Беткейлік процестер мен беткейлер бедер пішіндер
Опырылмалы беткейлер (обвальные склоны). Опырылмалар деп біршама тік жарлы беткейлердің бір бөлімі таужыныстарының түпкі массивінен ілініс күшінің кеңет кемуі салдарынан, немесе уақытша таянышынан айырылып қалуы нәтижесінде ауырлық күші әсерінен төмен қарай қопарыла құлауынан туындаған шоғырларды атайды. Опырылмалардың түзілуі барысында алдымен беткей жиегіне параллель келген тік бағыттағы жарықтар немесе жарықтар жүйесі пайда болады, кейінірек таужынысы массивтерінің опырылып қопарыла құлауы сол жарықтар бойымен өтеді. Өте ірі опырылымдар құбылысы көбінесе сейсмикалық дұмпулер әсерінен туындайды. Опырылымдардың морфологиялы нәтижесі - беткейдің жоғары бөлігінде құлама абырға (стенки срыва), баурай қуыстар (нишалар) түзілуі және етек түсында опырыла құлаған бөлшектерінің үйінділері.
Опырылма беткейлердің аккумуляциялық бөлігі ретсіз келген ойлы-қырлы төбешікті пішіндермен сипатталады, мұндай төбешіктердің биіктігі бірнеше метрден 30 метрге дейін жетеді. Опырылмалы түзілімдер ірі кесек тасты материалдардан құралған. Кесек тастар көлемінің ауытқуы ондаған сантиметрлерден ондаған метрге дейін жетеді. Опырылма ұбылыстары биік таулы аймақтармен қатар жазықтардың аңғарларында және теңіз жағаларында да болып тұрады. Бірақ аса зор және күрделі опырылымдар таулы айматарда жиі кездеседі. Мысалы, 1911 ж. Батыс Памирде Мұрғаб өзеннің аңғарында опырылған таужыныстардың көлемі 2 км3-ге жеткең, ал онын, салмағы 7 млрд. тонна шамасында. Егер бұл массаны Еділ өзеннің қатты ағысымен салыстырсақ (жылына 25 млн.т.шамасында), онда бедер ұратын процестің масштабымен алғанда Мұрғаб аңғарындағы опырылу Еділдің 280 жыл бойына ағызып әкелген материалы көлеміне тепе-тең.
Таулардағы опырылмалар өзен аңғарларын көлденең бөліп сол өзеннің орнында бөгетті көлдер пайда болуына себепкер болады. Кавказдағы Рица көлінің, Іле Алатауындағы бұрынғы Есік көлінің және Памирдегі Сарез көлінің пайда болуы осы ірі көлемді күрделі опырылмалардың өзендер бойында бөгет жасауы нәтижесінде алыптасқан.
Көлемі 1 м3-тен аспаған сынықтардан ұралған таужыныстардың кіші опырылмалары таужыныстар тасқұлаулар (камнепады) деп аталады. Опырылмалар мен тасқұлаулар және жылжымалар мен қорымдар тау беткейлерінің негізгі деңудация жұмысын жүзеге асырады. М.И.Иверанова зерттеген мәліметтер бойынша, Тянь-Шань тауының денудация жылдамдығы тек қана тасқұлаулар себебінен жылына 0,17 мм-re дейін жетеді.
орымды беткейлері (осыпные склоны). Қорымдық беткейлердің пайда болуы көбінесе физикалық үгілуіне байланысты. Қорымдық процестер әдетте мергельдер және сазды әктастардан құралған беткейлерде кең дамыған (39-сурет).
39-сурет. Гималай тауларының беткейлерінде дамыған қорымның ысырынды конустары (В.П. Бондарчук).
Қорымдық беткейлерде жоғарыдан төмен қарай денудациялық немесе қорымдық беткейді (осыпной склон), қорымдық науаны (осыпной лоток) және қорымдық конусты (конус осыпи) даралауға болады. Жоғарыдағы денудациялық беткей үнемі физикалық үгілуге ұшырайтын жалаңаштанған түпкі таужыныстардан тұрады. Үгілуден пайда болған жекеленген кесектастар мен қабыршықтар беткей бойымен ауырлық күші әсерінен төмен қарай домалағанда беткей үстінде түйірлердің механикалық әсер етуінен ені бірнеше метр, терендігі 1-2 метрлік көптеген науалар пайда болады. Беткейлердің төменгі бөліктерінде науалар бірігіп, ені ондаған метрлерге жететін жыра-жылғаларға ауысады. Еріген су мен жаңбыр сулары науаларды тереңдете түсіп беткейдін денудациялық бөлігін одан әрі бөлшектеп, әр түрлі үшкіртістерге ұқсаған кішігірім қыркаларды құрады. Кейде беткейдің осы денудациялық бөлігінің бедері өте күрделі болып, неше түрлі тас мұнаралар, бағаналар қалыптасады. Жекеленген кесектастардың беткей бойымен төмен қарай озғалып ауысуы табиғи құлама бұрышына сәйкес келгенше жалғаса береді. Осы мезеттен бастап түйіршікті таужыныстардың шоғырлануы және конустың қалыптасуы одан әрі жалғасады. Кейін баурай етегіндегі жиналған ысырынды конустар бір-бірімен бірігуі ықтимал. Осының салдарынан беткей етегінде ірі және ұсақ сынықты таужыныстардан құрылған тұтас ысырынды конус шлейфі (шлейф конусов выноса) қалыптасады. Әдетте қорымдық шөгінділер іріктелмеген сынықты материалдармен сипатталады, дегенмен бұл құрылымның бір ерекшелігі мынада: физикалық үгілуге ұшыраған жекелеген кесектер неғұрлым ірілеу болса, соғұрлым олардың төмен домалау инерциясы артығырақ болып, әрі қарай жылжып ысырынды конусының шетін құрайды, ал ұсақ кесектер беткейдің биігірек өңірлерінде жинақталады.
Кейбір тау өлкелерінің бөктерінде орымның басқа да түрлері кездеседі. Мұны орыс тілінде "курумы" дейді. Бұлар едәуір көлемді көлбеу беткей мен таудың жайпақ бөлігін алып жатқан кесектастар жиынтығы. Қорымдар қарқынды физикалық үгілу, әсіресе аязды үгілу және ауырлық күші нәтижесінде пайда болып тау беткейлерінде тас үйінділер алқабы түрінде кездеседі. Кесектастардың көлденең мөлшері оншақты сантиметрден 1 м-ге дейін, және одан да ірі мол. Беткей бойымен ұзыннан-ұзақ созылып жатқан мұндай тас үйінділерді "тасты өзендер" (каменные реки) дейді. Олардың ұзындығы Орталық Сібірдің таулы үстіртінде 500 м-ге дейін, ал Байкал маңында және Шығыс Саян өлкелерде 1 км-ге жетеді, ені әр түрлі - оншақты м-ден жүздеген м-ге дейін. Қорымның жылжу жылдамдығы жылына орта есеппен 0,2-0,3 м, кейде 1,5 м-ге дейін болады. Кең көлемді тас үйінділерін орыс құжаттарында "каменные моря" деп атайды. Қорым түзілімдері Памир, Қарақорым, Тянь-Шань, Алтай тауларының беткейлерінде де кең дамып тараған.
Достарыңызбен бөлісу: |