көрдім, Тұрар. Биік жардың басында жер тарпып, құйрық-
жалы жалындап желбіреп, кісінеп тұр екен, жануар. Жетейін
десем, қиядан аяғым тайып төмен сырғанап кете берем, кете
берем. Әттең, Қызыл Жебенің арқасына аяғым бір іліксе,
шексіз тайганың, асу бермес таулардың, өткел бермес сулардың
үстінен пайғамбар пырағына мінгендей, ұшып өтер едім-ау,
деп жанталасамын. Бір кезде Қызыл Жебенің орнында, жар
басында сен тұрасың, Тұрар. «Көке, көке!» – деп айқайлайсың.
«Тұрар!» –деп шыңғырған өз даусымнан өзім оянып кеттім...
Менің бұл хатым саған жетпесін білем, Тұрар. Сондықтан
сенен «Ахат қайда? Ізбайша мен Түйметай қайда? Молдабек
қайда? Өзің қайда жүрсің? Хал-жайларың қалай?» – деп
сұрамаймын. Бізге каторжниктер түрмесінен туған елге хат
жазуға рұқсат жоқ. Менің бұл қиял-хатым, ақ қар мен азнауық
боранға ғана айтқан арызым саған аян болып жетер. Мұнда
қазір туу десе жерге түкірік түспейтін қиямет қыс. Тірі пенде
дозақтың бәріне де көнеді. Мен, әрине, бұрынғы Рысқұл емеспін.
Сақал-шаш ағарды, бірақ сағым сынбайды, атасына нәлет.
Мұндайда жүдесең-ақ жүнжіп кетесің де, ажалыңнан бұрын
өлесің. Мен сенімен о дүниеде емес, оспадарсыз осы дүниеде
көріскім келеді. О дүние қашпайды. Оған әйтеуір бір барамыз да.
Бірақ ана дүниеде адамдар бірін-бірі танымай қалуы да мүмкін
ғой. Ал, бірақ, менің рухым сені мәңгі-бақи шырылдап іздеріне
сенімім кәміл.
Мен сені көзімнің тірісінде іздеп тапқым келеді. Амандық
болса, бұл каторгадан әлі талай қашармын. Талай рет ұстап
та алады, оны да білемін. Түбі әйтеуір бір кетемін, атасына
нәлет. Менің жанымда бір башқұрт, басбөрі
1
бар. Сол өз елінің
ертедегі бір батыры Салауат дегеннің хикаясын айтады.
Салауат патшаға қарсы шыққаны үшін ұсталып, оны теңіздің
ортасындағы бір аралға апарып бұғаулап тастаған екен. Сол
Салауаттың өлеңі деп мына бір сөзді Ділмұхаммед деген досым
ұдайы айтып жүреді:
Қайтар едім, жалын жоқ,
Сулар буған жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар ем,
Бұғаулады жазмыш қолымды.
Жұлдыздардан көпір салып өтуге мен де дайын. Саған деген
сағынышты қос қанат етіп, Қызыл Жебенің рухын ерттеп мініп,
күндердің күнінде мен ғарыпқа көтеріліп, жұлдыздан жұлдызға
қарғып түсіп, елге де жетермін, Тұрар.
Саған деген сағынышын кеудесіне сыйғыза алмай, аспанға
жұлдыз етіп шашыратып жіберуші әкең Рысқұл».
I
Ол кісеннің сылдырынан селк ете қалды. Орнынан тұрып
жан-жағына қарады. Алды – шымырлаған қаракөк иірім, арты
– жарқабақ. Иірімде балық шоршиды. Жарқабақта құрқылтай
ұшып жүр. Жарқабақ құрқылтайдың ұясынан шұрқ тесік. Өзен
бойлап өскен нар қамыстың үкілі басы тербеледі.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ мамырлаған дүние. Түрменің
іші емес мыңғырған Мықан бойы. Бала иірімге салып отырған
қармағын тастай салып, жан-жағына қарап осыған көзі жеткен.
Бірақ әлгі кісен сылдыры...
Үкілі қамыс, көк құрақ, жасыл жыныс – жақсылықтың
ордасындай, армандардың үміттердің аралындай тербеліп,
сыңсып, сызылып тұр. Арасынан жылт-жылт етіп зымырап
шымшық көрінеді. Балық аулап отырған баладан сүйінші
сұрайын десе, бата алмағандай қыбыжықтап жүрген майда
мақлұқ. Дәл қарсы қабақтың етегінде бір шоқ сары сәмбі
мұңайып тұр. Шашын жайып жіберіп, суға телміре қарап, өзен
түбінен әлдекімді зарыға күткен сұлу келіншек сияқты. Өгей
шешесі Ізбайша кейде осылай отырар еді... Сәмбінің солқылдақ
нәзік бұтағының дәл ұшына құрқылтай ұя байлапты. Суға тиер-
тимес ілініп тұр. Титтей құстың да жауы көп. Содан қорқып,
кеуек аспан астынан іздеп тапқан жері осы. Күндіз қарақұстың,
түнде үкінің көзінен таса, жіңішке жіптей бұтамен жылан да
жорғалап жете алмас. Құрқылтайдың балапанын сөйтіп, салқын
судың сарыны әлдилеп, солқылдақ сары сәмбі тербетіп өсіреді.
Үкілі қамыстың көк қияқтары біріне бірі сүйкеніп, бірін
бірі сипалап, сыңсып тұрады. Жайқалған жасыл құрақ кезінде
аймаласып қалуға асыққандай, құшақтасып, қауышқан қамыс
әуенінде айтылып болмас арман, сарқылып бітпес сағыныш
бардай. Осы сыңсыма әуен де мына баланың сағынышын
маздатып жіберген сияқты.
Кісенін сылдырлатып көкесі келіп қалғандай көрінді оған.
Үкілі қамыстың арасынан қазір шыға келетін сияқты.
Көкесінен көз жазғалы жылға жақын. Бір күн есінен шыққан
емес. Оянса – ойында, ұйықтаса – түсінде. Көкесін күтумен
өткен күндер – баланың кішкентай жүрегіне сағыныш тамыр
байлаған күндер еді. Бұл тамыр өмір-бақи қиылмас, оны ешкім
Тұрардың жүрегінен жұлып тастай алмас. Көкесін сағыну -
Тұрар үшін мүддені, мақсатты, жақсылықты сағыну қасиетіне
айналды. Дүниеде не сирек болса, адам соған зар. Жан-жағың
толған жамандық, жақсылық некен-саяқ. Адам сол азды іздейді.
Бір қап құмның арасынан бір киыршық алтын іздегенмен пара-
пар, әбігер әрекет.
Кісен тағы сылдыр ете қалды. Тұрар енді аңғарды: қамыстың
ар жағында, жырақта жайылып жүрген мама бие екен.
Қырғызбайдың дәу торы биесі кісендеулі болатын.
Түн ішінде айдалада адасқан адамға жақындап келген бір
сәуле қайтадан алыстап, алдап кеткендей болды. Көкесі келмепті.
Кісені сылдырлаған кәдімгі торы бие екен.
Сонда сағыныш кеудесін бұрынғыдан бетер керней түсті.
Дауыл соққанда сықсима шырағдан сөніп қалады да, қауға тиген
өрт өрши түседі. Көкесін мұншама жақсы көрмесе Тұрардың
көңілі суып, бірте-бірте әкесіздікке ет үйренетін кезі де болды.
Ал мұның әкеге деген алау сезімі күн өткен сайын асқынып бара
жатқандай.
Баланың Алматы абақтысынан қашқанына жылға жақын уақыт
болды. Бірақ миына сіңіп қалған дағдыдан әлі арыла алмайды.
Темір сылдыр етсе, кісен сылдырлағандай көрінеді. Тәуірірек
киінген адам кездессе – Саймасайдың жақындары сияқтанып
елестейді. Пагон таққан, қылыш асынған ұшырасса – Приходько
мырзаның жұмсаған жендеті екен деп қалады.
Ара екеш араға дейін масаңдап, мамырлаған көктем.
Құрқылтай жерге түспей, шексіз кеуек аспанды шарлаған көктем.
Ал бала қанша кеңістікте тұрса да, қос өкпесі әлі қысыңқы. Аяқ
асты аңдыған жау анталап тұрғандай, үрей-дағды дамылдамас.
Кеше Мықан ауылына Меркеден екі салт атты келді. Бірі қазақ,
бірі орыс. Түрлеріне қарағанда әкімдер сияқты. Мұны жұрттан
бұрын байқаған Тұрар үйдің сыртын айналып, өзен бойындағы
үкілі қамыстың арасына барып, «әліптің артын бағып», ну
арасынан сығалап қарап тұрған.
Сөйтсе, әлгілер әкіреңдеген әкім емес, мұғалімдер екен.
Меркеде орыс-түзем мектебі ашылады екен. Жанында интернат
дегені бар дейді. Осы алдағы күзден бастап оқу басталады екен.
Соған мына екеуі ауыл-ауылдан оқуға баратын балалардың
тізімін алып жүргенге ұқсайды.
Мұғалімдер жағалап Қырғызбайдың үйіне келді. Аттан түседі.
– Ассалаума-әлейкум!
– Әліксалам! Қай баласыңдар? Жол болсын? – дейді Қырғызбай.
Жапалақ көз жарықтық бұл да атқамінерлерден запыста. Әлдене
болып қалды деп қопалақтап тұрды.
– Әлей болсын. Оқуға түсетін балалардың тізімін алып жүрміз,
– дейді Әліпбек деген қазағы. – Оқу жасында балаларыңыз бар
ма?
Шал ойланып қалады. Өз кіндігінен оқуға түсер бала жоқ.
Ал Тұрардың оқуға дер шағы. Бірақ оны жұрт көзінен тасалап
жүргенде, жария етіп не жыны бар?
– Қандай оқу, қарағым?
– Оу, отағасы, естімеп пе едіңіз, таяуда Әулие-Ата оязының өзі
келіп, жеті болыс Меркеге арнап орысша-мұсылманша мектеп
аштырып кетті ғой. Мектеп үшін Айбар байдың түнкелі үйін
сатып алды.
– Ал ол оқу не береді?
– Не береді? Балаңыз сот, прокурор болады.
Шал сескеніп қалды. Сот, прокурордан үркек. Оған шатасар
жайы жоқ.
– Бізде оқуға беретін бала жоқ, қарағым, – Қырғызбай қипақтай
береді.
Бұл әңгімені естіген Салиха бәйбіше меймандарға құйып
отырған қымыздың ожауын шараға салп еткізіп тастап жіберіп,
ернін сылп еткізіп, бетін шымшыды.
– О не дегенің, байғұс-ау, алжиын дегенсің бе? Тұрарды
қайтесің? Ол бала емес пе екен?
Шал кемпіріне алақандай көздерін алартып, ернін қымқыра
тістеді.
– Қой, әрі! – деді Салиха оған айылын жимай. – Аруақ, құдай
алдында күнәға қалма. Өзі тірі жетім байғұсты тумай жатып
қу құдай қыспаққа алғаны аздай, о несі-ай... Оқысын. Өз қолы
өз аузына жетіп, адам болып кетсе әжеп емес. Бағын байлама
баланың!
Салиха ақ шарадағы қымызды ожаумен шамадан тыс атырыла
сапырып-сапырып жіберді. Қымыздың көбігі бұрқырады.
– Басқан ізіңнен садаға кетейін, мырзаға! Қайда ғана жүр
екенсің, жалғыз жәдігеріңді жаутаңдатып бізге тастап кетіп... –
Салиха «аһ!» ұрып күрсініп алды.
– Болды енді қай-қайдағыны көйітпей, – деп Қырғызбай
орнында отыра алмай қопаңдай берді. – Мейлі, оқыса – оқысын,
бәле шақырып зарламашы.
– Бала қайда? – деді бұл түсініксіздеу шайпасудан секем алған
Әліпбек.
– Мен шақырып келейін, – деп Салиха орнынан оқпан құстай
ордаңдай көтеріліп, далаға шықты.
– Тұрар! А, Тұрар! Қайдасың, жуәрмек? Шапшаң кел үйге!
Сөзі ірі болса да, зілі жоқ, кескін-кейпі келеңсіздеу келсе де,
кеудесінде мейірлі шуағы көп кемпірдің «жуәрмегін» кек көрмей,
Тұрар қамыстың арасынан шығып, үйге беттеді.
– Міне, бала оқытсаңдар, – деді Салиха Тұрарды қолынан
қашып кетпесін дегендей, мықтап ұстап тұрып. – Орысшаңа
да, мұсылманшаңа да ағып тұр. Байғұсқа тіл-көз тиіп кетпесе,
болайын-ақ деп тұр.
– Аты кім? – деді Әліпбек қағаз-қаламын алып.
– Тұрар.
– Әкесінің аты кім?
Кемпір жақсы көретін қайнысының атын атай алмай, амалсыз
тілі байланып тұрып, шалына:
– Айтсаңшы-ей! – деді.
– Қырғызбай, әкесінің аты Қырғызбай, – деп шамадан тыс
асыға айтты.
Салиха бетін шымшып:
– Байғұс-ау, о не дегенің...– дей беріп еді, Қырғызбай
қопалақтап бой бермеді.
– Қырғызбай деп жаз, қарағым.
Бала сазарып қалды. Бұл ел оның әкесінің атын атаудан да
қорқады.
Туған әкесіне опасыздық жасағандай бір беймаза сезім
жауқазын жүрегін жаралап, шөңгедей қадалды да қалды. Жалаң
аяқ табаныңа кірген тікен емес, суырып алып тастайтын. Күлге
аунап, ойнастан туған баладай, әкенің атын айта алмай күмілжіген
не қорлық!
Орыс мұғалім Тұрардың өзіне арнап:
– Жасың нешеде? – деп орысша сұрады.
– Он бірде, – деді бала да орысша мүдірместен.
– О, шынында зерек шығарсың, Тұрар Киргизбаев, – деп орыс
мұғалім сүйсінгендей болды. – Алдағы күзден бастап Меркедегі
интернатта жатып оқитын боласың. Ал көріскенше, cay тұр!
Сөйтіп, Тұрар «Киргизбаев» болып тізімге ілігіп кете барды.
Көмейде айтылмаған сөз – мылтықта атылмаған оқтай жүректі
сыздатты.
Күзге дейін әлі арада жаз бар. Қазір мамырлаған мамырдың
айы. Бала Қырғызбайдың қозы-лағын, қасқа бұзауын бағады.
Кісендеулі торы биенің қарауылы да сол. Дамыл-дамыл Салиха
шелегін білегіне қыстырып, бие саууға келеді. Сонда Тұрар
апасына жәрдемдесіп, мінезді биенің құлағының түбін қасылап,
ноқтасынан ұстап тұрады. Салиха шелегін көтеріп, үйіне
қайтады, бұл өзен бойында жападан-жалғыз қалып қояды.
Сол кезде оның көзіне көзі түскен адам ә дегенде қаймығып
қалуы да мүмкін. Жасы оннан жаңа асса да, жанарына қарап,
жасамыс кісі екен деп ойлауы сөзсіз. Көзқарасында балаға тән
алып қашпа, ала құйын мінез атымен жоқ. Тұңғиық қой көздер
тұнып тұрған ой иірімі сияқты.
Уайым-қайғы - үлкендердің үлесі. Уайым-қайғы нәрестенің
балғын жүрегін шалмасын. Шалды болды, ол нәресте нәрінен
айырылып, ересектің есесін арқалап, ерте бастан азап шегеді.
Жалғандағы жалғыз жанашыры – туған әкесінен тірідей айырылу
азабы Тұрар баланы тым ерте есейтіп жібергенге ұқсайды.
Ағайын деген аты бар, әйтпесе кісі есігінде күнелтеді. Жақын
болғанмен, жатырқаулы үйдің босағасында жүрсе де, қас-қабағы
бүгежек, ынжық мінез танытпас. Қайта тәкаппар. Сөзге сараң.
Кейде от шашып, кейде мұң бүркенген зерделі көз бұл баланың
балалық шағы болмағанының куәсіндей.
Қасқа бұзауды құйрығынан ұстап бақпасаң, ешкі бас енесі
өрістен ерте қайтып емізіп қоятынын бала жақсы біледі. Біле
тұра бұл жолы қалай айырылып қалғанына өзі де қайран.
Мықан бойы шүйгін шөп. Атқұлақ пен гүлқайырдың арасына
адам кірсе көрінбес. Сиырқұйрық сары гүлден шәлі жамылып
үлбіреп тұр. Шеңгел екеш шеңгелге дейін күлгін-қызыл шешек
атқан. Табиғат, шіркін, тамылжып, тікенегіне дейін ажарланып
алыпты.
Бидайық балақтап, бас тартып, пісіп тұр. Енді шалғы тимесе
бойжеткен қыздың отырып қалғанындай-ақ. Жабайы жоңышқа
мен шырмауыққа шытыр араласып, киіздей тұтылып қалған.
Шәйқурайдың басына қонып алған сары торғай аспанға қарап
сарнап отыр. Тәңіріге жер бетінен ақпар беріп, шаттығын айтып
тауыса алмай аптығып жатқан сияқты. Жер бетіндегі жақсылықты
асырып, жамандықты жасырып, Тәңіріні алдап отырған тәрізді.
Күн батарда өзен үстін қарлығаш қаптап, бірін-бірі қуалап
ойнап жүр. Жаңа туған торы биенің сұрша құлыны құйрығын
шаншып еліре шапқылап жүріп, сүрініп кетіп түрегелгенде, енесі
оқыранып, тентегіне тостағандай көздерін төңкере бір қарап
қояды.
Жаманшылық атаулының бәрі жыраққа кеткендей: қарын
ашпас, көңіл кетілмес, ақ жарылқап күн туғандай. Енді бала мына
жағадан жуа теріп жесе де күнкөрісі бар. Бірақ қарын аштығына
ол әбден көнбіс, құрсақтың шалалығы уайым емес.
Сықылықтап, ішетін тарта күлген қарлығаш, аз күн
дәуренге әуейі мас шегірткелердің шырылы, кешке жақын
жорыққа ереуілдете шыққан зауза қоңыздың ызыңы, қозы-лақ
қайырған балалардың айқай-ұйқайы, барақ төбеттердің әупілі,
құлыншақтың күміс қоңыраудай кісінесі – бәрі-бәрі жарылқаушы
жаратылыстың жақсы әуені. Мұндай дүниеде адамдардың
көкірегі қайғыдан, көзі мұңнан таза болса жарасар еді. Бірақ
жұрт жақсылықтың қадірін ұмытып кетпесін дегендей жамандық
өкшелеп қалмайды. Періште жүрген жерді шайтан ториды.
Қабағы ашық қайырымды күн Мерке базарындағы Төрткүл
орданың тасасына ғана қонақтай салғандай көрінді. Әйтпесе күн
батқанда Мерке Алатаудың басы неге сонша алаулайды? Баланы
таң қалдырған о да емес, сүңгі шоқы басына шүйіле түскен бір
будақ бұлт болды. Әуелі ол бір-ақ шөкім еді. Содан түтілген
мақтадай қопсып шудаланып шыға келді де, Аспара шыңының
ұшына желбіреп ілінді де қалды.
Будақ-будақ үлпілдек ақ мақтаны көзге көрінбес әлдекім
созғылап суретке айналдырғандай. Әуелі будақтан салбырап-
салбырап төрт аяқ пайда болды. Содан кейін созылып аттың басы
шықты. Үстінде отырған адам кегжиіңкіреп тәкаппар қалыпта
қалды. Аттың жалқұйрығы желбіреп, аяқтарын көсіп тастап,
додадан үзіле шыққан тұлпар тұлғасына ұқсады.
Таулар басын қызыл шапақ шалды. Әлгі салт атты әуелі
қызғылтым еді, бір сәтке алаулап ала жөнелді. Бала алаулаған
салт аттыдан көз алмай тынысы тарылып бара жатты. Бір кез:
– О, Қызыл Жебе! – деп сыбырлады. Одан соң:
– Көке! – деп айқайлап жіберген дауысынан өзі шошып кетіп
селк ете түсті.
Аспара ұшындағы салт атты аң аулап, киік қуалап жүріп,
абайламай шыңға шығып кеткен әкесінен аумайды екен. Әлде ол
Сахалинде айдаудан қашып, енді патшаның құрығы жетпейтін
жер осы деп әдейі шыңға шығып кетті ме екен?
Әйтеуір найза ұшындай Аспара басында жал-құйрығы от
болып жалбыраған, бөкен сирақ ат мінген қызыл салт аттының
сонау шыңнан ап-анық көрінгені рас.
Әкесінің шыңға шыға алатыны ақиқат. 1903 жылы
Петербургтен келген атақты ғалым, географ Дмитриевті апайтөс
Талғардың биігіне адастырмай, қиыннан, қия-қиядан жол тауып
алып шыққан көкесі болатын.
Баланың көзіне бір сәт Талғар елес берді. Дәл қазір мына
Аспарадан әкесі айқайласа, осы замат Талғардың шыңына
шығып алып сексендегі қарт нағашысы Мамырбай құбылаға
қарап, Меркеге кеткен кішкентай жетімек жиенін зарыға күтіп
тұрған сияқты көрінді.
Бұл екі арада Аспара басындағы салт атты алаулағанын қойып,
суға салған балқыма темірдей көгістене берді. Енді бір ауықта
әлгі сымбатты сұлу салт атты қомыт шапандай іріп-іріп ыдырап,
мүлде жоқ болып, қарауытқан аспанға судай сіңіп кетті.
Бала әлгі елеске сенерін де, сенбесін де білмей:
– Көке! – деп шыр ете қалды.
Бірақ әкесі қайтып тау басынан көрінбеді.
Әлде арғы беттен киік көріп, соны қуып кетті.
Әлде патшаның ұзын құрығы заңғарда да жетіп, ұстап әкетті.
Әлде салт атты тау басынан баласын көріп, әйтеуір тірі
жүргеніне көзі жетіп, соған шүкіршілік етіп, өзінің қашқын
қамымен болып кетті.
Бала Аспарадан көз алмай, көпке дейін сілейіп тұрып қалған.
Тамағына өксік тығылып, көзіне ыстық жас үйіріліп, іші-бауыры
елжіреді.
Сахалинге айдалып кеткен әкесін ол аңсап күткелі қашан?!
Күте-күте сартап болған көңіл түңілмей, үміт өлмей, тасбауыр
тартпай, жанының жарасын өзі жалап жазып, әйтеуір алдан
жарық сәуле күткен.
Ол кезде ел арасында әкесі туралы неше сақ аңыз айтылатын.
Соларды тыңдап отырып баланың зығырданы қайнайтын.
Білсе де, білмесе де әкесін ұры, адам өлтірген қарақшы деп
көйітеді тоғышар немелер.
– Қайдағы ұры, қайдағы қарақшы! – деп айқай салғысы
келеді. – Ау, бұ қазақта ұры аз ба, адам өлтірген аз ба? Соның
қайсысының үстінен қырық болыс қолын қойып, мөрін басып,
ұлыққа арыз берді екен?
Бірақ бала оны дауыстап айта алмас. Оның өйтіп айтуға амалы
жоқ. Аты бала демесең, бұ да қашқын...
Әкесі 1905 жылы алпауыт болысты өлтірді. Онымен ғана
қоймады, болыс біткенді бақыртып бауыздамаққа бел байлап
қаһардың қату бас тұлпарына мінді. Содан қорыққан ұлықтар
оны Сахалин айдады.
Ал өлтірілген болыстың жақындары «қанға-қан» деп
қалшылдағанда сақалдарына түкірігі шашырады. Қолға ілінері
айыпкердің жар дегенде жалғыз ұлы еді. Апалақтаған адуын
ақсақал-көксақалдар сол титтей нәрестенің қанын төкпек.
Нәрестенің қанын төгу періштенің қанын шашумен бірдей
екенін, оның жазығы бүткіл қандықол әулетінің үрім-бұтағына
қарғыс таңбасын қушық маңдайларына қызған темірмен ғұмыр
бойы кетпестей ғып басып қоятынын сезбейді сорлылар.
Сезімсіз нойыс кекшілдер айыпкердің күркесінің күлін
суырып, он жасар баланы шырылдатып ұстап алып, көкпар ғып
тартып кете бергенде, өгей шешесі Ізбайша байғұс байбалам
салып, өз бетін өзі жыртып, қалың елге зармен хабар беріп, әйтеуір
аман алып қалды. Ізбайша кейбір дос-дұшпанның азғыруына
алданып, әкесімен бірге Сахалинге барудан бас тартып, басқа
мекенге кетсе де, бала оны өзін көпе-көрнеу ажалдан аман алып
қалғаны үшін ғана жақсы көреді.
Адам жамырап, көз байланды. Мықан бойындағы нау теректер
кешкі дүниені азан-қазан жаңғырықтырды. Гүл біткен көзін
жұмып, ұйықтап қалған сықылды. Ұйқысырап тұрып, бірін-бірі
түрткілей жайғасып, сыбырласады тек.
Мама биенің оқырануы жиілеген. Қараңғыда құлынының
ұзағанын ұнатпас. Ау, айтпақшы, қасқа бұзау қайда?
Баланың жүрегі зырқ ете қалды. Қасқа бұзау ешкі бас енесін
еміп қойды ғой! Осылай ойлауы-ақ мұң екен:
– Әй, жүгермек! Қайда жүрсің, қаңғырып. Таңдайың аққа
жарымағыр қу жетім, бір үйлі жанды тағы ақтан қақтың ғой, –
Салиха апасы барқыраған жуан дауыспен зарлап қоя берді.
Бала тістенді. Әлгіде өз әкесін көрген Аспара шыңына қарады.
Қарауытып кетіпті. Салт аттыдан еш белгі жоқ. Бірақ шыңның
үстінен, қара мақпал аспаннан ерекше жарқырап бір жұлдыз
көрінді.
– Көке! – деп айқайлап жіберді бала. – Көке! Мен енді мектепке
барамын. Сен өкпелеме! Сен өкпелеме! Мен енді Қырғызбаев
болып жазылдым. Бірақ мен – Тұрар Рысқұловпын.
– Сорлы-ау, біреу-міреу естіп қояды, жап аузыңды! – деді мұны
іздеп жүрген Қырғызбайдың бәйбішесі дауысы тарғылданып.
– Мейлі, естісе - ести берсін!
Кешкі ауа оның шырқыраған дауысын алысқа-алысқа алып
бара жатты. Тіпті, алыстың алысында айдауда жүрген әкесі
Рысқұлдың құлағына да шалынған шығар бұл дауыс.
– Көзіңнен сорың аққыр сорлы, байғыз құсап сұңқылдап бәле
шақырмай қарыстыр жағыңды! – деп тарғыл үнді тарпан әйел
қатуланып жетіп келді. Мелшиіп, Аспараға міз бақпай қарап
тұрған баланың көзіне үрейлене үңілді.
– Көзіңнен тотияйын тамшылап тұр ма, құдай-ау!
Баланың көзінен жалғыз тамшы жасыл жас шығып, кірпігіне
ілініп қатып қалған сияқты еді.
Салиха сонда не шыңнан жасыл жас екенін, не әлденеге
шағылысып түсі бөтен тартқанын түсіне алмай «тоба, тоба!» –
дей берді.
Баланың көкірегінен шыққан кек пен сағыныштың запыраны
екенін Салиха да түсінгендей, мелшиіп тұрған Тұрардың
маңдайын көтеріп, құшақтай алып, бауырына қысты.
– Жетімегім менің! Жетілерсің әлі-ақ. Көкесін шақырады.
Сағынады ғой, қайтейін енді! Мен қақбасты кеше гөр, Тұрар.
Бұзау ембек тұрмақ, қасқыр жеп қойса да, саған енді ұрыспаймын.
Қу мінезім ғой әшейін... Бірақ көкеңнің атын айтып айқайлай
берме, қарағым. Заман жаман...
Тұрар Салиханың бауырына басын тығып, көзін сүртті. Тағы
да тау жаққа қарады. Аспара түксиіп тұр екен.
II
– Әділбаев!
– Мен, – деп елгезек сары бала орнынан ұшып тұрды. Алтын
жиекті көзілдірік киген егде орыс мұғалім әлгі балаға бурыл басын
қисайта біраз қарап тұрды. Не ойлады? Белгісіз. «Сен қандай адам
болар екенсің? Оқып мандытасың ба? Жоқ әлде сауатсыздықтың
сан ғасырлық салты тартып, қараңғы қалпыңда қаласың ба?»
– деп тұрғандай сыңайы. Мұғалім өзіне сынай қарап қалғанын
байқаған жұқалтаң сары құлағының ұшына дейін лапылдап, тұла
бойын өрт шарпып бара жатқандай, маңдайы жіпсіп жүре берді.
Мұрнын бір тартып, саусағымен партаны шұқылайды.
– Отыр, – деді мұғалім орысшалап. Бала түсіне қоймап еді,
орыс мұғалімнің жанындағы қара мұртты қазақ қайталап:
– Отыр, – деді.
– Айбаров!
– Мен! – Бадырақ көз, торсықтай қара бала орнынан еріне
қозғалып, сүйретіле тұрды.
Орыс мұғалім оған да көп тесілді. Бірақ тайқы маңдай аса
сасқан жоқ. Көлшік жағасында отырған бақадай тосырайып,
кірпік қақпай қалды.
– Жамансартов!..
– Жылысбаев!
– Исабеков!..
– Қожабергенов!..
– Нұршанов!..
– Сармолдаев!..
– Тоқбаев!...
...Мектептің терезесі тау жаққа қараған. Терезе алдындағы
сүңгі теректер мүлгіп қалған. Мұғалімнің шақыруын олар да
күтіп тұрғандай, алтын сары жапырақтары болар-болмас діріл
қағады. Әуеде күмістей жалтылдап мизам ұшып жүр. Кейбіреуі
шұбатылып барып теректің бұтағына ілініп қалады. Сонау
алыстағы Талғардың бауырында да сары-ала күзде осындай ақ
жібек ұшатын. Тұрар әкесінен:
– Көке! Анау ұшып бара жатқан не? – деп сұрар еді.
– Ол аруақтардың рухы, – дер еді әкесі.
– А-а, – дейтін бала «аруаққа» да, «рухқа» да аса түсінбей.
Қазір терезеден мизамды көріп әкесін еске алды. «Шынымен
өлгені ме? Өзі айтқандай, мынау соның рухы ма? Дәл менің
тұсымдағы бұтаққа ілініп қалды. Менің мектепте қалай
отырғанымды көргісі келді ме екен? Жо-жоқ, ол емес. Ол тірі. Ол
өле қоймас. Жо-жоқ!».
– Қырғызбаев!
Ешкім орнынан тұра қоймады.
– Қырғызбаев! – деп дауысын қатайта қайталады орыс мұғалім.
Ешкім тұрмады. Балалар бірі үрпиіп, бірі таңданып жан-жағына
қарасты.
– Қырғызбаев бар ма? – бұл жолы орыс мұғалім тіпті айқайлап
жіберді. Тұрар терезе алдындағы теректен көзі еріксіз тайып
кетті, айқайлаған үн құлағына енді жеткендей, мұғалімнің кімді
шақырып тұрғанын түсінбей, жан-жағына қарай берген. Сонда
қара мұртты қазақ мұғалім Тұрарға қолын шошайтып:
– Әй, бала, Қырғызбаев сен емеспісің? – деді.
Сонда барып санасын көмескі бір сезік селт еткізді.
– Ә, иә, мен...
Мектеп меңгерушісі Иван Владимирович Андреев пен
мұсылман пәнінің мұғалімі Әліпбек жазда балалардың тізімін ала
барғанда Қырғызбайдың үйінде осындай бір түсініксіз жағдай
болып еді. Сол қайталанып тұр. Иван Владимирович көзілдірікке
сенбегендей алтын жиек көзәйнекті қоңқақтау мұрнының үстіне
нығарлай түсіп, Тұрарға таяп келіп, ұзақ қадалды.
– Да-с, – деді баланың сәбиге тән емес, ерекше байсалдылығын
аңдап алып.
– Жасың нешеде?
– Он бірде, – деді Тұрар таза орысша.
Басқа балалар бұған енді бұрынғыдан бетер таңдана, ауыздары
аңқайып қарап қалған.
– «Бірінші сынып үшін он бір жас ересектеу, – деді ішінен
Иван Владимирович. – Бірақ он беске келгендер де отыр ғой
осында. Ал мына балада бір құпия бар. Не екен? Бұл орысшаны
қайда жүріп үйренген?».
Мұғалім үнсіз. Бала үнсіз. Сынып сілтідей тынып қалған.
Осындайда тағдыр шешіледі. Түйіннің ұшы қазір мына орыс
мұғалімнің қолында. «Осы сен шыныңды айтшы, шырағым.
Рас Қырғызбаевпысың?» – десе бітіп жатыр. Ар жағын жасыра
алмайсың. Меркенің приставына бір сыбырлап қойса болды. Қош
бол, мектеп. Содан соң қой бағып, бұзау бағып, анадан қанша
асыл тусаң да, білімсіз болсаң, топастау тор шолақтың санатында
салпақтап ғұмыр кешесің. Білім жоқ жерде қиял – қысыр, арман
– ада. Түрмеде ашылған аз ғана сауат бір мысқал болса да сары
алтындай салмақты. Бірақ ендігі жерде мектептен шығып қалса,
сол бір мысқалдың өзі қат-қат тозаңның астында қалмақшы.
– Балалар, – деді орыс мұғалім шәкірттерін түгелдеп болған
соң, – сендер бұл Мерке – Мерке болғалы осында тұңғыш рет
түземдерге арнап ашылған мектептің алғашқы қарлығашысыңдар.
Қадамдарың құтты болсын!
Әліпбек оның сөзін қазақшалап шықты.
– Әулие-Ата оязының бұйрығы бойынша ашылған осы
мектепке қазір небары жиырма бес бала келіп отырсыңдар.
Бұрын мұндайды көрмеген қазақ, қырғыз, өзбек – көпшілігі
балаларын оқуға беруден қорқады. Онысы бекер, әрине. Бұл
олар ойлағандай «кәпірдің» шоқындыру оқуы емес. Сендер
бұл мектептен Әліппені үйренесіңдер, хат танисыңдар. Одан
соң тарих, ана тілі, орыс тілі, география, арифметика сияқты
ғылымдарды меңгересіңдер. Сөйтіп, өз еліне қызмет ететін,
халыққа сәуле шашатын азамат болып шығасыңдар. Іске сәт!
Содан соң, Иван Владимирович балаларға өзін, мұсылманша
оқу ұстазы Әліпбекті, арифметика пәнінің мұғалімі Александра
Сергеевнаны таныстырды. Ол кісі Иван Владимировичтің
жұбайы еді. Бірақ мектеп меңгерушісі ол жағын түсіндіріп
жатпады.
– Өзің жаздың ба?
– Иә, – деді Тұрар орынан тұра беріп.
– Мұны қалай түсінуге болады? – «Аспара» – таудың аты. Ал
«Қызыл Жебе», «Көке» дегендерің не?
– «Қызыл Жебе» деген ерен жүйрік жылқы еді, Иван
Владимирович. Ауылдың балаларымен жалаңаяқ жаяу жарыста
мен де жүйрік болдым. Содан мені балалар «Қызыл Жебе» деп
атап кетті. Ал «Көке» дегенім сол Қызыл Жебеге мініп көкпар
шапқан кісі.
– Жазуың өте сұлу, Қырғызбаев. Мұны кімнен үйреніп жүрсің?
– Наташа деген орыс қызы үйреткен.
– Иә, бауырым, саған бірінші сыныпта отыру, әрине, іш
пыстыратын жұмыс. Амал не, бізде әзір екінші сынып жоқ. Бірақ
сен дандайсып кетпе.
– «Қайталау – білімнің анасы», – деген бар. Әрі десе мектепте
сабақ жүйелі түрде жүреді. Кәне, тақтаға шықшы.
Тұрар тақтаға шыққанда бүкіл сынып тына қалды. «Не болар
екен?» – деген сұрақ бәрінің көзінде жазулы тұрған сияқты.
Тақта алдында тұрған баланың тұрқына, тұла бойына қарағанда
басы үлкендеу сияқты. Шекелігі шығыңқы. Көзінің алақ-жұлағы
жоқ, бек сабырлы. Оның бет-әлпетінде сәбиге тән мүше тек ерні
ғана еді. Қалыңдау келген үлбіреген еріннен нәрестелік табы
кетпеген.
– Бор ал, – деді мұғалім. – Жаз. Жоғарыдағы әріптерді қайталап
жаз.
Бала оң қолын көтеріп, «А» деген әріпті әдемілеп,
мұғалімдікінен айнытпай сызып жатқанда, арт жақтан жырқ-
жырқ күлген дауыс шықты.
Мұғалім көзілдірігін қолымен демеп тұрып, әлгі күлегешке:
– Тұр орныңнан! – деді.
Тайқы маңдай, бадырақ көз қара бала сүйретіліп әрең-мәрең
тұрды.
– Сен, ұмытпасам, Айбаровсың ғой?
Бала «иә» дегендей басын жалқау изеді.
– Неменеге күлдің?
– Жәй әншейін, ананың шынтағын қараңызшы, – деп Тұрарға
қолын шошайтты.
Көне пешпеттен байғұс баланың шынтағы көрініп тұр екен.
– Оның несі күлкі, – деді Иван Владимирович. – Орыстың
Ломоносов деген асқан ғалымы өткен. Кедейден шыққан.
Немістің бір менмен профессоры бірде Ломоносовқа дәл сен
құсап қолын шошайтып күліпті. Ломоносов:
– Неге күлесіз? – дегенде әлгі неміс:
– Шынтағыңыз жеңіңізден жылтыңдап қарайды, – депті.
– Жоқ, шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық
үңіліп қарайды, – деген екен Ломоносов. Кәне, Айбаров, тақтаға
енді сен шыға ғой. Атың кім, сенің?
– Атамырза.
– Ал кәне, Атамырза. Қырғызбаевтың қалай жазғанын көрдің
ғой. Тамаша. Оған мен «бес» деген баға қойдым. Мә, қолыңа
шүберек ал. Қырғызбаевтың жазғанын өшір.
Атамырза шүберекпен айбақтатып ары-бері сүртіп еді, тақта
тазара қоймады. Атамырза сидиғандау бойшаң еді, үстіндегі қара
костюмі су жаңа, фасондап тігілген. Қолын ебедейсіз ербеңдетемін
деп жеңіне бор жағып алды. Тазара қоймағанына ызаланып
тақтаға түкіріп-түкіріп жіберіп, қайта сүрте бастағанда, балалар
ду күліп жіберді. Тақтаның беті бұрынғыдан бетер айғыз-айғыз
болып қалды. Бетін ешкім қағып көрмеген саудагердің асау мінез
баласы аяғын тепсініп:
– Неменеге ыржақтап күлесіңдер! – деп айқайлап жіберді.
– Е, бауырым, күлген қандай екен? Ұнамайды, ә? – деп Иван
Владимирович шүберекті алып тақтаны өзі сүрте бастады.
Атамырза «А» деген әріпті арбитып, арық түйенің өркешіндей
етіп әрең сызды.
– Отыр, – деді мұғалім селқос қана.
Тұрарды мақтап, мұны мақтамағаны Атамырзаға ұнамады.
Дүние-дүние болғалы бері адамның алға аттаған адымын
ұдайы кедергі көріп келеді. Адам баласының бүкіл өмірі –
кедергіден аттап өту. Адымың ұзарып, алдағы асуды ала берсең,
адымы қысқа, асу аса алмас басқа біреу қызғана бастайды.
Шалғайыңнан алып, аяғыңнан шалғысы келіп тұрады.
Жаңа мұғалім Тұрарға «бес» қойып, Атамырзаға «екі»
қойғанда, Атамырза өзінің өресіздігін кінәлаған жоқ, Тұрарды
кінәлады. Ішіне қызғаныш оты кіріп кетті де, күншілдік қара
көздігін қайрай бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |