ҮШІНШІ БӨЛІМ
XV-XVII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
СЕГІНШІ ТАРАУ
БІРТҰТАС ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ
§ 38-39. Қазақ халқы этногенезінің тарихы
Этнос пен этногенез. «Этнос» гректің «ethnos» - «халық» сөзінен шыққан. «Этногенез» ұғымы халықтың құрылу үрдісін білдіреді. Қазақ халқы шығу тегінің тарихы (этногенезі) өте күрделі.
Кез келген этностың қалыптасуында қоныстанған аумақтың тұтастығы маңызды рөл атқарады. Адамдардың ортақ белгілері, тілі мен мәдениеті болу үшін олар бір-бірімен үздіксіз және ұзақ қарым-қатынас жасауы тиіс. Ал бұл біртұтас аумақтағы тайпалардың бірігуі жағдайында ғана жүзеге асады.
Қазақстан аумағында ғасырлар бойы көптеген тайпалар мен халықтардың тағдыры тоғысты. ХV-ХVІ ғасырларда қазақ халқының және оның этникалық аумағының қалыптасу үрдісі негізінен аяқталды.
|
Қазақ халқының қалыптасу кезендері. Қазақстан аумағындағы халықтың құрылу үрдісін үндіеуропалық және түркілік кезеңдерге бөлуге болады.
Бірінші кезең қола және ерте темір дәуірлерін қамтиды. Бұл кезеңде Қазақстанның ғана емес, Еуразияның біраз бөлігінің тұрғындары үндіеуропалық тіл тобына кірді. Тайпалардың сыртқы келбетінен еуропалық белгілер айқын білінді.
Қазақстан жерінде қола дәуірінде өмір сүрген андрон тайпалары - қазақтардың ертедегі ата-бабалары. Олар қазақ халқы қалыптасуының негізін қалады.
Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірін зерттеу бұл кезеңде бүкіл аймақ тұрғындары бұрынғыша еуропа өңдес болғандығын көрсетті.
Алайда ерте темір дәуірі кезеңінде Қазақстанның ежелгі тайпаларының келбетіне монғол өңдес белгілер ене бастады. Бұл Қазақстан аумағына ғұндардың қоныс аударуымен байланысты еді.
|
Қазақстандағы этникалық үрдістердің екінші кезеңі түркілердің б.з.-дың бірінші мыңжылдығы ортасынан бастап жаппай қоныстануымен байланысты.
Қазақстан аумағында бірнеше түркі мемлекеттерінің құрылуы тұрғындардың келбетінде монғол тектес белгілердің көбеюіне және түркі тілінің таралуына ықпал етті.
Ортағасырлық мемлекеттерде халықтардың шоғырлануы күшейді. Мәселен, Қарахан мемлекеті Жетісу, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның бірқатар аумағы тұрғындарын біріктірді.
Достарыңызбен бөлісу: |