3. Мәселелік әдіс. Мәселелік әдісті қолданғанда оқушылар орындайтын іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшеді. Бастауыш мектептің оқушылары мәселелік міндеттерді өз бетімен шеше алмайды, сондықтан мұғалім оларға мәселені шешу жолдарын көрсетеді, мәселені толықтай өзі шешеді. Оқушылар мәселені шешпесе де, танымдық қиындықтарды шешу жолдарын көреді. Мәселелік әдістің орта және жоғары сыныптарда пайдасы көп. «Токты күшейту және әлсірету үшін, температураны көтеру және түсіру үшін не істеу керек?» — деген сұрақтар мәселелік сұрақтар. Қиын жағдаят мәселені шешуге керекті білімдерді, ақыл-ой жұмысына қабілетті, үлкен белсенділікті талап етеді. Оны оқушылар өз беттерімен немесе мұғалім көмегімен шешеді.
Мәселелік жағдаятты тудырудағы мақсат — оқуды қиындату арқылы оқу материалдарын меңгерту, баланың ақыл-ойын жұмыс істету. Мәселелік жағдаят сұрақтар қою, болжам айту, дәлелденбеген пікірлерді талдату арқылы жасалады. Оқылып отырған құбылыстың сызбасы, диаграммасы жасалады. Оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдерін емін-еркін естеріне түсіреді. Мәселелік әдіс оқушыларды тапқырлыққа, қарама-қайшылықтарды түсінуге, болжамдар айтуға, дәлелдер келтіруге, шешім табуға үйретеді.
4. Ішінара ізденіс немесе эвристикалық әдіс. Оқушыға мәселені өз бетімен шешуге үйрету үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Мұғалім картиналар, құжаттар көрсетіп, оларға сұрақ қоюды ұсынады, фактілерден қорытынды шығартады, ұсыныстар айтқызады. Эвристикалық әдіс арқылы сабақ өткізетін мұғалім алдын ала мәселені шешуге алып келетін, оқушылардың білімдерін еске түсіртетін сұрақтар әзірлейді.
Эвристикалық әңгіме үшін құрастырылған сұрақтар мәселелік сипатта болады. Оқушылар ізденеді, шығармашылықтарын көрсетеді. Оқушылар жеке мәселелік сұрақтарды шешсе, онда ішінара – ізденіс әдісінің қолданылғаны. Мұғалім тапсырма әзірлеп, оның қай жерлерін оқушылар зерттеу арқылы орындайтынын белгілейді.
Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды. Зерттеу жұмыстары сабақта, үйде орындалып, бір аптада, бір айда орындалатын тапсырмалар жоспарланады. Мысалы, әдебиеттің мұғалімі «Қазақстан жазушыларының нарық кезінде жазған шығармалары» — деген тақырыпта тапсырма береді. Оқушылар барлық жұмысты өз беттерімен орындайды. Өсімдіктер өсіру үшін қолданылған агротехникалық тәсілдердің пайдасын анықтау жөнінде тапсырмалар беріліп, зерттеу жұмысының жоспары жасалып, қорытындыларының дұрыстығы тексеріледі. Осы жоспармен туған өлке тарихын зерттетуге болады. Оқушылар эксперимент жүргізеді, ғылыми эксперименттерге қатысады, ұзақ уақыт кететін тапсырмалар көп болмау керек. Әр пәннен жылына бір рет тапсырма берген жақсы. Бір оқу жылы ішінде барлық пәндерден зерттеу жұмыстарын беру тиімсіз. Зерттеу жұмысының түрлері: өсімдіктерді, жануарларды, табиғат құбылыстарын бақылау, баяндамалар оқу, технологиялық процестерді жетілдіру туралы ұсыныстар айту, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді талдау, т.б.
ІХ-Х сынып оқушыларын әдебиетті іріктеуге, аннотация жасауға, конспектілеуге, картотекалар жасауға, жоспар жасауға, материал жинауға, оның жоспарын жасауға, құрастыруға, баяндауға үйрету керек.
Зерттеу кезеңдері: 1) факті, не құбылыстарды бақылау, зерттеу; 2) зерттелетін мәселелерді анықтау; 3) мәселені шешу жөнінде жорамал айту; 4) зерттеудің жоспарын жасау; 5) зерттеу; 6) нәтиже; 7) оны қолдану туралы ұсыныс.
Оқушының шешетін мәселелері оқу бағдарламасына ену керек. Оқушының зерттеуі ғалымның зерттеуіне ұқсас, күрделі болмау керек. Оларды әдіскер-ғалымдар жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |