Үшлік 706 жылы араб әскерлерімен күрес жүргізіп жатқан соғдыларға көмек беруге тырысты. Түркі-соғды одағының біріккен күштері Бұхара түбінде араб әскерлеріне айтарлықтай соққы берді. Алайда бұл жеңіс ұзаққа бармады. Араб қолбасшысы Құтайба ибн Мүсілім одақтастар арасындағы келіспеушілікті пайдалана білді. Құтайба Орта Азия жерін басып алды.
Сыртқы басқыншылармен белсенді күрес Сұлық қаған (715-738 жылдар) есімімен байланысты. Сұлық қаған тұсында түргештердің ордасы Тараз қаласы болды. Талантты қаған мемлекеттің бұрынғы қуатын қалпына келтіре алды. Сұлықтың дипломатиялық және әскери шаралары Қытай тарапынан төнген қауіптің алдын алды. Мұның өзі түргештердің батыста арабтарға қарсы әрекеттерін жандандыруға мүмкіндік берді.
Сұлық арабтарға қарсы батыл қимылдағаны соншалық, олар оған Әбу Музахим (Сүзеген) деген лақап ат қойды.
Қытаймен күрес. Сұлық қаза болғаннан кейін Қытай империясы Жетісу аймағына басқыншылық саясатын қайта бастады. 740 жылы Қытай әскерлері Таразды басып алып, тонады. Түргештердің орталығы Суябты қиратты.
751 жылы шілдеде Тараз маңындағы Атлах қаласында араб және қытай әскерлері арасында үлкен шайқас өтті. Түргештер мен қарлұқтар араб жағына шығып, соғыс бес күнге созылды. Шайқаста Қытай әскері толық талқандалды.
Атлах түбіндегі шайқастың түркі халықтарының тағдырында үлкен тарихи маңызы болды: