1893 жылы дат ғалымы В. Томсен алғашқы «Тәңір» сөзінің құпиясын ашты. Оның «Кілті ашылған орхон жазулары» атты кітабында көне түркі жазуларының толық әліпбиі ғана емес, аудармасы да жарияланды. Түркі жазуы құпиясының ашылуы Орталық Азияда сонау орта ғасырлар басында өркениет болғандығын көрсетті. Томсен ашқан жаңалыққа дейін түркілердің жазуы болмаған деген пікір қалыптасқан еді.
Енисей алқабынан 150-ден астам руна жазулары табылды. Олардың көп бөлігін ақсүйектер өкілдерін жерлегенде қойылған құлпытастар құрайды. Құлпытастардың барлығы көне түркі әдеби тілімен жазылған. Көптеген жартас жазулары Алтай, Шығыс Түркістаннан табылды.
Руна жазуымен түркі мәтіндері құлпытастарда, теңгелер мен қола айналарда, қыш, тері, алтын және күміс ыдыстарда, қағазда жазылды. Табылған материалдар руна жазуының көне түркі қоғамында кеңінен тарағандығын дәлелдейді.
Мыңдаған көне түркі қолжазбалары мен үзінділері Ресей Ғылым академиясында, Германияда сақталған. Швеция, Финляндия және Лондон, Париж, Пекин қалаларында да көне түркі жазуының үлгілері кездеседі.
|
Жазба ескерткіштер. Түркі ақсүйектері жерленген қорғандарға құлпытастар ғасырлар бойы қойылды. Мұнда қайтыс болған көсемдердің ерлік істері, тарихи оңиғалар жазылған. Құлпытас жазуларында түркі халқының өмірлік құндылықтары мен адамгершілік мұраттары бейнеленген.
Орхон және Енисей өзендері алқаптарындағы ескерткіштер түркі руна жазуының ғажайып үлгісі саналады. Ескерткіштер осы өңірден табылғандықтан «Орхон-Енисей жазуы» деп аталды. Олардың ішінде Білге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің және қаған кеңесшісі Тоныкөктің құлпытастары тарихи құнды жәдігерлер саналады.
Құлпытастарда түркі халқының неден сақтанып, нені ұстанатыны қашалып жазылған. Бұрынғы және қазіргі ұрпақты мақтау мен кінәлау, тыңдаушысына ылғи да үндеу тастап отыруы бұл мәтіндерді әсерлі етеді. Қағанын «мәңгі тасқа сызып жазған», «жыры мен сөзінің» авторы Йоллығ-тегін еді. Йоллығ-тегін - түркі тілдес әдебиеттер тарихында өз атымен аталған алғашқы автор.
Барлық жазулар - түркі қоғамының бүкіл жұртшылығына арналған үндеулер. Үндеу авторлары халықты қаған маңына бірігіп, топтасуға шақырады.
|
Біз үшін жазулар тарихи оқиғаларды баяндауымен құнды. Бұл түркілерде сөз өнерінің маңызы зор болғандығына көз жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |