Аркашадан таяқ жеп, аузы қанап келіп еді, әкесі Рысқұл оны
аяудың орнына дүрсе қоя берді:
– Жылама! Аузымды біреу ұрып қанатты дегенің не?! Әншейін,
шие жеп едім де! Білдің бе?!
Мына Атамырза ақымақ: «Жәй, әншейін шие жеп едім», –
деуге жарамады қазір.
Жалақор адамның жамандығы – бықсыған көмір секілді:
күйдірмесе де, күйе жұқтырады. Қараптан қарап тұрған Тұрар
демде «бұзық» атанды. Әкенің тұрмандай тағдыры балаға мирас
болғаны қандай сор. Ойға салса, Рысқұл өткен қиямет көпірлер
Тұрардың да алдынан шығып келе жатыр. Әділетсіздікке шыдай
алмай ол да осылай қан шығарып алған. Бұл шайқастан Тұрар бір
нәрсені сабақ тұтты: төбелестің екен – қан шығармай төбелес.
Атамырзаның қоңқақ мұрнына қол тигізіп керегі жоқ еді, әрине.
Атамырзаны бәлеге бастап тұрған қара жүректің қақ басынан
ұру лазым еді. Асылы, мүлде қол жұмсамай, ақылмен жеңген
де абзал. Ашу үстіндегі әрекет әрқашан әбес. Ол әрекет – дауыл
кезінде кемеге мінгенмен барабар болса керек. Кемеге мінемін
десең, дауылдың басылғанын күте тұр.
Мұның бәрі болашаққа сабақ. Ал қазір Александра
Сергеевнаның қаһары жаман. Жұбайының сырын білетін Иван
Владимирович:
– Сашенька, Қырғызбаев кінәлі болса, оны мектептен
шығарып жіберу – оңайдың оңайы. Әуелі ақ-қарасын анықтайық.
Ал, балақайлар, тараңдар. Сыныпқа кіріңдер. Қонырау соғылды
ғой. Бұл не тұрыс! Атамырза, бар, жуынып кел. Дардай жігіт те
жылай ма екен? О несі! Ал, Қызыл Жебе, сенімен әңгіме басқаша.
Сабақтан кейін қал.
– Ну, Ваня, мен өз көзіммен көрдім ғой, – деп сазарып қалды
Александра Сергеевна.
– Сашенька, сен педагогсың, соны ұмытпа.
Достарыңызбен бөлісу: