СТАТОКИНЕТИКАЛЫҚ АНАЛИЗАТОР ЖОЛДАРЫ Статокинетикалық анализатордың бірінші нейрондарының денелері ішкі есту
жолының түбінде орналасатын кіреберістік түйінде жатады. Бұл нейрондардың шеткі
өсінділері кіреберіс қапшалары мен жартылай дөңгелек түтіктердің түкті жасушаларынан
басталады, ал орталық өсінділері кіреберіс түбіршігінің құрамында төртінші қарыншаның
бүйір қалташығының түбінде орналасатын медиалды, жоғарғы және төменгі кіреберіс
ядроларына барады. Осы жерден жолдар шығады: жоғарылаған – төменгі мишық
аяқшаларының құрамында шатыр ядросына барады; көптеген талшықтар медиалды
бойлық буда құрамында қосымша, әкететін, шығыршық және көзқозғалтқыш нервтерінің
ядроларына бағытталады (бұл бас пен көз алмасының сәйкес жаққа синхронды бұрылуын
қамтамасыз етеді); төмендеген - кіреберіс-жұлын жолының құрамында жұлынның
алдыңғы мүйізінің қозғалтқыш ядроларына барады.
Нерв импульстері мишық ядроларынан экстрапирамидалық жүйе (мишық-қызыл
ядро жолы, мишық-төмпе жолы және т.б.) ядроларына барады.
Статокинетикалық анализатордың бастапқы бөлігінде пайда болған импульстер
рефлекторлы түрде жекелеген бұлшықеттер тонусына әсер етіп, олардың еріксіз
жиырылуын шақыруы мүмкін. Ырғақты қайталанатын дыбыстардың жүрісті
жеңілдететіні, ал ән әуенінің биге көмектесетіні белгілі. Бұл жағдай еңбектің, спорттың,
әсіресе хореографияның әр түріне қажет қозғалыстың нақты шартты рефлексті кешенін
жасауда ескеріледі.
Статокинетикалық анализатордың маңызды ролі көптеген маман иелерінде:
космонавтар, ұшқыштар, теңізшілер және т.б. анық байқалады, бұл мамандарды таңдауда
оның қызметіне үлкен көңіл аударуға негіз болады.