыт заманын бүгінгі зерттеушілеріміз бірде V, бірде VII бірде VIII тағы бірде IХ-Х ғасырларға жүйелеп жүр. Осы даталарды ғылыми негізде саралап, біріне тоқталудың кезегі келіп-ақ отыр.

Ең алдымен, "Қорқыттың туған кезеңін тоғызыншы ғасырдан әріге, бесінші ғасырға қарай жылжыту керек" деген профессор Ә. Жақыпов пікіріне келер болсақ, мұның астарында Қорқытты көне түркі дәуірінен де ілгері жіберудің жатқанын көреміз. Асылы Қорқыттың заманын оғыз елінің ғылымда анықталып, дәлелденген этникалық тарихына негіздеген дұрыс болатын секілді. Себебі нақты тарихи, ғылыми дәлел-дәйексіз оның заманын V ғасырға жүйелеумен ғылыми жұртшылықты иландыру қиын. Бұл реттен V ғасырдың арғы жағындағы оғыз тайпасының тағдыр-талайы туралы тарихи мәліметтердің ғылымға мәлімсіз екенін айтсақ та болады.

Қорқытты VII ғасырға жүйелеу - оның заманын оғыз елінің этно-жағырафиялық шегінен бөлектеу болады. С. Агаджановтың анықтауынша, VII ғасырда оғыздар Сырдың төменгі ағысына бара қоймаған. Оның есесіне Орхон жазбаларынан көне түркі тайпаларының VI-VII ғасырларда Батыс Монғолия жерін мекендегенін көреміз. Түрік қағанаты ыдыраған кезде оңтүстік шығысқа қоныс аударған оғыздардың VII ғасырда Жетісу аймағын мекендегені де ғылымда анықталған жәйт. Ғасыр соңына қарай Жетісуда қарлұқ тайпалары күш ала бастағанда, оғыздар Сырдың ортаңғы және төменгі ағысына бет қояды. Қорқыт есімінің түркі әлеміне мәшһүр болатын кезі осы.

Әрине, Қорқытты VII-VIII ғасырларға жүйелеп жүрген ғалымдардың оны исламнан бұрынғы тәңірлік наным өкілі ретінде танығысы келетіні түсінікті. Бірақ оның заманын ІХ-Х ғасырларға қойсақ та бұл пікірге нұқсан келмес еді. Себебі оғыздардың Мәуереннаһр аймағына алғаш аяқ басуы VIII ғасырдың соңы болса, Арал маңына орнығуы ІХ ғасырдың орта шені. Ал Жанкент тек Х ғасырда барып оғыз мемлекетінің астанасы болған. "Қазақстан тарихының" (1996) соңғы басылымында қамтылған бұл мәліметтер С. П. Толстов, Л. Н. Гумилев пікірлерімен үндес, сабақтас. Арабтар Орта Азияға VIII ғасырдың бас кезінде келсе де, бұл аймақтағы көшпелілердің исламды қабылдауы одан көп кейін жүзеге асқан еді. Л. Гумилевтің көрсетуінше, оғыздардың исламды қабылдауы 972 жыл, яғни Х ғасырдың соңы. Жалпы қазақ жеріне исламның енуі Х-ХІІ ғасырларда күшейген еді. Жетісу түріктері оны 960 жылы, ал көшпелі қыпшақтар ХІІІ ғасырға дейін тәңірлік нанымда болғанын В. Бартольд еңбектерінен анық көреміз.

Демек Қорқытты тым әріге әкете бермей, ІХ-Х ғасырларға жүйелеп те шамандық наным шеңберінде тануға толық негіз бар. Оның үстіне ХІІ-ХІІІ ғасырларда Қорқыт есімі түркі әлеміне таныла қоймаған еді. Оғыз тайпалары туралы тиянақты деректер қалдырған М. Қашқаридың оны аузына алмауы соны аңғартады.

Олай болса Қорқытты V ғасырға әкету - көне хұн дәуірінде (б.з. V ғ.д.), VII ғасырға қою - Орхон-Енисей бойына, VIII ғасырға негіздеу - Жетісу жеріне, ал ІХ-Х ғасырға әкелу - Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысына жүйелеу болып шығады. ХІ-ХІІІ ғасырларда оғыздар батыстағы селжүктер құрамында көрінеді. Бұл оғыздардың VI-ХІІІ ғасырлар арасындағы этножағырафиялық қозғалысына негізделген пайымдау болмақ. Осы тарихи мәліметтерді ескеріп, Қорқыттың заманын ІХ-Х ғасырларға жүйелеген жөн. Оғыз-қыпшақ ұлысының ХІ ғасырда ыдырай бастағанын ескерер болсақ, бұл оқиғалардың ізі "Қорқыт ата кітабында" бар.

Ғылыми жұртшылықтың "Қорқыт ата кітабына" назар аударуы, оның этникалық арқауы емес, эпикалық дәстүрге жақындығын сөз ету болса керек. Ғылыми-методологиялық тұрғыдан келгенде бұл кешегі В. Я. Пропп, Б. Н. Путилов, т.б. жақтаған поэтикалық танымның қазақ фольклортану ғылымындағы көрінісі болмақ. Егер В. Я. Пропп "эпос идет не позади истории, а впереди и выражает вековые идеалы народа" десе, Б. Н. Путилов "ни одно имя былинного богатыря не возводимо к реально-историческому имени" деп, эпостың тарихи сипатын мойындамаған.

Осы секілді ұғым-түсініктердің аясынан шыға алмай жатқандықтан біз Қорқыттың тарихи тұлғасын емес, фольклорлық бейнесін , ал "Қорқыт ата кітабы" тұсында этникалық үрдісті емес, эпикалық дәстүрді зерттеуге басымдау ден қойып келеміз.

Қорқыттың заманына анықтық енгізетін айғақтардың бірі - күйшілік мұрасы. Алайда, "Елімай" (1987) жинағына енген күйлердің басым көпшілігі Қорқыт дәстүрінен алшақ. Оларды қызылордалық Нышан (Ысмайыл) ақсақалдың төл туындылары ретінде танығанымыз дұрыс. Біз үшін маңызды мәліметтердің бірі - түркімен сарындары. Қазақ қобызы мен түрікменнің қарға түйдік аспаптарына арналған музыкалық сарындардың өзара тектестігі оғыз-қыпшақ дәуірінен хабар беретін маңызды тарихи-мәдени ақпарат.

Қорқыттың өмірде болғанын дәлелдейтін басты белгі - оның мазары. Сыр бойындағы Қорқыт ескерткішіне байланысты жазылған, айтылған деректер мен ой-пікірлер аз емес. Соңғы кездері тіпті қазба жұмыстары да жүргізілген секілді. Оның орнынан табылған сүйекке "Қорқыт ата жілігі" деген айдар да тағылыпты.

Әрине, бұл бағыттағы ізденістерге ешбір қарсылығымыз жоқ. Археологиялық қазба жұмыстарының қорқыттану ғылымына енгізер жаңалықтары аз болмауға тиіс. Бірақ әр нәрсені таза кәсіби тұрғыдан таразыласақ деймін. Өркениетті елдерде қазба жұмыстары кезінде табылған адам сүйегінің дәуірін арнайы сараптама арқылы анықтау ісі жолға қойылған болса, бізге де бос байбаламды қойып, ғылымға жүгіну керек.

Бүгінде Сыр бойы қалаларына қатысты республика көлемінде көрінген зерттеулер саны көбейіп келеді. Соңғы жылдары Сауран, Сығанақ қала-қамалдарына, өзге де ескерткіштерге байланысты еңбектер жарық көріп отыр.

Бүгінгі ұлттық болмыс, ментальдік ерекшеліктерімізді, түбі бір түркі елдерінің тарихи-генетикалық тектестігін айғақтайтын Қорқыт тұлғасы мен оғыз-қыпшақ ұлысының этникалық тарихынан елес беретін "Қорқыт ата кітабын" насихаттаудың маңызы аса зор. Оны бір ғана Қорқыт есімін иеленіп отырған Қызылорда университеті емес, барлық гуманитарлық бағыттағы жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіп, терең де тиянақты түрде оқыту жағын ойластырған жөн. Әсіресе тарих, философия, филология, музыкатану, дәстүрлі өнер – жыр, музыкалық білім мамандықтарына енгізу кезек күттірмейтін іс. Оны "Қорқыт - тарихи тұлға", "Қорқыт және тәңірлік наным", "Қорқыт және эпикалық дәстүр", "Қорқыт және музыка", "Қорқыт аңыз-эпсана әлемінде" деген тақырыптар төңірегіне жинақтап, тарихи-теориялық негізде сөз етуге болар еді. Бұл саладағы ғылым табыстарын көпшілікке жеткізудің бірден-бір жолы осы.

Қорқыт - жаңа ғасыр табалдырығында жер жүзі ғалымдарының назарына қайта ілігіп отырған тұлға. Оның тарихи дәуірін зерттеу - Қорқыт мұрасының қайта оралуына елеулі ықпал ететін, түркілік болмысымызды байыптайтын маңызды ғылыми арна.

Жаңа мыңжылдық - ХХІ ғасыр исі түркі халықтарының табысу, мәдени тоғысу дәуірі болса, бұл арнаның басында Қорқыттың тарихи тұлғасы мен рухани мәдени мұрасы тұрады. Оның қай кезеңнен бастау алатынын анықтау - қорқыттану ғылымының негізгі міндеттерінен саналады.

Асылы, Қорқыт тұлғасын оғыз-қыпшақ елінің тағдыр-талайынан тыс, сол тайпалардың этникалық үрдісінен бөлек қарастыруға әсте болмайды. Ал тарихи мәліметтер Қорқыттың заманы ІХ-Х ғасырлар шегі екенін айқындай түседі.

Қазақ ғалымдарының еңбектерінде Қорқыт күйлері туралы деректер жоқ емес. Мысалы, академик А. Жұбанов Қорқытты аңыз кейіпкері ретінде танып, оның есімін “қорқыту” етістігімен байланыстырған болатын.

Қорқыт күйлері сөз болғанда Ықылас арқылы жеткен қобыз сарындарын да назарға алуымыз керек. Себебі оның орындауында жеткен “Қорқыт”, “Қоңыр”, ”Ерден”, “Айрауықтың ащы күйі”, “Қазан” секілді шығармалардың архаикалық сипаты айқын. Олардың барлығына ортақ көне сарын да сақталған. Асылы Қорқыт дәуірінен жеткен негізгі сарын осы болуға тиіс.

“Қазан” күйі - тақырыбы жағынан да, музыкалық сарыны жағынан да көне сарын. Пішімі күрделі, бірнеше эпизодтардан құралады. Бұл шығарманы кейінгі Қазан шаҺарын Иван Грозныйдың жаулап алу оқиғасымен байланыстырудың реті жоқ. Ол кейінгі дәуір оқиғалары. Ал күй оғыз батыры Қазан-салорға, яғни салор тайпасынан шыққан Қазан батырға арналған. Оның есімі Қорқыт жырларында бар. Осы негізде барлық қобыз күйлеріне жаңаша стильдік талдаулар жүргізу қажет.

Қорқыттың музыкалық мұрасы – қазақ музыкасындағы көне сарынның бізге жеткен үлгілерінің жұрнағы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу керек.
Шығыс жазбаларындағы музыкалық-эстетикалық

ой-сана
Орта Азия халықтарының музыкалық мәдениеті туралы тарихи деректер ертедегі шығыс жазбаларында сақталған. Мұндай жазба әдебиет үлгілеріне біз “Мың бір түн”, “Калила мен Димна” хикаяларын, “Шаһнама”, “Комде мен Модан” дастандарын, “Тотынама” сияқты тәжік-парсы әдебиеті арқылы енген үнді, иран сюжеттерін жатқызамыз.

ХІ ғасырда шығыс әдебиетіне тән дидактикалық жанрда жазылған осындай көне мәдениет жазбаларының бірі – “Кабуснама”. Е. Э. Бертельс оның авторын әл-Жүржаниді (ескі Үргеніш) билеген Кабус әмірдің немересі – Кей Кабус деп көрсетеді. Бұл түркі тайпаларының ежелгі мекені – Мауереннахр.

Кітап алғашқыда “Насихатнама” деп аталып, кейін оны жазбаға түсірген автор құрметіне орай “Кабуснама” болып өзгертілген. Жазба көптеген тілдерге (түрік, татар, неміс, ағылшын, француз) аударылған. 1958 жылы Е. Э. Бертельс аудармасының екінші басылымы жарық көрсе, бүгінде “Кабуснама” қазақ тіліне де аударылып отыр.

“Кабуснама” - 44 тараудан құралатын нақыл-өсиеттер кітабы. Онда күнделікті өмірде кездесіп отыратын тәрбие, этика мәселелері сөз болады. Оқиға әке мен бала арасындағы әңгіме үлгісінде өрбиді. Әкесі баласына ата-ананы құрметтеу, ұйқы мен демалыс, байлық жинау, үйлену, дос-жора таңдау, жаудан қорғану, патшаларға қызмет көрсету, т. б. толып жатқан ережелерді баяндап, өмір туралы ғибрат айтады.

Кітаптың “Музыка өнерпаздарының дәстүрі туралы” деп аталатын 36-тарауында орта ғасырдағы Орта Азия халықтарының музыка туралы ой-пікірлері мен дәстүрлері баяндалған.

Жазбада әкесі: “Балам, біліп қой, егер сен музыка жолына түсер болсаң, жеңіл де жайдарлы бол. Үстіңдегі киіміңді әр кез таза ұста. Музыка өнеріне арналған зәулім сарайға кіргенде бет-әлпетіңді тыржитып, қабағыңды түйме.

Бір ғана баяу немесе жылдам орындалатын әуендерді ойнай берме. Музыкалық шығарманың бір үлгісін қайта-қайта ойнай беру де жарамайды. Адамдардың мінезі де бірдей емес. Сол себепті аспаптық музыка шеберлері бұл өнерге арнап ережелер жазған”, - деп, алдымен хұсрауни, одан соң рах, хафиф, тарана мақамдарының айтылатынын жазады. Хұсрауни мақамы патшалар қабылдауында ойналса, рах - ән әуеніне бейім, хафиф – жастарға бағышталған мақам, тарана – көңілді де ойнақы әуен деген ұғымды білдіреді.

Әкесінің баласына айтқан ғибрат сөздерінің ішінде адамның үлкен жиын үстінде өзін қалай ұстауы да қамтылған. “Егер тыңдаушылар толыққанды, шырайлы болса – екінші ішекте, сұрланып, сарғыш тартып отырса – екінші ішекте, ал аққұба жүзді, толық күйінде отырса – төменгі ішекте көбірек ойна. Өйткені, бұл ішектер адам мінезінің төрт түріне сай жасалған”, - деген жерде, автор музыкалық аспап пен адам мінезі арасындағы байланысты тыңдаушылардың қабылдауына, яғни эстетикалық талғамына сай айырып отыр. Оның ән айту (орындау), ән мен аспаптық сүйемел, музыкалық шығарманың әркелкілігі жайындағы пікірлері де қонымды.

Одан әрі қарттар мен балаларға арналған музыка ерекшеліктеріне тоқталып, алғашқыларына ойлы да сазды, соңғыларына жеңіл де ойнақы музыка әуенін ойнауды ұсынады.

Кітапта әскери адамдар ортасына түскенде орындалатын ән-әуендерге де көңіл бөлінген. Мысалы, тыңдаушылар әскери адамдар болса, оларға Мәуереннаһр соғыстары мен қантөгістері жайындағы әндер мен мақамдарды орындау қажет. Сонда ғана олар өнерпаздың салған музыкасын елігіп тыңдамақ. Мәуереннаһр соғыстары деген жерде автор ертедегі түркі тайпаларының соғыстарын айтып отыр. Олай болғанда, бұл Иран-Тұран елдері арасындағы қақтығыстар жайындағы тарихи шығармалар болмақ.

Әкесі баласына шығысқа мәлім он екі мақамды да айтып, олардың орындалу тәртібін ұғындырады. Бірақ өзі ондай қатып қалған үрдіске қарсы. Бұл мақамдардың тәртібін сақтамай-ақ, тыңдаушылардың қас-қабағына сәйкес өзгертіп отыруға да болады дейді.

Міне, “Кабуснама” жазбасындағы музыка деректеріне құрылған ғибрат сөздер осылайша өрбіп отырады. Әрине, Кей Кабустың бұл өсиет сөздері белгілі бір музыкалық-теориялық дәрежеге көтеріле қоймаған. Автор көбіне дәстүр мәселелерін дидактикалық арнада сөз етеді. Осының өзінен Х-ХІ ғасырлардағы шығыс музыкасына тән кейбір ерекшеліктер байқалады. Автордың әрбір жиын-тойда музыкалық шығарманы тыңдаушы адамдардың ортасына, көңіл күйіне сәйкес орында дегені жай ғана ғибрат емес, сол дәуірдегі музыка өнерпаздарының эстетикалық талғамынан да хабар беретін дерек.

Шығысқа мәлім көне мәдениет жазбаларының келесі бір үлгісі –“Тотынама”. Бұл ертегілерде шығыс халықтарының сәби мифологиясы, әдеп-ғұрыптарымен қатар музыкалық эстетикасы да көрініс тапқан. Оның басты нышаны – музыкалық дыбыстың, жалпы музыка өнерінің үлкен тәрбиелік, қоғамдық-әлеуметтік мәнге ие болуы. Оны “Жетпіс ғұламаның жиналысы, олардың патшаның баласын музыка әуенімен сынағаны” жайындағы әңгімеден айқын көреміз. Мұнда музыкалық дыбыстар жұмсақ - қатаң, ыстық – суық, әйел – еркек болып жіктелген. Соларды бір-бірінен ажырата білгендер текті, ал, айыра білмегендер тексіз, қоғамға пайдасы жоқ адамдар болмақ. Бір сөзінде Нахшаби адамның музыкалық шығарманы орындағанына қарап, оның жан дүниесінің кемел немесе кемел еместігін ажыратуға болады дейді.

Жазбада дыбыстар құрғақ салдыр және әсем әуен болып та жіктелген. Бұл музыка іліміндегі жағымды (консонанс), жағымсыз (диссонанс) деген анықтамалармен астасып жатқан ұғым.

Бұл бір ғана үнді халқының эстетикалық ойына тән құбылыс емес. Мұндай деректерді Тибет, Қытай елдерінің музыкалық өнерінен де кездестіреміз. Мысалы, Сыма Цянның музыкалық трактатында ән салу, музыкалық аспапта ойнау, би билеудің бәрі де әдет-ғұрыптың сыртқы көрінісі ретінде аталады. Музыкалық дыбыстың басты қасиетін Қытай елі оның тәрбиелік-этикалық және саяси-моральдік қуатында деп білген. Әр дыбыстың символдайтын объектісі болған. Мысалы, ғұн нотасы әкімдерді, шан - кеңсе әкімдерін, цзюэ - бұхара халықты, чжи – мемлекет ісін, юй – сыртқы дүниені символдайды. Егер осы бес дыбыс қатары ауысып кетпесе, онда үйлеспейтін әуен болмайды. Егер аталған ноталардың құлағы (үні) дәл келмей тұрса, онда әкімнің өзімшіл, кеңсе басшыларының бұзылғаны, халықтың назары болып, еңбектен қажығаны, мемлекет байлығының сарқылғаны.

Музыка өнерінің қоғам өміріндегі маңызын көрсететін дәл осы белгілер “Тотынамадан” да көрініс тапқан. Патша баласының ақыл-есін тексеру үшін ғұламалар оған музыка әуенін тыңдатып, сынақтан өткізеді. Орындалған әуенге патша баласы бірінші болып еліктеп, текті тұқымнан екені айқындалады. Ертегіде музыка өнерінің тәрбиелік қуатына мән берілген.

Музыка өнерінің қалай туғандығы жайындағы әңгіме жазбадағы 19-түнге арқау болған. Ертегі музыка өнердің ең тазасы, ең зоры, оны түсіну кез келген адамның қолынан келмейді, ондай қасиет адамның табиғатында болу керек демек.

Ертегіде діни-аңыздық сарын да жоқ емес. Ән-күй көктен келген өнер, ол аспандағы жұлдызда жүрісімен байланысты деген жерде, әңгіме астрологиялық оймен ұштасып жатыр. Бұл белгі ежелгі грек ғұламалары. Орта Азия ғалымдары - Әбдірахман Жәми, Әбунәсір әл-Фараби, Әбуғали Ибн-Сина, Дәруіш Әли еңбектерінде бар еді. Олардың трактаттарында музыкалық дыбыстардың тәрбиелік қуаты басты орынға қойылған.

Қытай елінде әрбір әкімнің мінезі-құлқына сай музыкалық дыбыстар болса, үнді елі табиғат мезгілдерін (күн, түн) де музыка әуенімен байланыстырған. Қазақ халқының бүгінде бір ғана аспаптық музыкаға қатысты айтылып жүрген “күй” деген атауы да осы эстетикалық оймен астасып жатса керек.

Сонау замандағы халықтардың сәби нанымдарынан нәр алып, орта ғасырлардағы Ибн-Сина, әл-Хорезми, әл-Фараби сияқты көптеген ғұламалардың музыкалық-теориялық және эстетикалық ойларымен сабақтасып жататын шығыстың музыкалық дәстүрін келешекте терең ғылыми арнада зерттей түсу қажет.


Музыкалық трактаттар
Х-ХI ғасырларда бой көрсеткен Орта Азия ренессансы бiр ғана медицина, астронология, география, физика, математика, әдебиет емес, музыка өнерiне де айрықша әсер еткен. Саманилер заманында музыка өнерiн айрықша бағалаушы ғалымдар шоғыры туып, музыка теориясы туралы iлiм қалыптасқан. Оның басында әл-Фараби, Ибн-Сина, әл-Хорези сияқты көптеген энциклопедист ғалымдар тұрады. Мысалы, әл-Фараби мен Ибн-Сина музыка теориясының көптеген мәселелерiн қамтыған еңбектер жазса, ХII ғасырда хорезмдiк Фахруддин ар-Рази өзiнiң “Ғылымдар жиынтығы”, ХIII ғасырда Сафиуддин әл-Урмауи “Игiлiк кiтабы” деген трактаттарын ұсынады. Оның iзiн Құтып-Әддин аш-Ширази, әл-Әмули, әл-Хұсейни, ад-Дихлауи, Каукаби Бұхари, Әдiрахман Жәми, Дәруiш әли еңбектерiнiң де ғылыми-тарихи мәнi аса зор. Бұл трактаттардың қазақ музыкасына да қатысы бар. Олай болса, бұл орта ғасыр мұраларына ерекше мән берiп, ғылыми оралымға енгiзу қажет.

Әл-Фарабидің музыкалы мұрасы (870-950). Ертеде шығыстағы Қытай, Иран, Бабыл империялары Азиядағы көшпелi тайпаларды құлдық қоғам қыспағына алып, бағындырмақ болған. Сақ, хұн, үйсiн дәуiрлерiнен бастап көшпелілер сол империялармен сансыз соғыстар жүргiзiп, өздерiнiң тәуелсiздiгiн қорғады. VII-VIII ғасырларда Түрiк қағанаты Қытай елiне қарсы екi ғасырдай соғыс жүргiздi. Соның нәтижесiнде көшпелi тайпалар құлдық қоғамға соқпастан феодализмге келдi.

Бұл тарихи кезең шығыстағы ғылым мен мәдениеттiң күрт өрлеуiне сай келедi. Араб елiнде VIII ғасырда бой көрсеткен ренессанстық ой-сана IХ-Х ғасырларда Орта Азия, Қазақстан жерiне де енiп, Хорезм, Бұхара, Отырар, Жанкент сияқты елдi мекендерде ортағасырлық ғылым мен мәдениет көрінісі ретiнде орныға бастады. Бұл мәдени және ғылыми өрлеудiң алғы сапында әл-Фараби, Ибн-Сина, әл-Хорезми, Әбдiрахман Жәми, Дәруiш, әли, әл-Түркiстани секілді ойшылдар, ғұлама ғалымдар тұрды.



Осы ғалымдар шоғырының көшбасшысы – Әбунәсiр әл-Фараби. Оның ғылыми мұрасы бүгiнде бiршама жинақталған. әсiресе математикалық, философиялық, әлеуметтiк-этикалық, тарихи-философиялық және ғылыми-жаратылыстану саласындағы трактаттары жан-жақты зерттелуде. Оның еңбектерi туралы А. Машанов, А. Көбеев, М. Хайруллаев, Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйiншәлиев және т.б. көптеген ғалымдар зерттеулер жазды. Бұл iзденiстердiң бәрi елiмiздегi фарабитану ғылымының iргетасын қалады.

Әбунәсiр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби (870 –950) – бiздiң жерлесiмiз. Кіндік қаны тамған жер Бесиж (Фараб) елдi мекенi. Ғалымның есiмi де осы орайда аталған. Фарабидiң өмiрбаяны, Сирия жерiнде дүниеден өткенi, ғылымдағы сара жолы мен iзденiстерi М. Хайруллаев еңбегiнде тиянақты түрде, баяндалған. Соған қосып айтарымыз, соңғы жылдары әл-Фарабидiң музыкалық мұрасы да қолға алына бастады. Фараби ғалым болумен қатар орта ғасырдағы музыка теориясына қатысты еңбектер жазған зерттеушi. Оның музыка iлiмi, оның теориялық негiздерiне арналған бiрнеше еңбектерi болған. Солардың бастылары – “Музыканың ұлы кiтабы”, “Музыка ғылыми туралы пiкiрлер”, “ғылымдар классификациясы”, “Ырғақтар классификациясы туралы кiтап”.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет