Тон-ябғу тұсындаОрта Азия мемлекеттеріне қағанаттың қатаң бақылауы орнықты. Оның қол астындағы барлық иеліктерге қағанның өкілдері - тұдундар жіберілді.
Тон-ябғу билігі туралы Қытай шежірешісі: «Батыс варварлары ешқашан дәл осындай қуатты болған жоқ», - деп жазды. Ешбар Елтеріс қаған билікті күшейтіп, «он тайпа» - «он оқ бұдун» жүйесін енгізді. Қағанның он оқ, он түменнен (әр түменде 10 мың қол) тұратын әскери жасағы болды. «Бұдун» сөзі ел, халық ұғымын білдіреді.
Қағанаттың құлдырауы. Тон-ябғу өлімінен кейін мемлекетте ұзаққа созылған дағдарыс басталды. Дулу және нушеби одағы арасындағы билік үшін күрес дағдарыстың басты себебі болды. Орталық биліктің әлсірегенін пайдаланып, Батыс түркілерден Еділ бұлғарлары, хазарлар мен қимақтар бөлінді.
Соңғы Батыс Түрік қағаны елдің бірлігін сақтауға тырысты. Қаған тайпа көсемдерін тікелей өзіне тәуелді басқарушылар етіп тағайындады. Бүдан басқа бақылауды жүзеге асыру үшін әр оққа қаған әулетінің өкілі - шад жіберілді. Ол орталық билік мүддесін қорғады. Алайда Батыс Түрік қағанаты әлсірей түсті.
Өзара тайпалық қырқыс және қаған билігінің әлсіреуі Тан империясы әскерінің Жетісуға баса-көктеп кіруіне әкелді. Батыс түркілер Қытайға тәуелді болып қалды.
Түркі тайпалары Батыс Түрік қағанатының орнына бірнеше мемлекет құрды. Төменгі Еділ бойында және Солтүстік Кавказдың шығысында Хазар қағанаты құрылды. Қазіргі Қазақстан аумағында үш мемлекет: Қазақстанның батысында - Оғыз мемлекеті, Солтүстік-шығыс және Орталық Қазақстан аймағында - Қимақ қағанаты, ал Жетісуда - Түргеш мемлекеті қалыптасты.
Экономикасы. Батыс Түрік қағанаты көшпелілік дәстүр басым болған Шығыс Түрік қағанатынан әлдеқайда өзгеше еді. Батыс Түрік қағанатында көшпелі және отырықшы-егіншіліктің біртұтас жүйесі дамыды. Қағанат халқы қолөнер, сауда, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысты.