Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби



бет74/190
Дата06.02.2022
өлшемі5,51 Mb.
#28486
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   190

Грамматикалық мағына


Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы - нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөздің екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.
Грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар.Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір он сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: 1.туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы; грамматикалық мағыналары – 1) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән ; 4) бір қимылдың ( ашудың) мезгілін білдіру ; 2. дүние, лексикалық мағынасы - әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық – меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа (дүние) тәуелді соның бөлшегі болу, 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура объектіні білдіру; 4. ашады , лексикалық мағынасы- ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары : 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3) ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3 – жақтағы субъектінің қимылы; 5. өлең , лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) ашу қимылының грамматикалық субъектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы- нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы, 2) кіру қимылының амалын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық – меншіктік мән; 8. қойнына , лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа ( жер) тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субьект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше , анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері әр түрлі. Осы сөздерді кейбір ортақ грамматикалық мағыналарына қарап топтауға да болады. Мысалы, жалпы затты зат атауын білдіруіне қарай дүние, есігін, өлең, өлеңмен, жер, қойнына, денең сөздерін бір топ етіп, жалпы қимылды білдіруіне қарай туғанда, ашады, кірер сөздерін бір топ етіп, салттылық сипаты жағынан туғанда, кірер сөздерін бір топ етіп, 3- жақ субъектінің қимылын білдіруі жағынан ашады, кірер сөздерін бір топ етіп, тәуелділік мәніне қарай есігін, қойнына, денең сөздерін бір топ етіп, т.б. топтауға болар еді. Сөйтіп, жалпы мағына, грамматикалық мағынаның бірыңғайластығы, ортақтығы жағынан сөздерді белгілі топтарға жіктеуге болады. Сонымен бірге ол грамматикалық мағыналардың түрлері де, берілу жолдары да біркелкі емес. Мысалы, туғанда, ашады, кірер сөздерінің жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі мен салттылық (туғанда, кірер) я сабақтылық (ашады) мағыналары нақты қимылдың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болған. Сондай-ақ дүние, есігін, өлең, өлеңмен, жер, қойнына, денең сөздерінің жалпы зат атауын білдіруі нақты заттардың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болып отыр. Демек, бұл тәрізді грамматикалық мағыналар сөздердің лексикалық мағыналарының абстракциялануы, жалпылануы арқылы беріледі. Сөйтіп, бұл – грамматикалық мағына білдірудің семантикалық тәсілі (жолы) екен.
Берілген сөйлемдегі дүние, есік, жер сөздерінің әрқайсысы – жеке - жеке ұғымды білдіретін заттың аты, туғанда, ашады, кірер – нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, сондай-ақ төрт, жеті – нақты санды білдіретін сөздер, ақ, көк, сары- заттың нақты түсін білдіретін сындар, т.б. Атап айтқанда, дүние- өмір, тіршілік, есік – ауыс, өмірге, іс пен еңбекке алғаш аттап қадам басып кіру, араласу, жер – жер планетасының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы құрылық дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы – бөлек-бөлек заттардың атауы; туғанда- ана құрсағынан шығу, дүниеге келу, ашады – ауыс, жабық тұрған нәрсенің есігін, бетін шалқайту, аңқайту; кірер – ену , келу дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір – бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; төрт – үштен кейінгі есептік сан; жеті – алтыдан кейінгі сан дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; ақ – қардың, сүттің, бордың түсіндей (қараға қарама- қарсы) ; көк – ашық аспан тәрізді түс; сары – піскен егіннің немесе апельсиннің түріндей түс дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түсті білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, дүние, есік, жер жалпы зат атауларын білдіреді, туғанда, ашады, кірер жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, төрт, жеті – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, сары - жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның белгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер – нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы ( айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл іс-әрекетті білдіру, т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы.Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды: дүние, есік, жер – заттың атын білдіретін сөздер – зат есім, туғанда, ашады, кірер – қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер – етістік, төрт, жеті – заттың санын білдіретін сөздер- сан есім, ақ, көк, сары (жақсы, үлкен, биік) заттың сынын білдіретін сөздер –сын есім, т.б. Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөзден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді.
Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл, т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болу мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан турлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім) ; деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдік) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін, т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал- әрекет, ойлау қабілетіне байланысты, көңіл күйіне байланысты, т.б.) . Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мүмкін.
Рас, оқулықтарда грамматикалық мағына көбінесе солай анықталады. «Сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Грамматикалық мағына сөздің түрленуі арқылы да, сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынастары арқылы да айтылады». Ең алдымен грамматикалық мағына – лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағыны одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге ( формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы ролі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп атайды.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация , т.б. аналитикалы, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атайды.


Грамматикалық тәсілдер


Грамматикалық мағыналар, сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастар тіл-тілде түрлі-түрлі грамматикалық құралдар, амал-тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағыналарды, сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастарды білдірудің жолы грамматикалық тәсіл деп аталады.
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің ( түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негізіндегі жиынтығы, тобы болып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Міне грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол – сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып, жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс (пристафка) қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі ; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі, супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі , жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес, бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.


Грамматикалық форма мен грамматикалық категория


Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.
Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, грамматикалық мағынамен де, грамматикалық формамен де байланысты, екінші жағынан олардан күрделі болып келеді.
Грамматикалық категория грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Қайткен күнде де грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғану, түрлену жүйесімен, соған лайық олардың грамматикалық мәнімен, сөйлеу процесінде сол сөздердің атқаратын қызметімен, басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге де болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіруі мәнді (слово изменительные ) морфологиялық категориялар және топтау я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп те бөлу дәстүрі бар.
Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық (морфологиялық) категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалық (морфологиялық) категория бола бермейді. Кейбір сөз табында (мысалы, сан есім, есімдік, үстеу, т.б.) грамматикалық категория атымен болмауы мүмкін, өйткені бұлар (бұл сөз таптарына енетін сөздер) белгілі парадигмалық жүйемен өзгермейтін, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер болып келеді. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есім және етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан- мөлшер (көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік (немесе салттылық - сабақтылық) категориясы, етіс категориясы, болымсыз етістік (болымдылық - болымсыздық) категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік (жақ) категориясы.


Грамматика жүйесінің зерттелуі


Түркі тілдерінің грамматикалық жүйесін зерттеу ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында басталса, ана тіліміздің грамматикалық жүйесін зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қай кезде болса да морфологияның ең өзекті, ең басты мәселесі сөздерді топтарға бөлу болғаны белгілі. Сөздерді бұлай топқа бөлу жыл санауымыз алдындағы Ү-ІV ғасырдағы көне Үндістан лингвисті Панини грамматикасынан, байырғы Греция ойшылдарынан бері қарай айтылып келе жатыр. Тілдегі сөздерді есім, етістік, шылау деп үш топқа бөлу Платон мен Аристотельден басталған.
Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы әліппесін жазған адам Н.И.Ильминский болатын. Бірақ қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа аламыз деген сұрақ қойған да, оған жауап іздеген де жоқ. Қазақ тілі грамматикалық құрылысының ана тілімізде зерттеліп жарық көруі ХІХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы-1924 жылы “Тіл құралы”деген атпен Орынборда жарық көрген А. Байтұрсынұлының еңбегі. Осы еңбегінде автор қазақ тіліндегі сөздердің құрылысын “Сөз тұлғасы ”деп атап, бес түрге бөледі. Олар: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз,қосымшалар деп атаған. Сөздерді тапқа бөлу де осы оқу құралынан басталған.Автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп 3 топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті, 2-не үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады, одағайды өз ішінен еліктеуіш, лептеуіш одағайлары деп екі топқа бөледі.
А.Байтұрсынұлының еңбегі-қазақ тілі морфологиясын ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу. Соған қарамастан грамматикамыздың көптеген түйінді мәселелері туралы айтқан пікірлері күні бүгінге дейін өз мәндерін берік сақтап, қазіргі зерттеулермен үндесіп жатыр.Ғалым еңбектеріндегі тағы бір түйінді мәселе - қазақ тілінің грамматикалық терминдерін қалыптастыру мәселесі. Қазірде қолданылып жүрген фонетикалық, грамматикалық терминдердің негізгілері Ахмет жазған оқулықтардан бастапқалыптасқан және олардың біразы байырғы замандардан бері қарай қолданылып, халық құлағына әбден үйреншікті болған, айтуға да, ұғуға да ауырлық келтірмейтін жалғау, жұрнақ, жақ, шақ, септеу, тәуелдеу, анықтау, пысықтау сияқты қарапайым сөздер.
А.Байтұрсынұлының 1 жылдық, 2 жылдық, 3 жылдық деп бөліне аталған” Тіл құралында” қазақ тілінде негізі қаланған ана тіліміздің морфологиясы 30-жылдар ішіне бастап осы күнге дейін Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов, А. Қалыбаева, Н. Оралбаева т.б. ғалымдардың зерттеулері арқасында өз шешімін тапты.
Түркі тілдері грамматикалық құрылысына қатысты күрделі 2-сала-синтаксис мәселелері. Морфология сияқты синтаксис мәселелері де ХІХ ғасырдан бері қарай жарық көрген практикалық грамматикаларда сөз болып отырды. Синтаксистің барлық саласынаң да терең де жан-жақты зерттелуі кеңестік дәуірден басталады. Қазақ тіл білімінің басқа салалары сияқты синтаксистік құрылысының ана тілімізде зерттелуі А. Байтұрсынұлының «Тіл құралынан» басталады. Бұл автордың синтаксиске қатысты пікірлері сөйлеу мен сөйлем, сөйлем мен сөз категорияларының бір-бірінен өзгешеліктерін түсіндіруден басталады. Сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөлу, оларды 5 мүшеге жіктеу, олардың түрлерін саралау да осы оқулықтан басталады.Жай сөйлемдерді болымды-болымсыз, толымды-толымсыз, жалаң-жайылма, сұраулы, лепті, бұйрықты, тілекті деп жіктеп, олардың әрқайсысының өзіндік белгілерін мысалдар арқылы талдап көрсетеді.
Қазақ тілі құрмалас сөйлемін ана тілімізде зерттеу де А. Байтұрсынұлы оқулығынан басталады. 1924 жылы “Тіл құралы ” деген атпен жарық көрген еңбегінде “ Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі-мағына желісі жағындағы жақындық, екіншісі-сөйлемдердің сыртқы қисын жағынан жақындығы. Мұның алдыңғысы, яғни тек ой іргесі, ой желісі жағынан ғана жақын болатыны іргелес сөйлем, ал әрі ішкі мағына, әрі сыртқы қисын жақындығы бар сөйлем құрмалас сөйлем деп аталады” дейді. Құрамына енетін жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу түріне қарай автор құрмаласты салалас құрмалас, сабақтас құрмалас деп екіге бөледі. Құрмалас сөйлемдердің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің олардың құрамына енген компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатыстарына қарай өз ішінен әр түрлі салаларға жіктеу де тұңғыш рет осы оқулықтан басталады.Терминдік жағындағы өзгешілігі болмаса, әдеби тілімізде кездесетін салалас, сабақтас сөйлемдер түрлері толыққа жуық қамтылған. А. Байтұрсынұлының құрмалас сөйлемге қатысты жазғандары кейінгі зерттеулерден, әсіресе Н. Сауранбаев еңбектерінен берік орын алды, мол пайдаланылды.
Синтаксис жүйесіндегі тілдік материалдарды жоғары оқу орындарында оқылатын теориялық курстар талабына сәйкесті жалпы лингвистикалық принциптер тұрғысынан қарап шешу талабы 40-жылдардан басталады. Содан бергі уақыт ішінде басқа да түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тіл білімінде де синтаксис академиялық грамматика құрамында қаралып, жан-жақты зерттелініп келеді. Сөйтіп, ана тілімізде баяндалуы А.Байтұрсынұлының мектептерге арналған оқулығынан басталған қазақ тіл білімінің синтаксис саласы бұл күнде өз дамуының елеулі биігіне көтерілді дей аламыз.
Грамматикалық (морфологиялық) категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа да ие болады. Сын есімнің шырай категориясының, етістіктің етіс категориясының, салт-сабақты етістік категориясының, болымсыз етістік категориясының семантикалық мағыналық мәні жағынан, грамматикалық сипаты, парадигмалық жүйесі жағынан басқа грамматикалық категориялармен (зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, етістіктің жақ, рай, шақ категорияларымен) салыстырғанда, ондай ерекшеліктері анық байқалады.
Осы тұрғыдан келгенде, көптік, септік, тәуелдік жалғаулары түбір білдіретін грамматикалық заттық мағынаға ешбір нұқсан келтірмей, оған сан-мөлшерлік немесе тәуелділік, немесе меншіктілік-объективтілік сияқты мағыналар ғана үстеп, көбінесе оны сөйлемде басқа сөздермен байланыстыру, қарым-қатынасқа түсіру қызметін атқарады. Етістіктің рай, шақтұлғалары да түбір білдіретін грамматикалық кимыл, іс-әрекет мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, сол қимылдың орындалуының мезгілін (шағын), ақиқатқа, шындыққа, болмысқа қатысын (модальдылығын) білдіріп, түбірдің грамматикалық сипатын, тұлғасын (2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуін) өзгертіп, жіктеліп келіп, басқа сөздермен қарым-қатынас жасаудың негізінде сөйлемде жұмсалуға негіз болады.
Морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялардың бір тобын түбір семантикасына кандай да болсын әсер ететін түрлерін лексика-грамматикалық категория деп атап, екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей, өзгертпей, тек оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөліп көрсетудің осындай негізі бар. Осы тұрғыдан келгенде, морфологиялық жағынан грамматикалық категориялардың күрделі екенін байқаймыз.



Каталог: uploads -> books -> 47828
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi а. Бектаев, Т. Турткулбаева Қазіргі әдеби процесс
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Ш. юлдошева, А. Нисанбаева
47828 -> Методикасы кафедрасы
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби
47828 -> Низами атындағы тмпу-дың Қазақ тілі және әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Е. Абдувалитовтың “Абай халық данасы” тақырыбындағы сабақ үлгісі
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Низомий номидаги тошкент давлат педагогика университети


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   190




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет