Колицинотипті анықтау. Колициногенотипі
белгілі
бактериялардың эталондық штамдарын Петри шынысындағы қоректік
агарға шаншу әдісімен себінді жасап, 37ºС температурада бір тәулік
өсіреді де, бактерияларды хлороформ буымен залалсыздандырады. Одан
кейін агар беткейіне 45ºС-ге дейін салқындатылған 3 мл қоректік агар
(0,7%) ортасы мен 0,1 мл сұйық қоректік ортада өсірілген 4 сағаттық
колициногенотипі белгісіз
Escherichia coli өсіндінің (мысалы,
Col- А,
Col- В және т.б.) қоспасын біркелкі үлестіреді. 18-24 сағат
инкубациялаған соң зерттеу нәтижесінің көрсеткішін өсу көрінісінің бар
не жоқ болуына байланысты бағалайды. Зерттелетін және индикаторлық
өсінділердің колициногенотиптері бірдей, яғни бірыңғай
Col- плазмидтерді түзеді. Кей жағдайда эталондық штамдардың айналасында
бактериялардың өсуін тежеуші түссіз аймақтар пайда болады.
ДНҚ–зонд. Генетикалық зондтар көмегімен іске асырылатын
молекулалық гибридизация әдісінде микроорганизмдердің тек бір түріне
ғана телімді дезоксирибонуклеин қышқылының (ДНҚ) немесе
рибонуклеин қышқылының (РНҚ) нуклеотидтік тізбегінің кішкене
учаскесі қолданылады. ДНҚ-зондты белгілі бір микроб жасушасына тән
белгілеріне ғана жауапты нуклеотидті химиялық жолмен синтездеу
арқылы алып, оларды изотоп, флюорохром немесе ферментпен
таңбалайды. Құрамында ДНҚ бар зерттеуге алынған микроорганизм
үлгілеріне таңбаланған зондты қосқан жағдайда нуклеотидтік тізбегі
комплементарлы байланысқа түседі. Таңбалауға алынған заттардың
түріне қарай пайда болған кешенді радиоизотоптық талдау, иммунды
ферменттік талдау немесе иммунды флуоресценция реакциясымен
анықтайды. Молекулалық гибридизация әдісі микроорганизмдердің
нуклеин қышқылдарының концентрациясы жоғары болған жағдайда
ғана анықтауға мүмкіншілік береді.