Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет9/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

* * *


Тұрардың түбі тегін емес екенін Иван Владимирович әу бастан-
ақ, алғашқы сабақта-ақ сезген. Енді, мына оңаша әңгімеден соң 
күн ашылып, күдік сейіліп, балаға ықыласы бұрынғыдан бетер 
ауды. Баланың жүріс-тұрысының, өзгелерге ұқсамайтын мінез-
құлқының,  ерен  зейінділігінің  сыры  неде  екенін  жұмбақтап, 
көлегейлеп тұратын көзге көрінбес буалдыр перде көтерілгендей 
болды.
Тұрар жан баласына ағынан ақтарылып, сыр сандығын ашпас 
еді, бірақ мына ұстаздың өз досы екенін ант-су ішіп, «олла-білле» 
деспей-ақ, әсіре қызыл, жылтырақ сөзсіз-ақ, сұңғыла сезіммен, 
түкпірдегі түйсікпен зейіндеген. Иван Владимирович патшаның 
қатардағы  қарғылы  чиновниктерінің  бірі  болса,  Тұрардың 
тұқымын алдақашан тұздай қылар еді. Баланың өмірбаянында бір 
бәленің бар екенін ол Қырғызбайдың үйіне болашақ шәкірттер 
тізімін ала барғанда-ақ аңғарып, артын бағып қалған.
Сөйтсе,  Тұрардың  қып-қысқа,  он  бір  жасарлық  өмірінде 
ұзыннан-ұзақ  қиямет  хикая  бар  екен.
–  Мен  сізден  қылаудай  сыр  жасырмай,  бәрін  айттым,  Иван 
Владимирович.  Ендігісін  өз  еркіңіз  білсін.  Менің  тағдырым 
өз  қолыңызда,  –  деп  бала  ұстазының  бетіне  қарады.  Мұғалім 
баланың соншама мөлдір, соншама қайсар көздерінен бәрін ұқты: 
егер бүкпесі болса, сәл-пәл жымысқысы болса анандай, айнадай 
ашық көзден көрінбей қалуы мүмкін емес. Түбіндегі түймедей 
тасқа дейін көрініп жататын киелі қол көрінісі осындай болар.
– Мен саған жамандық ойламаймын, Қызыл Жебе, – деді мұғалім 
баланы  бауырына  тартыңқырап.  –  Алаңдамай,  уайымдамай, 
оқуыңды  пысықта.  Бірақ  төбелеске  үйір  болма.  Мен  түсініп 
отырмын. Сен кінәлі емессің. Тиіскен анау екеуі. Сен қорғандың. 
Өз  есеңді  ешкімге  жіберме.  Айбаровтың  табанына  түспейін 
деген тәкаппарлығың маған ұнайды. Бірақ ақыл басшы болсын. 
Мектептің ішінде қып-қызыл қан төгіліп жатқаны жиіркенішті. 
Әлгінде  Александра  Сергеевнаның  шошып  кеткені  де  содан. 
Екі  адам  төбелесіп  жатса  қандай  себебі  болса  да,  сол  екеудің 
ақылдысы  көбірек  кінәлі.  Ал  сен  ақылды  едің  ғой.  Атамырза 
қанша бұзық болғанмен, сен одан әлдеқайда ақылды емессің бе? 
Құдайға  шүкір,  сендерді  оқытып  жүргеніме  бір  жылдан  асты, 


білемін ғой кімнің қандай қабілеті бар екенін. Атамырза – осы 
біздің  Меркедегі  ең  бай  саудагердің  баласы.  Ал  Серіктің  әкесі 
-  соның  делдалы.  Олар  бұзық  болып,  оқудан  шықса,  сенетін, 
сүйенетін әкелері бар. Ал сенікі не жөн? Сен тек өз күшіңе, өз 
біліміңе ғана сүйенесің. Адырлық саған жараспайды. Мінезіңде 
қызбалық  бар.  Соған  сақ  бол.  Әділетсіздікке  төзбеуің  әкеден 
қалған мұра шығар, оныңды құптаймын. Бірақ тым тік болмай, 
ұсақ-түйектен  биік  бол.  Сенің  артың  шыңырау  екен.  Артыңа 
қарасаң, басың айналар. Алға қара. Әлгі өзің айтқан Александр 
Бронников сені дұрыс таныған: сенен үлкен азамат өсіп шығуы 
мүмкін. Алдыңа бір мүдделі мақсатты қарауыл етіп қой да, соған 
ұмтыл. Иә, көп отырып қалдық. Біреу келе жатқанға ұқсайды... 
Кәне, айт шыныңды,– деп Иван Владимирович дауысын жорта 
көтеріп,  ұрыса  жөнелді.  –  Енді  қайтып  істейсің  бе  мұндай 
ақымақтықты, оңбаған бала? Енді қайталасаң – өз обалың өзіңе! 
Айтпады  деме,  қаңғыртып  жіберем!
Кабинетке Александра Сергеевна кіріп келді.
– Ваня, үйге қайтпайсың ба? Несіне тәжікелесіп отырсың бұл 
бұзықпен. Жүр, – деді Тұрарға жек көре бір қарап алып.
–  Сашенька,  міне,  кеттік.  Тұрар  уәдесін  берді.  Әлгі  сұмдық 
енді  қайталанбайды.  Бір  жолға  кешірейік.
Әйел  басын  шайқады.  Қазықтай  тіп-тік  жүретін  қатал  кісі 
былқ-сылқ еткізіп басын шайқағанына Тұрар таң қалды. Оның 
басы  тек  денесі  бұрылған  жаққа  ғана  бұрылатын  сияқты  еді 
бұрын.  Алтын  түстес  сары  шашын  сылаң  тарап,  желкесіне 
қаздитып түйіп, мүйіз тарақпен қапсыра жабыстырып тастапты. 
Сұр шевиоттан костюм, ұзын юбка, шілтер жағалы ақ кофта киіп, 
үстіне қылау жуытпайтын, киімінің қыры сынбайтын таза кісі.
– Мен қан көрсем, есімнен танып қалатынымды білесің ғой, 
Ваня. Бұл сұмдық. Есіме түссе, әлі жүрегім айниды.
–  Эх,  Сашенька,  бәріміз  де  бала  болдық  емес  пе?  Ал  қан 
шығару мәселесіне келсек, екеуміз 1905 жылы анамыз Ресейдің 
ішкі түкпірінде сол қаннан өзен аққанын өз көзімізбен көрмедік 
пе?
– Ол мұнда айтылатын әңгіме емес қой, Ваня.
Иван Владимирович әйелінің Тұрардан сезіктенгенін байқап:


–  Тұрар  өзіміздің  бала.  Қаңқу  сөзге  құмарлығы  жоқ,  жеңіл 
ауыз бұл емес. Тегіннен тегін Қызыл Жебе аталмаған. Ал Қызыл 
Жебе, бара бер. Әліпбекке айтармын. Саған бүгін тамақ бергізбеу 
керек деген бұйрығын өзгерттіремін. Сау бол!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет