VI ғасырдың 80-жылдарының соңында түркілер Парсы елімен одақтасты. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азиядағы қуатты эфталиттер мемлекетін талқандады. Эфталиттер мұрасын бөлуге байланысты одақтастар арасында жанжал шығып, ол тез арада шешілді. Түркілердің өз әскерін кері алып кеткені үшін Парсы жағы оларға үлкен көлемде алым төлеуге міндеттенді.
Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне баратын Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігіне ие болды. Жібек саудасы түркі қағандарына орасан зор кіріс әкелді. Жібек матасын сатып алушы негізінен Византия еді.
568 жылы түркі елшісі Маниах Византияға қағанаттың елшілігін басқарып барды. Император сарайы түркі елшілігін аса жоғары құрметпен қабылдады. Түркілер мен Византия арасында парсыларға қарсы әскери-сауда келісімі жасалды. Кері қайтқанда Маниахпен бірге Византия елшісі Земарх қаған ордасына келді.
Дереккөздерде Византия елшілігінің түркілерге бірнеше рет барғандығы жайында айтылады. Византиямен тұрақты сауда және дипломатиялық байланыстар орнағандығын VI ғасырдағы византиялық теңгелер растайды.
Мемлекеттің ыдырауы. VI ғасырдың 60- 90-жылдарында Түрік қағанаты іштей қуатты және көршілер үшін қаһарлы еді. Түркілер Қытайды өздерінің кіріс көзі деп білді. Қытайлар мұнымен келісе алмады. Түркілерге қарсы күрес олардың басты міндетіне айналды.