Аңғарлардың морфологиялық элементтері. Өзен арнасы
Өзен аңғары дегеніміз - жер бетіндегі аса енді емес, ұзына бойы ирелеңдеп созылып жатқан жалпы еңістегі өзеннің бастауынан сағасына қарай бағытталған ойпаң түрінде көрініс беретін бедер пішіні. Аңғар су ағындарының эрозиялық әрекеті нәтижесінде қалыптасқан.
Аңғарлардың төмендегідей негізгі морфологиялық элементтері бар: арна, жайылма, терраса, аңғар жағалауындағы беткейлер (56-сурет).
56-сурет. Өзен аңғарының морфологиялық элементтері: 1-терраса үсті; 2-терраса кертпеші; 3-террасаның жарқабағы; 4-террасаның сыртқы жапсар сызығы; 5- террасаның етегі; 6-жайылма беті; 7-аңғар беткейі; 8-өзен арнасы; 9-түпкі таужыныстар; d-делювий; ћ- террасаның биіктігі (Геоморфология және төрттік геология, Пекин, 1981).
Жайылма - өзен аңғарының сол өзен тасыған кезінде су басып кететін бөлігі.
Террасалар - тегіс немесе аздаған еңістігі бар аңғардың беткейлер шегінде сатыланып орналасқан алаңдар, соның ішінде жайылма ең төменгі терраса болып есептеледі.
Аңғар беткейі - өзен аңғарының екі жағалауын ошаулап шектейтін, еңістігі өзен арнасына бағытталған көлбеу жазықтық. Оның беті жыра, сай және басқа да жуып-шаю әрекеттерінен пайда болған элементтерден тұрады.
Арна - өзен суы үнемі үздіксіз ағатын аңғар табанының ең теренделген бөлігі. Оның ені әдетте ондаған метрден бірнеше жүздеген метрге дейін жетеді, ал Амазонка немесе Янцзыцзян сияқты үлкең өзендердің сағасында арнаның ені бірнеше километрге жетеді. Арнаның ең терең нүктелерін біріктіретін иректелген сызық өзеннің фарватері немесе тальвегі деп аталады. Өзен арналары планда әдетте ирек бейнелі болып келеді. Арна ұзына бойы бір-бірімен алмасып тұратын терең шұңғымалардан, яғни қарасулардан (плесы) және тайыз, қайрандар (перекаты) деген бөліктерден тұрады. Шұңғыма, яки арасу бөлігі өзеннің иілген тұсында, ұшырасады, ал қайраң-шұңғымалар арасындағы арнаның түзу бөлігінде орын тепкең. Шұңғымалардың пландағы көрінісі иін (доға) тәрізді эрозиялық шұңқыр. Құмды жалдардан құралған қайраңдар өзен иінінің шығыңқы жағасынан (выпуклый берег) келесі төменгі иіннің шығыңы жағасына дейін созылып жатады. Қайраң мынадай негізгі элементтерден тұрады (57-сурет): 1) жоғарғы қайыр (құм), қайраңның астауынан жоғары орналасқан; 2) төменгі қайыр, астаудан төмен орналасқан; 3) жоғарғы иірімдік жыра немесе жылға (верхняя плессовая лощина) - қайраңнан жоғары орналасқан арнаның терең жері; 4) төменгі иірімдік жыра немесе жылға - қайраңнан төмен орналасқан арнаның терең бөлігі; 5) бел-кайраңның жоғарғы және төменгі қайырларын жалғастыратын ең биік бөлігі; 6) қайраңның астауы - арнаның фарватері өтетін, белдің ең терең бөлігі; 7) арынды (жоғары) беткей; 8) төменгі беткей (етек). Кейде өзен арнасының бағытын өзгерткең тұстарында өзен табанының көтерілген жайпақ жерлері - өткелдер кездеседі.
57-сурет. Өзен қайранның жалпы нобайы A - планы, Ә- фарватермен алынған ұзына бойы имасы 1 - арнаның ферватері; 2 - изобаталар; 3 -арнаның басындағы жиегі (Н.И.Маккавеев бойынша).
Әдетте қайраңдар мен шұңғымалардың орналасуы, тұлғасы көлемі мен биіктігі ағын судың тұрақты әсер етуінен үнемі өзгеріп отырады. Олар өзен ирелеңдеріне ұқсас өзен ағысының ұзына бойына қозғалыста болады. Қайран өзеннің тасыған кезінде ұлғайып, судың төмен сағасына келген кезде шайылуға ұшырайды. Ал, шұңғымаларда, керісінше, судың тасыған кезінде, жыру процесі басым болады да, деңгей төмен түскеңде бұл процесс бәсендейді.
Өзен арнасы төменгі құрылымдардан тұрады:
арал - жайылманың бір бөлігі, өзен олтықтарымен немесе салаларымен қоршалған, өсімдік жамылғысымен бекітілген, орныты;
қалды - өзеннің негізгі арнасы мен өзеннің бөлініп қалған ескі өзен арасындағы жайылманың бір бөлігі;
жеңсала - аралмен бөлінген өзеннің бір бөлігі;
сала - (өзек) - өзеннің негізгі арнасынан алысырақ кеткең және одан енсіздігі, тереңдігі, ағысының жылдамдығымен ерекшеленетін бөлігі;
шығанақ - өзен жағасына терең біріккең өзен құрылымы;
қайыр - өзен арнасының саяз бөлігі, су тартылған кезде судан босап, құрғақ аралға айналады;
жағажай - кең, тегіс келген, өзен тасындыларынан құралған өзен жағалауындағы жолақ;
тұбекше - өзен арнасына сұғына кіріп жатқан құм шөгіндісі (Ж.Достайұлы, 1996).
Достарыңызбен бөлісу: |