Тоқсоба әулеттік руы басқарған Батыс қыпшақ бірлестігі Дунайдан Еділге дейінгі аумақты иеленді. Еділден Алтайға дейінгі аумақты қоныстанған қыпшақтар Шығыс қыпшақ бірлестігін құрды. Оны Елбөріліруынан шыққан хандар басқарды.
Қоғамдық құрылымы. Көне түркі дәстүрін ұстанған Қыпшақ хандығы екі қанатқа бөлінді: оң қанатының (батыс) ордасы Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласы, сол қанатының орталығы Сығанақ қаласында орналасты. Сол (шығыс) қанаты ең қуаттысы еді.
Қыпшақ этносы мен мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңі:
VII-VIII ғасырлар - Батыс Түрік қағанаты құрамындағы кезең.
VІІІ-ХІ ғасырлар - Қимақ қағанаты құрамындағы кезең.
ХІ-ХІІІ ғасырлар - дербес Қыпшақ хандығы.
Қыпшақ этносының қалыптасуы. Қыпшақтар этнос ретінде Орталық және Шығыс Қазақстан аумағында VIII ғасырда қалыптасты. Қыпшақтардың саяси беделінің артуына орай басқа тайпалар мен этникалық топтар «қыпшақ» этнонимін қабылдады. ХІ-ХІІІ ғасырларда Еуразияның бүкіл далалық аймағы «Дешті Қыпшақ» аталды.
Қазақстан аумағында қыпшақ тайпасының қалыптасуына ықпал еткен жағдайлар: 1) шаруашылық өмірдің біркелкі түрі; 2) қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік құрылымның ортақ жүйесі; 3) тіл ортақтығы; 4) тарихи қалыптасқан ортақ мәдениет.
Қыпшақ ұлысының пайда болуы: а) Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа тұрғындарының түркіленгендігін; ә) біртұтас жалпытүркілік мәдениеттің қалыптасқандығын білдірді.
Алайда қыпшақ халқы қалыптасуының қорытынды кезеңін монғол шапқыншылығы үзді. Қыпшақтар қазіргі түркі тілдес халықтар - қазақ, башқұрт, татар және басқалардың ұлт ретінде қалыптасу негізін қалады.
Қыпшақ хандарының билігі мұрагерлікпен әкеден балаға беріліп отырды. Жекелеген қыпшақ руларының жоғары ханнан басқа өз билеушілері болды.
Малға жекеменшік мүлік теңсіздігінің негізін қалады. Байлық жылқы санымен өлшенді. Плано Карпини: «Олар (қыпшақтар) түйе, ірі қара, қой мен ешкі, жылқыға өте бай. Оларда жүк таситын мал орасан көп, біздің ойымызша бүкіл әлемде мұндай байлық ешкімде жоқ», - деп жазады.
Жайылымдарға билік ету мен көші-қонды реттеу құқығы қыпшақ хандары мен тайпа ақсүйектеріне берілді. Орасан көп малы бар тайпа ақсүйектері жайылымдардың нағыз иелері еді.
Қыпшақ қоғамында құқығы жоқ топты құлдар құрады. Олардың саны әскери тұтқындар есебінен толықтырылып отырды. Құлдар шаруашылықта жалшылар есебінде пайдаланылды.
Қыпшақ хандығы көне түркі мемлекеттерінің дәстүрін жалғастырып, одан әрі жетілдірген ерте феодалдық мемлекет болды.
Қыпшақтардың көршілермен саяси қарым-қатынасы. ХІ-ХІІ ғасырларда төменгі Сырдария бойындағы қалалар (Жент, Янгикент және басқалары) мен Маңғыстау қыпшақ көсемдерінің қолында болды. Осы аумақ қыпшақ хандары мен Орта Азия билеушілері арасындағы кескілескен ұрыс алаңына айналды.
Махмұд Қашғари деректері бойынша, қыпшақ ақсүйектері Қарахан билеушілерімен өзара күрделі қарым-қатынаста болды. Исламды тарату мақсатында Хорезмшахтары мемлекетінің билеушісі қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Алайда XII ғасырдың екінші жартысынан бастап хорезмдіктер қыпшақ ақсүйектерімен жақындасу саясатын жүргізе бастады.