АС ҚОРЫТУ ЖОЛДАРЫНЫҢ ҚОСАРЛАНУЫ ЖӘНЕ ҚҰРСАҚ ҚУЫСЫНДАҒЫ КИСТА ТӘРІЗДІ ТҮЗІЛІСТЕРІ
Ас қорыту жолдарының қосарлануы Ас қорыту жолдарының қосарлануы (дупликатуралар) дегеніміз екі түтікше қатарласа пайда болатын даму ақауы. Қосарлану дамуы эмбриогенездің алғашқы айларында болады. Олардың осылайша дамуына шырышты қабат жетілуінің бұзылуымен және ішектің ішкі тесігінің қайта орнына келуі мен байланыстырады. Дамудың бұл ақауын мынадай атаулармен атайды: ас қорыту жолдарының қосарлануы, дупликатура, энтерокиста, энтерокистома. Қосарланулар кішкентай кистозды түзілістен бастап, өңештің толық қосарлануына дейін болады. Көбінесе ащы ішектің қосарлануы кездеседі (60%).
Қабылданған жіктеме бойынша, ас қорыту жолдарының қосарлануы: кистозды, тубулярлы, дивертикулярлы деп бөлінеді. Тубулярлы дупликатуралар кеуде қуысында және басқа қуыстарда кездеседі.
Ішектің қосарланған бөлімі көбіне оның шажырқайының алдыңғы қырында орналасады, қан тамырларына бай және негізгі ішекпен тығыз бітіскен.
Клиникасы. Клиникалық белгілері қосарлану локализациясына, дупликатура формасына, оның мөлшеріне байланысты. Көбінесе қосарланулар ешқандай көрініс бермей, операциялар кезінде кездейсоқ анықталады.
Кейбір жағдайларда қосарланулар кенеттен болатын көлемді (массивті) қан кетумен анықталуы мүмкін. Қосарланудың кистозды түрлері үлкен мөлшерлі болып, ішек өтімсіздігін тудыруы мүмкін. Кейде киста маңында ішек айналуы болып, странгуляциялық ішек өтімсіздігі байқалуы мүмкін. Энтерокиста маңының жатыр ішілік дамуы кезіндегі айналу, екіншілік ішек атрезиясын тудыруы мүмкін.
Көкірек қуысына өткен дивертикулдар кезінде дисфагия, тыныс алу бұзылуларының, өкпе ателектазының, бронхоэктаз көріністерін беруі мүмкін.
Тоқ ішектің қосарлануы, созылмалы іш қатумен байқалады. Мұндай науқастарды ректалды зерттеген кезде жұмсақ эластикалық консистенциялы түйінді анықтауға болады.
Тік ішектің қосарлануы кезінде, зәр шығару жүйесімен қосылулар болуы мүмкін.
Дупликатуралар асқынуында ішек қанауынан басқа, ішек инвагинациясы байқалады. Бұндай жағдайларда инвагинатты консервативтік жолмен емдеу нәтижесіз.
Ас қорыту жолдарының қосарлануын диагностикалау қиындық туғызады. Тіл асты кистасын басқа кисталардан ажырату үшін гистологиялық зерттеу жүргізу керек. Ас қорыту жолдарының төменгі бөлімдерінің қосарлануын анықтау үшін рентгенография жасалады. Белгісіз жағдайларда лапаротомия жасалады.
Сурет ІІІ. 20. Ішектің қосарлануы
Емі. Ас қорыту жолдарының қосарлануы тек хирургиялық жолмен емделеді. Ең кең тараған әдіс - ішектің қосарланған жерінің резекциясы.
Сурет ІІІ.21. Ащы ішектің қосарлануы Көкірек қуысына өткен дивертикулдар кезінде әдетте лапаротомия арқылы дивертикулдың қалған бөлігі алынады.
Уақытында қойылған диагноз және дұрыс жүргізілген хирургиялық тактикада жүргізілгенде болжам қолайлы.