Уильям Оккам ілімі
Орта ғасырдағы ой-пікірдің көрнекті өкілдерінің бірі Уильям Оккам (1280-1349жж.) Оксфорд университетін бітірген. Негізгі еңбектері: «Логика жинақтары», «Құпиялықтар жөніндегі трактат», «Сұхбаттар» т.с.с.
Егер Фома Аквинский схоластикалық философияда өзінің ен биік шыңына жетсе, Уильям Оккамнан бастап, оның тек құлдырауы басталады. Біріншіден, сенімнің ақыл-ойдан дербестігі оларды бір-бірінен ажыратады. Уильям Оккам сенім мен ақыл-ойды бір-бірінен айырып алыстатуға тырысады.
Логикаға негізделген ақыл-ой сезімдік дүниені тануға мүмкіндік береді, оларды тексеруге, дәлелдеуге болады.
Сенім ақиқаттарына келер болсақ, оны ақыл-ой арқылы түсіну де, дәлелдеу де мүмкін емес. Аян ақиқаттарын біріктіретін логика емес, Сенім ғана. Мысалы христиан дінінің үштік қағидасына Уильям Оккам мынандай баға береді: «ол қайсыбір мән-мағына, ақыл-ойдан басым». Сондықтан ақыл-ой сенімге тірек бола алмайды. Сезім, ақыл-ой мен діни қағидаларды талдаудың өзі күнәға жақын, өйткені Құдай бізді сүйіп, өзінің аянын сыйлады, оны біз сол күйінде іштей қабылдауымыз керек.
«Егер Құдайдың құдіретті күші сондай шексіз, ал біздің Дүние оның ерікті түрде тудырған мүмкіндігінің бірі ғана болса, онда Құдай мен шектелген өтпелі Дүниенің арасында Құдайдың жасампаз еркі мен құдіретті ақыл-ойынан басқа не бар?» - деген өткір сұрақ қойып, өзі қойған сұраққа: «Олай болса, Августиннін универсалды мәндері жер мен Құдайды дәнекерлік етіп жалғастырып тұратын ол адамның бос тәкаппарлығы емес пе! - деп ашық жауап береді.
Уильям Оккамның номинализмі
Құдай мен жердегі өтпелі әлемді бір-бірінен айырғаннан кейін, Уильям Оккам: «Әлемде жекеліктен баска еш нәрсе жоқ», -деген пікірге келеді. «Ақыл-оймен танылатын жанның сыртындағы еш нәрсе өзіне, я болмаса, басқаға универсалды емес, ол адамның қай жағынан алғанда да есек емес екені сиякты». Универсалиялар -(жалпы ұғымдар) заттарға койылған аттар ғана, олар шындықтың негізі бола алмайды. Универсалияларды тудыртатын - заттардың бір-біріне ұқсастығы. Мысалы, Сократ - ол нақтылы адамның аты, ал «адам» - универсалия. Олай болса, Дүниенің ешқандай ең жалпы заңдылықтары, олардың баспалдақтық бір-бірімен байланыстары
т.с.с. жоқ.
«Универсалиялардан тұратын білім ешқандай нақтылы нәтижеге әкелмейді, оның ешқандай жемісі жоқ. Егер біз тәжірибеде кездесетін заттардың арасындағы қайталанулықты зерттеп, оның болашақта болуы туралы болжам жасасак, сол жеткілікті», - деген пікірді Уильям Оккам ұсынады. Ал мұндай көзқарастан белгілі бір таным принципін шығару мүмкіндігі пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: |