Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби



бет12/16
Дата11.01.2017
өлшемі5,51 Mb.
#6800
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Сын есімнің заттану процесі

Қай тілде болмасын, сөз топтары арасында бір-біріне ауысу, алмасу "процестері болып отыратындығына ғалымдар ертеден көңіл белген.А. Байтұрсыновтың "Тіл-құралында" "сын есімнің кейбіреулері зат есімнің орнына жүреді, мәселен, арзан еттің сорпасы татымас" дегеннің орнына "арзанның сорпасы татымас" деп айтылады. "Арзан еттің" деген екі сөздің орнына "арзан" деген жалғыз сөз жарап тұр. Сондықтан мұндай зат пен сын орнына бірдей жүретін сөздерді зат сын ,- деп атаған, әрі зат сынның зат есім секілді түрленетіндігі айтылған.

Сын есімнің бұл ерекшелігі кейінгі оқулықтарда да ескерілді. Өйткені сын есімдердің заттық ұғымда қолданылуы тілімізде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, Үлкен бастар, кіші қостар. Жақсының шарапаты тиер тар жерде, жаманның кесапаты тиер әр жерде.

Осы сөйлемдердегі үлкен, кіші сөздері үлкен адам, кіші адам дегеннің орнына, жақсының, жаманның сөздері жақсы адамның, жаман адамның дегеннің орнына қолданылып, зат есім секілді түрленіп тұр.

Сын есімдердің осылайша заттық мағынада зат есімге ауысып қолданылуы ғылымда сын есімнің субстантивтену процесі деп аталады.

Сонымен бірге грамматикаларда сын есімдердің заттану процесі біркелкі емес, кейбіреулері бүтіндей заттанып, біржола субстантивтенетіндігі де көрсетілген. Мысалы, сықпа, жайма, шайқор, жүлдегер т.б. Бұл сөздер сындық мағынада да қолданылады: сықпа құрт, жайма нан, шайқор адам, жүлдегер студент.

Осылайша сын есімдердің "әрі заттық, әрі сындық мағына білдіруінің негізгі себебі о бастағы зат есімнің атрибутивті қолданылуымен байланысты. Мұндай қолданыс тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік қызметтегі сөйлем мүшесін қалыптастырған, ал бұл синтаксистік қатынастың тілдің морфологиялық құрылымында сын есімнің дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасуына негіз қалады. Қазіргі қазақ тіліндегі жас, бала, кедей, бай, ауру, жүдеу т.б. сөздердің атрибутивтік мәнде орнығуы - осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі" - деп түсіндіріледі.
Сын есімнің синтаксистік қызметі

Сөздерді тапқа бөлудің үшінші ұстанымына сай әр сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Сын есім мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болады. Мысалы,

Көгілдір көкте қалқиды,

Көк ала бұлттар тек баяу.

Көкпеңбек теңіз шалқиды,

Кеп еді неткен көк бояу. (К.Ахметова)

Осы өлең жолдарындағы сын есімдер зат есім алдында тұрып, анықтауыш болып тұр. Сын есімнің зат есім алдында келіп тіркесуі-тілдегі қалыптасқан заңдылық. Бірақ сөйлемде зат есім түсіп қалып, сын есім орнына қолданылатын кездері де болады, яғни сын есім заттанып қолданы-латындығы жоғарыда айтылды. Мұндай жағдайда сын есім зат есімдер секілді түрленеді. Мысалы, Жаманға жақсы сөз өтпес (С.Сарайи). Өнерлінің қапасы нақ, өнерсіздің өкініші жоқ (А.Иүгінеки). Осы сөйлемдердегі жаманға, өнерл інің, өнерсіздің сөздері заттанып, барыс және ілік септіктер тұлғасында тұр.

Сын есімдер заттанған кезде табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келіп, толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.

Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, пысықтауыш болады. Мысалы, Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды (М.Әуезов). Мына қып-қысқа хаттан ана көңілінің алаңы анықсезіледі.

Сын есім заттанғанда атау септікте тұрса, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы, Жақсылар байқап сөйлер, білімсіздер шайқап сөйлер.

Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы, Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш (Қ.Қазиев). Үйдің іші мұнтаздай тап-таза (С. Бақбергенов).
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Сын есімнің жалпы сипаттамасы

  2. Сын есімнің зерттелу тарихынан мәлімет беріңдер.

  3. Сын есімнің семантикалық топтары дегенде не түсінесіңдер?

  4. Сын есімнің морфологиялық құрылымы қандай?

  5. Сын есімнің шырай категориясы жайлы мәлімет беріңдер.

  6. Сын есімнің заттану процесін мысалдар арқылы дәлелдеңдер.

  7. Сын есімнің синтаксистік қызметін түсіндіріп беріңдер.



Сан есімнің лексика-грамматикалық сипаты
Есімдер тобына жататын сөз табының бірі болып саналатын сан есімнің өзіндік зерттелу тарихы бар.

Түркі тілдеріндегі грамматикапардан бастап сан есімге көңіл бөліне бастады. Бұл грамматикалардың бәрінде де сан есімдер қысқаша болса да сөз болды. Мысапы, Н.И. Ильминскийдің, А. Казембектің, М. Терентьевтің, П. М. Мелиоранскийдің, В.В. Катаринскийдің, С.В.Ястремскийдің, Н.Ф. Ката-новтың еңбектерінде сан есім жеке сөз табы ретінде қарастырылған.



Кеңес дәуіріндегі түркологтар еңбектерінде де сан есім жайында пікірлер бар. Мысалы, А. Боровковтың оқулығында сан есімнің екі түрі көрсетілсе, Н. П. Дыренкованың грамматикасында төрттүрі берілген. Бірақ бұл грамматикаларда "сан есімнің семантикалық жақтарына қарай бөлінуін бірінші орынға қойғанмен, ол элементарлы түрде қысқа ғана түсіндіріліп, барлық қолдану ерекшеліктері толық және жан-жақты қамтылмай баяндалған".

Қазақ тіл білімінде сан есім жеке сөз табы ретінде алғаш мектеп фамматикасыныңкөлемінде қарастырылды. Қазақмектептеріндеқазақтілін пән ретінде үйрететін оқулық А. Байтұрсыновтың оқулықтары болды. Оның "Тіл-құралдары" (үш кітап) қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген оқулықтар еді. Ғалымның 1914 жылғы бірінші Тіл-құрал" оқулығында сан есім жеке сөз табы ретінде көрсетілген. Онда сан есімге мынадай анықтама берілген: "Неше? қанша? деген сұрауға жауап болатын һәм нәрсенің санын көрсететін сөздерді сан есім дейміз ." Ал 1915 жылғы екінші Тіл-құралда" сан есімге қатысты мағлұматтар кеңейтіліп баяндалған. Бұл кітапта "Сан есім нөрселердің есебін һәм ретін көрсететін сөздер,"-деген анықтама беріліп, сан есімнің есептік (оны іштей жай және жадағай деп екіге бөлген), реттік, темілдік (қазіргіше бөлшектік сан есім) деген түрлері көрсетілген,

Қазақ тіл білімінің ғалымдары I. Кеңесбаев, К. Аханов, А. Ысқақов, Н. Сауранбаев, М.Балақаевтардың грамматикалық оқулықтарында да сан есімдердің мағыналық топтары, жасалу жолдары туралы пікірлер қамтылды.

1954 жылы шыққан қазақ тіл білімінің фонетика, лексика және грамматика мәселелерінен жан-жақты мағлұмат беретін "Қазақ тілі" атты еңбекте сан есім жайында аздаған мәлімет берілді.

Сан есім кейініректе арнаулы диссертациялық зерттеу объектісі болып, ол жөнінде Ә. Хасеновтің жеке еңбегі (1957) жарияланды. Ғалым өз зерттеуінде түркі тілдеріндегі сан есім категориясының зерттелуіне шолу жасай келіп, сан есімдердің лексика-семантикалық ерекшеліктеріне тоқталып, лексикалық жағынан сан есімдер түркі тілдерінің туыстығын айқын таныта аларлық категорияның бірі болып табылатындығын және сан атауларының түрік тілінде сөйлейтін халықтармен бірге жасап, көне заманнан бермен қарай қолданылып келе жатқандығын айтқан. Сан есімдерді семантикасына қарай есептік, реттік, жинақтық-субстантивтік, топтық, бөлшектік, болжалды-баламалық деп алты түрге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталған. Одан әрі сан есімнің морфологиялық ерекшеліктерін баяндай отырып, сан есім-дердің жеке сөз табы ретіндегі ең басты айырмашылығы-сан есімдер не аффикстену, не басқаша тәсілдер арқылы басқа сөз таптарынан жасалмай-тындығын дәлелдеген. Сонымен бірге сан есімнің синтаксистік қызметін де сипаттаған.

1964 жылы қазақ тіліндегі есім сөздерді түгел қамтыған проф. А. Ысқақовтың "Қазіргі қазақ тілі" (морфология) атты монографиялық еңбегі жарық көрді. Осы еңбегінде ғалым сан есімді жеке сөз табы ретінде жан-жақты сипаттай келіп, сан есімдердің жасалу жолына қарай қосылмалы және көбейтілмелі болып келетіндігін тіл фактісіне сай тұжырымдаған .

Грамматикаларда да сан есімнің жеке сөз табы ретінде лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік жағынан қарастырылуында алдыңғы еңбектермен үндестік байқалады.

Ал сан есімнің сөзжасамы кейінгі кезде арнайы зерттелді. 1988 жылы профессор Н.Оралбаеваның "Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі" атты еңбегі жарық көріп, онда сан есім сөзжасамының негізгі тәсілдері, олардың сөзжасам жүйесінен алатын орны, атқаратын қызметі айтылып, сан есімнің әр семантикалық тобының жасалуы, күрделі сандардың жасалу модельдері көрсетілді.

Сан есім сөйлемдегі сөздердің барлығымен бірдей тіркесе бермейді. Олардың тікелей тіркесетін негізгі сөздері - зат есімдер, зат есімнен жасалған туынды сын есім және етістіктер. Осы тұрғыда ғалым Т. Сайранбаев зерттеуінде сан есімнің етістікпен тіркесі жайында кеңінен айтылған. Ал А. Елешева фразеологизм құрамындағы сан есімдердің ерекшеліктеріне тоқталған .
Сан есімге жалпы сипаттама

Сан есім-оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, есімдер тобына жататын сөз таптарының бірі. Сан есімге жататын сөздердің өздеріне тән лексика-грамматикалық мағыналары бар, яғни олар заттың сан мөлшерін, ретін, шамасын білдіреді. Олай болса, сан есім-сөздерді таптастырудың бірінші ұстанымына сәйкес яғни семантикалық сипаты жағынан сандық, мөлшерлік ұғымды білдіретін свздер. Сан есімдер басқа сөздерге (зат есімдерге) тіркеспей жеке айтылғанда, абстракт сан атауы ретінде қолданылады, ал зат есіммен тіркескенде заттың нақты сандық мөлшерін көрсетеді.

Сан есімдер- тілімізде ете көне заманнан бері қолданылып келе жатқан сөздер. Сондықтан бұлардың қалай жасалғандығы жөнінде ғалымдар арасында түрліше пікір бар. Мысалы, Н. А. Басқаков сан есімдер-есімдерден бөлініп шыққан сөз табы екендігін және олар сын есім, үстеу сияқты белгі мағынасын білдіретіндігін айтқан. Ал қазақ тіліндегі сан есімді зерттеген Ә. Хасенов "Түрік тілдеріндегі негізгі сөздік қорға жататын сан атаулары өмір шындығынан, конкретті заттан алынған, яғни зат есімдерден шыққан. Әрине, бұл жалпы сандық ұғымдардың дамуы математика ғылымының дамуымен байланысты, адамзат қажеттігінен туды деген пікірге ешбір қайшы келмейді, қайта оны толықтыра, растай түседі, сандық семантикалық есімдер мен сөз тіркестері, түрік тілдеріндегі негізгі сан атаулары зат есімдерден бөлініп шықты деген жорамалымызды жоққа шығармайды, қайта растайды,"-дейді. Осылайша ғалымдар сан есімнің пайда болуы жөнінде түрліше пікір айтса, кейінгі ғалымдар сан атауларының нақтылы қалай, қандай тәсілдер арқылы жасалатындығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді .

Олай болса, сан есімдер-өздеріне тән жасалу тәсілдері бар, өздерінің табиғи қызметінде ешбір өзгеріске түспейтін, тек субстантивтенгенде ғана түрленетін, мағыналық жағынан бірнеше топқа бөлінетін, сөйлемде белгілі қызмет атқаратын сөз табы.
Сан есімнің лексика-семантикалық сипаты

Сан есім зат белгісін білдіруі жағынан сын есімге ұқсайды, сондықтан сан есім де зат есіммен тіркесте жиі қолданылады. Мысалы, Сарыбала атасымен бірге алыстағы қыр елінен он бес мың қой жинап қазынаға өткізді (Ғ. Мұстафин). Биылғы жылдың сегіз айында ғана мың адам курс бітіріп шықты. Осы сөйлемдердегі он бес мың, сегіз, мың сан есімдерінің нақты мағыналары өздері тіркескен сөздер арқылы анықталып тұр, яғни қойдың он бес мың, айдың сегіз, адамның мың екендігі нақтыланып тұр. Ал сан есімдер жеке қолданылғанда, оларда нақтылық болмайды, абстракт мағынаға ауысады, демек он бес мың, сегіз, мың деген сөздер жайындағы ұғымды ғана аңғаруға болады.

Қазақ тіліндегі сан есімдер бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, өлу, алпыс, жөтпіс, сексен, тоқсан, жүз, мың секілді жиырма шақты сөздер арқылы жасалатындығы ғылымда дәлелденген жағдай, яғни "санға байланысты неше түрлі болып жатқан абстракт ұғымдар осы жиырма сөз арқылы және олардың түрленуі арқылы беріледі".

Қазақ тілінде сан есімдер сиякты мөлшерлік мағынада қолданылатын бір топ сөздер бар. Бұл сөздерді Ә. Хасенов екі топқа бөліп қарастырған: бірінші-сан есімнің тура мағынасындағы, яғни дәл сан мағынасын білдіретін және солар арқылы жасалған сөздер: егіз, қос, жарты, жарым, жеке, жалқы, сыңар, жалгыз, некен-саяқ, дара және осы сөздердің әрқайсысының мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне тоқталған.

Автор сан есім мағыналы сөздердің екінші тобын өз ішінде тағы да екіге бөлген: 1. әртүрлі тіркестер арқылы берілетін абстрактылық ұғымдар; 2.счеттік (нумеративтік) сөздер мен сан мағыналы есімдер,

Ғалым бірінші топқа сүт пісірім, шап қайнатым, бір шай ішім, ет асым, ат шаптырым, еп жатар кез, түс ауа, күндік жер, қозы көш жер т.б. секілді тіркестерді жатқызған. Ал екінші топқа жүз бас қой, бір қап бидай, бір нар киім, екі қабат үй, үш түрлі мәселе, бір түп ағаш т.б. секілді сөздерді жатқызып, бұл сөздерді счеттік (нумеративтік) сөздер деп атаған.

А. Ысқақов қазіргі қазақ тілінде сан есімдер сияқты мөлшерлік мағы-нада қолданылатын сөздер бар екендігі, олардың жеке-дара түрінде де, сөз тіркесі түрінде де кездесетіндігін айта келіп, жарым, жарты сөздері бөлшеістік ұғымдардың, жалғыз, жалқы, сыңар, дара сөздері бірлік ұғымдардың, центнер, килограмм, тонна, қадақ, батпан сөздері салмақ өлшемдердің, қадым, қарыс, кез, метр, шақырым, ат шаптырым, қозы көш(жер) аралық өлшемдердің және ет асым, қас қаққанша, қас пен көздің арасында, әу дегенше сияқгы уақыт, мерзім өлшемдердің атаулары есебінде қолданылатындығын көрсеткен .

Бұл сөздердің мағынасында аздаған мөлшерлік ұғым болғанмен, олар сан есімге жатпайды. Мысалы: жарым, жарты, жалқы, сыңар, дара, қос, егіз сөздері-сын есімдер, центнер, қарабатпан, килограмм, тонна, гектар, кубомөтр, адым, қарыс, кез, метр, шақырым сөздері - зат есімдер, ат шаптырым, қозы көш (жер), ет асым, қас қаққанша, қас пен көздің арасында, әудегенше-тұрақты тіркестер).

Сан есімге жатпаса да, мөлшерлік мағынада тілімізде жиі қолданылатын осы сөздердің ерекшеліктері академиялық грамматикада (2002) нақтыланып көрсетілген және бұл сөздер мынадай ретте топтастырылған:

- салмақ өлшемдерін білдіретін сөздер: қадақ, пұт, келі, батпан;

- көлем мөлшерін білдіретін сөздер: бір шымшым, біруыс, бір тілім, бір құшақ т.6.

- қалыңдық өлшемін білдіретін сөздер: пышақ сырты, шынашақ, бармақ, екіелі т.б.

- қашықгықөлшемін білдіретін сөздер: адым, таяқтастам, шақырым, қозы көш жер, ат шаптырым т.б.



- ұзындық өлшемін білдіретін сездер: тұтам, сынық сүпем, кере кез, аршын, құлаш т.б.

-жарты мағынасын білдіретін сөздер: жарты, жарым т.б.

- бір мағынасын білдіретін сөздер: жеке, дара, жалғыз, жалқы;

- екі мағынасын білдіретін сөздер: егіз, қос, пар;



- төрттен бір мағынасында: ширек;

- уақыт мөлшерін білдіретін сөздер: сүт пісірім уақыт, шай қайнатым биенің бір сауымындай уақыт .



Бұл сөздердің барлығы да мөлшерлік мағынада қолданылғандарымен, сан есім болмайды.
Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері

Сан есімдердің морфологиялық сипаты жағынан негізгі ерекшелігі ол өзі анықтайтын сөздерінен бұрын қолданылып, бірақ ешқандай морфологиялық өзгеріске түспейтіндігі ғылыми зерттеулерде, оқулықтарда анық сипатталған. Яғни, сан есімдер өздерінің өрі табиғи, әрі негізгі функциясы болып есептелетін сандық, сан-мөлшер мағыналарында қолданылғанда, еш өзгеріске түспейді. Мысалы, Поездан бұдан басқа төрт адам түсті (Н. Ғабдулин). Ол жақтан келетін екі автобус сәскеде келеді (сонда). Осы сөйлемдердегі төрт, екі сан есімдері өздері тіркесетін зат есімдердің алдынан түбір күйінде, ешбір қосымшасыз қолданылып тұр.

Сан есімдер субстантивтенгенде түрленіп, «әр алуан өзгеріске түседі, демек, көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те және жіктеліп те қолданылады. «Мысалы, Мына бір бұлт жіңішкере келіп, екіге үзіліп кетті (С. Бегалин). Қармақтары балық қапқанша бір-біріне үндеспеуге серт айтысқандай екеуінде де үн жоқ (С. Омаров).

Сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Тілімізде дара сандар көп емес, барлығы жиырма шақты- бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жөті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан, жүз, мың.

Күрделі сан есімдерге Ә. Хасенов «екі немесе бірнеше дара саннан құралған сан есімдер», -деген анықтама берген. Мысалы, Қазақстан жерінде сүт қоректілердің жүз елу алты, құстардың төрт жүз жетпіс төрт, балықтың жүз қырық түрі бар (оқулықтан). Осы сөйлемдегі сан есімдер екі, үш, төрт сан атауынан құралған.

Грамматикаларда дара сан есімдер іштей негізгі және туынды болып екіге бөледі. Негізгі дара сан есімдерге морфемалық бөлшектерге бөлінбейтін сөздер жатқызылады. Мысалы, бір, екі, бес, жеті, сегіз т.б. Ал туынды сан есімдер әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мысалы, бірер, бірінші, үшеу, төртеу т.б.

Осы негізгі және туынды дара сан есімдердің тіркесуінен я қосарлануынан жасалған сан есімдер күрделі сан есімдер деп аталады. Мысалы, он бес, бес- бестен, жүз тоқсан бес, жетпіс- сексеннен т.б.

Сан есімнің сөзжасамын арнайы қарастырған проф. Н.Оралбаева күрделі сан атауларын «екі я онан да көп сандардың бір- бірімен тіркесіп, құрамындағы сандардан басқа сандық ұғымды білдіретін түрі», -деп атаған. Ғалым айтып отырғандай, күрделі сан есімнің құрамында қанша сан атауы болса да, барлығы бірігіп, бір күрделі сандық ұғымды білдіреді. Мысалы: жиырма бес мың тогыз жүз тоқсан тогыз- осы жеті сан атауы бірігіп, бір ғана күрделі сан атауын білдіріп тұр. Ал күрделі сан атауының ең кемі екі сөзден тұруы "бұл- міндетті шарт, онан кем болуы мүмкін емес. Бірақ күрделі санның құрамы екіден әлдеқайда көп бола береді. Мысалға миллионға дейінгі күрделі сандардың ең көбі тоғыз сөзден тұрады: тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз".

Миллионнан асқанда күрделі санның құрамы тоғыз сөзден де көп болуы мүмкін. Бірақ, ғалым көрсетуінше, «күрделі сандардың құрамы неғұрлым көбейген сайын күнделікті өмірде оның қолданылуы сирей береді. Күрделі сандардың мыңға дейінгі түрлері өмірде көп кездеседі, көбірек қолданылады, ал миллионға дейінгі күрделі сандар олардан әлдеқайда сирек қолданылады .

Күрделі сандардың тағы да мынадай ерекшеліктері бар:

1) Оларда синонимдік қасиет болмайды, әрқайсысының мағыналары дербес болады. Мысалы, жүз тоқсан бес, жүз тоқсан алты. Осы екі күрделі сан атауы екі түрлі ұғым білдіреді.



2) Күрделі сандар бір сөз болғандықтан, қосымшапар олардың соңғы компонентіне жалғанады. Мысалы: Қала халқы жүз он жеті мыңнан асады (Н. Баяңцин). Осы сөйлемдегі төрт компоненттен тұратын күрделі санның соңғысына шығыс септігі жалғауы жалғанған.

3) Күрделі сандар біртұтас сөз болғандықтан, олардың арасына еш уақытта ешбір морфема кіре алмайды, оларды бөліп айтуға болмайды. Күрделі сандар өз тұтастығын, орын тәртібін берік сақтайды. Мысалы, тоғыз мың елу екі деген күрделі сан атауы тек қана осы төрт сан атауынан жасалады, олардың орнын ауыстырса, арасына басқа морфема енсе, бұл ұғымды бере алмайды.

4) Күрделі сандардың құрамы қанша сөзден құралғанына қарамастан, олар сөйлемде бір сөздің қызметін атқарады, бір сөйлем мүшесі болады. Мысалы: Бір тәулікте мың төрт жүз қырық минут бар («Білім және еңбек«). Осы сөйлемдегі мың төрт жүз қырық күрделі сан атауы анықтауыш болып тұр.

Күрделі сандардың ғылымда проф. А. Ысқақов дәлелдеген екі түрлі жасалу жолы бар:



1) дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санның үстіне басқа бір санды қосу жолымен, яғни белгілі бір санға (қосылғышқа) келесі бір қажетті санды (қосылғышты) қосып айту жолымен жасалады. Бұл Жол- қосылмалы жол деп аталады. Мысалы, сексен сегіз, тоқсан алты т.б. Осы күрделі сан атаулары сексен, тоқсан сандарына сегіз, алты сандарын қосып айту арқылы жасалған.

2) Дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санды (көбейгішті) басқа бір санға (көбейткішке) көбейту жолымен, яғни белгілі бір санды келесі бір қажетті санға көбейту, еселеу жолымен жасалады. Күрделі сандарды жасаудың бұл жолы көбейтілмелі жол деп аталады. Мысалы, бес жүз, он мың күрделі сан атаулары бес, он сандарын жүз, мың сандарына кебейту арқылы жасалған.

Күрделі сандардың құрамында осы екі жолмен жасалған сандар араласып келетін де кездері болады. Мысалы, бес мың сегіз жүз қырық бес деген күрделі санның құрамындағы бес мың (5x1000), сегіз жүз ( 8х 100)-көбейтілмелі сан да, қырық бес (40+ 5)- қосылмалы сан. Күрделі сан есім-дердің мұндай түрі аралас күрделі сан есімдер тіркесі деп аталады .

Күрделі есептік сандарға тән тағы бір ерекшелік олардың құрамындағы жеке сандардың орналасуына байланысты, яғни мұндай сандар құрамында алдымен жоғары дәрежелі сандар, одан кейін төмен дәрежелі сандар қойылып айтылады. Мысалы, жетпіс екі, бес мың жиырма бес т.б.

Бұл ерекшелікті А.Байтұрсынов оқулығынан да кездестіреміз. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «он бір дегенде әуелі үлкенін айтып, сонан соң кішісін айтамыз: ол «онның« «бірден« үлкендігінен. «Жүз елу« дегенде, әуелі «жүзді« айтып, сонан соң «елуді» айтамыз: ол «жүздің» «елуден» үлкендігінен .
Сан есімнің мағыналық топтары

Сан есім сөздер заттың сандық мөлшерін түрліше атайтынына қарай, бірнеше мағыналық топқа жіктеле алады. Ғылыми грамматикаларда көрсетіліп жүргендей, сан есімдердің бір тобы зат есімімен тіркесіп, оны анықтап, есебін, ретін, мөлшерін білдірсе, біразы жинақтылық ұғымды, бөлшектік үлесті, шамалық, болжалдық мағыналарды білдіреді. Осындай ерекшеліктеріне қарай, сан есім алты топқа бөлінеді: есептік сан есім, реттік сан есім, жинақтық сан есім, топтау сан есімі, болжалдық сан есім және бөлшектік сан есім.

Есептік сан есім мағыналық топтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі және бұлар «заттың нақтылы санын және абстракт сандық ұғымды білдіреді.« Мысалы, Тоқсан бес жыл бұрын арқаға аға сұлтандық тәртіп орнады (X. Есенжанов). Екі жауынгер салтаттылы арбаның артында келеді .

Осы сөйлемдердегі тоқсан бес, екі сан есімдері жыл, жауынгер сөздерін сан жағынан анықтап, есептік сан есім болады.

Есептік сан есімдер үнемі зат есіммен тіркесте қолданыла бермейді.Зат есімсіз қолданылғанда абстракт сандық ұғымды білдіреді: Үшке бесті қосқанда сегіз болады. Бұл сөйлемдегі сан есімдер зат есім тіркесінсіз, абстракт мәнде қолданылған.

А.Ысқақов «есептік сандарға сан есімдердің өзге топтарының жасалуына негіз болатын табиғи сандар жатады»,-дей келіп, ол сандарды дәрежесіне қарай бірлік сандар, ондық сандар, жүздік сандар және мыңдық сандар деп, төрт топқа жіктеген.Осы топтар құрамына қарай дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Дара сан есімдерге бірлік, ондық сан атаулар, жүз, мың сөздері жатады. Ал жеке сандардың тіркесуі арқылы күрделі есептік сан есімдер жасалады. Мысалы, сексен тоғыз, сегіз жүз тоқсан тоғыз т.б.

Есептік сан есімдер зат есіммен тіркесіп, оны анықтап тұрғанда, морфологиялық тжағынан еш өзгеріске түспейді.

Есептік сан есімдер өзге сөз таптарынан жасалмайды. Ал есептік сан есіммен сөзжасамның әртүрлі тәсілдері арқылы жаңа сөздер жасалатындығы оқулықгарда қысқаша көрсетіліп жүр. Мысалы, А. Ысқақовтың оқулығында бесбармақ (ет), елубасы, алты бақан сияқты зат есім сөздер, екіұшты, өкі ұдай, екі жүзді сияқты сын есім сөздер, үшеу ара, екі талап сияқты үстеу сөздердің сан есім арқылы жасалатындығы және бір сөзінің лексика-семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері жайында айтылған. Сондай-ақ академиялық грамматикада да есептік сан есімнің тұрақгы тіркестер құрамында кездесетіндігі, бір сан есімінің қолданылу, стильдік ерекшеліктері сөз болған. Сан есім сөздердің мағынасының кеңуі арқылы жасалған туынды сөздер, олардың даму, қалыптасу жолдары, сан есім негізінде басқа сөз таптарына жататын туынды сөздердің жасалуы және оның себептері, олардың даму жолдары Г.Шаһарманның зерттеу еңбегінде жан- жақты қарастырылған .

Реттік сан есім

А. Байтұрсынов оқулығында реттік сан есімге «нәрселердің ретін көрсететін сан есімдер «деген анықтама берілген. Мысалы, Бұдан гөрі маңыздырақ екінші мәселе бар (Н. Ғабдуллин). Ол кезде Әділбек жасырақтау еді, жетінші класта оқитын (сонда). Осы мысалдарда екінші, жетінші сан атаулары өздері тіркесетін зат есімдердің алдында келіп, мәселенің, кластың рет санын көрсетіп тұр.

Ә. Хасенов реттік сан есімге «реттік сандар заттың (яғни зат есімнің) ретін, тәртібін білдіреді,» - деген анықтама берген. Кейінгі грамматикаларда да реттік сан есім жайындағы пікірлер осы бағытта айтылған: «Қазіргі қазақтіліндегі реттіксан есімдер белгілі бір заттар мен құбылыстардың орын тәртібі, реттік жүйесін белгілеу үшін қолданылады.«Реттік сан есім заттың саналу ретін, орын тәртібін білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді де, есептік сан есімдерге дауыссыз дыбыстардан соң -ыншы, -інші, дауысты дыбыстардан соң - ншы/- нші жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады». Мысалы. бір-інші, екі-нші, алты-ншы, тоғыз-ыншы т.б.

Реттік сан есімдер де құрамына қарай дара, күрделі болып келеді. Мысалы, Серттескен үшінші түн де келіп жетті (X. Есенжанов). Кәдімгі Жолмұқан жуытпай өзіне он бірінші жасақшы етіп алған сарысы (сонда).

Осы мысалдардағы үшінші дара реттік сан есім болса, он бірінші екі санның тіркесуі арқылы жасалған күрделі реттік сан есім және оларға қосымша соңғысына жалғанған.



Реттік сан есімдер негізінен заттың рет санын, қатар санын білдіретіндіктен, олар үнемі зат есімнің алдынан келіп тіркеседі. Мысалы, бірінші жүлде, бесінші қабат, тоғызыншы үй, он сегізінші қатар т.б.

Реттік сан есім зат есімдерше түрленіп, заттық мағынада да қолданылады. Мысалы, Екіншісі де оның жанынан тізерлей отырып, шоққа қолын созды (X. Есенжанов). Ол екі қойдың бірін қақпадан кіргеннен- ақ көрді, ал екіншісін көзіне түсіре алмады (сонда).
Жинақтық сан есім

А.Байтұрсыновтың оқулығында, жоғарыда айтылғандай, есептік сан есімді жай және жадағай деп екіге бөліп, жадағай сан есімге - біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу сөздерін жатқызған және бұлардың басқа есімдерге қосарланып айтылмайтынына көңіл бөлінген. Сонда ғалымның жадағай есептік сан есімдері қазіргі жинақтық сан есімге сәйкес келеді.

Сан есімді арнайы зерттеген Ә. Хасенов сан есімнің бұл түрі абстрактілік ұғымды білдіріп, көбіне зат есімнің орнына қолданылатындығын айта келіп, оны жинақтық - субстантивтік сан есімдер деп атаған (30, 26), яғни сан есімнің бұл түрі көбіне зат есім орнына қолданылып, зат есім категориясына жақындайды деп есептеген. Алайда ғалымның бұп атауы кейін қолдау таппады. А. Ысқақов оқулығында, академиялық грамматикаларда сан есімнің бұл түрі жинақтық деген терминмен аталады. Бірақ сан есімнің бұл мағыналық тобына беріліп жүрген анықтамаларда айтарлықтай айырмашылық жоқ. Көбіне оны "белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін жинақтап көрсету үшін және жинақтық абстракт сан ұғымдарын білдіру үшін қолданылады," "Мұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіретіндіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады", "Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есім заттың жинақталған сандық мөлшерін білдіреді", - деп анықтайды. Мысалы, Бүгін Оспан кеш батарда Смағұлға барып, екеуі бір түрлі бола қалып еді (М. Әуезов). Осы сөйлемдердегі екеуі сөзі Оспан мен Смағұлды жинақтап көрсетіп тұр.

Жинақтық сан есімдер есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтары қосылуы арқылы жасалады: біреу, екеу, үшеу т.б.

Жинақтық сан есімдердің өздеріне тән мынадай ерекшеліктері бар:

- жинақтық сан есімдер ешқашан да күрделі түрде қолданылмайды;



- жинақтық сан есімдер мағына жағынан субстантивтік қасиеті болып келетін сөздер болғандықтан, сөз түрлендіруші грамматикалық формалардың бәрін де қабылдай береді. Мысалы, Бұл үшеудің қолында тобылғы сапты жалаң дойыр ғана (X. Есенжанов). Бұл екеуі де атақты Сырым батырдың шөбересі (сонда). Біреулер судың алдын бөгеп тас, топырақ, шөп- шөлең төгіп жатыр (сонда). Ол қиыр шеттегі екеуден көз жазып қалармын дегендей, жақындай түсті.

- жинақтық сан есімдерден лексика-семантикалық,морфологиялық және синтаксистік тәсілдер арқылы біраз жаңа сөздер жасалған. Мысалы, Домбыраны да, әнді де біреу үйреткен жоқ маған, өз бетіммен үйрендім (Н. Ғабдуллин). Екеулеп Айбаршаны азғырмақ болып еді, одан іс шықпады (С. Мұқанов). Ол екі-екіден тізіп, шоқақтай жортып келіп қалғандарды танып қалды (X.Есенжанов).Бірінші сөйлемде біреу сөзі белгісіздік есімдік мәнінде (прономинализацияланып) қолданылған, екіншісінде етістік тудыратын - ле жұрнағы арқылы жаңа сөз жасалған, үшінші сөйлемде жинақгық сан есімдердің қосарланып айтылуы арқылы үстеуге айналған.

Топтық сан есім

Тілімізде заттар мен құбылыстардың санын топтап көрсететін де сан есімдер бар. Осы ерекшелігіне байланысты топтық сан есіміне оқулықтарда «есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (- ден, - тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалып, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтап көрсететін сөздер,»- деген анықтама беріліп жүр. Мысалы, Біз әуелі тобымызбен, сосын екі- екіден, үш-үштен қосылып, бірнеше ән айттық (Н. Ғабдуллин).

Топтық сан есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болады. Мысалы, Сол күні екі жақтан үшеуден алты ғана кісі шақыртып алды (М. Әуезов). Әр оқушы бес- алтыдан ағаш егіп, соны өздері күтіп өсіретін болса, қандай жақсы! (М. Иманжанов). Осы сөйлемдердің алғашқысындағы топтық сан есімі жинақтық сан есіміне көнеленген шығыс септігінің жалғануы арқылы жасалса, екінші сөйлемде екі есептік сан есімдердің тіркесіп және соңғысына көнеленген шығыс септік жалғауы жалғану арқылы жасалған. Сондыідан соңғы сөйлемдегі сан атаулары күрделі топтық сан есімі болады.

Топтық сан есімдердің өздеріне тән мынадай ерекшепіктері бар:

- топтық сан есім жасалатын негізгі көрсеткіш- шығыс септік жалғауы. "Шығыс септік жалғауы сөз жасаушы қосымшаға жатпайтыны белгілі, ол-сөздерді байланыстырушы қосымша. Бірақ бұл қосымша есептік санға Қосылғанда, өзінің негізгі синтаксистік қызметін атқармайды, есептік санды сөйлемде басқа сөзбен байланыстыру қызметінде емес, есептік санға топтау мәнін қосады".

- кейде - дан, - ден қосымшасы топтық сан есімдердің анықтайтын сөздеріне қосылып айтылады. Мысалы, Сенбілікте әр студент бес- бес ағаштан отырғызды.

- топтықсан есімдер грамматикалық көрсеткіштермен түрленбейді және жаңа сөздер жасай алмайды.



Болжалдық сан есімдер

Сан есімдер барлық уақытта өздері анықтайтын заттар мен құбылыс-тардыңсанын дәл, нақты көрсетпей, шамамен тұспалдап атайтын кездері де болады. Осымен байланысты тілде болжалдық сан есімдер қалыптасқан. Сондықтан ғылыми еңбектерде болжалдық сан есімге мынадай анықтама берілген: «белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сездер . «Мысалы, Аңшылар Қараадырдан бес-алты шақырымдай ұзап шықты (М. Әуезов). Бір жұп құмырсқаның ұрпағы бір жыл ішінде бір жүз жиырма миллиондай жәндік, бір жүз елу мыңдай құрт жейді ("Қызықты зоология" кітабынан).

Бұл сөйлемдердегі бес-алты шақырымдай, бір жүз жиырма миллиондай жәндік, бір жүз елу мыңдай құрт дегенде аңшылардың нақты қанша шақырым ұзап шыққаны немесе құмырсқаның қанша жәндік, құрт жейтіні белгісіз, сан атаулары дәл өзінің сандық мәнінде тұрған жоқ, тек қана осы мөлшерде дегенді білдіреді.Енді осы болжалдық сан есімдердің қалай жасалып тұрғанына көңіл бөлейік. Алдыңғы сөйлемдегі бес- алты болжалды сан есімі есептік сан есімдердің қосарлануы яғни аналитикалық тәсіл арқылы жасалған, ал екінші мысалдағы бір жүз жиырма миллиондай, бір жүз елу мыңдай дегенде де заттың нақтылы саны айтылмаған, тек қана атаған санның шамасында деген ұғым бар. Сол ұғымдай жұрнағы арқылы жасалған, сөйтіп болжалды сан есім синтетикалық тәсіл арқылы жасалған.

Сан есімге арналған зерттеулерде, оқулықтарда осы екі тәсіл іштей бірнеше түрге бөлініп жүр.

Синтетикалық тәсілдің жолдары: - болжалдық сан есімдердай, - дей, - тай, - тей жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Өзен мен бұл үйдің арасы бес жүз қадамдай жер еді (X. Есенжанов). Екі жүздей ат шапты (Ғ. Мұстафин)

Бұл жұрнақтардың ерекшелігі- бірлік саны қосарланған сандарға (елу-алпыстай, жетпіс-сексендей) және ондық, жүздік, мыңдық көбейтілмелі сандарға (бес жүздей, жиырма мыңдай) қосылады.

Сонымен бірге бұл қосымшалар есептік сан есімдер тікелей тіркесіп анықтайтын мезгілдік, көлемдік мағыналы есімдерге де жалғанып, болжалдық мағынаны білдіреді. Мысалы, он тәуліктей, алты аптадай, бес айдай, екі айдай, отыз километрдей т.б.

- ер жұрнағы арқылы болжалдық сандар тек бір есептік сан есіммен жасалады. Мысалы, Бірер мыңды місетұтпай, бес-алты мыңнан алмақ(Ғ. Мүсірепов). Хажыға ол... менің бірер жасар күнімде, езінің отыз бес жасында кеткен (Ғ. Мұстафин)

- есептік сан есімдерге - лаған, - леген, - даған, - деген, - таған, теген жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Қалада қазір

жүздеген машина бар, - деді Мейрам (Ғ. Мұстафин). Техникумда мыңдаған жас кадрлар оқып жүр. (сонда).

- лап, - леп, -дап, - деп, -тап, - теп жұрнақтары сан есімдерге жалғану арқылы болжалдық сан есімдер жасалады. Мысалы, Олар шығып кетті де, бір жәшікті төртеулеп көтеріп әкеліп, төренің қасына қойды (Ғ. Мұстафин). Соның ішінде партияның, үкіметтің ерекше қаулысы бойынша, бес жүздеп, мыңдап тобымен келетіндер бар (сонда).

- есептік сан есімдерге көптік жалғауы, сонан соң жатыс септігінің жалғауы жалғану арқыл ы болжалдық мағына жасалады. Мысалы, Жиналыс сағат екілерде басталады.

Аналитикалық тәсілдің жолдары:

- есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы, Тобылғыны түсіріп, үйге кірсек, Есембайдың 13-14 жасар үлкен баласы келген екен (С. Мұратбеков). Айналасы қырық-елу адам (Ғ. Мұстафин).



- есептік сан есімдерге шақты, шамалы, қаралы, таман, жуық, астам, асқан, келген, тарта, таяу сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Ол осы жаздың басында он шақты жігітімен келіп, Жаншаның жасағына жазылғанды (X. Есенжанов). Екі жүзге тарта жігіт кетіп еді (С. Мұқанов).

Болжалдық сан есімдер де зат есіммен тіркеспей, соның орнына жүргеңде ғана көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Мысалы, Екіншісі он бес -он алтыда (Ғ. Мұстафин).

Бөлшектік сан есімдер

Бөлшектік сан есімдерге қатысты анықтаманы оқулықтардың қай-қайсысынан да кездестіруге болады. Сол анықтамалар бойынша бөлшектік сан есімдер "белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін", "белгілі бір заттар мен құбылыстардың бөлшекгік үлесін, бөлшегін", "заттар мен құбылыстардың бөлшектік санын, үлесін" білдіреді. Олай болса, бөлшектік сандық ұғымның тілде бар екендігіне еш күмән жоқ.

Бөлшектік сан есімдер құрамы жағынан күрделі болып келіп, есептік сан есімдердің синтаксистік тәсілмен тіркесе айтылуы арқылы жасалады: бестің бірі, жүздің оны, төрттөн екісі, жүздөн бірі т.б. Осы сан атаулары морфологиялық құрамы жағынан күрделі және олардың бірінші сыңары- ілік септігінде, екінші сыңары- тәуелдік жалғауында (бестің бірі, жүздің оны), бірінші сыңары- шығыс септік жалғауында, екінші сыңары- тәуелдік жалғауында (төрттен екісі, жүзден бірі) тұр. Осы ерекшелікке байланысты бөлшектік сан есімдердің есептік сандардың синтаксистік тәсілмен тіркесе айтылып және белгілі бір грамматикалық тұлғалардың қосылып айтылуы арқылы жасалатындығы ғылымда дәлелденген жағдай. Атап айтқанда:

- бөлшектік сан есімдердің құрамындағы бірінші сыңары ілік немесе шығыс септіктің бірінде, екінші сыңары тәуелдік жалғаудың үшінші жағында

тұрады: төрттің бірі, жиырманың үші, жүздің екісі, төрттен бірі, отыздан оны, мыңнан жүзі т.б.

-бөлшектік сан есімдердің құрамындағы бірінші сыңары шығыс септікте, екінші сыңары атау септікте тұрады және көбіне "бөлігі" деген сөз тіркеседі. Мысалы, бестен бір, қырықтан төрт, мыңнан елу бөлігі, үштен бір бөлігі т.б.

-бөлшектік сандар жарым, жарты, ішрек сөздерінің есептік сандармен тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, бес ширек, мыңжарым т.б.
Сан есімнің синтаксистік қызметі

Сан есімді дербес сөз табы ретінде қарастырған Ә.Хасенов зерттеуінде де, оқулықтарда да сан есімнің негізгі синтаксистік қызметі-сөйлемде анықтауыш болу. Мысалы, Қазір Нұра өзенінің суына сегіз су бөгендері салынып, өзен мол береке ұйтқысы болып отыр ("Білім және еңбек" жұрналынан). Мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы үлкен емен ағаштың саясында өзінің өткізген өмірін ертектей айта отырып, Дубный досын есіне түсірді (Қ. Әбдіқадіров). Осы сөйлемдерде сан атаулары өздері анықтайтын есім сөздерінің алдында келіп, анықтауыш болып тұр.

Сондай- ақ сан есім оның ішінде көбінесе жинақтық сан атаулары ілік септігінде тұрып та анықтауыш болады. Мысалы, Үшеудің жараса кеткенін қара (Ғ. Мүсірепов)!

Сан есім заттанып, атау септігінде тұрып, сөйлемде бастауыш қызметін атқарады. Мысалы, Қырға тарттың құйын боп екеуіңде,

Құла кетті торының жетегінде (М. Мақатаев).

Адасармыз, адассақ, қарамай-ақ,



Кел, екеуіміз кезейік жалаңаяқ. Алшағыр, Сүгірәлі екеуің барақ салып жатқандарды шақырып әкеліңдер (Ғ. Мүсірепов).

Сан есім сөйлем соңында келіп, баяндауыш болады. Мысалы, Бағып жүрген сиырларымның ішінде тарғыл аласы он жеті, қызыл шұбары- он үш, қарасы-тоғыз, құбақаны-бесеу (С. Мұқанов).



Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, өзі бағынып тұрған сөзге меңгеріле байланысып, жанама толықтауыш болады. Мысалы, Қазір мұның да жасы елу екіні өтіп, елу үшке аттаған (Б. Тоқтаров). Олардың бірін өлтіріп, бірін жараладық та, ілгері кеттік (Т.Бигелдинов). Бойы, көркі, сөзі, өнері, тәрбиесі бөлек Мүкарама екеуінен бір басқыш жоғары тұрды (X. Есенжанов).

Сан есімдер септік жалғауын қабылдамай- ақ етістік алдында тікелей келіп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жидебайдан үш көшіп, Есенбайға жетті... (М. Әуезов).
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Сан есімнің зерттелу тарихын айтып беріңдер.

  2. Сан есімге жалпы сипаттама беріңдер.

  3. Сан есімнің лексика-семантикалық сипатын түсіндіріңдер.

  4. Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері дегенде не түсінесіңдер?

  5. Сан есімнің семантикалық топтары жайлы мәлімет беріңдер?

  6. Сан есімнің синтаксистік қызметі



Есімдік, оған тән белгілер
Қазақ тілінде есімдік дербес сөз табы ретінде қарастырылып жүр. Ал орыс тілінде бұл мәселеде екі түрлі көзқарас болды. Ғалымдардың біразы есімдікті есім сөздермен бірге қарау керек десе, кейбір ғалымдар есімдік өз алдына жеке сөз табы болу керек деп санайды. Есімдіктерді есім сөз таптарымен бірлікте қарау керек дейтін пікір ұстанушы ғалымдардан А.Шахматов, А.М.Пешковский, А.Н.Гвоздевті атауға болады. Ал есімдікті жеке сөз табы деген көзқарасты дәлелдеушілер: В.В.Виноградов, Е.Н.Сидоренкот.б.

Қазақ тіл білімінде есімдіктер мәселесі А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, А.Ибатов, А.Төлеуов еңбектерінен орын алған. Аталған ғалымдардың қай-қайсы да есімдіктерді орынбасар сөздер ретінде қарастырады. Мәселен, А.Байтұрсынов есімдікке былайша анықтама береді: «Есімдік дегеніміз - есімдердің, яғни зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің орнына жүретін сөздер». Ғалым есімдікке осылайша анықтама бере отырып, есімдікті мағыналық жағынан бес топқа бөледі. Олар: 1) жіктеу есімдігі, 2) сілтеу есімдігі, 3) сұрау есімдігі, 4) жіктеу есімдігі, 5) танықтық есімдігі. Көріп отырғанымыздай, есімдіктердің саны да, атауы да қазіргіден басқаша. Сондай-ақғалым «жіктеу есімдігі» деген атауды екі рет қолданып, біріншісіне қазіргі мен, сен, (сіз), ол деген жіктеу есімдіктерін жатқызса, екіншісіне бәрі, барша деген қазір жалпылау есімдіктері аталып жүрген есімдіктер тобын кіргізеді.

Профессор Қ.Жұбанов есімдікке: «Орынбасар есім (есімдік) деп түбірдің де, қосалқы шылаулардың да орындарында жүре беретін түбірлерді айтамыз» - деген анықтама береді. Қ.Жұбанов есімдікке мынадай сөздерді жатқызады: мен, сен, ол (зат есім орнына), бұл, сол, ол (зат пен сын орнына), мұндай, сондай (сын есім орнына), сонша, мұнша (бұ да), олай, бұлай (бұ да), өйтіп, сөйтеді (етістік орнына), өйткені, онда (жалғауыш орнына), т.т. Ғалым есімдік деп таныған сөздердің ішінде есімдіктер де, есімдіктен басқа сөз таптарына қатысты сөздер де араласып жүр.

А.Ысқақов есімдіктер: «заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарлары» -деп сипаттайды .

Ғалым Ә.Төлеуов: «Жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері өзінен бұрын айтылған есім сөздердің орынбасары болып саналады» - деп, орынбасарлық қызметті есімдіктің белгілі бір топтарына ғана жатқызады.

Есімдіктерді арнайы зерттеген - ғалым А.Ибатов. Ғалым А.Ибатов есімдіктердің сөз табы ретіндегі тұлғасын, олардың мағыналық топтарын жеке-жеке сөз етеді. Ғалым: «Қазақ тіліндегі есімдіктер өзге де сөз таптары сияқты сөздерді таптастырудың белгілі жүйеге түсіп қалыптасқан негізгі үш принципіне сай лексика-семантикалық мағынасына, морфологиялық белгілеріне және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып бөлінеді» -деп, « ...оларға 1) мағыналары тым жалпы, 2) контексте қолданылу мақсатына қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие болып отыратын сөз табы, 3) әрқашан субъективті қатынаста қолданылатын сөздер» - деген түсінік береді .

Есімдіктердің өзіндік тарихи дамуы бар, өйткені есімдіктер көне сөздер сапынан орын алады. Бұл туралы А. Ибатов: «Есімдіктердің өте ерте заманда пайда болуы, еңалдымен, олардың мағыналарының тым жалпылама түрде келуінен көрінсе, олардың түбір сөздері мен қосымшаларында кездесетін өте көне формалардың сақталып қалуынан да айқын көрінеді» - дейді.

Сұрау есімдіктерін зерттеген Б.Омарова. Ол сұрау есімдіктерін арнайы зерттеу нысаны етіп, жалпы сұрау қоюдың заңдылықтар мен ерекшелікерін, сұрау есімдіктерінің грамматикалық сипатын анықтаған. Б.Омарова есімдіктердің нақты мағынасы болмайтыны туралы қағиданы шартты деп түсіну керектігін айта келіп, былай дейді: «Олай дейтін себебіміз есімдіктердің семантикалық тұлғасын контекске ғана қатысты деп кесіп айтудың қисыны жоқ. Өйткені есімдіктер тілімізде жеке дара сөз табы болғандықтан, ол жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді танытады деп білеміз. Мысалы, мен, ол, кім, не, әлдекім есімдіктері заттық ұғымды көрсетсе, қандай, әлдеқандай, әрқашан есімдіктерінде сапалық мән бой керсетеді» . Шынында, есімдіктердің жалпылама, абстракт мағынасы контекст ыңғайында нақтылана түседі, алайда сөз табы ретіндегі «жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді» білдіретіндігі де шындыққа жақын.

Есімдіктер зерттелген сөз таптарының қатарына жатады. Дегенмен есімдіктердің әр мағыналық тобының жеке зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет