С.Л.Франк адамды өзін-өзі анықтайтын және өзгерте алатын пенде ретінде қарайды. Өзіндік сана аркылы адам заттардан ғана емес, сонымен қатар өзінен де алшақтап, өз-өзіне басқа адамның көзімен қараған сияқты дәрежеге келеді. Нәтижесінде екі ахуалтанушы мен танылатын, бағалайтын мен бағаланатын, сот пен сотталатын - пайда болады. Міне, адам өзіндік санасы арқылы өзінің денелік эмпириялық табиғатынан бөлініп, өз-өзін бағалайтын, сынайтын дәрежеге көтеріледі.
Адам - әрқашанда өзінің күнделікті болмысына қанағаттанбай, оны аттап өтіп, басқа өмірге, өнегелікке қарай ұмтылатын пенде.
Н.О.Лосский тұлғаларды шынайы және потенциалды деп екіге бөледі. Тұлға өзінің дамуында құдайдың бейнесіне ұқсаудан бастап, соңында тіпті Құдайдың өзіне тартуға тырысады. Ал соңғы -ол тұлғаның негізгі мақсаты, ол үшін адам неше түрлі қиындықтар мен зардаптардан өтуі керек.
Руханияттық — адамның негізгі касиеті. Рухани адамның ішкі өнегелілігі қандай да болмасын сыртқы жағдайлардың қысымына қарсы тұра алады.
Қорыта келе, біз орыс философиясының адам мәселесіне қомақты үлес косқанын байқаймыз. Олардың айткан көп идеялары қазіргі өтпелі дәуірдегі калыптасқан көп ахуалдарды талдауға өз көмегін береді. Сіз де ол жөнінде ойланып көріңіз.
§ 4. Ғарыш философиясы
Ғарыш философиясы деген кезде, біз екі нәрсені айтуымызға болады. Біріншіден, ол - дүниенің біртұтастығы және соның шеңберіндегі адамзаттың, яғни рухтың алатын орны; екіншіден, адамзат мәңгі осы жер бетінде қала ма, я болмаса басқа ғарыштағы объектілерді игеріп, өзінің ықпалын бүкіл ғарышқа тарата ала ма ?
Бірінші сұраққа кайсыбір ұлттық философия жауап беруге тырысады, ал екінші сұрақты қойып, соған жауап беруге тырысқан, негізінен алғанда, орыс философиясы болды. Сондықтан бұл ағымды орыс философиясының ерекшеліктерінің біреуіне жатқызуға болар еді деп ойлаймыз. Ал енді оның өзінің де себебі бар шығар.
Біздің ойымызша, Алтын Орда мемлекетінің қысымынан кейінгі Ресей қоғамының Шығысқа қарай садақтан атқан оқтай серпілуі (бірнеше ғасырдың шеңберінде Еділ өзенінің ар жағынан сонау қиыр Шығысқа дейін жетуі), өлшемсіз кең-байтақ жерде мемлекеттігін құруы, ұлттық ой-өрісті де кеңейтіп, оған ғарыштық өлшем берсе керек. Мүмкін, басқа себептер де болған болар.
Еуропа ой-өрісінде ғарыш жөнінде христиандық антропоцентрлік көзқарас ғасырлар бойы өмір сүрді. Оның негізгі қағидасы: адам - жаратылған дүниенің ең биік шыңы, жер болса - ғарыштың ортасы.
Коперник мұндай көзқарасқа төңкеріс жасайды: ғарыштың ортасы - жер емес, күн. Ғарышта тек жерде ғана өмір бар. Дж.Бруноның шексіз ғарыш пен өмір жөніндегі ойлары кең тараған жоқ. Жаңа дәуірдегі ғылымда ғарыш механикалық-физикалык объект, сансыз атомдардың өрісі деген пікір қалыптасты.
Енді, міне, орыс философиясында 18 ғ. бастап, антропокосмизм идеялары пайда болып дамиды. Яғни адамның жер бетіндегі орны емес, оның ғарыштағы рөлі зерттеле бастайды.
Орыс философиясындағы бұл мәселеге қатысты негізгі идеялар:
а) ғарыштағы адамзаттың өлместігі (К.Э.Циолковский);
в) биосфераның ноосфераға өтуі (В.И.Вернадский);
с) табиғатты зерттеп, өткен ұрпақтарды тірілту ( Н.Ф.Федоров);
д) күн мен биосфераның ажырамас байланысы ( А.Л. Чижевский);
е) сананың ғарыштық дамуы ( Н.К.Рерих); т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |