ӘОЖ 316.614:37.011.31
Молдағалиев Б.А.
- доцент,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ
ОҚУШЫЛАРДА ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ
ЖОЛДАРЫ
Қазіргі дүние жүзінде этникалық және этносаралық процестер ғаламдастыру сипатына ие болып
отыр. Саясатқа, экономикаға, мәдениетке және дінге байланысты ірілі де, кіші де жағдайлар этникалық
сарынға ие. Адамзат алдында зорлық-зомбылық, лаңкестік, нәсілшілдік пен ұлтшылдық алға шықты.
Әсіресе діндер арасындағы қақтығыстар әлемді мазалады.
1974 жылы ЮНЕСКО «Халықаралық өзара түсіністік, ынтымақтастық және бейбітшілік, адам
құқықтарына және негізгі бостандықтарына сыйлаушылық рухында тәрбиелеу» атты құжатты жасаған
еді. Ол халықаралық өзара түсіністік аясындағы барлық жобалардың әдіснамалық негізіне айналды.
1995 жылы 16 қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы Толеранттылық қағидаттары туралы
декларация қабылдады. 1996 жылы Толеранттылық жылы, ал 16 қарашаны Толеранттылықтың
халықаралық күні деп жариялады (1).
«Толеранттылық» сөзі латын тілінен француз тіліне, кейін еуропа тілдеріне енген, оны «төзімділік»
деп аударып жүрміз.
А.Айталының
пікірінше, шындығында толеранттылықтың мәні қазақ тілінде терең: төзімділік,
шыдамдылық, ымыраластық, байсалдылық, кісілік, ізгілік, кемелін таңдау, келісімін табу деп
жалғастыра беруге болады (2).
«Толеранттылық қағидалары туралы декларацияда» (ЮНЕСКО, 1995) бұл ұғымға мынадай
түсініктемелер берілген: толеранттылық біздің дүниеміздің мәдениетінің көп түрлілігін, адамның
жекелігінің өзін білдіру формаларына және көрініс
тәсілдеріне сыйлаушылықты, қабылдауды және
түсінуді білдіреді. Толеранттылыққа білім, ашықтық, қарым-қатынас септігін тигізеді. Ойдың, ардың
және сенімнің бостандығы. Адамның еркіндігі мен құқықтарына белсенді қатынас мойындау және
сыйлаушылық. Бір адамның көзқарастарын, пікірін зорлап міндеттеуден бас тарту. Адамдардың
сыртқы түрінің, әлеуметтік орнының,
сөйлеуінің, мінез-құлқының өзгешелігін мойындау. Өзінің
жекелігін сақтай отырып, бейбіт өмір сүруге дегенге құндылықты қатынас пен құқылығына
түсінісушілікпен қарау. Нәтижесінде адамдардың арасындағы келісімге қол жетудің мүмкіншілігі арта
түседі.
Бүгін әлеуметтану ғылымы толеранттылықтың мынадай түрлерін атайды: 1.Келіспеушілік, бас
тартушылық. 2.Өздігінен, өз бетімен келісу. 3.Өзара келісім. 4.Бірауыздан келісу. 5.Алауыздық-
келіспеушілік. 6.Өзімен-өзі келіспеушілік. 7. Өзара келіспеушілік. 8. Қарсы келісім.
Медицина ғылымында толеранттылықтың екі түрі қарастырылады: иммунологиялық
толеранттылық – берілген антигенге қатысты ағзаның қарсылық қабілетінің жоғалуы немесе әлсіреуі;
фармакологияда толеранттың белгісі бір дәрі немесе удың әсерінен терапияның немесе
токсикологиялық тиімділігінің дамымауына қарамастан төзуі (Б.В. Петровский).
В.А.Лекторский «Две концепции толерантности» деген еңбегінде толеранттық түсінігін талдап, бұл
ұғымның философиялық маңызы ретінде қоғамдық тұрмыстың жан-жақтылығын ескеру екендігін
анықтайды. Оның пікірінше,
толеранттық, бір жағынан, дүниетанымның ерекше типін
қалыптастыратын адами қызметті реттеуші адамгершілік қағида болса, екінші жағынан, қарама-
қайшылық пен жанжалды тиімді шешуге мүмкіндік беретін практикалық құрал.
Саясаттанушы В.А.Тишков өзінің «Әлем мәдениеті» атты еңбегінде «толеранттылық» ұғымына
ерекше мән берді. Ол толеранттылықты «тұлға немесе затты қарсылықсыз қабылдау қасиеті немесе
дайындық, яғни адам ойының ашықтығы мен еркіндігінің қасиеті», - деп түсіндірді.
Жоғарыда
айтқандардан байқалатыны толеранттылық қазіргі ғылымда әр түрлі аспектіде қарастырылады:
әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, этникалық, т.б. Осылардың ішінен біздің зерттеу пәнімізге
байланысты этникалық толеранттылықты жеке бөліп қарастырайық. Этникалық толеранттылықтың
философиялық негізі – басқаның, өзінен айырмашылығы бардың өмір сүруі фактісінің өзі болып
табылады. Ал оның түпкі мәніне жету үшін, ең алдымен, «этникалық» түсінігіне тоқталып өткен жөн.
«Этнос» терминін қарастырғанда көпшілік авторлар Ю.В.Бромлейдің анықтамасын негізге алады.
Оның айтуынша «этнос - бұл белгілі территорияда тарихи қалыптасқан, салыстырмалы түрде тұрақты
тіл, мәдениет және психикалық ерекшеліктерге, сол сияқты өзіндік атауында
көрінетін өзінің бірлігі
мен өзгелерден ерекшелігін (өзіндік сана) түйсінетін адамдардың тұрақты жиынтығы». Этнос
табиғатын түсіндіруге арналған басқа да тұжырымдар көптеп жасалды. Л.Н.Гумилев этносты ең
алдымен табиғи құбылыс ретінде қарастырды. Оның түсінігінде этнос – «бұл өзін басқа өзі сияқты
ұжымдарға қарсы қоятын (біз – біз емес), ерекше ішкі құрылымға және мінез-құлық стереотипіне ие
адамдар ұжымы (динамикалық жүйе)».
Мәселе бойынша философиялық, педагогикалық-психологиялық еңбектерге жасалған теориялық
талдау бізге этникалық толеранттылықтың мәнін ашуға мүмкіндік берді. Сонымен, «этникалық»
сөзінің мәні адамның белгілі бір этнос мүшесі ретінде сол этносқа тиістілігін,
сәйкестілігін сезінуі
деген қорытынды жасауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «этникалық толеранттылық» басқа
ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін
принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көрінеді. Әрине, оның шегі өзара сыйластық,
ынтымақтастық деңгейінде болуы тиіс.
Этникалық толеранттылық адамның тұлғалық қасиеті болып табылады. Сондықтан,
философиялық, педагогикалық-психологиялық қарым-қатынаста оны іске асыру механизмдерін талдау
бізге этникалық толеранттылықты қалыптастыруда мыналардан арылуды талап етеді:
-
этникалық қате түсінікте болу, бұлар белгілі бір этникалық топтың мүшелеріне
теріс қатынас жасау үрдісі;
-
ұлттың ескішілдік, жаңсаңдық бұлар «этникалық қауымдастықтың басқа
топтарға деген шындыққа сәйкес емес және бұрмаланған көзқарастар».
Этникалық интолерантность кең түрде көрініс табады:
басқаларға деген ерсілік, тіл тигізу,
менсінбеу немесе елемеу қатынастан репрессия мен геноцидке дейін. Осыларды ескере отырып,
төзімсіздік сауатсыздықтан, ой өрісінің тарлығымен және жалпы алғанда дұрыс емес тәрбиенің
салдарынан пайда болады деп айтуға негіз бар. Этникалық толеранттылықты тәрбиелеудің барынша
бір тиімді механизмі – бұл басқа мәдениеттерді және этникалық аралық қабылдауды және өзара
әрекетті оқып білу.
Грек тілінде «ксенос» деген сөз бар. Оның мағынасы «оғаш, ерекше, естілмеген, жат, бірақ бірінші
кезектегісі, бөтен елдік, яғни «бөтен».
Сонымен бірге тағы бір сөз бар – «фобос» - «қорқыныш, үрей, күдіктену». Осылай «ксенофобия»
деген сөз пайда болды. Төзімсіздіктің пайда болуының бір себебі
ойсыз ксенофобияның болуында,
яғни бізше болмағандықтан ол жаман, жаман болса онда қабылданбауға тиіс.
Толерантты тұлғаны тәрбиелеу - күрделі процесс. Ол арнайы оқу-тәрбие процесі, бүкіл әлеуметтік
шындық, отбасындағы өзара қатынастың, құрдастарының және қоршаған адамдардың әсері арқылы
жүзеге асырылады.
Ж.Ж.Қартбаева өзінің «Оқушыларда толеранттылық мінез-құлықты қалыптастырудың
педагогикалық-психологиялық негіздері» (2008ж.) атты еңбегінде оқушыларда толерантты мінез -
құлық қалыптастырудың мақсаты мен міндеттері, жолдары және қағидаларының үлгісін жасаған (3).