Түйін сөз:Оқыту технологиясы, модульды оқыту технологиясы, педагогикалық жүйе, сатылай комплексті талдау, компьютерлік талдау, инновация, педагогикалық категория.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бізге оқыту әдістерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн- жүйелерін белсене дамыту керек болады. Біз қолдайтындардың барлығы үшін қашық-тықтен оқытуды және онлайн режимінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз»,– деп білім беру саласына ерекше көңіл бөледі [1].
Елбасы Жолдауында баса назар аударылған инновация – педаго-гикалық категория ретінде жаңғырту, жаңарту деген мағнаны білдіреді. Инновация – жаңаша ойлау. Сондықтан да бүгінгі білім беру жүйемізге ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып, өз бетінші ізденіп, жаңаша ойлайтын, бүгінгі ақпараттық технологияның қыр-сырын жете меңгерген, оны тек сапалы білім алу мақсатында қолдана білетін, елінің тарихын жастайынан қызыға оқып, әдебиетімен сусындаған, ана тілінің терең қатпарлары мен бүгінгі жаңа бағыттарын және бірнеше тілді жете меңгерген дара тұлға қалыптастыру басты бағыт болып отыр. Бүгінгі күн талабы – маманның кәсіби бағыттылығын, іскерлігін қалыптастыру.
Жоғары оқу орындарындағы сапалы білім – қоғам дамуының негізі. Сондықтан білім жүйесі ғылымның соңғы жетістіктерін үнемі назарда ұстау-ға тиіс. Білім саласында жаңа білім беру технологияларының пайда болуы жоғары оқу орны оқытушыларынан әдістемелік-технологиялық біліктілікті талап етеді. Білім берудің мақсаты мен міндеттеріне, білім алушының мүмкіншілігіне, қажеттілігіне негізделмеген оқыту нәтиже бермейді.
Осы орайда Елбасының: «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз. Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуника-циялық желілерге шығу...
...Бәсекеге қабілетті технологиялар инновациялық экономиканың өзегі ретінде өздігінен пайда бола қоймайды. Бұл ұзақ үдеріс, ғылыми зерттеулердің, күрделі де шығынды эксперименттердің және ақыр аяғында, ғалымдардың идеялық нұрлануының қиындықпен келетін жемісі...» деген пікірлерін басшылыққа ала отырып, білім беру технологияларын жоғары оқу орындарына мақсатты түрде енгізуге міндеттіміз.
Жалпы ғалымдардың технология туралы пікірлерін жинақтасақ: шеберлікпен өнім алу, нәтижеге жету, белгілі бір жоба, модельмен оқыту сияқты қағидалардың төңірегіне топтастырылып, түрлі анықтамалар берілген. Солардың ішінде кең тараған, зерттеушілер өз еңбектерінде негізгі ұстанымдардың бірі етіп алатын – В.П.Беспальконың тұжырымдары. Оның тұжырымдары бойынша технология төмендегідей шарттарды іске асыруы тиіс: біріншіден, педагогикалық технология оқытуда дайындықсыз әрекет-терді болдырмауы керек. Біздің ойымызша, ғалымның бұл жерде меңзеп отырғаны – кез келген технологияны мектеп тәжірибесіне енгізуде оған қажетті техникалық құралдардың жеткілікті болуы; оқу кешендерінің (оқулық, әдістемелік құрал, көрнекілік) технологиялық нұсқалары, сондай-ақ білім беру жүйесінде технологияны жүзеге асыруға жағдай жасау. Екіншіден, технология оқушының оқу-танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие үрдісінің жобасына негізделуі қажет. Ғалым бұл жерде оқу үрдісінде педагогика-психологиялық тұрғыдан жүргізілетін жұмыстарды нұсқаған (ол мәселе туралы келесі бөлімде ой қозғалады); үшіншіден, оқу мақсатын диагностикалық түрде анықтап, оның меңгерілу сапасы дәл тексеріліп, бағалануы қажет.
Осы орайда қазақстандық ғалым Ғ.М.Құсайыновтың пікірінше, педагогикалық технология әдеттегі түсініктерден өзгеше, ол – мұғалімнің жоспарланған оқыту мен тәрбиелеу жолындағы мақсаттар мен нәтижелерге жету және сабақ беру үрдісіндегі ұжымдық оқыту әдісі. Себебі ұжымдық оқыту әдісі қазіргі заман талабына сай жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығуға мүмкіндік береді деп есептейді. Сондықтан ғалым: “Педагогикалық технология – оқу жоспарлары мен бағдарламаларында берілген оқу материалын оқушылардың өздері бірін-бірі оқыту арқылы меңгеру үрдісі”, – десе [2, 35-б.], ғалым-әдіскер Қ.Қадашева “Жаңаша жаңғыртып оқытудың әдістемелік негіздері: өзге тілді дәрісханалардағы қазақ тілі” атты докторлық диссертациясында: “Жаңаша жаңғыртып оқыту әдісте-месі – бұл мүлдем жаңадан жасалған әдістеме емес. Ол дәстүрлі әдістемеден шығарылады. ЖЖО-дың айырмашылығы барлық оқыту әдістемесі үйрену-шінің танымдық, білімдік белсенділігін тудыруға, уәждемесін тудыруға бағытталады. Дәстүрлік әдістемеде оқыту-үйрету кезінде үйренушінің де, оқытушының да не істейтіндігі белгілі. Ал ЖЖО-да дамыту керек, яғни үйренуші де, үйретуші де барлық ішкі резервтерін пайдаланып, екі жағы да оқыту процесіне белсенді қатысуы керек”, – десе, [3, 115-б.], ғалым Ж.А.Қараевтың пікірінше: «Технология дегеніміз – әдістемелік жүйе мен сәйкес дидактикалық үрдістер кешенінің тәжірибеде жүзеге асырылатын жобасы, ал педагогикалық жағдаяттарға сай қолданылатын әдістер, тәсілдер оның құрамды бөлігі болып табылады» [4, 23-б.].
Кейінгі уақытта біздің елімізде де қазақстандық мектептер үшін оқыту технологияларын ойластырып, ғылым мен практиканы ұштастыра зерттеп жүрген ғалымдарымыз баршылық. Атап айтар болсақ, “Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі” педагогикалық технологиясы (Қараев Ж.А.) [4], (Кобдикова Ж.У.) [5]; жүйелілік негізде оқыту (Ғалиев Т.Т.) [6]; шоғырландырып-қарқынды оқыту (Әбдіғалиев Қ.А. [7]; Нұрахметов Н.Н. т.б.) [8]; Ковжасарова М.Р. т.б. [9,]; Аульбекова Г.Д. т.б. [10]; модульдік (Жанпейісова М.М.) [11], Бейсенбаева З. [12], Бұзаубақова К.Ж. [13], С.К.Исламгулова [14] т.б. технологияларды жатқызуға болады.
Кез келген технологияны білім беру үрдісіне енгізуде міндетті орындалуға тиісті бірнеше шарттар бар. Тікелей қазақ тіліне байланысты мынадай шарттар болуы қажет:
а) нысанаға алынып отырған технологияның теориялық және әдісте-мелік мәселелерін жан-жақты ашып көрсететін ғылыми-әдістемелік еңбек;
ә) технологияны сабақ және сабақтан тыс уақытта жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасайтын бүгінгі күн талабына сай компьютер, аудио-визуалдық құралдармен жабдықталған лабораториялар;
б) сол технологияға бейімделіп жазылған оқу кешендері: бағдарлама, оқулық, оқу құралдары, әдістемелік және көрнекілік құралдар;
в) ең басты шарттың бірі – осы технологиямен толық қаруланған мұғалім. Себебі, кез келген технологияның білім беру үрдісіне дендеп енуіне тікелей қызмет ететін – мұғалім. Ол үшін мұғалім жаңа технологияны мең-геріп қана қоймай, өзі меңгерген технологияны өз іс-әрекетіне байланысты қолдана алуы, жетілдіре білуі, сондай-ақ, өзінің анализі, рефлекциясы арқылы өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс. Пікірімізді А.Байтұрсыновтың мына бір қағидасымен түйіндесек: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керекті құралдар қолайлы һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді. Һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақты. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі – белгіленген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз нәрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретуге тиісті білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш мектепте үйрететін нәрселердің кесімі-пішіні болуға тиіс. Сол пішін программа деп аталады”, – десе [15, 438-б.], ғалым Р.Шаханова: “Педагогикалық технологияны енгізу – оқытушылардың шығармашылық жұмыс нәтижесінде әдістемелік жүйесін дамытады, оқытушылар мен студенттердің міндеттері мен құқықтарын орындауды, білім ордасында өзін-өзі ұйымдастыруды, құралдары, әдістері, түрлері сияқты өзара байланысты компоненттер кіретін оқу мазмұнын тарату тәсілі”, – деген тұжырым жасайды [16, 80-б.].
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «...егер технологияларды басқалардан алуға ғана сүйенетін болсақ, біз өзіміздің технологиялық артта қалушы-лығымызды сол күйінде тұмшалап, технологиялық және ғылыми тұрғыда дамыған елдерге тәуелділікте боламыз. Сондықтан бізге өз ғылымымызды дамыту керек», – деген тұжырымының дұрыстығын, бүгінгі күні білім жүйесінде тереңдеп еніп, Қазақстанның әр облысында, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының іс-тәжірибесінде қолданылып, сапалық нәтижесін беріп жүрген, өзінің бастау көзін кешегі алаш зиялыларының зерттеулерінен алған «Сатылай кешенді талдау» технологиясының ұлттық менталитетімізді ескере отырып жасалғандығына көз жеткіземіз. Яғни, ұлттық төл технология дегеніміз – қазақ тілін оқытудан бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын т.б. пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде, өз жерінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту. Төл технологияны жасауға өзге елдің озық ой-пікірлерімен қатар қазақ халқының көрнекті ғалымдарының оқыту, тәрбие туралы жасаған ғылыми тұжырымдары, әдістемелік кешендері негіз етіп алынады. Атап айтар болсақ, теориялық негізіне А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов т.б. ғалымдардың ғылыми-әдістемелік тұжырымдамалары басшылыққа алынса, ағартушылық негізі – Ыбырай, Абай, Шоқан т.б. еңбектерінен бастау алады.
Сонымен, сатылай кешенді талдау дегеніміз – оқыту мақсаты, міндет-тері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді талдау оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптас-тырады. Сатылай кешенді талдау технологиясының басты қағидаларының бірі – жоғары қиындықта оқыту.
Сатылай кешенді талдау – қазақ тілін оқытудан бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын т.б. пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде, өз жерінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту.
Сатылай кешенді талдау – тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны меңгертумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жалпы жан-жақты дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік-мәдени тұлға қалыптастыратын оқытудың түрі.
“Сатылай кешенді талдау” технологиясының мақсаты: Қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде дітін орындата алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді, мәдени ұлттық тұлға қалыптастыру.
Қазақ тілін оқытудағы сатылай кешенді талдау технологиясының міндеттері:
Тілдік материалдарды оқушының жас ерекшелігін ескере отырып ғылыми негізде меңгерту.
Әр сөйлемнің, сөздің, дыбыстың табиғатын таныту арқылы сөзді таңдап-талдап қолдана білуге дағдыландыру.
Қазақ тілінің сөз байлығын терең игерту арқылы, әр сөздің ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін сөз сырына бойлату арқылы оқушының танымдық дүниесін қалыптастыру.
Кез келген шаршы топта өз ойын шешен де шебер жеткізе білуге машықтандыру. Сол арқылы әр оқушының өз ана тілінің құдіретін басқаларға таныта, бағалай білуге баулу.
Жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдіру.
Өз ана тілінің грамматикасын сауатты игеру.
Қазақ тілі өзге пәндердің негізін түсініп, терең меңгеруге басты құрал екенін саналы түрде түсінуге бағыт-бағдар беру.
Түрлі шығармашылық жұмыстар жүргізу арқылы оқушыларды іскерлікке, тапқырлыққа баулу.
Талдаудың он деңгейін рет-ретімен жүргізе отырып, сатылай кешенді талдаудың түрлі амал-тәсілдерін меңгерту.
Интерактивті тақта, компьютерлік талдау арқылы оқушылардың ақпараттық- коммуникациялық сауаттылығын жетілдіру.
Ана тілі негізінде екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау.