Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет217/269
Дата25.04.2022
өлшемі3,08 Mb.
#140773
1   ...   213   214   215   216   217   218   219   220   ...   269
Байланысты:
Жұбанов Қ.

ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ 
(Қ.Жұбанов туралы естеліктер) 
 
Жұбанова Раушан, 
Құдайберген Жұбановтың жары 
 
Кебенек киіп кетіп еді... 
Құдайберген екеуміз құрдас едік. 1989 жылы екеуміз де тоқсанға 
толамыз. «Тоқсан деген тор екен, алды мен арты бірдей ор екен!» – депті ғой 
бір ақын. Осы сөздің мағынасын мен енді ғана түсіндім. Ойлап отырсам, 
басымнан не өтіп, не кетпеді, мен не көрмедім? Қазақ аулында тудым. 
Революция болды, патша «қара бет болып», тақтан түсті деген хабар да жетті 
алыс ауылға, Совет өкіметі орнады, онан кейін ақтар босып, ауыл-ауылды 
қырып кете жаздады. Қызылдар келді, көз алдымызда бұрынғы ауыл өзгеріп, 
жаңа түрге ене бастады. Құдайбергенге еріп үлкен қалаларда да тұрдым, қа-
зақ халқының алғашқы оқыған азаматтарының талайымен таныс, дәмдес 
болдым. 
Я.., несін жасырайын, өткен күндердің қиындығы да бар, бақыты да 
мол еді. Кейде сол бақытты күндерді, бұрынғы бірге жүрген қатар-құрбыны 
еске алайын десем, тоқсан жылдың салмағын арқалаған сананың 
көмескіленіп, сағымдай бұлдырап, өткен күндердің басы мен аяғын ажырата 
алмай қоямын. Өкініштен басқа қолдан келер айла жоқ. Тоқсан деген алып өз 
дегеніне көндірмей қоя ма?! Өткеннің ішінен есімнен кетпестей болып, 
мәңгілікке сақталып қалғаны Құдайбергенге байланыстылары ғана. Оны ең 
бірінші көрген күнімнен бастап, ең соңғы қоштасар сәтке дейінгі (1937 
жылғы 19 ноябрь) бірде-бір оқиға ұмытылмай, өзіммен бірге кететін түрі бар. 
Сірә, оған тоқсанның да күші жетпей жатса керек! 
Құдайбергенді мен үнемі көз алдыма он алты жасар бала қалпында 
көремін. Мен онымен кездесіп, тұңғыш рет танысқанымызда, екеуміз де он 
алтыда едік. Сол көрініс көзімнен де, ойымнан да мәңгі кетпестей болып 
сақталып қалыпты. Өзімнің тоқсан жасқа келгеніме сенсем де, оны 
тоқсандағы шал қалпында көзге елестете алмаймын. Оған тоқсан жасты 
қалай берейін, үйден алып кеткенде ол 38 жасқа да толған жоқ еді ғой. 
Шашының ерте бурыл тартқанына қарап, замандастары «шал!» дейтін. Ал, 


332 
шынына келгенде, сүйегі іріленіп толысатын жасқа да жетпей, жіп-жіңішке, 
ықшам жігіт қалпында көз алдымнан ғайып болды. 
Жазғы жайлауда «ауыл аралас, қой қоралас» дегендей, бір ауыл мен 
екінші ауыл жақын қонып қалады. Қозы-лақ жоғалып, әлденеден ауыл мен 
ауыл таласып, тартысып қалатын күндер де болады, дегенмен жайлауға 
шығар кезді жастар асыға күтеді. Кино-театры жоқ қазақ жастарының ең бір 
жарқын, қызыққа толы кезеңі ғой бұл. 
Көкнұра-Бестау деген жерге біздің ауылдың көшіп келгеніне екі-үш-ақ 
күн болған. Шаңқай түстің кезінде салт ат мінген төрт жолаушы әкемнің 
ортаншы інісі Саймағамбеттің үйіне түсіп жатты. Кешікпей сол үйдегі 
жеңгем келіп мені қонақтардың шайын құйып беруге шақырды. Бардым. 
Келгендер Жұбан аулының жігіттері екен, ішінде Жұбанның он алты жасар 
немересі Құдайберген бар. Жігіттер аулының қасына қонған біздің ауылдың 
үлкендеріне сәлем бере келіпті. Қонақтардың Құдайбергеннен басқалары 20-
25 жастағы ересек жігіттер екен, бірақ бәрі де бойдақ болса керек, маған 
сынай да сұқтана қарайды. Мен де сынап отырмын. Қақ төрге ұзын бойлы 
арықша келген аққұба жігіт отырды, аты Ақынияз, Жұбан тұқымының 
жиендері болса керек, онан кейін дөңгелек жүзді Емберген деген зергер жігіт, 
дастарқанның екі жақ шетін ала қара торы қызыл шырайлы көзі жайнаған, 
Құдайбергендермен қыз алыспайтын ағайыны Төрәлі мен Құдайберген 
отырды. Жұбан аулының жігіттері басқа жігіттердей қызылды-жасылды 
киінбей, қара бұлдырап, болмаса, загрен бешпент-шалбар, қақпақты жаға ақ 
көйлек киіп, бастарына қақырайтып ақ шыт орамал тартады екен. 
Құдайберген олардан да гөрі басқалау, үстіне медресе шәкіртінің костюмін, 
басына қара барқыт тақия киіпті. 
Мен шай құйғанда кесенің тәуірін, шайдың қызылын үлкендеріне 
беріп, Құдайбергенге төмен қол кесемен бердім, ол әуелі менің көзіме бір 
қара домалақ бала тәрізді көрінді. Кейін байқап қарасам, ерекше паңданып, 
кербезденіп сөйлейтін қасындағы ересек жігіттерге қарағанда, ол ойшыл, 
ұстамды және үлкен қой көздері ерекше жылу шашып тұрады екен. 
Сол кеште Саймағамбет ағай мен Бірәш жеңгей келген қонақтардың 
құрметіне ойын өткізді. Ән салынды, домбыра тартылды, «кім түртті», 
«балтам тап» секілді ойындар ойналды. Төрәлі мен Ақынияз екеуі де 
домбыраны жақсы тартады екен, таңның қалай атқанын сезбей қалдық. 
Аттанарда қонақтар біздің ауылдың жастарын шақырып кетті. 
Ауылдарына кетіп бара жатқанда жігіттердің барлығы да мен туралы 
әңгіме қозғапты. Құдайбергенді жассынып, оны есепке алмай, ересек үшеуі 
бірінен бірі жол сұрапты. Сонда үндемей келе жатқан Құдайберген 
ағаларына қарап: «Бұдан былай қарай үшеуің де Раушанды ауыздарыңа 
алушы болмаңдар, ол менікі болды!» депті күтпеген жерден. 
Шамасы ол осы ойын ағасы Тәпенге айтқан болу керек, өйткені біз 
Құдайбергеннің аулына келгенде, Тәпеннің жұбайы Балбөпе (ел арасында 
«Сарыайғыр, Сәкең» атанған) маған ерекше ықылас білдірді. Сәкең ауыл 
жастарының ұйтқысы екен. Өзі әнші, өзі домбырашы, өзі сұлу, сауықшыл 


333 
адам (Сәкеңнің Балбөпе атын кейінгі жастар тек сельсоветтің книгасынан 
ғана көретін). 
Екі ауылдағы кездесуден кейін-ақ Құдайберген екеуміз бір-бірімізбен 
түсініскендей болдық, көздегіні ғана емес, көңілдегіні де білетін ел-жұрт оны 
да сезіп қойды. Күндер өтіп жатты. 
Құдайберген алыста оқуда не қызметте жүргенде маған хат жазатын 
немесе қатар-құрбы арқылы өлең шығарып сәлем айтатын, сол өлеңдердің 
бір шумағы әлі күнге есімде жүр: 
Сәлем айт барғандарың Раушан қызға,
Өзгені теңгермеймін ол шандозға! 
Өзгеден өзгелігі болғаны ғой, 
Болмаса сәлем айтты қай қырғызға? – деген. 
Өлеңдік қасиетін қайдан білейін, жас кезінде шығарғаны ғой, бірақ осы 
шумақ мен үшін тым қымбат. Ол шынында мені ешкімге теңгермейтін еді. 
Құдайбергеннің «қырғыз» деп отырғаны біздің арғы аталарымыз елінен 
қашып келіп, қазақ арасына сіңіп кеткен қырғыз болса керек, шешем 
жағалбайлы руының қызы, бұрынғы «Жаманқала», қазіргі Орск маңының 
тұрғындары, мен өзім де сол жақта тудым, Темір-Орқаш болысына менің бес 
жасымда келіппіз. 
Мені бала күнімде Шалқар жағындағы Сағымбай деген байдың 
баласына атастырған екен. Тіпті біздің үйге қалыңмалын да беріп қойса 
керек. Байлаулы екеніңе жүрек көне ме? Сағымбайдың баласы маған көрмей-
ақ әзірейіл болды да, есі-дертім Құдайбергенге ауды. 
Жұбан балалары елге қадірі бар адамдар болғанымен, Сағымбайдың 
беріп қойған малын қайтарарлықтай бай да, сойыл соғар жігіттері мол күшті 
де емес. Құдайбергеннің бар сенері Совет өкіметі, ол сол кезде (1918 жылы) 
Темір-Орқаш болысында жаңа ғана орнаған жас Совет өкіметінің хатшысы 
екен. Өзі Совет өкіметінің мән-жайын жақсы түсіне алатындай, көзі ашық 
оқыған жігіт. Бұл өкімет нығайып, күшіне енсе, қалыңмалға тыйым салынып, 
әйелге бостандық берілетініне сенімі мол, мені де осыған сендіретін. Бірақ 
1919 жылы Темір-Орқаш болысына өзі Совет председателі болса да, істі 
бірден қалыңмалдан бастауға шамасы келмей қалды. Оның алдында жеке 
бастың қамынан да гөрі жоғары мақсат тұрды. Алдымен кедейлерге мал 
беріп, жер беріп, балаларын оқуға жіберіп, үгіт-насихат арқылы көпшілікті 
Совет өкіметінің жағына шығарып алып, қалыңмал мәселесіне біртіндеп келу 
қажет болды. Сөйтіп жүргенде 1919 жылы ақтар қайта шабуыл жасай 
бастады, әсіресе темір жол бойындағы Қандыағаш, Ембі, Шалқар 
станцияларында қатты қырғын болыпты дегенді естідік. Кейбір ауылдарды 
да ақтардың сойқаны мазалап кетіп тұрды. Осыған байланысты Жұрында да 
ақ бандыларға қарсы күресетін қызыл штаб және сол штабқа қарасты татар 
полкі құрылды. Бұл полктің құрамында қазақ, өзбек, түрікпен, қырғыз, татар, 
башқұрттар бар еді. Құдайберген сол полк жауынгерлеріне тілмаш әрі саяси 
сабақ жүргізуші есебінде штабқа шақырылды. Ақтардың шабуылын арқа 


334 
тұтып ел ішінің байлары да күшейе бастады. Құдайбергеннің елде жоғын, 
ақтарға қарсы күрестен босай алмай жүргенін пайдаланып, Сағымбай менің 
үйіме қысым жасады. «Қалыңдығымызды берсе қолынан, бермесе жолынан 
аламыз», – деп хабаршы жіберді. Мен келісім бермедім. Ағаларым сылтау 
айтып: «Уәдеміз уәде, біз айныған жоқпыз, той жасап ұзатамыз, әкесі қайтыс 
болып, басы қаралы, көңілі жаралы отырған баланың жағдайын неге 
түсінбейсіңдер?» – деп жауап беріпті. Дегенмен сөз салып мазалай бастады. 
Құдайбергеннен қалмаймыз деп өлең шығаратындары да аз болған жоқ. Бір 
жігіт өзінің байлығын, берген жерімнен мені арашалап ала алатынын айтып 
мақтанып, Құдайбергенді кедей, қара деп өлең шығарып жіберіпті, соның да 
есімде тек бір шумағы қалыпты. Ол: 
Раушан жаңа көрдім ажарыңды 
Қор қылып жүр екенсің базарыңды. 
Жолыңа мал-жанымды салар едім, 
Қап-қара тастай салсаң Назарыңды, – 
депті. Назар деп отырғаны Құдайбергенді өз атымен атамай, руының атымен 
айтқаны ғой. Бұл өлеңге мен де жауап бердім. Оның «қара» деп кемітіп 
отырған адамы мен үшін ерекше қымбат екенін білдіріп, көңілін 
аулақтаттым. Сөйтіп жүргенде Құдайберген тағы да бір алыс сапарға кетті. 
Ол жоқта Сағымбай аулы мені еріксіз ұзатып әкетті. Ағаларым 
Құдайбергенге хабар беріпті. Бірақ Құдайбергеннің өзі келуге мүмкіндігі 
болмай, 5-6 қызыл әскер қосып, Мәкі деген жолдасын жіберіпті. 
Сағымбайлар болса, Мәкіні танып қойып, бұлардың маған келген кісілер 
екенін түсініп, айлаға көшті. Әйел-еркегі, бала-шағасы түгел жиналып, 
әскерлерді маған маңайлатар емес. Бір жарымжан баланы ұстап тұрып, 
«мына баланы өлтіріп сендер өлтірді деп бәле саламыз» дегені қызыл 
әскерлерді шошындырып жіберді. Мен де Мәкіге: «бәледен аулақ кетіңдер, 
өзім еппен құтыламын» дедім. Құтқарушы жігіттер кетіп қалды, мені бір үйге 
қамап қойды. Түн ортасы ауа бергенде құлағыма күзетшілерімнің қорылы 
естілді. Мен тұсымдағы керегенің басынан екі уықты шешіп алып, үйдің 
үзігін көтеріп қарасам, көзге түртсе көрінбейтіндей, қараңғы екен. Тәуекел 
деп, тұсымда жатқан қойшының үстінен қарғып кеттім. Күні бойы қой 
соңында шаршап жүрген қойшы жігіт оянбай қала берді. Мен жерге жабысып 
еңбектеп келем. Ауыл маңынан ұзаған соң ғана кебіс-мәсімді шешіп алып, 
жүгіріп кеттім. Жүгіріп келе жатып, «бандылардың қолына түсіп қаламын 
ба?» – деген қауіп келді ойыма, сөйтіп, жолдан шығып жүремін деп адасып 
кеттім, ауылға таң ата жетіп, Құдайбергенге хабар бердім. Құдайберген тағы 
да Мәкі бастаған жігіттерін жіберіпті. Мен соларға еріп Құдайбергеннің 
аулына келдім.
Бұл 1919 жыл еді. Жесір дауы қазақ арасында әлі өз күшін жоя 
қоймаған. Сағымбайлар Кеңес өкіметінің заңына көнбей, шариғат жолымен 
билердің шешіміне жүгінбек болды, оған мойын ұсынбасқа бізде де амал 


335 
жоқ. Сонда Құдайберген екеуміздің сөзімізді ұстайтын би есебінде медресе 
«Ғалияны» бітірген Жиенғали Тілепбергенов болды. Ол өзі Құдайбергеннің 
жолдасы, кейін қазақтың белгілі жазушысы, драматургі болған адам. 
Жиенғали біздің басымыздан өткен жағдайды пайдаланып, «Сүйіскендер» 
атты пьеса да жазды. Жиенғали шариғатты да жақсы білгендігінің арқасында 
молдалардың бұра тартуына мүмкіндік бермей, өз сөзін шариғатпен де 
дәлелдеп отырды. 
Ақыры билері бар, шариғат иелері бар Құдайберген Сағымбайдың 
малын айыбымен екі есе төлесін деген шешім қабылдады. Бүкіл Назар елі 
болып бірігіп, Сағымбайдың малын төлесе де, бай ауыл оған қанағаттанбады. 
Құдайбергенді өлтіреміз деп, басына бәйгі жариялады. Сондықтан ауылдан 
кетіп Жұрындағы татар полкында қызыл штабта тұрдық. Құдайбергеннің 
әкесі бізге он үш жасар Ахметті де ертіп жіберді. Онысы, бір жағынан, Ахмет 
бізге серік болсын дегені де, екінші жағынан, өсіп келе жатқан ұлының 
келешегін ойлап, Құдайбергенмен бірге болғанын қалағаны-ау деймін. 
Өйткені өзі сол жылдары ауылдастарына: «Менің ұлдарым қызылдың 
солдаты. Олардың елге қашан оралатынын мен білмеймін. Қонысыма 
қыздарым ие болып қалуы керек. Қыздарымды алысқа ұзатпаймын», – деп, 
Ағиба деген кенже қызын ауылдағы кедей етікші жігітке атастырыпты. 
Әкесінің өсиеті ме, болмаса басқа іні-қарындастарынан айырықша жақсы 
көрді ме, әйтеуір, Құдайберген содан былай қарай Ахметті көзінен таса еткен 
жоқ. 
Төрт-төрт жарым ай шамасында біз ауылға оралдық, бұл кезде Совет 
өкіметі біздің елге толық орнап болған еді. Атамыз, Құдайбергеннің әкесі 
қайтыс болып кеткен екен. Сондықтан Құдайберген әрі қарай оқуын 
жалғастырамын деген ойына мүмкіншілік болмай қалды. Кеңес өкіметі, оны 
қандай қызметке жұмсаса, соны істеді. Мектеп мұғалімі, аудандық оқу 
бөлімінің инспекторы болды. Губонода методист-инспектор болды және 
Ақтөбедегі техникумда да сабақ берді. Бұл кезде Ахмет те қысқа мерзімді 
курс бітіріп, ауылда мұғалім болды. Курсқа оқуға келгенде біздің үйде 
жатты. 1929 жылы Құдайбергенді Ленинградқа аспирантураға жіберді. Бұл 
қыс ортасы болатын, Ленинградқа семьямызбен түгел көшеміз деп жүргенбіз, 
бірақ артынан Құдайберген ол ойын өзгертіп, бізді ауылға көшіріп, Ахметті 
өзімен бірге Ленинградқа алып кетті. Сонда ол маған: «Раушан, сен 
Ленинградқа бармай-ақ қой. Балалы кісіге пәтер жағы қалай болатыны да 
белгісіз. Сенің орныңа Ахметті ала кетейін. Өзің білесің, оның әзірге 
бітіргені курс қана, ертең педтехникум бітіріп Мұхаммеди, Нұрша, Қамзалар 
ауылға келгенде, оған ауылда да орын болмайды», – деді. Мен көндім. 
Ағалы-інілі екеуі Ленинградқа кетті. Сол жылы ол Ахметті Ленинградтың 
музыкалық училищесіне түсіріпті де, өзі Шығыс тілдері институтына түсіпті. 
Тек 1930 жылы Құдайберген Академияға аспирантураға, ал Ахмет 
консерваторияға түскен. Елдегі ағайын-туыс арасында Құдайбергеннің бұл 
қылығын теріс түсініп айыптаушылар да болды. Қызмет істеп шешесін 
асырап отырған Ахметті қайдағы бір «жын-шайтанның оқуына бергені несі» 


336 
десті. Ауылдағы сиырын сатып, Ахметке музыкалық аспап алғанда, «бұзаулы 
сиырға арзан домбыра деген ғой», – деп күлгендер де болды. Бірақ онда бала 
кезінен бастап қасынан екі елі қалдырмаған інісі Ахметтің дарындылығын 
түсініп, соған жол ашқаннан басқа ниет болған жоқ еді. Құдайбергеннің бұл 
ниетін Ахмет те біледі. Ол Құдайбергенді ағасындай ғана емес, әкесіндей 
құрметтейтін, оған арқа сүйейтін. Ахметтің тек оқушы кезі ғана емес, қызмет 
істеген кездің өзінде де Құдайберген оған жол сілтеп, ағалық қамқорлығын 
үзген емес. Егер ойынан шықпаса, шақырып алып, баладай ұрсып қоятын. 
Ахмет ағасымен ешуақытта қарсыласып көрген жоқ, шамасы келгенше 
Құдайберген қойған талапты орындауға тырысатын, өзі де әрдайым ағасынан 
ақыл-кеңес сұрап тұратын. Бірде, біздің үйімізде қонақта отырып, көршіміз, 
ҚазПИ-дің профессоры Шәрәпи Әлжанов: «Құдайберген, Ахмет – сендер 
бақыттысыңдар ғой! Біріңе-бірің сүйеніп, егіз қозыдай бір жүресіңдер, 
екеуіңнің екі «майданды» басқаруға жеткен себептерің де осы 
татулықтарыңнан болар. Мен білсем, сол татулыққа негіз болып отырған 
екеуіңнің әйелдерің-ау деймін. Ақыш, бұған сен не айтасың?» – деп өзінің 
әйеліне қарады. 
Шәрәпидің бұл сөзінің де жаны бар еді. Ахмет он алтыға толғанда оған 
Науатты өзім таңдап әпергенмін, содан бері келініміз екеуміз бір-біріміздің 
бетімізге жел болып тиген емеспіз. Балаларымызды да бір кісінің баласындай 
тату өсірдік. Ахмет пен Науаттың екі үлкені – Ғазиза мен Болат біздің 
балалардың айтқанын айтып, Құдайберген екеумізді «папа, мама», ал 
өздерінің әке-шешесін «аға, Нәуке» дейтін. Сонау 1919 жылы бала Ахметті 
Құдайберген екеумізге ертіп қызылдардың арасына жібергенде-ақ әкесі екі 
баласына осы татулықты уағыздап, үлкеніне кішің аманат дегендей еді. 
Атамыз марқұмның сол өсиетін орындау екі семьяға да парыз болды. 
1932 жылдың аяғына таман біз Алматыға көшіп келдік. Красин 
көшесіндегі үш бөлмелі үйде тұрамыз. Үш баламыз және қолымызда менің 
шешем бар еді, 1933 жылы төртінші баламыз дүниеге келді. Сол 1933 жылы 
біздің үйге Ахметтің семьясы көшіп келді. Бұл кезде олар да үшінші балалы 
болды. Сөйтіп, үш бөлмелі үйде ағайынды екі семья – жеті бала, екі кемпір – 
барлығы он үш жан бір қыс бірге қыстадық. Не өзіміз, не балаларымыз 
қағысып көрген жоқпыз. Бұдан артық татулық бола ма?... 
Ахметтің үйі 1934 жылы үй алып бөлек шығып кеткеннен кейін де біз 
сол үш бөлмелі үйімізде оңаша тұрып көрген жоқпыз. Обайдулла деген татар 
жолдасымыздың үй-іші үш баласымен бір қыс, Кенжеғали деген танысымыз 
әйелі және бір баласымен бір қыс қыстады. 
Құдайберген сол кезде көпшілікке атағы белгілі профессор, лекцияға 
дайындалады, ғылыммен шұғылданады, оқулық жазады, кітап шығарады, 
соған қарамай өзіне ерекше жағдай тілемейтін. Кабинеті бар деген аты 
болмаса, сол кабинетке де балалардың біреуі жатуға тура келетін. Бірақ 
соның бірде-біреуі Құдайбергенге бөгет болған жоқ тәрізді. Бала-шаға шулап 
жатса да, ол қағазын жаза беретін. Сен осы у-шудың ішінде қалай жұмыс 


337 
істейсің дегенде: «Мен жұмыс істеп отырғанда у-шуға көңіл аудармаймын, 
сондықтан естімеймін де», – дейтін еді. 
Кешке жұмыстан шаршап келгенде, шайды жерге отырып ішкенді 
жақсы көретін әдеті бар еді. Астына көрпе төсетіп, шынтағының астына 
жастық қойып, көлбеп жатып шай ішеді, оқиды, жазады, кесесі суып қалады. 
Оны мен қайта ысытып құямын, сөйтіп, ішуі көп болмаса да, дастарқан 
басында отыруы көп болатын еді. Мен оған: «Шаршап келсең, тезірек ішіп, 
жатып дем алсаңшы», – десем, ол: «Маған осыдан артық демалыс керек 
емес», – дейтін. 
Жерде жатқан әкесінің үстіне балалары үйме-жүйме болып өрмелеп 
жатқанда да балаларды қуып, ұрыспайтын, кітабын да тастамайтын еді. 
«Папаң шаршап келді, кетіңдер», – деп мен балаларды қуып жатсам, «тиме, 
тиме, олардың маған зияны жоқ» деп, кітабын оқи беретін. Осы сәттерді 
есіме алсам, бақыттың ең биік шыңы сол екенін білмедім ғой деп ойлаймын! 
Сол бақытты күндер мен сағаттардың қысқа болғанына өкінемін! Шай ішіп, 
балаларымен ойнап дем алған 1-2 сағаттан кейін ол столына отырып, қағаз 
жазуға кірісетін. Біз жатып қаламыз. Кейде таң атып қалғанда қарасам, ол 
қаламына сүйеніп қалғып отырады. Мен кейіп, еріксіз төсегіне жатқызамын, 
кейде ұйықтамаған қалпы ҚазПИ-ге лекцияға кететін кездері де бола беретін. 
Жұмыс істегенде күн демалыс-ау, мейрам-ау, басқа жұрт мейрамдап жатыр-
ау деп қарамайтын. «Күноздырып, шапата тоздырып неге керек!» – дейтін 
сөзі бар еді. 
Үйімізден қонақ шықпайтын, бірақ солардың ешқайсысын арнап 
шақырып көргеніміз жоқ. Келетіндер өздері іздейтін жолдас жора, ағайын-
тума, студенттер немесе ақын-жазушылар, артистер, әншілер, музыканттар, 
композиторлар еді. Ең жиі келетін, бізді көрмесе тұра алмайтын Жәкен 
Омарғазин деген жолдасымыз еді. Бірақ ол келді екен деп Құдайберген 
жұмысын қалдыра қоймайтын. Шайға, тамаққа келгені болмаса, қалған 
уақытта столына отырып жазуын жаза беретін. Кейде Жәкен: «Құдайберген, 
сенің осы мінезің жаман», – деп сол қолынан тартып тұрғызбақ болғанда, ол 
оң қолымен жазып жатып, «тұра тұр, кішкене ғана қалды» дейтін еді. Ол 
кезде Құдайбергеннен басқаның қолы бос па білмеймін, бір үйден шығып, 
екінші үйге қонаққа баратын да кезіміз болатын. Сондайда Құдайберген: 
«Менің орныма Раушанды алып кетіңдер», – деп, өзі үйде қалып, қағаз 
жазатын. Ол тіпті, демалысқа шығу, курортқа бару дегенді де білген жоқ, 
жазғы демалыс кездерін де үнемі жұмысқа пайдаланатын. Соған қарамай, 
оның жұмысы үнемі басынан асып жататын. Маған ол басқа біреулер үшін де 
еңбек ететін сияқты көрінетін. Үй болған соң «аяқ-табақ қағыспай» тұра ма? 
Мен кейде оның қағаздан бас алмай, жұмысымен болып, семья жайын 
ойламайтынына 
реніш 
білдіретінмін. 
Жасыратыны 
жоқ, 
оның 
қайырымдылығы, басқаға жәрдем етуге әзірлігі, жеке басының мақсатынан 
жұмысын тым жоғары қоятыны, жақсы қасиеттер болса да, семья үшін үнемі 
жайлы бола бермейтін. Сондықтан ренжімейін десем де, амалсыз тура 
келетін. Мұндайда мен: «Осы жұмыс істейтін жалғыз сен бе? Артық 


338 
еңбегіңмен елден артып барасың ба? Жетпейтінді жеткізем деп мен әуре, 
жұмыс-жұмыс деп сен әуре. Пәленше-төленшелердің үйі кірсе шыққысыз, 
әйелі үлде мен бүлдеге оранып отыр», – деймін. Сонда ол маған: «Мен тек 
семьяның қамын ойлап еңбек етіп жүрген жоқпын, халықтың қамын 
ойлаймын, халқымның алдында орындайтын азаматтық борышым бар!» – 
деуші еді-ау.
Я... оның бұл қасиеттерін алып тастаса, ол Құдайберген де болмас еді 
ғой. 
1930 жылдың күзі. Бала-шағамызбен Ленинградқа көшіп бара 
жатырмыз. Жолда Сызрань деген станцияда екінші поезға ауысып, жайғасып 
жатырмыз. Поезд жүре бергенде, Құдайберген таныс емес бір жігітті купеге 
ертіп келді. Күн суық екеніне қарамай әлгі жігіт костюмшең және жалаңбас 
тұр. «Бұл кім?» – дегендей, мен Құдайбергенге қарадым. Ол маған түсіндіріп 
жатыр.Москвада оқитын суретші жігіт екен, поезда киімін, билетін алдырып 
алыпты. Өзі пысық екен, мұндайдан бірдеңе шығады. Басқа қазақтың 
балалары айдалада қалғанда арам өлер еді, бұл маған аға деп келіп, Москваға 
дейін жеткізіп салуды өтініп отыр. Бұл жерден үлгермей қалдық, ендігі 
тоқтаған жерден билет әперем», – деді. Сол сол-ақ екен, жігіттің басына 
шапке әперілді,қалтасынан ақша да табылатын болды. Станция сайын маған, 
балаларға не жейміз десек, соны әкелетін болды. Балалар ағалап, мен інілеп, 
оны туысымыздай жақсы көріп кеттік. Бірақ жігіттіңқалтасында борап 
жүрген Құдайбергеннің өз ақшасы екенін ол бізге айтқан жоқ. Сол жігіт 
қазіргі Қазақстанға еңбегі сіңген суретші Әубәкір Смайылов еді. Содан 
былай қарай Ленинградтан елге қарай өтсек те, елден Ленинградқа қарай 
өтсек те, біз Әубәкірдің жатақханасына соқпай өтпейтін болдық. Жалғыз 
Әубәкір емес, Құдайберген кімнен болса да қолындағы барын аямайтын, 
дүниенің келер-кетерін есептемейтін, қолы ашық, көпшілікке қамқор адам 
еді. Қашан таусылып қалғанша қолда барды ортаға салатын. Және мынау 
жақын, мынау жат деп бөле тартпайтын. Ленинградта жүргенде оның 
басынан өткен тағы бір оқиға есіме түскенде: «Әй, Құдайберген-ай!» деп, 
еріксіз езу тартамын. 
Ағалы-інілі Төлеу мен Нәби деген екі балаға Құдайберген бұрын жетім 
балалар үйіне орналасуға көмектескен екен. Аспирантураға түскеннен кейін 
де сол екі балаға жол сілтеп, Ленинградтағы институттарға түсулеріне де 
себепкер болса керек. Бір күні Құдайбергеннің алтын қол сағаты бұзылып 
қалып, оны жөндетіп келуге Нәбиді жұмсапты. Құдайбергеннің ұмытшақ 
екенін жақсы білетін Нәби сағаттың ақысына төленетін ақшаны стипендия 
алғасын жөндетермін деген оймен ұстап қойыпты. Шамасы бір стипендия 
емес, бірнеше стипендия өткен болуы керек, әйтеуір, Құдайберген арзан 
қалта сағатын сатып алыпты. Күндердің бір күні алтын сағатты жөндетіп 
Нәби келеді. Құдайберген оған: «Менің сағатым сенде жүр екен ғой, мен 
жаңа сағат сатып алдым, енді ол сағат сенікі болсын» депті. Нәби: «Аға, 
мына сағатыңыз алтын ғой!» – дегенде, «Алтыны не, темірі не, сағат уақытты 
білдіру үшін жасалған құрал ғой, сен ала бер, өзі бір бұзылғыш сағат еді», – 


339 
депті Құдайберген. Оның бұл мінезі ана сүтімен дарыған қасиет еді. 
Құдайбергенді көпшілікке сүйкімді етіп көрсететін де осы мінезі болар. Біреу 
оның білімін, ақылын бағаласа, екінші біреулер ізгілігі, әділдігі, көмекке 
келуге әзірлігі үшін жағалайтын. Кішіпейілділігі мен мәдениеттілігін, қыз 
мінезді сыпайылығын ұнататын. 
Марқұм Мұхтар Әуезов жасы үлкендігіне қарамай, Құдайбергенді 
қатты сыйлайтын, біліміне, ақылына жүгінетін. Мұхаңды Құдайберген де 
жоғары бағалаушы еді. Құдайбергенді шәкірттері де қатты сыйлайтын еді. 
Шәкірттерін ол да жақсы көретін, «менің балаларым» деуші еді. Ал 
«балалары» оның атын атап, құрбыдай сырласатын. 
Өзі оқытқан М.Балақаев, М.Қаратаев, Б.Шалабаев, X.Есенжанов т.б. 
ҚазПИ-ді бітіргенде, сол курсты түгел үйге қонаққа шақырды. Өз 
балаларымыз оқу бітіргендей қатты қуандық. Құдайбергеннің кейбір 
шәкірттері үйімізде ұзақ жатып алатын. 1937 жылы Асқар деген ең кенже 
баламның туғанына алты күн болғанда, оны «жау» деп ұстап кетті. Бұл кезде 
ол профессор еді, көп тіл білетін. Музейлер Құдайбергенге оқытып анықтату 
үшін түрлі ескі заттарды жіберетін. Сол мақсатпен келген үлкен әдемі 
қылышты Құдайбергенді әкеткен күні «суық қару» деп, қосып алып кетті. 
Төңірегінде қытай жазуы бар жүрек тәрізді айнаны біздің үйдің заттарымен 
бірге әкетті. «Бұлар музейдің заты, жазуын анықтауға берген», – деген сөзге 
құлақ асқан жоқ. 
Костюмының омырауындағы КазЦИК мүшесі деген значогін столға 
лақтырып тастай салып, шаң тигізбейтін партбилетін қойнынан суырып 
алғанда, менің жүрегімнің бір талшығы үзілгендей болды. «Бұл қалай?» деп 
ойладым ішімнен, – бала жасынан өмірмен арпалысып келеді. Кейбір оқыған 
одан ересектеу адамдардың өзі Совет өкіметін кейінірек барып түсінгенде, ол 
18-19 жасынан бастап Совет өкіметіне қызмет істеп келеді. Басынан алай-
түлей заман өткеніне қарамай, оқымысты болып та үлгірді, бар мақсаты 
Совет өкіметіне қызмет ету болып отырғанда, ол қалай жау болады?» деп 
ойладым ішімнен. Қызметі ғана ма, жанының ізгілігін, оның жалпы адам 
баласына деген достығын, қамқорлығын қайда қояды? Құдайберген сияқты 
ізгі адам қалай жаулық жасамақ? 
Амал қанша, ізгілік пен зұлымдық, шындық пен күншілдік қатар өмір 
сүретін дүниеде оның білімін, беделін, орнын қызғанғандар да болғаны ғой! 
Құдайберген ондайлардан сақтануды білмейтін, кісіге сенгіш, адамныңбәрін 
де өзіндей адал деп ойлайтын еді. 
1937 жыл жалғыз бізге ғана емес, талайларға бақытсыздық әкелді. Ол 
жылы біреу туралы газетке жамандап мақала жазылса болғаны, ертеңіне сол 
адам «жау» екен дегенді естиміз. Сол жылы Құдайберген туралы да газетте 
осындай екі мақала басылды. Біреуін жазған бір үйде тұратын көршіміз, 
екіншісін 
жазған 
ҚазПИ-ді 
бірінші 
болып 
бітірген 
әдебиетші, 
Құдайбергеннің сөзіне қарағанда, «болайын деп тұрған талантты жігіт». Осы 
соңғы мақаланы кешкі шайдың үстінде оқып отырып: «Апыр-ай, мынаған не 
болған, табиғат берген дарын мен қара ниет, екі жүзділік қабыса беретіні 


340 
ме?» деді. Менің байқауымша, ол осы түні өз тағдырынан гөрі «болайын деп 
тұрған жігіттің» екіжүзділігіне, адамгершілік арының таза еместігіне 
қиналғантәрізді болды. 
Құдайберген тәрізді ел қамын ойлаған ізгі адамға ел арасынан шыққан 
жалған жандылардан торығудан ауыр не бар? Адал жанын зәбірлеп «жау» 
деп, жала жапқандар оның тырнағына тұрмайтынына қарамастан, өмірден 
бар керегін ала білді кейін. Бұған мен қалай өкінбеймін? Өкіндім! Ардан 
безген қара жүректілерге қарғыс айттым. Дегенмен көптің ішінен жаман да, 
жақсы да шығады ғой. Сол ауыр, нәубет жылдардың өзінде жаны таза, ізгі 
адамдардың қолтықтан демеп, көмектескенін көріп, рақметімді айттым. 
Ішімнен қырық жыл қырғын болып жатса да, нағыз адамның азаматтық 
қасиеті жоғалмайды екен-ау деп қуандым. Менің бағыма Құдайбергеннің 
көзін көрген, қызметтес, шәкірттерінің көпшілігі осындай жандар болып 
шықты. Құдайбергенді «жау» деп қаралап жатқанда, сол ізгі адамдар оның 
адал коммунист, нағыз азамат екеніне сенімдерін жоғалтпады. Бұл маған 
үлкен медет, қуат болды. Шиеттей бала-шағамен отырған үйімізден 
шығарылып, далада қалғанымызда, А.С.Пушкин атындағы кітапхананың 
директоры Мұхтар Жанғалин бізді кітапхананың үйіне кіргізді. Бұл сол кез – 
1937 жылы екінің бірі бел шешіп кірісе алмас ерлік іс еді. Тіпті 
Құдайбергеннің алғашқы тергеушісі Мавлюдов басынан бақыт құсы ұшқан 
бізге көп қарасты. Көпшілік азаматтың жарлары күйеулерін бір көруге зар 
болып жүргенде, ол бізге Құдайбергенді апта сайын аз уақытқа болса да 
кездестіріп тұрды. Тіпті ҚазПИ мен Наркомпростан, Академияның Қазақ 
бөлімшесінен алынбаған Құдайбергеннің бірнеше жылдық тиісті демалыс 
айларының ақшасын төлеттіріп берді. Мұның бәрін мен жақсылыққа жорып, 
күйеуімнен күдерімді үзбедім, арты жақсылықпен бітер деп сендім. Бірақ 
шамамен төрт ай өткенде бұрынғы Мавлюдов отыратын кабинеттің 
телефонын басқа адам көтеретін болды. Жаңа тергеушінің даусы қандай 
ызғарлы болса, ісі де сондай суық болды. Енді Құдайбергенді көруге де зар 
болдық. Алматыда тұрып қалудың ешбір жөні келмегендіктен, елге көштік. 
Арнаулы мамандығым болмаса да, колхозға кіріп еңбек етпекші болған мені 
«жаудың семьясы» деп колхозға алмады. Бұл жолы да мен Құдайбергеннің 
көзін 
көрген 
азаматтардың оны 
«халық 
жауы» 
деген 
жалаға 
сенбейтіндіктеріне көзім жетті. Жұрын аудандық атқару комитетінің 
председателі Хамза Қалниязов арызымның шетіне «колхозға алынсын» деп 
бұрыштама қойып берді. 
Мен білегімді сыбанып қара жұмысқа түстім. Осының арқасында 
балаларымыз қатарынан кейін қалып, аш-жалаңаш болған жоқ. Біреуден 
кейін, біреуден ілгері тірлік кешіп, әкесінің түтінін жалғастырып әкетті. 
Алты баламның біреуі ұзақ науқастан қайтыс болды, ал қалған бесеуінің 
үшеуі – ғылым кандидаты, екеуі басшы қызметкер, екеуі партия қатарында. 
Бұл жалғыз менің жеңісім, жемісім бе? Жоқ, әрине! Қараулыққа, қаскөйлікке 
қарсы тұрған адалдық, азаматтықтың жеңісі деп білемін мен. Рас, 
балаларымның алдында Құдайбергеннің туған інісі Ахмет болды. Қолынан 


341 
келгенін аямай, шыр-пыр болған Ахметтің өзіне сол жылдар салмағы оңай 
болды ма?.. Ауылдық Советтер туу туралы куәлік бермейтін ертерек кезде 
туған Ғазиза мен Болаттың Құдайбергеннің емес, өз баласы екенін дәлелдей 
алмай, жұмысынан, партия қатарынан қуылды емес пе?.. 
«Көп түкірсе, көл болады» дегендей сол бір қасіретті жылдары өмір 
ағынына қарсы жүзуге, қиындықтарға шыдауға көптің көмегі тиді. Бүгін 
ағымнан жарылып, сол көпке алғыс, рақметімді айтқым келеді. Әрине, 1937 
жылдан бері маған, балаларыма көлеңкесі түсіп, көмегі тиген азаматтардың 
бәрінің атын атап шығу мүмкін де емес. Сондықтан аты аталмай қалған 
кейбір асыл азаматтар 90-ға келген маған ренжімес деп ойлаймын. 
ЖенПИ-дің ректоры Т.Мырзабекова, проректоры А.Шамиева, ҚазПИ-
дің ректоры С.Толыбеков, Оқу-ағарту министрі Ә.Шәріпов, осы 
министрліктің мектеп бөлімінің меңгерушісі Решетняк, № 12 және № 18 
мектептердің директорлары т.б. әкесінен қапыда айырылып қалған 
балаларыма көп жақсылықтар жасап, шарапаттарын тигізді. 
Бүгінде өздері талайларға ұстаз болған, Құдайбергеннің рухын жылы 
жүректерінде үнемі сақтап, әрдайым жақсы лебіздерін білдіріп келе жатқан 
адал шәкірттері – М.Балақаев, А.ЬІсқақов, М.Қаратаев, марқұм X.Есенжанов 
т.б. дән ризамын. 
Құдайбергенді көздері көрмесе де артында қалған мұралары арқылы 
танып, табысып, еңбектеріне тәнті боп жүрген бір шоғыр, бір топ ғалымдар 
бар. Олар үнемі Құдайбергеннің аруағын сыйлап, үлкен жиналыс, бас 
қосуларда атын атап, баяндамалар жасап, мақалалар бастырып жүр. Жекелеп 
аттарын атамай, олардың бәріне үлкен аналық рақметімді айтам. 
Қилы кезеңдерді бастан кешіріп, қиындығы мол ғұмыр кештік. Өзім де, 
балаларым да бақытсыз болдық деп айта алмаймын. Не көрсек те, көппен 
бірге көрдік. Бірақ жүрекке шемен боп қатқан «Әттең!» дегізетін өкініш те 
жоқ емес. Күнкөрістің, бала-шағаның қамымен жүріп, қиынды «қиын», 
ауырды «ауыр» демегенімде, Құдайбергенді әлі бір көремін деген үмітім бар 
еді. Сол алданыш үміт күшіме күш, жігеріме жігер қосушы еді. Енді сол үміт 
те үзіліп отыр... Бұдан елу жыл бұрын кебін емес, кебенек киіп кеткен жан 
жолдасымды бір көруге зар болып күтумен жасым тоқсанға келді. Бұл өкініш 
емес пе?! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   213   214   215   216   217   218   219   220   ...   269




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет