Иқта және сойырғал сияқты басқа да жер иеліктерінің түрлері болды. Мұндай жерлер мұрагерлікке берілмеді. Мәселен, сойырғал көшпелі ақсүйек қауымының отырықшы-егінші тұрғындарға үстемдігін бекітті. Бұл жерлер ханға адал қызмет еткен әскерилер мен көсемдерге берілді, сатқындық жасаған жағдайда қайтарып алынды.
Көшпелі аймақтарда малға жекеменшік орнады, ал жайылымдарды қауым болып пайдаланды.
Қатардағы көшпелілер мен жер иеленушілер хан мен ақсүйек қауымына салық төледі. Деректер бірнеше салық түрін атайды: ұшыр - жер иеленушілерден алынатын салық. Баж - жер иеленушілер мен қолөнершілерден жиналатын салық. Харадж - бұл да жер иеленушілерден жиналатын салықтың бір түрі. Зекет - көшпелі малшылардан алынған салық. Соғым - қысқы ет дайындау кезінде көшпелі малшылардан алынатын салық.
Тұрғындар салықтардан басқа әскери, көлік, пошта және т.б. міндеткерліктерді атқарған.
Оқиға куәгерлері мен тарихшылардың деректері
«Ханның шешімі мен жарлығын өзгерту дәстүрде болған жоқ, - деп жазады Рашид-ад-дин, - мұндай әрекет жасаған адам қылмыскер болып табылды...»
Монғол ханының билігіне Плано Карпини былай сипаттама береді: «Бұл татар императорының барлығының үстінен қарайтын ғажайып билігі бар.
Егер де император рұқсат бермесе, ешкім қандай да бір елде тұра алмайды. Оның өзі көсемдердің қайда болу керектігін көрсетеді, көсемдер болса мыңдықтарға, мыңдықтар - жүздіктерге, жүздіктер - ондықтарға өмір етеді. Бұдан басқа өміршінің соғысқа немесе бейбіт өмірге қатысты бұйрықтарының барлығына дерлік олар еш қарсылықсыз бағынады...»
|
§ 36. ХІІІ-ХV ғасырдың бірінші жартысындағы мемлекеттердің экономикасы
Экономиканың дамуы. Монғол шапқыншылығынан кейін шаруашылық өмір, XIII ғасырдың соңында көптеген қалалар мен егіншілік өңірлер қайта қалпына келе бастады.
1269 жылы Талас жағасында Шағатай ұрпақтары мемлекетіндегі көшпелі ақсүйек қауымының құрылтайы өтті. Онда отырықшы халықтың өміріне араласпауға, белгіленген салықпен қанағаттануға шешім қабылданды. Осының нәтижесінде Мауараннахрдағы және Жетісудың оңтүстік-батысындағы қала өмірі жанданды.
Әсіресе шаруашылықты жүргізуде ұлы хан Мөңкенің саясаты игілікті ықпал етті. Мөңке хан бұрыннан келе жатқан қалыпты емес алым-салық түрлерін алып тастап, ортақ жан басы салығын енгізді. Оның жүргізген ақша реформасының да ерекше маңызы болды. Барлық ірі қалаларда алтын динарлар, күміс дирхемдер және мыс фельстер шығарылды.
Келесі реформаны Кебек хан жүргізді. Жаңа күміс теңге - «кебек» ішкі және сыртқы сауданың жандануына ықпал етті.
|
Жаңа қала орталықтарының пайда болуы Қазақстан аумағы арқылы Азиядан Еуропаға баратын керуен жолдарының дамуына әкелді. Керуен жолдары абаттандырыла бастады. Алтын Орда хандарының бұйрықтары бойынша керуен жолдары күзетілді, құдықтар қазылды, керуен сарайлар салынды. Орталықтандырылған мемлекетте сауда қауіпсіз және пайдалы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |