Пардабеков Диас
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
2 курс PhD докторанты
Қазақстандағы терорризм және діни экстремизммен күресудің
жолдары мен бағыттары
Кіріспе
Бүгінгі таңда Қазақстан қоғамы бұрынғы құндылықтар жүйесінің күйреп, жаҺандану аясында пайда болған экономикалық, саяси, мәдени салалардағы өзгерістерді бастан кешіруде. Бұл өз кезегінде, елімізде және әлем елдерінде ұлтаралық және дінаралық шиеленістер мен қақтығыстардың туындауына себепші болуда. Қоғамда аталған мәселелердің шешілуін талап ететін оппозициялық топтар пайда болып, олар өз дегенін орындату үшін қорқыту мен күштеуді пайдаланады. ХХІ ғасыр індетіне айналған терроризм мен экстремизммен күресу үшін біз аталған құбылыстардың мәнін анықтап алуымыз қажет.
Қазіргі ғылымда экстремизм және терроризм ұғымдарына қатысты ортақ пікір қалыптаспаған. Халықаралық құқық саласында да терроризм мен экстремизмге қатысты нақты анықтамасы болмаса да, белгілі бір іс-әрекетті террористік акт деп бағалау - оның қандай-да бір белгілері мен көріністері бар екендігін дәлелдейді. Сонымен бірге терроризм мен экстремизмді ешқандай философиялық, идеологиялық, нәсілдік, этникалық, діни немесе басқа себептермен ақтап алу мүмкін емес екендігін естен шығармаған жөн делінген [1].
Жаһандану дәуірінің айықпас дертіне айналған терроризм мен экстремизммен күресу, қоғамның радикалдануының алдын-алу үшін әлемдік деңгейде және елімізде кешенді зерттеулер жүргізілуде. Мәселен 1970-жылдардың соңында батыс елдерінде терроризмен күресетін арнайы бөлімдер ашылды. Бұл бөлімдер қажетті тәжірибе жинақтап терроризм және экстремизммен күресудің тиімді құралына айналды. Халықаралық терроризм құрылымдарына антитеррорлық қызметтердің өзара ынтымақтастығы қарсы тұрды. Терроризм мен экстремизм құбылыстары әлемнің түгелдей дерлік мемлекеттерінде түрлі сипатта көрініс табуда. Сол себепті әлем елдері аталған мәселелерді өзара бірлесіп шешу жолдарын іздестіруі тиіс.
Терроризм және діни экстремизм мәні мен мазмұны
Терроризм мен діни экстремизмнің әлеуметтік-саяси себептері туралы сөз қозғамас бұрын аталған ұғымдардың мәні мен мазмұнын анықтап алуымыз шарт.
Терроризм - [лат. terror - қорқыныш, үрей] - саяси мақсатты пайдалана отырып күш қолдану дегенді білдіреді. Терроризм мәні – қорқыту, күш көрсету, «әлсіздің» күштіге қарсы әрекеті. Террористік әрекет субьектісі – жеке адамдар немесе үкіметтік емес ұйымдар. Террористік әрекет обьектісі – билік және биліктегі жеке адамдар немесе қоғамдағы жекелеген адамдар (оның ішінде, шетелдіктер, басқа мемлекеттердің қызметкерлері). Күш көрсетудің мақсаты – террористерге қажетті жағдайды болдыру – төңкеріс, қоғамды тұрақсыздандыру, шет мемлекетпен соғыс бастау, белгілі бір территорияның тәуелсіздікке қол жеткізуі, билік мәртебесінің түсуі және т.б. болып табылады [2].
Терроризмнің басты шарты – қоғамда террористік акт жөнінде ақпарат тарату, адамдар арасында үрей туғызу, сол арқылы көздеген мақсаттарына жету. Террористік әрекетпен байланысты туындаған қоғамдық резонанс террористтер үшін қоғамдық көңіл-күйлерді өзгерту үшін қажет. Терактілер бұқара психологиясына ықпал етеді. Террористік ұйымдар өз дегенінен жету үшін соңына дейін баруға, өзінің де, өзгенің де өмірін қиюға дайын екендігін көрсетеді.
Терроризмді тудыратын бірнеше себептерге үңіліп көрейік. Зерттеулер көрсеткеніндей, экономикалық қиыншылықтар, мұқтаждық адамдарды тек материалдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да тұралатады. Ал, террорлық ұйымдар əлеуметтік əділетсіздік жəне табыс үлесіміндегі теңсіздікті ұтымды пайдаланады. Білімі таяз, əлеуметтік əлсіз топтар осындай ұйымдардың қармағына оңай ілінеді əрі ондай адамдарды кері қайтару қиынға түседі. Терроризм террористік акт, террористік акция, террористік қызмет, террорист, террористік әдістер мен құралдар және террористік ұйым сияқты элементтерден тұратынын атап өткіміз келеді.
Терроризм және экстремизм өзара ұқсас құбылыстар сияқты болғанымен, олардың арасында айырмашылық бар. Экстремизм әлеуметтік әрекеттің ерекше, төтенше типін білдіреді және ол мақсат, идеология, құралдар мен әдістерден тұрады, ал терроризм болса әлеуметтік әрекет түрілерінің немесе тәсілдерінің бірі. Терроризм өзінің логикалық мәні мен мағынасы бойынша экстремизмге қарағанда аясы тар және ол экстремизмдегі әрекеттер құрамына кіреді. Ал экстремизм болса күрделі құбылыс, ол қоғамда түрлі қырынан көрініс табады.
Экстремизм термині (лат. extremus – шеткі, соңғы) – бұл әлеуметтік-саяси, діни, ұлттық мақсаттарға тыйым салынған әдістер арқылы жету дегенді білдіреді. Экстремизм – түрлі әлеуметтік-саяси бағыттағы радикалды партиялар, топтар, қозғалыстардың негізгі белгісі (анархизм, фашизм, коммунизм, шовинизм, діни фундаментализм және т.б.). Саяси өмірдегі экстремизм бұрыннан қалыптасқан қоғамдық құрылымдар мен институттарды құртуға бағытталған әрекеттерде көрініс табады [3].
Соңғы уақытта әлемдік деңгейде діни экстремизм құбылысы белең алды. Діни экстремизм – бұл дінннің атын жамылған мемлекеттік құрылымды өзгертуге немесе билікті күштеп жаулап алуға бағытталған қызмет. Діни негіздегі экстремизм – діндегі шеткі көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің негізінде күш көрсету, асыра қаталдық және агрессивтілік жатыр [4].
Жоғарыдағы айтылған діни негіздегі экстремизм ұғымын қолданудың дұрыс еместігін Е.Т. Бекбосынов өзінің «Діни экстремизм ұғымы және оның кешенді түрде талқылануының кейбір қырлары» атты мақаласында ерекше атап өтеді. Дін мен діни негіздегі экстремизмді бір тұтас қарау дұрыс емес. Себебі мұндай негізсіз ой-пікірлер зерттеушілердің өзін, содан кейін басқаларды сөзсіз шатастырады. Олар дін мен діни экстремизмді обьективтік тұрғыдан ажыратпайды. Тек субьективтік көзқараспен қарайды. Біздің
көзқарасымыз бойынша «діни негіздегі экстремизм» ұғымын қолдану қисынға келмейді. Өйткені дін атаулы «экстремизм» ұғымын негіздемейді. Сол себепті «діни экстремизм» ұғымын қолдану дұрыс [5]. Осы пікірмен келісе отырып, біз діни экстремизм ұғымын пайдаланғанды жөн көрдік.
Ал енді, қоғамдағы экстремизмнің себептеріне келер болсақ, ол төмендегі факторларға сүйеніп пайда болады:
әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар;
саяси құрылымдар деформациясы;
халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі;
басқаша ойлау мен көзқарасты және оппозицияны басу;
ұлттық езгі, саяси партиялар мен діни топтардың көшбасшыларының мақсаттары.
Кейде діни экстремизмнің таралуының себебі демократиялық өзгерістер нәтижесінде жарияланған ар-ождан бостандығы деп есептеледі. Әрине ар-ождан бостандығы – қазіргі заманғы құқықтық мемлекетте азаматтардың маңызды және құнды еркіндігі екені белгілі. Дегенмен, бұл еркіндікті барлығын жасай беруге болады деп түсініп, кейбір ұйымдар мен топтар қоғамда экстремистік идеологиялардың пайда болуына себепші болды.
Соңғы ондаған жылдардан бері кең құлаш жайыла бастаған экстремистік құбылыстар діни постулаттармен байланысты болса да, саяси шеңберде жүзеге асуда. Сол себептен «діни экстремизм» ұғымы бұларды толыққанды қамти алмайды [6]. Сондықтан ғылыми әдебиетте діни экстремизмнің саясат және ұлтшылдықпен тығыз байланыста екенін назарға ала отырып, «діни-саяси экстремизм» термині пайдаланылады.
Кей жағдайда, діни экстремизмді діни фанатизмге ұқсатып жатады. Әйтсе де, бұл екі құбылыс арасындағы айырмашылықтың бар екенін ескеру аталған теріс құбылысқа тоқтау салуға көмектеседі деген ойдамыз. Діни фанатизм адамның дінге тым берілуінен, көзсіз сенімнен және өзіне культ жасаудан пайда болады. Ал, діни экстремизм болса, өзге конфессия өкілдеріне қатысты төзімсіздік көрсетуде немесе бір конфессияның ішіндегі қайшылықта көрініс табады. Діни экстремизм көптеген адамдардың санасын улай отырып, олардың психикасы мен санасына деструктивті ықпал етеді. Дін атын атын жамылған топтар саяси экстремизм мен халықаралық терроризмнің ошағына айналады. Егер діни экстремизмге кешенді іс-шаралар жүргізу арқылы қарсылық көрсетпесе, ол қоғам тыныштығын бұзуы мүмкін.
Қазақстандағы діни экстремизм және терроризмнің алдын-алу және болдырмау шаралары
Қазақстандағы діни жағдай бойынша күрделі мәселелердің көптігі діни саладағы жаңа шындыққа бейімделу, діни жағдайды бақылауға алу қажеттілігін туындатты. Кеңестік жүйе күйрегеннен кейін халық санасында орнаған рухани вакуумды толтыру нәтижесінде діни сана жаңғыруы, дінге бет бұру байқалды. Дін мен саясат қарым-қатынасының, діни ахуалдың ерекшелігі мен даму перспективаларын зерттеп, анықтап алмайынша заманауи оқиғалар мен үдерістерді ұғыну мүмкін емес.
Дін және саясат әртүрлі ұғымдар. Дінді ұстану және таңдау әр адамның жеке ісі. Дін мен саясаттың араласуы ақырында биліктің диктаторлық, тіпті тоталитарлық формасына алып келеді. Оны біз Иран, Ватикан сияқты теократиялық мемлекеттер мысалында көре аламыз. Демократиялық мемлекетте индивидуализм немесе ұжымдық таңдауына байланысты басқаларға қарағанда көбірек құқыққа ие немесе дискриминацияға ұшырауға тиіс емес. Әрине егер бұл таңдау қоғамның басқа мүшелерінің құқығына зиян келтірмесе. Сондықтан басқаларға зиян тимейтін дәрежеде әртүрлі болу бұл өркениетті елдер үшін ортақ. Дін достықты, имандылықты, ибалылықты, жақынына деген махаббатты және т.б. талап етеді, саясат билікке, атақ даңққа және т.б. ұмтылады.
ХХ ғасырдың 60 жылдарына дейін әлем елдері ислам дінін ешқандай моралды немесе әлеуметтік-саяси астарсыз әлемдік діндердің бірі ретінде қабылдайтын. Дегенмен, қазіргі әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты исламға деген көзқарас өзгеріп, ислам негіздері мен діни ілімін зерттеу өзекті мәселеге айналды. Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда, екінші мұсылмандық жаңғыру жөнінде айтуға болады. Оның себептері әр түрлі және тереңде жатыр. Әлемдегі ислам дінімен байланысты болып жатқан үдерістер исламды зерттеуге жол ашты.
Сонымен қатар, қазіргі кезеңде экстремизмді исламмен байланыстыру тенденциясы белең алды. Мәселен, Д. Назировтың көзқарасы бойынша «діни, исламистік экстремизм» - бұл мемлекеттік құрылымға қарсы тұруға, өкіметті зорлықпен басып алуға, исламдық тәртіптерді орнатуға бағытталған саяси құбылыс» [7]. Көптеген отандық және шетелдік ғалымдар осы анықтамамен мазмұндас ой пікірлерін білдіртіп жатады. Мұндай көзқарастар ғылыми тұрғыдан дұрыс емес деген ойдамыз. Себебі, діни лаңкестер мен экстремистердің ұстанған дініне қарап ондай негізсіз ой-пікірлерді айту қисынды емес. Мұндай ой-пікірлер «діни экстремизм» құбылысымен күресуге кедергі келтіреді [5, С. 3]
Елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралар мен бағдарламалар жасалып, мемлекеттік деңгейде қоғам тыныштығын сақтауға бағытталған маңызды істер қолға алынды. Солардың бірі Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама болып табылады. Бұл бағдарламаның мақсаты діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарламаның мақсатына жету мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады: 1) 2017 жылға қарай ел халқы, соның ішінде 100% жастар мен діни негізде радикалдық идеологияға бейімдер, сондай-ақ оған ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмысымен қамтылатын болады;
2) терроризм актілерінің дайындалу және қастандық жасау сатысында беті қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемінде 95%-ды құрайтын болады; 3) террористік тұрғыдан осал объектілердің, халықтың, мемлекеттік уәкілетті органдардың күші мен құралдарының экстремистік және террористік әрекет салдарын барынша азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесі 2017 жылға қарай 100% құрайтын болады. Бағдарлама мақсатына мынадай міндеттерді шешу жолымен қол жеткізіледі:
1) қоғамда төзімді діни сана мен радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру; 2) діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін, соның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру арқылы анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру; 3) экстремистік және террористік әрекеттердің салдарын барынша азайту мен жою шараларының жүйесін жетілдіру [8]. Діни экстремизм мен терроризм катері әр мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалу деңгейінің халықаралық қауіпсіздік ахуалына тәуелділігін жоғарылатып, жаһандық сипатка ие болды. Осындай жағдайларда радикалдық діни идеологияның таралуына мүмкіндік беретін жағдайларды (факторларды) тиімді жою үшін, сондай -ақ экстремистік және террористік көріністердің жолын кесу үшін қолданыстағы жүйе жетілдіруді талап етеді. Бес жылдық мерзімге есептелген бағдарлама елдегі діни жағдайды талдауға негізделген, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне маманданған сарапшылар мен ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып дайындалды.
Сонымен қатар, терроризм мен діни экстремизмнің қаупі туралы түсіндіріліп, Қазақстан жастары арасында әртүрлі ақпараттық шаралар өткізілуде. Радикалды ағымдарды айыра білуге, жастардың дін туралы сауаттылықтарын жоғарылатуға бағытталған әртүрлі жастарға пайдалы шаралар қолға алынуда. Осыған байланысты айта кететін бір мəселе, Қазақстан билігі соңғы кездегі елде орын алған оқиғаларды діни экстремизммен байланыстырғанымен де, елдегі өзге де өзекті мəселелерді шешуге ұмтылғаны абзал. Əсіресе, жастарды арандаудан сақтандырудың оңтайлы жолдарын ұйымдастыру керек. Шынайы ислам діні тек бейбіт өмір, адам өмірін құрметтеуді уағыздайтынын білеміз. Радикалды ислам идеялары өрімдей жастарды пайдалану арқылы көпшілік қолдауға ие болып кетуі мүмкіндігі бұған дейін де талай айтылып келді. Осы орайда ұрпақ тəрбиесі мəселесін естен шығармауымыз керек.
Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін арнайы діни курсты бітіру қажет емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ. Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
Қорытынды
Қазақстан Республикасында қазіргі таңдағы діни жағдай, сарапшылардың пікірінше, тұрақты деп сипатталғанымен, әлемдік геосаясаттағы діни фактордың күшеюі, қазақстандық қоғамның дінге қатысты жаһандық үрдістерге ашық болуы діни пиғылдағы экстремизм, терроризм және жалған діндер мәселесін алға тартады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері жастардың қайта дінге бет бұру процесі қарқынды жүрді. Бұл әрине жақсы құбылыс. Бірақ ұлтты сақтап қалу үшін фундаменталистік ағымдар жетегіне ермеу қажет. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін жатырқамайтын дәстүрлі діннен адаспау керектігіне назар аударғымыз келеді.
Экстремистік көңіл-күй біздің елімізде жатжерлік діни ағымдар тарапынан байқалып отыр. Әсіресе, төзімсіздігімен ерекшеленетін саудтық, ирандық және пакистандық түбірге ие кейбір ислам жамағаттарының әсері аңғарылады. Бұл жастар арасына таралып отыр. Жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың дүниетанымдық мәдениеті қалыптаспағанын пайдаланып, олардың кез келген жас адамға тән болып келетін рухани ізденістерін, кейде, тіпті, әлеуметтік-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, студент-жастар шоғырланып орналасқан жерлерде тікелей уағыз арқылы немесе интернет ресурстары арқылы оларды өз қатарына тартып алуда. Нәтижесінде көптеген қазақ баласы халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилік дәстүрлі исламнан жеріп, қоғамнан, мемлекеттен, тіпті отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, мазхабтан тыс, мақсаты күмәнді жатжерлік ағымдардың қатарын толықтырып, өздері байқамай сыртқы ықпалды күштердің геосаяси ойынының құрбанына айналып кетуде.
Терроризмді жекелеген мемлекеттің ішкі мəселесі ретінде қарастыруға əсте болмайды. Терроризм экологиялық апаттар сияқты, мемлекеттің шекарасына келгенде тоқтап қалмайды. Керісінше, шекараларды басып өтетіп, ұлттық заңнамаларға айбат көрсететін желілі қатынастар құрады. Сондықтан да, терроризммен күресу үшін бүкіл халықаралық қауымдастықтың бірлесуі шарт екені айтпаса да түсінікті.
Терроризм мен діни экстремизм азаматтық қоғамның ішінде көрініс табуы мүмкін екенін назарға ала отырып және кез-келген уақытта өршіп кетуі мүмкін екенін ескеру қажет. Сондықтан әлемдегі мемлекеттер өздерінің құқық қорғау органдары арқылы өз азаматтарының құқықтарын қорғауы тиіс. Бұл үшін олар экстремизм мен радикализацияның алдын-алуға көңіл бөлгені дұрыс. Терроризм мен діни экстремизмнің алдын-алу үшін оның түпкі әлеуметтік себептерін жою аса маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Борьба с терроризмом и защита прав человека: руководство. Варшава, БДИПЧ ОБСЕ, 2007. URL: http://www.osce.org/node/29104, Дата обращения 18.05.2016г.
Терроризм. Универсальная научно-популярная онлайн-энциклопедия Круглосветhttp://www.krugosvet.ru/enc/istoriya/TERRORIZM.html?page=0,0 Дата обращения: 18.05.2016г.
Иллюстрированный энциклопедический словарь.М.: Аутопан. В. И. Бородулин и др.. 1998. http://illustrated_dictionary.academic.ru/13548 //Дата обращения: 18.05.2016г.
Володина Н.В. Актуальные проблемы современного экстремизма и терроризма на религиозной основе. Российское Обьединение Исследователей Религии. //http.//www.rusoir.ru/news/ 23-03-2005-3.html Дата обращения: 21.05.2016г.
Е.Т. Бекбосынов Діни экстремизм ұғымы және оның кешенді түрде талқылануының кейбір қырлары ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы. № 4 (52). 2009.
Нуруллаев А.А., Нуруллаев Ал.А. Религиозно-политический экстремизм // Вестник Российского университета дружбы народов.-
Сер.: Политология. – 2003. - № 4. – с.84.
Назиров Д. Проблемы терроризма, религиозного экстремизма и пути их преодоления: автореф. … док. филос. наук:. – Душанбе.:
Институт философии имени академика А.М. Богоутдинова Академии наук Республики Таджикистан, 2009. – с. 13.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1300000648 Дата обращения: 21.05.2016г.
Достарыңызбен бөлісу: |