Семасиология — гректің sета белгі, белгілеу және латынның lоgоs деген сөздерінен алынған термин. Бұл — лингвистикада тілдегі сөздерге тән мағыналарды зерттейтін iлiм. Семасиология сөз мағынасын, сөз мағынасының өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейді. Лингвистикада семантика деген термин мағына деген ұғымды білдіреді. Сонда семантика мен мағына дегендер — бір-бірімен синоним.
Мәселен, Қаратаудың басынан көш келеді, — дегендегі — бас, Байжан бізге бас-көз болып жүр, Бұлақ басы, — дегендерде бас сөздері түрлі-түрлі мағынада. Ол мағыналар контекст арқылы ажыратылады.
Артымыздан қол жетті; Аз жетпеді, мол жетті, — дегенде, қол сөзі ауыспалы мағынада, әскер деген мағынада қолданылып тұр; Көпей женгемнің қолын сағынып жүрмін, — десек, қол — дәмін, асын, тағамын деген мағынада, қолы қатты адам — десек, қол-ды сараң мағынасында да, қолының күші бар, күшті мағынасында да ұғуға болады; Дина жеңгейдің дастарқаны мол десек, дастарқанның көлемін айтпайды; дастарқаны бай, тағамдарға толы болады, жомарт, мырза, «төгіп тастайды» деген мағыналарда тұр. Сондай-ақ, бір тостағанды, бір аяқты тартып жіберді,— десек, тостағанның не аяқтық я кесенің өзін емес, ішіндегі тағамын (қымызын немесе айранын) ішіп жіберді деген ұғым білдіреді.
Бұл мысалдардан тіл-тілдің, сөз мағыналарының мол екендiгi айқын танылады. Осындай, сөз мағыналарының қыр-сырын зерттейтiн сала—семасиология.
Фразеология — гректік рhrаsаsі — сөйлемше, қалыптасқан сөз дегеннен алынған термин. Фразеология — тілдегі тұрақты тіркестерді, единицаларды зерттейтін ілім. Тілдегі тұрақты сөз тіркестері бүтін бір тұтастық лексикалық бір ғана единица ретінде қолданылады. Ондай тіркестер екі немесе бірнеше сөзден де, бүтіндей бірер сөйлемдерден де құралуы мүмкін.
Қазақ тілінен мысалдар: аттың жалы, түйенің қомында; екі көзі төрт болды; көзіңнен айналайын; өзіңнең айналайын; мен сені жақсы көрем; сенің арқаңда күн көріп жүрмін; үріп ауызға салғандай т. б.
Ономасиология — зат немесе кұбылыс ұғымының нақты бір сөзбен аталу себебін зерттейтін, яғни заттардың атауы мен белгіленуі туралы iлім. Онома — грекше ат, есім, атау деген сөз. Ономасиология диалектологиямен, әсіресе лингвистикалық географиямен қатысты болып келеді. Диалектология —- диалектілер, говорлар, жергілікті тіл ерекшеліктері туралы ілім; ал лингвистикалық география сол ерекшеліктердің қай территорияларда қолданылатынын айқындайды.
Ономасиологияның үлкен бір саласы — ономастика. Мұны ономатология деп те атайды. Бұл екі термин — бір-бірімен синоним. Ономастика, тұтасынан алғанда, ат, есім, атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді.
Ономастиканың өзi бірнеше тармаққа бөлінеді: топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, топонимиканың өз ішінде бірнеше тармақшасы бар: гидронимика — өзен, су, көл аттарын, оронимия -— тау, төбе шың, кұз аттарын, ойконимия елді мекен аттарын зерттейді.
Топонимика, тұтасынан алғанда, жер, су, қала, ауыл, елді мекен аттарын зерттейді. Мәселен, қазіргі Семей — семь палат — сөзінен, Кереку (қазіргі Павлодар) —Коряков, Гурьев — Гурий деген кісі аттарынан алынған; Қарағанды облысында Нұра өзені бар. Нуур — моңғолша көл деген сөз. Сонда түпкі мағынасын қуаласақ, Нұра өзені — көл өзен немесе өзен-өзен деген сөздерден шығып, қалыптасқан болады; Алматы облысындағы Түрген өзенiнiң аты жылдам, шапшақ, тез ағатын деген мағынадан алынған. Кейбір топонимдер қазақ тіліне басқа тілдерден енген. Иран тілдерінен: Айдарлы, Бадам, Бетпақдала; араб тілінен: Ғазалкент, Қазалы; моңғол тілдерінен: Байынкол, Баянауыл, Зайсан, Кеген, Мақаншы, Нарынкол; угор тілдерінен: Мұғажар, Өлкейек, Сургут т. б.
Антропонимика — кісінің фамилиясын, әкесінің атын (отчество), кісінің шын аты мен лақап атын (прозвище), бүркеншік аттарды (псевдоним) қарастыратын сала.
Қазақ есімдерінің бірсыпырасы араб, иран тілдерінен енген; ол тілдердегі бастапқы мағынасы ұмытылып, қазақтың байырғы, төл атауына айналған. Орыс есімдерінің бірсыпырасы сол қалпында алынған: Света — Светлана, Роза — Розалина, Розалия, Валя - Бәлия, Дина, Жагор, Марат, Марлен, Замира, Дамира т. б.
Қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен енген кейбір есімдердің бастапқы мағынасы мынындай: Хасен — өте сұлу, тым көркем; Раиыс — бастық, басшы; Абдолла, Ғабдолла, Ғабдiлда, Әбдiлда, Әбілда т. т. — құдайдың, алланың құлы; Әубәкір — қыздар әкесі; Азамат — үлкен, зор; Ахмеди — мұсылман; Әдия — сый, сыйлық тарту; Асқат — бақытты, ырысты; Әлима — оқымысты; Мұқтар — таңдалған, іріктеліп сайланған; Сәбит — тұрақты, мықты;Ғабит —бас июші, тағзым етуші; Жамал — сұлу, көркем, әдемі; Марфуға—ұлы дәрежелі, мәртебелі; Мағрипа—білім, таным, мәдениет; Нәзипа — таза, пәк, мұнтаздай; Мәулен — мырза, жомарт; Мүсілім — мұсылман; Қалима —сөз; нақыл; Халида — мәңгі өмір сүретін; ажалсыз; Қамар — ай; Жақия — өмірлі, ғұмырлы т. б. (Т. Жан.)
Астронимика (гректің аstrоп — жұлдыз деген сөзі)—жұлдыздар, әлем аспаны, планета аттарын тексеретін сала. Планета аттары, негізінен, грек, латын мифологиясына байланысты шыққан. Мәселен, Венера (қазақша Шолпан, латынша Venus, Veneris сөзі) — ежелгі Рим мифологиясында махаббат пен сұлулық кұдайы; Марс (латынша) —соғыс кұдайы; Юпитер (қазақша Есек қырған деп те атайды, латынша jupiten) — көк тәңірiсі; Нептун (латынша) —су тәңірісі, су құдайы; Плутон (грекше pluton— рlutos — байлық) —«жер асты патшалығы», жер байлығы құдайы; Жер (орысша Земля, латынша gаіа, gе — жер) — жер тәңірісі; Сатурн (латынша)—кұнарлылық тәңірісі; Уран (грекше аспан)—аспан тәңірісі (көк тәңірісі); Меркурий (латынша)—шешендік, саудагершілік, жол құдайы; құдайлардың хабаршысы.
Зоонимика (гректің zооn, жануар)—жануарлар атауларын тексеретін сала. Зоологиялық атауларға байланысты бірер жәйтке көңіл бөле кетуге болады; орыс тіліндегі бірсыпыра жануарлар атауы түркі тілдерінен алыныпты. Мәселен, орысша ақжилан, ақзилан (змея) — түркі, соның ішінде қазақ сөзі. Ал орыс тіліндегі — змея, змей, латынша serpens,sepo немісше Schlange, ағылшынша snake,д егендердің бәрінің этимоны (бастапқы мағынасы) — бауырымен жорғалаушы (земляная, ползающая по земле). Сол сияқты, архар (қазақша арқар), барс, барсук, (қазақша борсық), бирюк (қазақша бөрі), джейран (қазакша жирен; орысша әрі антилопа), каракурт (қазақша қарақұрт), киік, қарсақ, құлан, марал, сайғақ, сараншы, таракан, теке (козел), тышқан (тушканчик), шакал т. б. — орыс тіліне түркі тілдерінен енген атаулар.
Тілдің әр түрлі жақтары болады дедік. Олар - тілдiң фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жақтары. Бұл үшеуі өзара байланыста, қарым-қатынаста болады. Осыған орай, лингвистиканың әр тарауы, олардың әрбір саласы бір-бірімен тығыз байланысты.
Мәселен, тілдегі әрбір сөз дыбыстардың белгілі бір тіркесімен айтылады. Дыбыс тіркестері — сөздің сыртқы жамылғышы (оболочка), ал сөздің мағынасы — сөздің мазмұны (содержание, значение). Сөз дыбыс тіркестерімен айтылып, белгілі бір мағынаны білдiредi. Фонетиканың лексикологиямен байланысы, міне, осында.
Лексикология грамматикамен де тығыз байланысты болады. Бұл жағдай әсіресе сөз тудыру тәсілінен айқын көрінеді. Мәселен, кейбір грамматикалық форма сөзге жаңа лексикалық мағына туғызуға себепші болады.
Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының арасында да тығыз байланыс болады; сөз грамматиканың қарамағына түскенде, өзінің мағыналарын үстемелеп, кеңейтіп алады; мағынасын нақтылай, дәлдей түседi.
Мәселен, сай, ауыл, терең, жаны, гүріл, өзен, тасы, — десек, бұл сөздер таза құрылыс материалы ретiнде (қаланбаған кірпіш сияқты) тұр: сай-сәйкес, лайық деген сын есім мағынасында ма, әлде зат есім бе? Қай ауыл? Бірнеше киіз үй ме, село ма? Тасы не? Зат есім бе, етістік пе? Бұл жақтары белгісіз. Бұл қалпында бұлар — таза лексикалық материалдар, нақтылығы белгісіз абстрактылы сөздер. Ал осыларды грамматика заңдары бойынша тіркестірсек, әрі лексикалық мағынасы нақтыланады, әрі сол мағынасының үстіне бірнеше жаңа грамматикалық мағына қосылады.
Ауылдың жаны — терең сай,
Тасыған өзен гурілдеп. (Абай)
Енді сөз мағыналары айқындала түсті: ауыл — кәдімгі, бұрынғы қазақ жеріндегі ауыл; тізілген бірнеше киіз үй; сай — сын есім емес, зат есім; тасы — етістік. Бұл—бір. Екіншіден, ауыл — зат есім, жалпы есім, жекеше, ілiк септікте тұр; жаны деген тәуелдік формасының үшінші жағымен меңгеріле байланысып тұр, сол арқылы бұл сөйлемде күрделі бастауыш (ауылдың жаны — терең сай; бұл жерде ненің жаны? — ауылдың емес; несі? жаны — емес; ауылдың жаны не? — сай; қандай сай? — терең сай; сай — дара баяндауыш, терең — анықтауыш; ал ауылдың бұл жерде анықтауыш емес, жан — көмекші есім; ауылдың жаны тіркесінде жан дербес бастауыш бола алмайды; ауыл жаны — терең сай, — десе, күрделі бастауыш екендігі тіптен, «тайға таңба басқандай» айқындала түседі). Сонда ауыл, сай, тасы сөздерінің осы келтірілген мағыналары — сол сөздерді басқалармен тіркестіргенде, өздерінің дербес мағынасына қосып алған бірнеше үстеме жаңа — грамматикалық мағыналары (сөйлемдегі бұлардан басқа сөздерді грамматикалық тұрғыдан талдасақ та осылайша). Бұл мысал — лексикологияның грамматикамен байланысының тағы да бір көрінісі. Сөйтiп, лексикология сөздi мағынасы жағынан, қолданылу аясы жағынан, экспрессивті-стилі жағынан, қызметі мен сипаты жағынан жан-жақты зерттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |