Кіріспе (өзектілігі). Уақыттың есте қалар белгісі ‒ ол тарих. Уақыт өктемдігі жүрмейтін
жағдайлар болады. Ұлы Отан соғысы ‒ солардың бірі. 1939 жылы 23 тамызда өзара шабуыл жасаспау
туралы Кеңес Одағымен жасасқан келісімді бұзып, фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында
соғыс жарияламастан КСРО территориясына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды.
Мақсаты. Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал
Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысының бір бейнесі ретінде
көрініс тапты.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. 1418 күн мен түн бойы өз жері мен
отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. 1941-1945 жылдар әсіресе адам
шығыны бойынша алапат соғыс болды. КСРО осы соғыста 27 млн адамын жоғалтты [1].
Міндеттері. Ал енді осы жалпы цифрдың ішінде Қазақстанның адам шығыны қанша деген сұрақ
туады. Бұл заңды сұрақ.
Соғыс жылдары Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде өзінің
экономикалық қуатымен қатар, адам күшімен де үлкен үлес қосқаны мәлім. 1941-1945 жылдар
аралығында республика әскери комиссариаттары 1196.164 қазақстандықты әскер қатарына шақырды.
Алайда, жоғарыда аталған дерек нақты емес, ол бүгінгі күнге дейін жаңа мәліметтермен толығу
үстінде. Мысалы, Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы айтылғанда әр уақытта Кеңестік Армия
қатарына 1938, 1939, 1940 жылдары шақырылғандарды есепке ала бермейді. Жалпы алғанда Ұлы Отан
соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны 2 млн-нан кем емес деп жорамалданады.
Қазақстаннан майданға 1196.164 (1 млн. 200 мыңдай) адам аттанды дедік, солардың қатарында 82
мың коммунист, 242 мың комсомол (70%-ға жуық) және 5183 әйелдер мен қыздар, сондай-ақ еңбек
армиясы мен арнайы құрылыс бөлімдеріне жөнелтілген 700 мыңнан асатын адам болды.