38. VI-XII ғғ. Қазақстанның ғалымдары мен ойшылдарының әлемдік
мәдениетке қосқан үлесін талдаңыз (әл-Фараби, М.Қашқари,
Ж.Баласағұн, Қ.А.Ясауи және т.б.)
VI- VIII ғасырларда түрік қағанатына бағынған Орталық және Орта
Азияның түркі тілдес халықтары, сондай-ақ Хазар қағанатын құрған
төменгі Еділ бойының, Дон жағалауы мен Солтүстік Кавказдың түрік
тайпалары өздерінің жеке жазуларын қолданды. Жазу негізінен әкімшілік
және елшілік тәжірибелеріне қатысты, сондай-ақ мемлекеттік актілерді
бекіту қажеттілігінен туындаған тәрізді. Діни қатынастардың да белгілі бір
рөл атқарғаны анық. Шежірелерде айтылғандай, ертедегі түріктер ағаш
тақтайларға "қажетті адамдардың аттарын, салық пен малдың санын"
есептеу мақсатында ойықтар салатын болған. Сонымен қатар түрік елшілері
грамотамен жабдықталды. 567 жылы Константинопольге II Юстиниан
императоры сарайына келген елші соғды Маниах қағаннан "скиф
жазуымен" жазылған хатты әкелген. "Мұның не жазу" екендігін түрік
қағанатының - Бугут көне жазуы ескерткішіне қарап білуге болады.
Бағананың үш жағында соғды тілінде жазылған жазу бар. Оның бір
жағындағы брахма жазуымен санскриттегі жазба толығымен өшкен.
Сөйтіп, руна әріпі пайда болғанға дейін түріктер соғды әліппесін кеңінен
қолданғанын, ол Түрік қағанатының бірінші ресми жазуы болғандығын
білеміз. Жаңа жазба - көне түрік әліппесі - түріктердің арасында VII ғ.
бірінші жартысында пайда болған. Әліппе алғашында бір-бірінен бөлек
жазылатын геометриялық белгілерден құрылып, 37 немесе 38 әріптен
тұрған, оның соғды әліппесінен айырмашылығы ағаш пен тасқа жазуға
қолайлылығымен ерекшелінеді. Руна ғаріптері түркі тілінің ерекшеліктерін
дәл бере білді. Әдеби және тарихи тұрғыдан алғанда, руна ескерткіштері тіл
мен әліппеге қатысты біркелкі емес. Аймақтық белгісіне орай ескерткіштер
бірнеше топқа бөлінеді. Моңғолиядан табылған руна ескерткіштері Орхон,
Тола және Селенга өзендері алқаптарында шоғырланған. Бұл топқа Білге-
қаған мен Күлтегінге арналған белгілі руна мәтіндері жатады: Кошо-
Цайдам бағаналары, Чойрэн бағанасы, Тоныкөк ескерткіші, Онгин жазуы,
Куличор құрметіне арналған бағана, Селенга тасы, Сэврэй тасы, Терхин
бағанасы, Тэсинь бағанасы, Қарабалғасун жазуы, Суджа жазуы, Тайхир-
чулудің 20 жазуы, Исе-Асхеттің 2 жазуы, Хэнтэй жазуы, Хангай мен
Гобаның ұсақ жазуы, сондай-ақ соғды тіліндегі Бугут жазуы. Бұл жазулар
"орхон ескерткіштері" деп аталады. Тува және Минусин аймағындағы
Енисей ескерткіштеріне жататын құлпытастарда, тастарда, алтын және
күміс ыдыстарда, теңгелерде қазіргі таңда белгілі болған жазудың 150 түрі
белгілі болса, Лена-Байкал жағалауындағы ескерткіштер тобында тұрмыс
заттарына жазылған, әлі күнге дейін оқылмаған 16 қысқа жазу кездеседі.
Алтай тобының ескерткіштері: бір тас бағана мен тасқа жазылған жазулар
және молалардан табылған күміс ыдыстағы жазулар (барлығы 50-ге жуық
жазулар). Шығыс Түркістан ескерткіштеріне Тұрфандағы көне құрылыстың
қабырғасында жазылған 4 жазу, үңгір ғимараттарындағы 2 жазу, Миран мен
Дуньхуандағы қағазға түсірілген бірнеше ірі мәтіндер, қоладан жасалған
қол айнадағы жазу жатады. Ал Жетісулық деп аталған Орта Азиялық
ескерткіштер тобына - Талас алқабындағы құлпытастардағы, теңгелердегі,
тұрмыстық заттар мен ағаш таяқтардағы 12 жазуды, ал Ферғана
ескерткіштеріне жататын қосалқы тобы керамика мен металдағы 17 қысқа
жазу жатады. Көне түркі мәдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес
қазыналарының бірі - баға жетпес асыл мұрасы - жазудың пайда болуы мен
жазба әдебиетінің байлығы. Білге-қаған мен Күлтегіннің және басқа түрік
елінің көрнекті қайраткерлерінің құрметіне арналған руна мәтіндері ең
құнды әдеби шығармалар ретінде және сол кезеңнің тарихын баяндайтын
дерек ретінде жоғары бағаланады. Бірақ біртіндеп оңтүстік өлкелерді
арабтардың жаулауы, ислам дінінің көшпелі ақсүйектер арасына терең
тамыр жаюы нәтижесінде ежелгі түріктердің руна жазуы ығыстырылып,
араб графикасы негізінде жаңа түрік жазбасы қалыптасқан. Ортағасырлық
мәдениеттің қаншалықты деңгейде дамығандығына философ, ғалым
энциклопедист, Отырардан (Фарабтан) шыққан Әбу Насыр ибн Мұхаммед
ибн Тархан ибн Узлак әл-Фараби ат-Түріктің (870-950) ғылыми еңбектері
куә. Немістің шығыстанушысы Ф.Дитеритстен бастап Дж.Сартонға дейінгі
мәдениет пен ғылымның көрнекті өкілдері, тарихшылар Әл-Фарабиді
кереметтеп, ұлы тұлға екендігін ерекше баяндайды. Ол астрономияны,
логиканы, музыка теориясын, математиканы, социология мен этиканы,
медицина мен психологияны, философия мен құқықты зерттеді. Оған
"Муаллим ассана" - "екінші ұстаз" деген атақ берілген. Бұл жерде "екінші"
деген Аристотельден кейінгі дегенді білдіреді. Әл-Фараби шын мәнінде
әлемдік дәрежедегі ғалым болды, ол өзінің шығармаларында араб, парсы,
грек, үнді мәдениетімен түрік мәдениетінің жетістіктерін бір-біріне
жақындастырып, біріктіре білді. Ол атақты "Китаб аль-музык аль-кабир"
атты еңбегінде музыка мәселесіне ерекше мән береді. Ол ғылымды, білімді
жаңғыртушы болды, бұл оның "Ғылымды топтау туралы сөз" деген
еңбегінде қамтылды. Әл-Фараби саяси философия мен этикаға ерекше мән
берді, өйткені, солардың арқасында шын мәніндегі бақытқа қол жеткізуге
болады, бұл бақытты алдамшы бақыттан ажырата білу керек деген, Әл-
Фараби жақсылық тілеуші қаланы надан, адасқан қалаға қарсы қояды, ақ
ниетті адамдар үшін өтірік айту, алдап-арбау және астамшылық жат нәрсе
деген. Рухтың еркіндігі туралы Әл-Фараби шығармаларында өте анық
жазылған. Фарабидің қолжазбалары әлемнің көптеген кітапханаларында
сақталған. Әл-Фарабидің осы еңбектері арқылы ортағасырлық ғылым
қалыптасты, оның ықпалымен Ибн Руштің, Ибн Синаның, Омар Хайямның,
Роджер Бэконның, Леонардо да Винчидің және өзге де ойшылдардың
дүниетанымы қалыптасты. Дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі тағы бір ірі
әдеби поэтикалық шығарма “Құтатғу білік” немесе “Қайырымды білім”
поэмасы болып табылады. “Құтатғу білік” ежелгі Түркстанның батысы мен
шығысында бірдей ІХ ғасырдан бастапақ ықпалды, іргелі елдік құрған
қарахандар әулетінің билігі дәуірлеп тұрған заманда Жүсіп Хас-Хаджиб
жазған. Ол Х ғ. соңы мен ХІ ғ. алғашқы жылдарында қазіргі қазақ елінің
жер ауқымына енетін ежелгі Баласағұн шәһарында туып өскен. Жүсіп
Баласағұн айтулы этикалық-философиялық еңбегін 54 жасында жазған.
Баласағұн қаласында бастаған бұл шығармасын Қашқарда аяқтап,
Қарахандар мемлекетінің сол кездегі әмірі Сатұқ Боғра ханға тарту етеді.
“Құдатғу білік” 6520 бәйттен тұрады және 124 бәйттің қосымшасы бар.
Шығарманың жалпы көлемі 13 мың екі шумақтан құралған өлең. Поэманың
3 түрлі қолжазбасы сақталған: ұйғұр жазуымен венгерлік, сондай-ақ араб
ғарпімен жазылған каир мен намангандық нұсқалары. “Қайырымды білім”
тек әдеп-мораль трактаты ғана емес, терең философиялық шығарма, онда
идиалдық қоғамның нормаларын, бұл қоғамдағы әртүрлі тап өкілдерінің
мінез-құлық ережелерін суреттейді. Білім – билеуші үшін де, халық үшін де
игілікке қол жеткізудің бірден-бір қайнар көзі деген идея оның мазмұнына
арқау болған. Жүсіп Баласағұнның осы еңбегі арқылы Қарахандар дәуіріне
барлау жасап, тарихи-этнографиялық құнды пайымдаулар түйіндеп, пікір
қорытуға болады. Шығармада ел басқарудың экономикалық, әлеуметтік-
тұрмыстық ахуалы, әскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы
басқа да мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-
философиялық тілмен баяндалады. Еңбекте сол заманғы ғылым мен
мәдениеттің жетістіктері де аңғарылып отырады. “Құтты білік” атты
даналық дастаны ғұлама атын күллі Тұран еліне, Шығыс әлеміне танытты.
Батыс пен Шығысты кең шарлап кеткен бұл әдеби жәдігер он ғасырдай
мерізім өткенде өз атамекеніне оралды. 1986 жылы қазақ жерінде өз ана
тілімізде алғаш рет жарық көрді. Сол Х-ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта
Азия, Қазақ елі аумағын мекендеген халықтардың мәдени даму биіктерінің
бірі болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге дейін аса
құнды, өміршең. “Құтты білік” – ежелгі түркі тіліндегі классикалық
поэзияның тұңғыш шығармасы. Түрік тайпаларының тілі, фольклоры,
этнографиясы туралы шығарма авторы Махмуд Қашқари (1029-1101) еді,
оның халиф әл-Мухтадиге арнап 1072-1074 жж. жазған "Түркі тілдерінің
сөздігі" («Диуани лұғат ат-түрк») атты атақты шығармасы бар. Онда
тарихи-мәдени, этнографиялық және лингвистикалық материалдар
жинақталып, кеңінен қамтылған. "Түркі тілдерінің сөздігі" - XI ғасырдағы
түркі халықтарының дүние танымының ерекшелігін, этникалық
құндылықтары мен мінез-құлық нормаларын сипаттайтын түркі
мәдениетінің ескерткіші, онда ата-бабаларымыздың бұрыңғы мұралары
толық қамтылған. Кітапта ежелгі зороастрийлік-шамандық дүниеге
көзқараспен қатар жаңа идеология - исламның элементтері мен оның бір
тармағы суфизм туралы да айтылған. "Сөздік" қазіргі кезде
А.Н.Кононовтың айтуы бойынша XI ғасырдағы түріктердің өмірі туралы
бірден бір ақпарат көзі болып табылады: атап айтқанда, олардың
материалдық мәдениеті, тұрмыс-салты туралы, энонимдер мен топонимдер,
рулық бөлініс жөнінде, түрлі лауазым иелерінің атақтары мен атаулары,
тағамдар мен сусындар атаулары туралы, мал шаруашылығы жөнінде,
өсімдіктер мен дәндер туралы, астрономиялық терминдер, металдар мен
минералдар туралы, географиялық терминология мен номенклатура
туралы, қалалар, аурулар мен дәрілер атаулары, тарихи және мифологиялық
батырлар, діни және этникалық терминология туралы, балалардың ойыны
мен ойын-сауықтар туралы және т.б.". Махмуд Қашғари өзінің кітабында
мынандай негізгі жанрларды бөліп қарастырады: түркі тілді фольклорлық-
тұрмыс-салт және лирикалық әндер, батырлар жырынан үзінділер, тарихи
ертегілер мен аңыздар, 400- ден аса мақалдар, мәтелдер және шешендік
сөздер. Түркі суфизмінің негізін қалаушы, ойшыл және ақын Қожа Ахмет
Яссауи ортағасырда өмір сүріп артында мол мұра қалдырды. Оның өмірі
мен қызметі Яссы (Түркістан) қаласымен тығыз байланысты. Оның "Диуан-
и хикмет" атты кітабы сақталған. Яссауи түркі суфизмінің көшбасшысы.
"Диуан-и хикметте" исламның негізгі ережелері мен қағидалары
баяндалады. Автор 4 ұстанымды, атап айтқанда, шариатты, тарихатты,
хакихатты, мағрифатты түсіндіруге ерекше мән береді. "Шариат" - ислам
дінінің заңдары, дәстүрі, салт-дәстүрі, "Тарихат" - суфизм идеясы,
"Хакихат" - құдайға құлшылық ету, бірігу. "Мағрифат" - дінді танып-білу.
Яссауидің пікірінше, шариатсыз, тарихатсыз, мағрифатсыз хакихат жоқ. Ол
"Хикметте" Алланың атын түріктер бұрын өзінің құдайы санаған Тәңір
атымен жиі алмастырып отырған. Түріктер жаңа исламдық өркениетке
көшкен соң да халықтың даму бағытын бір арнаға салуға күш жұмсады.
Демек, жаңадан енгізілген идеологияны бұқараның ғасырлар бойы
қалыптасып қалған сана-сезімінен, олардың ұстанып келген Тәңірге
табынушылық - шаманизммен, зороастрийлікпен біріктіре білудің орны
ерекше болған, кейін мұндай процесс "Түркі халқының мұсылмандығы"
деген атауға ие болды. Осы орайда яссауилік ілім зор рөл атқарды, ол
әділдікті, рухани тазалықты және адамның рухани дамуын жетілдіруді
насихаттады, ал мұндай игі қадам түркі халықтарының көңіліне қонды.
Егер рухани күш болмаса, құдайға шын көңілмен сенбесе, тіпті соған орай
өзін-өзі құрбан етуге дейін бармаса, адамның өзінөзі тануы мүмкін емес, -
деген қағиданы ұстанған Ахмет Яссауи өзінің барлық ғұмыры мен қызметін
тап осындай идеялық-өнегелік жолға арнады. Осылайша VI-XII ғасырларда
кең толғамды, парасатты пайымдаулары мол ғылыми мұралардың, ақындық
өнердің үздік дара туындыларының дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті
ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-әлеуметтік орта тынысы мен
қоғамдықсаяси жағдайлардың заңдылықтары, алғышарттары болғаны
күмәнсіз. Бұл классикалық шығармалар сол кездің өзінде белгілі дәрежеде
әдеби-мәдени дәстүрдің, көркемдікэстетикалық танымның қалыптасқан
мектебінің болғандығын меңзейді. Сөйтіп, VI-XII ғасырларда тарихи
қалыптасқан жағдай ғылымның дамуына, феодалдық негіздің нығайып,
мемлекеттік құрылымдардың шығуына, отырықшыегіншілік мәдениет пен
қалалардың өсуіне, этникалық шоғырланушылық процестердің күшеюіне
әкелді.
|