Өзім таңертең ұйқыдан тұрғасын бірнеше жаттығу түрлерін жасаймын



Дата08.02.2022
өлшемі16,3 Kb.
#118562
Байланысты:
Таңғы гигиеналық гимнастика реферат


Әр күніміздің өзіміз ойлағандай нәтижелі және табысты өтуі таңды қалай бастағанымызға байланысты екен. Жасыратыны жоқ, барлығымыз демей-ақ қояйын, бірақ басым бөлігіміз ұйқыдан ояна салып дереу ұялы телефонымызды қолымызға аламыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда жүрек-қан тамыры жүйелерiнiң аурулары, қант диабетi, буын және сүйек аурулары сияқты көптеген жұқпалы емес созылмалы аурулардың көбеюі адамдардың күнделікті қозғалысы және өмір сүру дағдысымен тығыз байланысты екен. Бұл ауруларды болдырмаудың, оның алдын алудың ең тиімді жолын мамандар ұсынған болатын. Олар таңғы жаттығуларды үзбей жасауды әдетке айналдыруға кеңес береді. Спортпен шұғылданбайтын адамның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, имунитеті төмендеп нәтижесінде ағза вирустарға төтеп бере алмайды. Ұйқыдан оянған соң адам ағзасындағы түрлі мүшелер (органдар) де оянып, олардың қызмет белсенділігі артады. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылып кетсе, жүйке жүйесіне салмақ түседі. Нәтижесінде адам күні бойы ұйқысынан ояна алмай, маужырап жүреді немесе өте ашушаң келеді.Ал таңертең кем дегенде 10 минут таңғы гимнастикамен шұғылданған адам күні бойы өзін сергек әрі көңілді сезінеді.
Таңертеңгі дене гимнастикасын өз бетіңше қарапайым жаттығулардан бастаған дұрыс деп ойлаймын.Жаттығудың түрлері көп, алайда дұрыс жасалған жаттығу күніңнің сәтті өтуіне себепші болады.Ұйқыдан ояна сала керілу жаттығуларын, қолға және иыққа арналған жаттығуларды, дене бұлшық еттеріне арналған жаттығуларды және аяққа арналған жаттығуларды жасауға болады. Ең бастысы — жалпы бұлшық ет атаулының, дененің неғұрлым көбірек қозғалысқа түскені дұрыс. Егер бұл жаттығуларды істегіңіз келмесе онда жай ғана бір орында екі қолыңызды жоғары көтеріп секіріңіз немесе жай ғана далаға шығып 5-10 минуттай жеңіл жүгірісте жүгіруге болады.
Өзім таңертең ұйқыдан тұрғасын бірнеше жаттығу түрлерін жасаймын:

  1. Бір орында тұрып жүгіру;



  1. Керілу жаттығулары:

Аяқты бірге немесе иық ендігіне сай қояды. Әуелі екі қолды желнеге қойып, содан кейін бір қолды жоғары көтеріп, екіншісін жайға қарай созады, одан соң керісінше осы ретпен кезек-кезек қайталайды. Бұл жаттығу тыныс алу органының жұмысына жақсы әсер етеді. Жаттығу кезінде екі иық пен басты артқа қарай шалқайта тұрып, дененің барлық бұлшық еттерін қозғалысқа келтіру қажет. Жаттығу барысында қолды жоғары көтерген сәтте саусақ ұшына қарап тұрған жөн. Керілу кезінде аяқтың ұшымен тұру арқылы жаттығуды күрделілендіруге болады. Жаттығу баяу, ақырын жасалуға тиіс. Ырғақ: 1—2 — керілу — тыныс алу; 3—4 —бастапқы қалыпқа оралу дем шығару;



  1. Қол және иыққа арналған жаттығулар :

жай созылған екі қолды жұдырық түйілген күйі ию және қайтадан жазу;
осы қалыпта тұрып иықты айналдыра қозғау;
қолды иыққа қарай иген күйде айналдыра қозғау;
түзу тұрған қолды айналдыру;

  1. Дене тұлғасына арналған жаттығулар:

Гимнастика бастарда аяқтың арасын алшақтау ұстап, қолды мықынға немесе иыққа қояды;
денені екі жаққа кезек бұру;
оң мен солға кезек иілу;
алға иілу (қолды еденге жеткізу керек);
екі аяққа кезек иілу;
Жоғарыда мен ұсынған гимнастикалық жаттығулардың түрлері кез келген дені сау адамға жарайды.Алайда кейбір жаттығуларды орындау қиындық туғызса, оны одан әрі жалғастырудың қажеті жоқ.Жаттығуды таңдағанда әр адам өз организімінің ерекшеліктерін ескерген жөн, себебі таңғы дене гимнастикасы организмге физиологиялық әсер етуімен қатар, адамның көңіл күйіне де ықпал етеді.
Денсаулықтың баға жетпейтін басты байлық екенін ескерсек, арайлап атқан әр таңымызды дене жаттығуымен бастау арқылы өмір салтын түзеуге, айналамыздағы адамдарға және өзімізге қуанышты көңіл күй сыйлап, жемісті де еселі еңбек етуге болатынын жадымыздан шығармайық.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет