«Парадигмалық және синтагмалық мағына»-42 бет


ІІ.3 Лексика элементтері арасындағы парадигмалық



бет5/7
Дата23.12.2023
өлшемі0,76 Mb.
#198788
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
stud.kz-50519
ГылымТарихыЖанеФилософия Кабаева1к196казМаг
ІІ.3 Лексика элементтері арасындағы парадигмалық,
синтагмалық қатынастар
Сөздердің мағына компоненттері құрамындағы парадигма мен тіл элементтері арасындағы парадигмалық қатынас аралығында тікелей байланыс бар. Сондай-ақ сөздердің мағына компоненттеріндегі синтагмалық элементтер мен тіл элементтері арасындағы синтагмалық қатынас арасында да байланыс бар. Мысалы, тілдік семантика тілдік заңдылықтың негізінде туып, сөз мағынасының қалыптасуына себепші болса, сол мағынаның анық көрінуі, берілген информацияға қосқан үлесі сөздердің тіркесінде, сөйлем құрамында қолданылуында анық көрінеді. Сондықтан да синоним, антоним сияқты тілдік категорияларды талдағанда олардың (кемінде екі сөздің) семаларын салыстырып, сәйкес келетін семаларымен сәйкес келмейтін семаларын анықтаумен бірге олардың белгілі бір контексте бірінің орнына екіншісінің қолданылу мүмкіндігін де көрсеткен болатынбыз.
Тіл элементтері арасындағы байланыс парадигмалы және синтагмалық қатынас негізінде болады деп екіге бөліп көрсету Ф. де Соссюрден басталатындығын жоғарыда айтқан болатынбыз. Тіл білімінің қазіргі даму сатысында сөздер арасындағы байланыстың екі түрі барлығын көпшілік ғалымдарымыз мойындайды. Тіпті В. М. Солнцев «Тілді таңба деп алушылар да, оның таңбалық қасиетін мойындамаушылар да тілді системалық құбылыс деп есептейді»,— деп дұрыс көрсеткен (Солнцев 71, 10) *. Бірақ системаны тілшілер түрліше түсіндіретіндігін де мойындаған жөн. Салыстырыңыз: А. А. Реформатский «Система — өзара байланысқан біртекті заттардың байланысы»,— деп анықтама берсе (Реформатский 67, 31) *, Г. С. Щур «Белгілі бір заттың белгілерінің жиынтығы структура деп аталынады. Ал осы структураның элементтері арасындағы байланыс система деп аталынады»,— дейді (Щур 64, 16) *. Бұл типтес ауытқулар шет ел тілшілерінің еңбектерінде де кездеседі. Дегенмен де тілді система деп атау үшін олардың бірнеше элементтерден құралатындығын, элементтер арасында өзара бір заңдылыққа негізделген байланыс болатындығын көп тілшілер мойындайды.
Егер система теориясына тереңірек бойлайтьш болсақ, тіл өздігінен система жасайды ма, жоқ объектив дүниедегі заттар мен құбылыстар арасындағы системаға негізделеді ме деген сұрауларға жауап беруге мәжбүр боламыз. Бұл сұрауға жауап беру үшін Н. А. Слюсарева көрсеткен тілдік система мен бейнелік системаның ара қатынасын анықтаудан бастауымыз керек. Лексикалық мағынаның қалыптасуында бейнелік мағынаның ролі қандай болса, тілдік системаның қалыптасуында (біздің зерттеуіміздегі семантикалық системаның) да материалдық системаның да ролі сондай жетекші қызмет атқаратындығы анық. Объектив дүние заттардың қалай болса солай жинақталына салынған қоймасы емес. Заттар өзара байланысып, белгілі бір заңдылықтар, тәртіптер бойынша ұштасып жатады. Бірақ бұл байланыстар жай көзбен көре салуға, анықтауға бола бермейтіндігі, оларды анықтауда ғылыми талдаудың да керек болуы мүмкін. Нақ осындай сөздер де сөздік құрамда қалай болса солай жинақталына салынған емес, олар да өзара байланысып, жүйе-жүйе болып жатады. Бұл екі сараланудың арасында байланыс бар. Ол туралы жоғарыда айтылған. Дегенмен де объектив дүниедегі заттар арасындағы байланыс түрліше қасиетке ие болса да өз дербестігін сақтайды. Мысалы, столдың үстінде жатқан көп алманың өзіндік түсі (біреуі қызыл, біреуі сәл қызылдау, үшіншісінің бүйірі қызыл, төртіншісі — сары т. б.), формасы (біреуі доп-домалақ, екіншісі сәл сопақтау, үшіншісі жалпақтау, т. б.), иісі, т. б. қасиеттері болады. Әрине бұл белгілер тек алмаға ғана тән болмастан басқа заттардан да табылуы заңды. Қанша ерекшеленгенмен де алманың түсі, дәмі, иісі оның негізгі белгілері болып саналады. Сөйлескен кезде де алманың осы қасиеттерін ойымызға алып, оны әңгелектен, алмұрттан, бекеден, т. б. ажыратамыз. С. Д. Қацнельсон сөз мағынасын анықтауда заттардың осындай ерекше белгілеріне негізделетін ұғымға сүйеніп «Шын мәнінде лексикалық мағына дегеніміз бейнеленген затты таныпбілуге жететін кіші (минимум) мәлімет»,— деген болатын (Кацнельсон 72, 131) *.
Дүниедегі заттар қатып қалған, өзгермейтін заттар емес. Сондықтан Ф. Энгельс «Мир состоит ни из готовых законченных предметов, а представляет собой совокупность процессов»,— деп айтқан болатын (Маркс 21, 302) *. Ф. Энгельстің осы пікіріне сүйене отырьш С. Д. Кацнельсон шындық дүниедегі заттар белгілі бір территорияда, уақытта, оқиға, процесс, факт ретінде ғана өмір сүреді. Олар тіл элементтері, сөйлем арқылы басқа біреулерге беріледі дейді (Кацнельсон 72, 141) *. Әрине дүниедегі заттар, кұбылыстар және амал-әрекеттері, белгілері түйсік арқылы адамның ми қабығына жеке-жеке информацияларды береді де, араларындағы байланыс, сыбайлас жақтар ойлау арқылы анықталады. Э. Бюнссанстың «Система санада қалыптасады» дегені де осыдан (Будагов 72, 53) *. Совет тілшісі Ю. Д. Апресян антонимдердің мағынасына талдау жасай отырып, дүниеде антонимдік амал-әрекеттер өмір сүрмейді, бірақ оларды адамдар ойлау арқылы анықтайды дейді. Антонимдердің жалпылығы олардың өздерінің семантикалық қасиетінен шығады, олар атауы болған заттар мен құбылыстардан емес, себебі «заттар мен құбылыстарда қарама-қарсылық» болмайды»,— дегенде осы жалпылық пен қарама-қарсылықты заттардың белгісі ретінде өмір сүрмейтіндігін, ойлау процесі негізінде анықталатындығын көрсету мақсат етілген (Апресян 73, 326—327) *. Адам ойының құдіреті де осыдан. Түйсік арқылы берілмеген жалпы қасиеттерді, заттардың жеке белгілерін жалпылау, салыстыру арқылы анықтайды. Заттар мен құбылыстардың белгілерін, амал-әрекеттерін жалпылау, олардың өздеріне тән белгілерін анықтаудың өзі олар арасындағы байланыстарды ашу деген сөз. Сондықтан да сөз арасындағы байланыс негізінде объектив дүниедегі заттарда өмір сүретін жеке-жеке белгілер, қасиеттер жатады.
Совет тілшілері арасынан да тілдік системаны бейнелік (идеялық) системадан ажыратқан да екеуінің арасында байланыс жоқ, не объектив дүниедегі заттардың белгісі тіл үшін ешқандай маңызы жоқ деп есептеушілер де табылады. Мысалы, «Тіл элементтері тікелей тілден тыс тұрған болмыс туралы информация бермейді, сондықтан ол болмыс тіл үшін ешқандай маңызға ие емес», «Тілден тыс жатқан болмысқа негізделінетін тіл семантикасын зерттеу тиімсіз»,— деп жазады И. Ф. Вардель (Вардель 73, 19) *. Егер И. Ф. Вардельдің пікірін дұрыс деп мақұлдайтын болсақ, онда сөз мағынасындағы денотаттық мағыналық элементті жоққа шығарып, сөз мағынасын сөйлем ішінде не сөздердің лексико-семантикалық топтары арасынан, олардың қарым-қатынасынан туады деген көзқарасты қорғаған боламыз. Бұл қағида, белгілі дәрежеде, Ф. де Соссюрдың «тіл білімінің бірден-бір, нағыз объектісі өз ішінде, өзі үшін ғана қолданылатын тіл болып саналады»,— деген «Жалпы тіл білімі курсына» берілген қорытындыны қолдау болып табылады (Соссюр 77, 269) *. Біз сөз мағынасының құрамында объектив дүниемен байланысып жатқан элемент бар, бірақ ол объектив дүниемен тең түсетін не нақ соның өзі болмайды, содан хабар беретін, белгілі дәрежеде сәйкес келетін бейне деген пікірді қолдаймыз (Турбачев 76, 159) *. Сондықтан да объектив дүниедегі бар заттар арасындағы байланыс адамдардың таным процесі арқылы ойға келіп, сараланып, байланысы анықталып системаға түседі де сөздер арасындағы байланысқа да өз ықпалын тигізеді (Будагов 72, 49) *.
Лексиканы системалы құбылыс деп санау не санамаудағы негізгі принциптің бірі — лексикалық элементтердің (сөздердің) дербестігін мойындау не мойындамау болып табылады. Сондықтан да Ю. Н. Караулов: «Лексико-семантикалық система деп нені түсінеміз, олар қандай элементтерден тұрады, оларда қандай байланыс басым болады деген мәселені түсіндіруде бірнеше бағыт, мектептер бар. Бұл мәселені түсіндірудегі көзқарастарды жинақтап екі топқа бөлуге болады: —Сөздердің дербестігін, басқалардан бөлінетіндігін, тұтастығын мойындайды ма; контекске қандай қызмет жүктейді»,— деп көрсеткен болатын (Караулов 76, 5) *. Шындығында да тек шет ел тілшілері арасында ғана емес, совет тілшілері арасында да сөздің лексикалық мағынасын анықтауда сөздердің системадағы орнын анықтау мен контекстің қызметін белгілеу өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Бұл мәселенің дұрыс шешілуі даулы болып келе жатқан көп мәселелердің шешілуіне көмегі тиері анық. Егер сөздердің дербестігін мойындайтын болсақ, онда әрбір сөз өз алдына мағынаға ие болып, екінші бір сөзге тәуелді болмайды деген көзқарасты қолдаған боламыз. Сөз дегеніміз ұғым не заттарға, түрлі құбылыстарға берілген шартты әлеуметтік байланыс тарихи деген типтес анықтамалар сөздердің дербестігіне негізделініп берілген анықтама. Сөздердің дербестігін мойындау контекстің, тілдік системаның қызметін жоққа шыгару деген сөз емес. Контекстің қызметі сөз мағынасын тиянақтау, көп мағыналы сөздің бір мағынада қолданылуына жағдай жасаса, сөздердің тілдік системадағы орны сөздердің дұрыс қолданылуына (сөйлеушінің не жазушының мақсатына байланысты) мүмкіндік жасайды.
Жеке сөздердің дербестігін мойындамау — сөздер жеке өздері тұрып дербес лексикалық мағынаға ие болмайды, олардың білдіретін мағынасы контексте не системадағы тіл элементтерінің орнына беру, не тілдік системалар арасындағы түрлі байланыстарға тәуелді ету. Соңғы қағида шет ел тілшілері арасында пайда болса да совет тілшілерінің еңбектерінде де кездеседі. Мысалы, Д. М. Шмелев үлкен, жақсы сөздерінің мағынасы кішкентай, жаман сөздері болғандығы үшін ғана бар дей отырып», «Кез келген мағына өздігінен, басқа мағыналармен байланыспай өмір сүрмейді»,— дегенде, осы қағиданы қолдады (Шмелев 73, 141) *. Ол сөз мағынасы туралы айтқан пікірлерін жинақтап «Қазіргі тілшілердің ешқайсысы да кез келгеп тілдік элемент (сөз) өзіндік лексикалық мағыианы басқа тілдік элементтермен байланысып барып қана қабылдайтындығына күмән туғызбайды»,— дегенде сөздердің дербестігін жоққа шығарған (Шмелев 73, 141). Егер сөздер мағынаны контексте ғана, басқа сөздермен байланысқанда ғана қабылдайтын болса, онда сөздердің байланысқа түспей, сөйлем құрамына енбей тұрғандағы мағынасы туралы сөз етудің өзі дұрыс болмас еді. Екінші бір көрнекті тілші, семантикаға байланысты жарық көрген көптеген енбектердің авторы В. А. Звегинцев Н. Д. Шмелевтен де ары тереңдеп: «Таза лингвистикалық тұрғыда сөз мағынасы оның басқа сөздермен байланысу мүмкіндігімен, лексикалық валенттілігімен байланысты апықталады»,— деп жазады (Звегинцев 67, 123). Егер Д. Н. Шмелевтің пікірін қолдайтын болсақ, сөз мағынасы өздігінен өмір сүрмейді, оның объектив дүниемен байланысы болмайды, тек сөздердің системадағы орнымен ғана анықталады да парадигмалық қатынас сөз мағынасын жасайтын болып қалады. Жоғарыда біз сөз мағынасының құрамында тілдік мағынаның элементі бар дегенде ол жеке өздері сөздің лексикалық мағынасын жасайды, лексикалық мағына объектив дүниемен байланыспайтын басқа бір нәрсе деген пікірді айтқан жоқпыз. Шындығында да тілдік семантика объектив дүииемен тікелей байланысты болғанымен, оның бейнесі ретінде қабылданбағанымен объектив дүниедегі заттардың байланысына, өзара қарым-қатынасына сүйенеді. И. В. Арнольд пен Н. Н. Буга «Система дегенде тәртіпке түскен және өзара іштей байланысқан объектіні түсінеміз. Жалпы теориялар системасы объектінің физикалық табиғатының абстракциясы ретінде қабылданады, өзара және сыртқы орта мен жалпы қасиеттері арқылы қалыптасқан, бірнеше элементтердің жиындысы ретінде танылады. Тілдің лексикасы таңбалардың ерекше системасы деп есептелінеді»,— деп, осы екі система арасындағы байланысты көрсеткен болатын (Арнольд 81, 3) *. Ал В. А. Звегинцевтің пікірін дұрыс дейтін болсақ, онда сөз мағынасы тек сөздердің тіркесінде пайда болады да валенттіліктің аясында қалып қояды. Алдын ала айтылатын нәрсе сол — сөз тіркесі мағына жасамайды, керісінше сөз мағынасының сөйлемде қолданылуына, нақты болуына жағдай жасайды. Бұл екі пікір тілдік системаның екі саласына негізделінеді де екеуіне ортақ нәрсе — екеуі де сөздердің дербестігін жоққа шығарады.
Сөздердің дербестігін мойындамау кейбір тілшілердің ғана емес, ол структуралды тіл білімінің көпшілік өкілдеріне тән пікір болып саналады. Бұл пікірдің бастамасы Ф. де Соссюрдің «...тіл системасщның мүшесіне тек әйтеуір дыбысталу мен әйтеуір бір ұғымның қарапайым бірлігі деп қарау үлкен жаңысушылық. Система мүшесіне бұлай анықтама беру — өзі мүше болған системадан бөліп қояды, бұл қате пікірге алып келеді»,— деген пікірінен басталады (Соссюр 77, 146). Ф. де Соссюрдың бұл пікірін акад. В. В. Винсградов та қолдағаны анық. Шындығында да Соссюр Н. Д. Шмелев сияқты жақсы сөзінің мағынасын жаман сөзі болғандығы үшін ғана деп есептемейді. «Бір тілдің кұрамында бірін-бірі шектеп жақын ұғымды білдіретін синоним сөздер бар. Мысалы гесіоиіег (қауіптену)—crainde (қорқу, үрку), аvоіr (қорқу). Бұл сөздер өзара қарама-қарсы тұрғандығы үшін ғана мағынаға ие болады, егер redouter (қауіптену) болмаса, онда оның мағынасы онымен қатынаста болған басқа сөзге өтіп кеткен болар еді»,—деген пікір айтқан (Соссюр 77, 148). Шындығында да тілдік системаларда ондай жағдайдың болатындығын байқауға болады. Салыстырыңыз: өзбек тілінде бинафша сөзі заттардың түсін көрсету үшін қолданылады. Қазақ тілінде ондай сын есім жоқ, сондықтан да бұл сөздің мағынасын қазақ тіліндегі көк, көкшіл сөздері арқылы береміз (өзбек тілінде бұл екі сын есімдер де қолданылады). Бірақ структуралистер Ф. де Соссюрдің соңғы пікірін есепке алмастан тілдік системаның ролін өте жоғары көтеріп жібереді де мағынаны тек системамен байланысты қарайды, не мағынаны тіл біліміне мүлде қажетсіз түсінік деп қарайды. Мысалы, Прага тіл үйірмесінің тезистерінде: «Сөз мағынасы, ең алдымен, оның басқа сөздермен қарым-қатынасынан анықталады, яғни лексикалық системадағы орнымен, ал сөздің лексикалық системадағы орнын анықтау тек сол системаның құрамын анықтағаннан кейін ғана болады»,— деген пікір бар (Звегинцев 65, 138) *. Бұл пікірді даниялық ғалым Л. Ельмслев ары қарай дамытқан. Ол «Егер тілді структура деп мойындайтын болсақ, онда традициялық тіл білімінде қабылданған, оны мағына мен дыбыс арқылы анықтауға өткен әрекеті қанағаттанарсыз болады»,— деп жазады (Звегинцев 65, 109). Сонда тілді структура деп санайтын тіл білімдерінің өкілдері нені зерттеу керек деген сұраудың туатындығы анық. Автор бұл сұрауға: «Өзінің ертеректегі бір еңбегінде проф. Карнап структура түсінігіне мен қандай анықтама берсем, ол да сондай анықтама беруге әрекет еткен, яғни таза форма және таза қатынас деген»,— дейді (Звегинцев 65, 108). Демек Л. Ельмслевтің пікірі бойынша, сөз не тіл элементтері дыбыс және мағынамен байланысты болмайды, сондықтан да тіл білімі тек форма, не формалардың қарым-қатынасын ғана зерттеуі шарт дейді. Осы типтес пікірлер совет тілшілерінің арасында да бар. Мысалы, А. Г. Волков тіл біліміндегі таңба мен мағына мәселесіне арнайы тоқтала отырып: «Біздің пікірімізше, қазіргі мағына туралы жалпы пікірлер мынаған негізделінуі керек: мағына өзінің табиғаты жағынан тілдік категория емес, ол ойлаудың арнайы орындалатын бір функциясы не оның бір материалдық процесі»,— деп жазады (Волков 68, 61) *. Автор бұл пікірін екінші бір жерде қайталайды да мағынаны логикалық элемент деп есептейді (Волков 68, 69). Шындығында да тілді система деп есептеуде мағынаны мүлде есепке алмау, тек формалар арқылы система, структура, функция, мән терминдеріне анықтама беру, олардың арасындағы байланыстарға анықтама беру мүмкін болмайды. Кей ғалымдар сөздегі мағыналы тіл білімінің объектісінен қуудың негізгі себебі деп тілдік элементтерді таңба деп танудан дейді (Будагов 78, 63—68) *.
Сөздердің дербестігін мойындау олардың басқа сөздермен байланысын мойындамау екен деп түсіну дұрыс емес. Керісінше, сөз дербестігін мойындағанда оның өзіндік мағынасы, формасы барлығын, олар басқа тіл элементтерімен байланыста болатындығын ескеруді қажет етеді, сол байланысқа негізделіп сөздерді біз лексико-семантикалық топтың қатарына енгіземіз. Сондықтан да көру, көзге түсу, байқау деген етістіктерді көру етістіктеріне, сөйлеу, айту, сыбырлау, жеткізу, сарнау, мыңғырлау сияқты етістіктерді өзара мағыналық байланысы болғандықтан бір топтың құрамына енгіземіз. Сөйлеу етістігінің құрамына енген етістіктердің барлығы да белгілі бір информацияны екінші біреуге дыбыстық тіл арқылы жеткізу мағынасымен өзара байланысса, туысқандық атаулары (ата, бала, ана, қарындас, іні, немере, т. б.) қандық не некелік туысқандықты білдіретін мағынасымен байланысады. Қызыл, ақ, қара, көк, сары, сұр, жирен, боз сияқты сөздерді заттардың түсін білдіретін ортақ мағыналары болғандығы үшін бір лексико-семантикалық топқа енгіземіз. Демек, лексикадағы системалық сөздердің дербестігін, оның мағынасының басқаға тәуелсіздігін жоққа шығармайды, керісінше олардың тіркестен тумайтындығын, мағына арқылы өзара байланысып, бір күрделі системаның мүшесі ретінде өмір сүретіндігін көрсетеді.
Лексико-семантикалық топ лексикалық системаның парадигмалық қатынасына негізделінеді де олар сол системаиың элементтерінің тең дәрежелі байланысына сүйенеді. Лексико-семантикалық топтың әрбір мүшесі өзіндік мағыналық дербестікке ие болып, сол системада белгілі бір қызмет атқарып, системада өз орнын белгілеп тұратындығы анық. Лексикадағы синоним, антоним деп аталынатын категориялар осы семантикалық байланысқа ие болғандығы үшін ерекшеленіп алынып жүр. Шындығында жақсы сөзін айтқанда жаман сөзін, үлкен сөзін айтқанда кіші сөздерін ойымызға алатынымыз анық. Бұл сөздердегі мағыналық байланыс заттардың ішкі табиғаты мен формасына байланысты болғанымен, олар арасында екінші байланыс та бар. Ол — заттарды салыстыру, бағалау арқылы анықталатын байланыс. Ескерте кететін жағдай сол — синонимдер мен антонимдер арасындағы байланыс бір өлшемге негізделінбеген. Салыстарыңыз: жақсы мен жаман антоним. Өзара салыстырылған не теңестірілген екі зат осы қасиеттің біреуіне ие болуы керек, бірақ бір өлшеммен өлшенетін зат бір уақыттың ішінде әрі жақсы, әрі жаман болуы мүмкін емес. Ал синоним болатын сөздер болса, басқаша қасиетке ие. Жақсы, тәуір, оңды, келісті деген сөздер синонимдер, сондықтан да олар бірінің орнына екіншісі қолданылып, бір ұғымды білдіретін қасиетке ие болады. Екінші ескертетін нәрсе — сөздердің мағынасына байланысты, олар заттардың табиғатынан тумайды, ойдың абстракциялық қызметі негізінде заттардың түрлі қасиеттерін салыстырады да парадигмалық байланысқа түсіреді. Ю. Д. Апресян: «Антонимдердің жалпылық қасиеті олардың семантикалық қасиетінен ғана шығады, олар атауы болған заттар мен кұбылыстардан тумайды, себебі қарама-қарсы заттар мен құбылыстар өмір сүрмейді»,— деп жазған еді (Апресян 73, 326—327) *. Әрине антонимдер де, синонимдер де бір лексико-семантикалық топтың ішінде, солардың мүшелері арасында анықталатын өмір сүретін байланыс. Сондықтан да сөйле, айт, үндеме дегендер бір лексико-семантикалық топтың мүшесі болып саналады.
Кей ғалымдар сөз мағынасының құрамындағы семалардың қызметін нақтылы анықтау үшін сөз мағынасының элементі мен мағына қатынасын ажыратуды, анықтауды ұсынады (Цветков 84, 66) *. Әрине бұл талап дұрыс. Сөздің лексикалық мағынасының компоненті болған семалардың өзара қатынасы және мағына жасаудағы қызметі бар да лексико-семантикалық топтың мүшелерін анықтауды сөздердің семаларының қызметін анықтау бар. Бірінші қасиет бір сөздің ішінде болады да мағынаның құрылымдық элементі болып саналады, екінші қасиет семалардың қарым-қатынасын анықтау болады да тілдік системадағы сөздердің орнын белгілейді. Автор сұрау қойса да өзі жауап бермеген. Тек автор семантикалық компоненттердің «жағымды, жағымсыз сезім», «сезімнің интенсивтілігі (әлсіз; күшті және өте күшті), «сезімнің пайда болу характері» (қысқа және ұзаққа созылуы) сияқтыларды мысал ретінде беріп, тырнақша ішіндегі компонент жақша ішіндегі семантикалық белгі деп есептейді. Н. В. Цветков бұл жерде семантикамен байланысты екінші мәселеге өтіп кеткен. Семантикалық белгі де, семантикалық компонент те сөз мағынасын қалыптастыруда өз үлестерін қосатындығын естен шығаруға болмайды. Мысалы, айтты, ескертті, мыжыды сөздерін алып керелік. Айтты сөзінің мағынасында эмоция жоқ, тек бір нәрсені баяндағаны туралы ғана хабарлап тұр, ал ескертті дегенде бір нәрсені айтқанды білдірумен бірге арнайы тоқталғандығын көрсетеді. Мыжыды етістігінде әрі көп сөйлеу, әрі мезі қылу мағынасы бар. Демек айтты етістігі мен ескертті етістігінің арасында амалдың орындалу тәсілімен байланысты, ал мыжыды етістігінде болса, алдыңғы екеуінен, әрі эмоциялық, әрі созылыңқы амалды білдіруімен белшектеніп тұрғандығы анық. Біз бұларды бір сөздің лексико-семантикалық варианттары да демейміз, синонимдік қатар жасайтын сөздер де демейміз. Олар бір лексико-семантикалық топтың мүшелері. Сөздердің лексикалық мағыналарын анықтауда семаларға сүйенуге болады, бірақ мағынаны қалыптастыруға қатысқан семалардың барлығы да сөйлемде қолданылғанда бой көрсете бермейтіндігін ескерткен жен. Сондықтан семалардың қызметтерін анықтаған, талдаған жен. В. Г. Гак семаларды үшке беліп көрсеткенде олардың осы қызметтеріне сүйенген. Бірақ тілшілер бұл мәселеде де бір ізді көзқараста емес. Мысалы, В. Г. Гак архисема сөздерді өзара байланыстырып тұратын, оларды белгілі бір лексико-семантикалық топқа біріктіруде негіз болатын сема деп есептесе, дифференциалды семаны сөздердің лексикалық мағынасына негіз болып, бір сөзді екінші бір сөзден ажыратып тұратын сема деп көрсетеді. Мысалы, кел, кет, алыста, айнал, өт, т. б. етістіктерінің барлығына да ортақ архисема — қозғалған заттың бір орыннан екінші бір орынға өтуі, орын ауыстыруы. Сонымен бірге олар бірінен екіншісін ажыратып жататын семаларға-дифференциалды семаларға ие. Кел мен кет қарама-қарсы бағыттағы қозғалысты білдірсе, алыста етістігі ұзау, қашықтау мағынасымен басқалардан бөлшектеніп тұр. Айналу етістігі бір заттың теңірегінде болған қозғалысты білдірсе, өт етістігі түрлі кедергілерге байланысты болған қозғалысты білдіретін семасымен ажыратылып тұрады. Потенциалды немесе салыстырмалы сема екінші дәрежелі мағынамен байланысты сема деп көрсетілген (Гак 77, 14—15) *. Жалпы сөз мағыналарын семаларға талдап көрсетушілердің көпшілігі үшінші бір семаның барлығын, әр түрлі атаса да, мойындайды. И. Кучқартаев полисемантикалық сөздер туралы айта отырып, оларда үш турлі семаның барлығын1) идентификациялаушы сема, 2) дифференциялаушы сема, 3) қосымша (екінші дәрежелі) —көрсетеді (Кучқартаев 77, 29). В. Г. Гак пікіріне толық талдау жасап қарасақ, ол да үшінші сема етіп көрсеткен семаны салыстырушы (вертуэмы) семасы да көмекші семаларға жуық деп есептеген. Айырушы (дифференция жасаушы) сема туралы айта отырып, олар объектінің өзгешелігін көрсетеді дейді. Кез келген заттың екі түрлі қасиеті бар. Бірінші қасиеті оның түйсік арқылы қабылданатын сыртқы керінісіне (формасына, көлеміне, құрылымына, т. б.) байланысты сипатталынатын қасиеті болса, екіншісі сол заттардың екінші бір заттармен қарым-қатынасын анықтайтын (неге арналғандығын, орнын, қызметі, т. б.) қасиеті. Мысалы, автобус сөзінің дифференциялық семасы оның транспорттың бір түрі екендігі, жерде қозғалатындығы (самолеттен өзгешелігі), рельссіз қозғалатындығы (поезд бен трамвайдан өзгешелігі), мотордың күшімен қозғалатындығы (троллейбустан езгешелігі) төрт дөңгелегі барлығы (мотоциклден өзгешелігі), т. б. Бұл ерекшеліктерді автобустың өзіне тән болған негізгі ерекшеліктері деп көрсетуге болады. Сонымен бірге оның қосымша белгілері де: қала ішінде (белгілі бір маршрутпен) жүретіндігі, билетке төлейтіндігі (жеке меншік машиналардан өзгеше), көлемі үлкендігі (таксиден өзгешелігі), т. б. (Гак 77, 15). В. Г. Гак сөздердегі соңғы көрсетілген белгі сияқтыларды негізгі белгісі емес дейді. Біздің. түсінігімізше, негізгі белгілер мен қосалқы белгілердің болатын дығын жоққа шығарып болмайды, бірақ сөз мағынасында оларды бұлай анықтау мүмкін болмайды. Қолданылу ерекшелігіне қарай қосалқы мағыналық элемент деп жүргендеріміздің өзі лексикалық мағынаны белгілеуші (негізгі) сема ретінде де қолданылу мүмкіндігі бар. Салыстырыңыз: В. Г. Гак қозғалу етістіктеріне байланысты айта отырып, олардағы көмекші сема ретінде қозғалыстың темпін білдіретін семаны көрсетеді. Мысал ретінде орыс тіліндегі идти, бежать, лететь, ползти сөздерін келтіреді. Яғни идти сөзінде қозғалыстың темпін білдіретін сема жоқ, сондықтан орта темптегі, бір қалыпты қозғалысты идти (жүр) деп атаймыз. Бежать пен лететь жылдам қозғалысты білдірсе, ползти ете баяу қозғалысты білдіреді дейді (Гак 77, 15). Автордың мысалды талдауында мағыналарындағы өзгешеліктерді көрсетуінде қателік жоқ. Бірақ шығарған қорытындысына келісуге болмайды. Біздіңше, жүр, шап, еңбекте сөздерін бірін екіншісінен ажыратып тұрған мағыналық элементтің өзі осы қимылдың тездігімен байланысты екендігін жасыруға болмайды.
И. Кучқартаев өз пікірін дәлелдеу үшін өзбек тіліндегі бузоқ (бұзау) сөзін алып талдайды. Автордың керсетуінше, бұзау сөзінде сиыр және жас деген екі жетекші сема, аңқау, сенгіш сияқты қосымша семалары бар. Аңқау, бос, әр нәрсеге сене бергіш сияқты мағына бұзау сезінің көп мағынасының бірі екендігін өзбек тілі материалына негізделініп жазылған сөздіктерде де берілген. Мысалы, 1959 жылы жарық керген өзбекше-орысша сөздікте бұзау сөзіне екі мағына берген. Бірінші мағынасы — теленок, екіншісі — постак, постофиля (УзРС, 88) *. Егер сөйлеу процесін есепке алатын болсақ, онда ауыспалы мағынада қолданылғанда онын номинатив мағынасы тек ішкі форма ретінде ғана сақталынатындығы анық. Сондықтан да, Аммамнинг бузоғи дегенде сиырдың төлі мағынасы мүлде ойға алынбайды; жуас, момын, бос семалары негізгі мағына жасайтын семалары орнында қолданылып, информацияға негіз болып тұр. Егер семалық талдаулардың сәтті шығуын қалайтын болсақ, онда сөздердің номинативтік мағынасы мен келтірінді мағыналарын, атауыш сөздер мен көмекші сөздердің мағыналарындағы ерекшеліктерді есепке алу керек. Жоғарыда біз грамматикалық мағыналарда да семалар бар деген тезисті қолданған болатынбыз. Бірақ грамматикалық мағына құрамындағы сема мен лексикалық мағына құрамындағы семаларды теңестіруге болмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет