Түйін сөз: этнография, фольклор, мәдениет, кезеңдестіру, түркітану, биография.
Түркітану ғылымының теориялық тұрғыдан қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Ресей ғалымдарының бірі – профессор Н.Ф.Катанов. Тірі кезінде түркітану классигі дәрежесіне көтерілген ізденімпаз ғалым жан-жақты еңбек етті. XIX-XX ғасырларда түркі тілдес халықтардың тілі, әдебиеті, фольклоры, этнографиясы және т.б. мәселелер жөніндегі жаңа мәліметтер жинап, тың тұжырымдар ұсынды. Десек те, ғалымның ғылыми мұрасы әлі күнге дейін толықтай зерттелген жоқ және күні бүгінге дейін түркологиялық еңбектері тиісті бағасын ала алмай келеді.
ХХ ғасырдың соңында, түркі халықтарының көп бөлігі өз тәуелсіздігін жариялаған тұста, жұмыр жердің этногеосаяси шарттарынан түркітану ғылымы оқшау қала алмайды. Әсіресе, түркі халықтарының рухани болмыс-бітімін әлемдік этносаралық контексте пайымдауға ден қойғанда олардың өткенін, бүгінін және болашағын тарихи-мәдени біртұтастықта зерделеу мәселесі - көкейкесті іс. Осындайда Н.Ф.Катанов сияқты ірі тұлғаның мұрасын жаңа талаптар деңгейінде қарастыру, жұмыстарын түсіну және талдау жасау, оның ғылымға қосқан үлесін анықтау, шығармашылық ғұмырнамасы туралы тың деректер іздестіріп, қолжазба түрінде сақталған дүниелері туралы зерттеу жүргізу - ең басты мәселелердің бірі.
Түркітаным тарихына проф. Н.Ф.Катанов «Опыт исследования урянхайского языка с указателем главнейших родственных отношений его к другим языкам тюркского корня» (Қазан., 1903), «Среди тюркских племен» (ИРГО.,1893), «Этнографический обзор турецко – татарских племен» (УЗКУ., 1894), «О погребальных обрядах у тюркских племен с древнейших времен до наших дней» (СПб.,1894), «Восточные заметки» (Қазан.,1896). т.б. еңбектерімен енген [1, б. 25]. Ғалымның 1903 жылы «Опыт исследования урянхайского языка» деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы урянхай (тува) тілінің 50-ге жуық туыстас түркі тілдерімен салыстырмалы түрде ғылыми негіздегені белгілі. Еңбекте қазақ тіліне қатысты мәліметтер де келтірілген. Ғалым урянхай тілінің түркі тілдеріне тән екендігін бұлжытпас дәлелдермен айғақтайды. Белгілі түркітанушы С.Н.Иванов еңбектің құрылымына талдау жасай келе: «Опыт» содержит хорошо систематизированные материалы для сравнительной грамматики тюркских языков. Именно эти особенности позволили им, наряду с радловской «Фонетикой» заложить основы сравнительного изучения тюркских языков», - деп тұжырымдайды [2, б. 102]. Осы сынды пікірлерді Н.А.Баскаков, М.Расенен, Г.И.Рамстедт т.б. еңбектерінен де кездестіре аламыз.
Ғалымның 1921 ж. август айында толтырған анкетасында өзінің 36 жыл-дық шығармашылық ғұмырында түркі халықтарының археология, тарих, этнография, тіл білімі, әдебиетіне қатысты 382 ғылыми жұмыс жазғандығын атап көрсетеді [3,б.41]. Бүгінгі таңда С.И.Иванов, И.Л.Кызласов еңбектерінде ғалымның жарыққа шыққан еңбегінің саны - 181 деп көрсе-тіледі [4, б. 36], ал түрік ғалымы О.Ф.Серткая аталған еңбектерге қоса 75 еңбекті тапқанын айта келіп, жалпы саны – 256 дейді [3, б. 21]. Келтірілген деректерден ғалымның түркологиялық мұрасының қаншалықты бай екендігін білуге болады.
Кейбір библиогрофтардың мәліметтері бойынша ғалым әлемнің 114 тілін пайдаланған екен. Сондай-ақ ғұлама ғалымды замандастары «лингвистикалық энциклопедия», кейінгі толқын «Хакас Ломоносовы» деп атайды. Дегенмен, шығыстану әлемінде аса жоғары бағаланған ғалымның түркологиялық мұрасын зерттеу жұмыстары Ресейде өте баяу жүрді.
Ресей ғалымдарының деректеріне сүйене отырып, Н.Ф.Катанов еңбек-терінің ХХ ғасырда зерттелу барысын үш кезеңге бөліп қарастырамыз: 1) 1920 жылдар, 2) 1950 ж. бірінші жартысынан 70 ж. аралығы, 3) 1980 - 2009 жылдар аралығы.
Ғалымның өмірбаяны мен түркологиялық мұрасына баға беру дәстүрі ғалымның қайтыс болуына орай 1920 жылдарда жазылған естеліктерден басталады. Әсіресе жергілікті және орталық баспаларда жарық көрген басылымдардан көптеген мәліметтер мен замандастарының ой-толғамдарын кездестіреміз. Атап айтқанда, көрнекті ғалымдар В.А. Гордлевский «Памяти Н.Ф. Катанова. 1862-1922», А. Самойлович «Памяти Н.Ф. Катанова», «Про-фессор Н.Ф.Катанов – первый ученый из абаканских турков», А. Гаффаров «Николай Федорович Катанов (к годовщине со дня смерти)», Н.М. Покров-ский «Памяти профессора Н.Ф. Катанова», К.В.Харлампович «Проф. Н.Ф. Катанов» т.б. еңбектерде ғалымның өмірі мен шығармашылық жолы деректі түрде таныстырылады. Белгілі түркітанушы В.А. Гордлевский «Новый Восток» журналындағы «Памяти Н.Ф. Катанова» мақаласында: «Ресей түркітану тарихы түркі тілдерінің шебер майталманынан айрылды. Ол түркі ғылымында өшпес атын, өлмес мұрасын қалдырды» [4, б. 34] - деп ғалым есімін зор құрметпен еске алады. Ал А.Самойлович «Восток» журналында ғалымның ғылыми мұралары туралы былай дейді: «Ғалымның баспаға ұсынылмаған лингвистикалық және этнографиялық жинақ қоры енді жарияланады деген үміттеміз, оған дейін ғалым мұрасы сенімді жерде сақталынады» [3, б. 64]. Алайда, ғалымның еңбектері 20-жылдары да, одан кейінгі жылдары да жарық көрмеді. Оған арналған мақалалар жалпылама естелік күйінде жазылып, ғалымның нағыз лингвист, этнограф, нумизмат, саяхатшы, түркі тілдерінің барлық рухани-мәдени өмірін зерттеуші екендігі және ғылыми шығармашылығындағы жетістіктері нақты зерттеліп көрсетілмеді.
1933 ж. және 1943 жылдары Германияда Берлин университетінің профессоры В. Бангтың шәкірті К. Менгес Н.Ф. Катановтың Сібірге және Шығыс Түркістанға жасаған саяхаттарында жинақтаған қолжазбаларын жарыққа шығарды. 1926 жылы ғалымның әйелі Александра Ивановна неміс профессоры Бангқа ғалымның қолжазбаларының бірқатарын беріп жіберген болатын. Бұл еңбек проф. Н.Ф. Катановтың түркітану ғылымындағы орнын айқындады, сонымен қатар ғалымның ірі лингвист және этнограф екеніне бұлжытпас дәлел болды.
«Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысы» журналының 1958 жылғы №5 санында жарық көрген «Н.Ф. Катанов, проф. Казанского университета» атты мақаласында белгілі түркітанушы С.Е.Маловтың Н.Ф.Катанов жайлы ғылыми пікірі берілген. С.Е.Малов ұстазының өнегелі шығармашылық ғұмырына шолу жасайды. Ұзақ жылдар бойы тынбай еңбек етуі арқылы қол жеткізген табыстарын саралай келе, ғалымның «Опыт исследования урянхайского языка» атты еңбегінің құндылығы туралы былайша бағамдайды: «В труде Н.Ф.Катанова по урянхайскому (тувинскому) языку имеется не только грамматический очерк, но и тексты с переводами и словарь. Имеются различные указатели фонетических чередований; сравнение фонетики и лексики урянхайского языка с языком монгольским и прочим» [5, б. 4 ]. С.Е. Маловтың пікір-пайымдары мен байыпты талдау тұжырымдары ғалымның түркологиялық мұраларының ғылыми зерттеу тарихының жаңа бір парағын ашып беріп кетті.
Н.Ф.Катанов және оның түркологиялық мұрасы жайында ой-пікір айту 50-70 жылдардан басталады. Мәселен, 1958 жылы Н.Г.Доможаковтың құрастыруымен шыққан «Н.Ф.Катанов. Материалы и сообщения» кітабында Н.Г.Доможаков «Н.Ф.Катанов», С.Н.Иванов «К характеристике лингвис-тического наследства Н.Ф.Катанова», К.М.Патачаков «Этнографические материалы в трудах проф. Н.Ф.Катанова», А.Н.Катанова «Из воспоминаний об отце» т.б. мақалаларынан біраз мәліметтер аламыз. К.М.Патачаков ғалымның түркі тілдес халықтардың фольклоры мен этнографиясына аса қызығушылық танытқанын, оның «Образцы народной литературы тюркских племен», «Опыт исследования урянхайского языка» т.б. сүбелі еңбектері кейінгі зерттеушілер үшін құнды мәліметтердің көзі саналатындығын айтады. Жалпы пр.Н.Ф.Катанов түркітану әлемінде қалам тартпаған саласы кемде–кем. Осы орайда, Н.Г.Доможаков пікіріне сүйенсек, ғалымның түркітану ғылымында қамтыған салалары сан алуан. Бірінші - түркі халықтарының тіл мәселесі, ал екінші-фольклор мен түркі әдебиеті, үшінші – этнография мәселелері. Сондай-ақ автор: «...Сол бір ашаршылық жайлаған қиын-қыстау кезеңде Катанов 8600 томдық құнды кітапханасынан айырылды. 1914 жылы 31 сандық кітап қоры Стамбулға жөнелтілді» -деп ғалым кітапханасының Түрік елінің премьер-министрі Хилми Пашаға сатылуы жайында баяндайды.
Профессор Н.Ф.Катанов туралы ең алғаш толымды еңбек жазған ғалым – С.Н.Иванов. Оның «Н.Ф.Катанов (Очерк жизни и деятельности, 1962)» атты зерттеу еңбегінде ғалымның өскен ортасы мен шығармашылық қалыптасу жолы қоғам өмірімен бірлікте алынып, ғылыми мұраларының құндылығын сөз етеді. Ол: «Н.Ф.Катанов түркі тілдерін бірден-бір жетік зерттеуші ретінде түркітану ғылымында ойып орын алады» - деп өз тұжырымын пайымдайды.
Ғалымның ғылыми мұрасын игеру, ғылымдағы үлесін атап көрсетуде 1980-2009 жылдары Ресей түркітану ғылымына келген жаңа толқын өкілдері жаңа кезеңді қалыптастырды. Зерттеушілер назарында ғалымның баспа бетте-ріндегі мақалалары мен мұрағаттағы еңбектері болды. Бұл XIX-XX ғасырдағы Ресей елінің ғылым мен мәдениеті дамуындағы түркітанушының орнын анықтауда және шығармашылық жолындағы көлеңкеде қалып келген этнограф, жидашы, саяхатшы, фольклор, мұражай ісі т.б. қырларын ашуға көмектеседі. О.А.Масалова мен Г.Р.Столярова «Коллекции Н.Ф.Катанова в этнографическом музее Казанского университета», В.В.Миндибекова «Н.Ф.Катанов как исследо-ватель фольклора тюркоязычных народов Сибири», Р.М.Валеев «Изучение этнографии тюркоязычных народов» және т.б. А.Каримуллиннің пікірінше, ғалым-тамаша библиограф. Оның «Н.Ф.Катанов – библиограф и книговед /Книга и люди/» атты еңбегінде: «Катанову принадлежит около 900 рецензий – аннотаций – рефератов по восточным книгам и востоковедческим трудам. В его библиографиях, каталогах описаны около 7000 названий книг на русском, восточных, европейских языках» - деп дәлелдеп көрсетеді.
Профессор Н.Ф.Катановтың түркологиялық мұралары туралы кеңірек пікірлерді И.Ф.Кокова мен И.Л.Кызласовтың еңбектерінен кездестіреміз. И.Ф.Кокова түркітану ғылымында өзіндік өшпес мұра қалдырған ғұламаның мұрағат қорларындағы еңбектерінің назардан тыс қалып келе жатқандығын сөз етсе, И.Л.Кызласов ғалымның 1885 жылдан 1921 жылға дейінгі еңбек-терінің библиографиясын ұсына келе, ғалымды тек оның қыл қаламынан туындаған ғылыми еңбектерді тереңдете зерттегенде ғана толықтай тани алатындығымыз жөнінде ой тастайды. Шынында да, ғалым еңбектерін жан - жақты толыққанды зерттемейінше, тарихтағы орнын тұтас тану мүмкін емес.
Қазіргі таңда ұлы тұлғаның ғылыми мұраларын зерделеп, ғылымға қосқан үлесін айқындау мақсатында ғылыми конференциялар мен халық-аралық ғылыми семинарлардың өткізіліп жатқандығын зор қуанышпен айта аламыз. «Катанов оқулары» атты ғылыми конференциялар Н.Ф.Катанов атындағы Хакас Мемлекеттік университетінде 1994 жылдан бастау алып келеді. 1997 жылы Қазан қаласында ғалымның туғанына 135 жылдығына арналған «Катанов оқулары», 2002 жылы 140 жылдығына арналған Абакан, Қазан қалаларында өткізілген халықаралық ғылыми конференциялар және сол жылы Стамбул университетінде халықаралық ғылыми симпозиум, 2005 жылы ғалымның түркітаным ғылымындағы мұраларының зерттелуі бағытында «Н. Ф. Катанов мұрасы: Еуразия түркі тілдес халықтарының тарихы мен мәдениеті» атты халықаралық ғылыми семинарлардың ғалым еңбектерін танытуда маңызы зор. Ғалымның түркологиялық мұраларын зерттеуде елеулі үлес қосып жүрген Р. М. Валеев, В. Н.Тугужекова,
О.Серткая, Р.Н. Алимов т.б. зерттеушілердің танымдық мақалаларында тың деректер берілген. Р.М.Валеев ғалымның Санк-Петербург, Қазан уни-верситеті жылдарындағы шығармашылық кезеңдеріне шолу жасай отырып, этнографиялық зерттеулеріне арнайы тоқталады. Ғалымның түркологиялық мұрасы туралы келелі пікірлер Түрік елі түркітанушыларының еңбектерінде де көрініс тапқан. Стамбул университетінің пр.О.Ф.Серткая «Н.Ф.Катановты танудағы түрік зерттеушілерінің ортақ көзқарастары» деген мақаласында түрік ғалымдарының Н.Ф.Катановты зерттеудегі еңбектерінің атап көрсетеді.
Түркітану әлемінің тұғыр тасын қалап, іргелі еңбектерімен танылған шоқтығы биік профессор Н.Ф.Катановтың жарыққа шыққан немесе қолжазба күйінде қалған хакас, татар, тува, қазақ және т.б. түркі тілдері мен этнографияға, фольклортануға қатысты зерттеу жұмыстарын саралау өз кезегін күтуде. Н.Ф.Катановты XIX–XX ғғ. түркітану ғылымындағы түркі тілдес халықтарды жан-жақты зерттеуге орасан зор еңбек сіңірген бірден-бір түркітанушы екендігін тану, әсіресе қазақ тілі біліміне қосқан үлесін, тигізген пайдасын зерделеу өзекті мәселенің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |