Шу мен Талас алқаптарында 1465 жылы Қазақ хандығы жарияланды, оның алғашқы ханы Керей, ордасы Қозыбасы болды.
Өз алдына дербес хандық құрған Керей мен Жәнібектің күшеюі Әбілқайырды қауіптендірді.
Сол себепті көшпелі өзбектер басшысы Моғолстанға жорыққа шығуға дайындалды. Бұл туралы Махмұд ибн Уәлидің шығармасында айтылған. «Көп әскер жиналғаны соншалық, бүкіл дала салт аттылардың мұндай санына таршылық еткендей болды. Әскер Жетіқұдық мекеніне келіп тоқтаған кезде нөсер жауын құйып, қалың қар түсті, оның соңы қатты аязға ұласып, Әбілқайыр әскерінің іс-қимылын тежеді. 1468 жылы Әбілқайыр ауырып, қайтыс болды».
Әбілқайыр өлімінен кейін Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі саяси дағдарыс ерекше шиеленісті. «Өзбек хандарының иеліктерінде берекесіздік пайда болды», - деп жазады Ибн Рузбихан. 1469-1470 жылдары Керей мен Жәнібек өздерінің қазақтарымен бірге Моғолстаннан Дешті Қыпшаққа оралып, Ұлы Даладағы саяси билік үшін күресті бастады. Әбілқайыр хан мұрагерлері бұл соғыста толық жеңілді.
Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде саяси сахнаға шықты.
|
Шығыс Дешті Қыпшақтағы билік Ұрұс хан ұрпақтарының қолына өтті. Осы уақыттан бастап «қазақ» сөзі толықтай қазіргі қазақ халқының атауына айналды. Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы осылай құрылды.
Керей хан мен Жәнібек ханның жерленген жерлері белгісіз. Бірақ олар халық есінде мәңгі сақталып қалды.
Сырдария қалалары үшін күрес. XV ғасырдың соңғы ширегінде Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын басқыншылардан қорғауға мәжбүр болды, көрші ойрат тайпаларының шапқыншылықтарына тойтарыс берді, Сырдария бойындағы қалалар үшін Мұхаммед Шайбанимен, маңғыт әмірлері және ортаазиялық билеушілермен кескілескен күрес жүргізді.
Керей мен Жәнібектің жүргізген белсенді саясаты нәтижесінде Қазақ хандығының жер аумағы біршама кеңейді. Өзінің құрамына Орталық Қазақстан аймақтарын, Батыс Жетісу аумағын, Сырдарияның төменгі ағысын қосып алды. Алайда мықты мемлекет құру үшін Сырдария бойындағы жерлер қажет еді. Бұл аумақтың экономикалық және стратегиялық маңызы зор болатын.
|
Далалық және отырықшы аймақ тұрғындары үшін Сырдария бойындағы қалалар сауда-экономикалық және саяси-әкімшілік орталық саналды. Сырдария аймағы көшпелі тайпаларға қысқы жайылым ретінде де қажет болды.
Достарыңызбен бөлісу: |