Қасым хан тұсында Қазақ хандығы мен Мәскеу мемлекеті арасында алғашқы байланыстар орнатылды. Осы кезде қазақтар тұңғыш рет Батыс Еуропаға белгілі болды. Қазақтар туралы деректер XVI ғасырдың бірінші жартысындағы неміс дипломаты жазбаларында кездеседі.
Қасымның ішкі саясаты. Қасым хандық билікті нығайтуда, салт-дәстүр мен заңдылықты сақтауда ірі табыстарға жетті. Қасым ханның қол астындағы халық саны Мұхаммед Хайдар деректеріне сәйкес бір миллион адамнан асты. Ол 300 мың адамға дейін қарулы жауынгер шығара алды.
Мемлекетті нығайту үшін Қасым заң шығарды. Қасым ханның заңдары халық жадында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен сақталып қалды. Бұл құқық жинағы бес негізгі бөлімнен тұрады:
Мүліктік заң. Оған жер, мал және мүлік дауларын шешу ережелері енді.
Қылмыстық заң. Мұнда қылмыстық істің түрлері мен оларға байланысты жазалар қарастырылды.
Әскери заң. Дала тұрғындардың соғыс кезінде әскер жасақтау жөніндегі міндеткерліктері, әскери міндет, жасақ құру қағидалары, әскери олжаны бөлу тәртібі айтылды.
Елшілік салт ережесі. Бұл бөлімде халықаралық құқық, елші этикеті қарастырылды.
Жұртшылық заңы. Бұл бөлім өзара көмекке, сондай-ақ мейрамдарды ұйымдастыру ережелері мен сарай тәртібіне арналды.
Қасым хан - Қазақ мемлекетінің аса көрнекті басшыларының бірі. Өзінің «игі іс-әрекеттерімен, қатаң ерік-жігерімен және саяси көрегендігімен» ол қазақ мемлекетінің абырой-беделінің артуына қол жеткізді. Оның тұсында басқа елдер Қасымға құрметпен қарады».
|
Мұхаммед Хайдардың деректеріне сәйкес, Қасым хан 1518 жылы Сарайшық қаласында дүние салып, сонда жерленді.
Достарыңызбен бөлісу: |