XVII ғасырдың бірінші ширегінде Сырдария бойы қалалары үшін қазақ-өзбек бәсекелестігі қайта өршіп, шиеленісті. Бұхар ханы бейбітшілік туралы келісімді бұзып, Қазақ хандығына жорыққа шықты. Сырдария аумағы үшін соғыс 20 жылдан астам уақытқа (1603-1624 жылдар) созылды. Бұхар хандығы Ташкент, Сайрам және Әндіжан қалаларын қайтарып алуды, қазақтарды Сырдариядан қуып шығуды мақсат етті.
1621-1624 жылдары Есім ханның басшылығымен бірнеше шайқастар өтіп, нәтижесінде бұхарлықтар толық талқандалды.
Есім хан Сырдария қалалары үшін Орта Азия билеушілерімен екі жүз жылға созылған күресті жеңіспен аяқтады. Ташкент және Түркістан қалаларының Қазақ хандығына өтуі де осы күрес нәтижесі болды. Есім ханның ордасы Түркістан қаласында орналасты. Бұдан былай екі ғасырдан астам уақыт бойы Түркістан Қазақ хандығының саяси орталығы рөлін атқарды.
Осы кезеңде қазақтардың қарақалпақтармен қатынастары күрделенді. XVI ғасырдың соңындаТәуекел хан қарақалпақ руларының өтініші бойынша оларға Арал бойынан жер берген еді. Бірақ бірнеше жыл өткеннен кейін қарақалпақтар қазақтарға қарсы көтерілді. Есім хан бүлікті басып тастады. Қарақалпақтар Сырдарияның орта ағысын тастап кетті.
XVII ғасырдың басында ойрат тайпалары Қазақстан аумағына шабуылдар жасай бастады. Алайда бірқатар ірі шайқастарда ойраттар жеңілді.
Хандықтың ішкі саяси жағдайы. Деректер Есім ханның саяси бәсекелестерінің арасында Тұрсын сұлтанды ерекше бөліп көрсетеді. 1613 жылы Ташкент билеушісі Тұрсын Есім ханға қарсы шықты. Қатаған руының билеушілері де Есімге бағынудан бас тартты.
Көп ұзамай Тұрсын сұлтан өзін хан етіп жариялады. Ол оңтүстік аймақтың дербес билеушісі болды. Тұрсын ханның билікке ұмтылып, Есім ханға қарсы шығуы елде қос өкіметтікке әкелді.
1627 жылы Есім хан ойраттарды талқандап, жорықтан қайтып келе жатқанда Тұрсын оның ордасы Түркістанға шабуыл жасады. Тұрсынның бұл әрекеті қазақ руларының наразылығын туғызды. Есім әскерімен Ташкентке жылжыды. Шайқас Ташкент маңында өтіп, Тұрсын күйрей жеңілді.
Есім хан қатаған тайпасын қатаң жазалады. Әбілғазының айтуынша, қатағандықтар Тұрсын ханның тірегі болған. Есім хан жорықта жүргенде қатағандықтар Түркістан қаласын тонауға белсене қатысып, оның отбасын тұтқынға алды. Қатаған тайпасының жазадан аман қалған бір бөлігі Ауғанстанға кетті, біразы ұйғырлар мен қырғыздар арасында сіңіп кетті. Бұл оқиға тарихқа «Қатаған қырғыны» ретінде енді.
Есім ханның ішкі саясаты. Есімнің ішкі саяси күреске де төтеп беруіне тура келді. Қазақ мемлекетінің саяси жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілді. Мемлекеттегі Шыңғысхан ұрпақтарының артықшылығы билердің басымдығымен ауыстырылуы бұл өзгерістердің басты мәні болды. Шыңғысхан ұрпақтарының саяси құқықтары шектеліп, тайпалар мен ру көсемдерінің құқықтары кеңейді. Билер ықпалы кейінірек, Тәуке хан кезінде күшейді.
Заңдық жағынан бұл өзгерістер қазақтар арасында «Есім ханның ескі жолы» аталған Дала заңдары жинағында бекітілді. Бұл жинақта ханның, билер мен батырлардың өзара міндеттері мен құқықтары айқындалды.
Құрылтай заң шығаратын билік орны болып қалды. Құрылтай жылына бір рет Түркістанда өткізілді. Оның құрамына қазақ руларының беделді өкілдері мен сұлтандар енді. Құрылтай соғыс пен бейбітшілік, жайылымдар мен суаттарды бөлу, хан сайлау мәселелерін шешті.