Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап



Pdf көрінісі
бет3/12
Дата22.05.2022
өлшемі0,71 Mb.
#144537
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Қазақстан тарихы 4-кітап

 
І бөлім
ҚОҒАМДЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨМІРДІ
ҚАЙТА ҚҰРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚСТАН (1985-1991 Ж.)
 
 
§ 1. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы
дағдарыстық құбылыстардың етек алуы
 
1980 жылдардың басында Кеңес Одағындағы дағдарыс пен тоқырау тереңдей берді.
Әкімшіл-әміршіл басқару әдісі елді дағдарыстан алып шығуға дәрменсіздігін көрсетті. Халық
шарушылығындағы жоспарлы экономика жүйесі тиімсіз екені айқын көрініс берді. Бұдан кеңе-
стік қоғамның саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар жасау талабы туындады.
1985 ж. наурыз айында КОКП Орталық комитетінің (ОК) пленумында Бас хатшы болып
М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын жари-
ялады. Горбачевтің «қайта құруы» әйгіленген жүйелік дағдарысты «тоқырау» құбылысы
ретінде белгілеп, қоғамды осы кеселден айықтыратын ем-дом іздестіруге бағыттады.


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
8
Бірақ бұрынғысынша жаңсақ диагноз қойылды.
Сондықтан да сауықтыру жалған немесе жанама бағыттарға бұрылып кетіп жатты.
1985-1991 жылдары КСРО басшылығына келген М. Горбачевтің бұрынғы әміршіл-әкім-
шіл жүйені сақтай отырып, елдегі қоғамдық өмірді демократияландыруды ұсынған идеясының
кеңестік империя жағдайында жүзеге асуы мүмкін еместігін 1986 ж. Алматыдағы Желтоқсан
көтерілісі мен одан кейін орын алған Тбилисидегі, Бакудегі, Вильнюстегі оқиғалар көрсетіп
берді. Қайта құру соңы КСРО-дағы тоталитарлық жүйенің күйреуіне әкелді. Ол 1989 ж. Кеңес
әскерінің Ауғанстаннан толық шығуын жүзеге асырды. КСРО-ның тұңғыш және соңғы прези-
денті КСРО-ның халықаралық және сыртқы саяси бағыттарын өзгертуге белсенді кіріскен М.
Горбачев 1990 ж. Нобель сыйлығын иеленді. 1991 ж. 8 желтоқсанда өткен Беловеж келісімі
КСРО-ның ыдырағанын рәсімдеп, М. Горбачев өз қызметін тоқтатты.
Кеңес Одағында 1985-1991 жылдары қайта құру кезеңі деп тарихқа енді және оның
негізгі 3 бағыты айқындалып бірнеше кезеңге бөлінді
1
.
Әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету деп аталатын алғашқы кезеңде (1985 жыл-
дың сәуір, 1987 жылдың жаз айы) экономиканы ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта
құру тұжырымдалды. Бұл өндірісті жеделдету мен еңбек өнімділігін тез арада көтерудің алғы-
шарты деп саналды.
Бірақ іс жүзінде жекеменшіктің, нарықтық қатынастың толыққанды ендірілмеуі жедел-
дету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы зауыттар
мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені тауар-
дың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да зауыттар
мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған парти-
ялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шетелдерден валютаға сатып алынған құрал-
1
Қаипбаева А.Т. Қазақстандағы қайта құру жылдарындағы кеңестік қоғам дағдарысының тереңдей түсуі // Ізденіс. – 2012.
– № 2. – 99-б.


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
9
жабдықтар іске асырылмай, зауыттар мен фабрикалар алаңында, теміржол станциялары мен
қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.
Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауылшаруашылығында да көрсетті.
Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемле-
кеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен
егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз еді. Арендалық әдістерді
енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принци-
пін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен
совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.
Қайта құрудың алғашқы кезеңі, көбінесе, ұрандық сипаты бар шешімдер мен бағдарла-
малардың қабылдануымен есте қалды. Мысалы, КОКП ОК-нің 1985 ж. 7 мамырдағы «Мас-
күнемдік пен алкоголизмді тыю жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданғаннан бастап
республикалық баспасөз беттерінде салауатты өмір салтын орнықтыруда, маскүнемдікке ымы-
расыздық жағдайын туғызуда онымен жүргізіліп жатқан күрес, атқарылып жатқан іс-шаралар
туралы хабарламалар, мақалалар жиі шығып тұрды. Бұл ішкілікке қарсы науқан ауқымымен
мерзімі жөнінен аттандап ұран салумен ғана салыстыруға болатын теңдесі жоқ науқан еді.
Науқан ә дегенде табысты өтіп жатқандай көрінген, денсаулық сақтау мен еңбек өнімділігін
арттыру мәселелерінің едәуір жақсарғаны туралы баяндамалары көбейді. Спиртті ішімдіктерді
өндіру мен сатуға шек қойылды. Көшеде мас болып жүру тоқтатылды. Спиртті ішімдіктер
өндіруді шектеу жоспардағыдан да жедел жүре бастады. Салауатты өмір салтын насихаттау
жөнінде жер-жерде лекциялар, әр түрлі іс-шаралар атқарылды. Бірақ қол жеткізіліп, кеңі-
нен насихатталған табыстар уақытша ғана нәрсе болған секілді. 1987 жылдың орта шенінде
науқан басталғаннан соң екі жылдан кейін көшеде мастар көбейіп кетті, самогон жасау кең
етек алды, сөрелерден қант жоқ болып кетті, ал мемлекет қаржысы қиын тығырыққа тірелді.
Шарап жасайтын республикаларда – Молдавияда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Армения мен
Грузияда, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ұланғайыр жүзімдіктер жойылды. 1987 жыл-
дың соңында 216 гектар жүзімдік, яғни КСРО-дағы жүзімдіктердің алтыдан бір бөлігі түгел-
дей құрып кетті. Көп уақыт өтпей-ақ адамдардың ішімдік орнына иіссуды, тіс тазалайтын пас-
таны, гуталинді пайдалана бастағанын былай қойғанда, нашақорлық пен улы заттарды шегу
фактілері де жиі бой көрсете бастады. Маскүнемдік және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың
алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскү-
немдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп
жіберді
2
. Кеңес үкіметінің сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Рыжковтың мәліметі
бойынша алкогольді сусындар мен ішімдікке тыйым салу салдарынан мемлекет 62 миллиард
сом жоғалтқан.
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қаза-
қстанда Одақтың барлық жеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушыл-
дық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт
саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа
жол берілді. Жалпы, барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз
бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия коми-
теттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Көп-
теген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп,
аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдай-
ларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істер-
2
Омаров Д.К. Қайта құру реформаларының қайшылықтары // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы.
– 2004. – № 4. – 103-б.


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
10
дің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Ұлт мәселесін шешудегі солақайлықтың
сотқар әдісі Қазақстанда 1986 ж. Желтоқсан оқиғасында кеңінен қолданылды.
ХХ ғасырдың 80-жылдары Қазақстанда ұлттық табысы кісі басына шаққанда Одақтық
деңгейден 12 %-ға кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақ-
шасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Эколо-
гиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведом-
стволық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның
нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар
аймақтары экологиялық зардап шегуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысы-
ның жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе
Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал
аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.
Аралдағы экологиялық ахуал
Міне, осымен байланысты 1986 ж. ақпанда болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI
съезінде жасаған баяндамасында ол кезде республика Министрлер кеңесінің төрағасы болып
істеген Н.Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағ-
дайларды өткір сынға алды.
Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақытылы
шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, мәселелерді шешуге ескіше қара-
удың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Қоғамды демократияландыру деп аталған екінші кезеңде (1987 жылдың жазы-1989 жыл-
дың мамыры) бастау алған 1987 ж. жаздағы маусым пленумы басқаруды түбегейлі қайта
құру мәселесін көтерді. Бірақ форумның шешімдері де жартыкештік сипат алды. Олай дейтін
себебіміз дағдарыстың өрістеуінің тамыры тереңде, яғни өндірістік қатынаста екендігі туралы
тұжырым жасалмады. Дегенмен қоғамдық сана қозғалысқа түсіп, халықтың әл-ауқатын жақ-
сартудың бірден-бір жолы нарық пен жекеменшік болып табылатындығы айғақталды. Алайда
ел басшылары бұрынғысынша дәйексіздік, сылбырлық, орынсыз қырағылық танытты. Мұның
белгісі ретінде «Мемлекеттік мекемелер туралы» заңды айтуға болады. Заңда шаруашылы-
қтың арендалық, мердігерлік жүйесін дамыту көзделді және оны іске асыру шұғыл түрде қолға
алынды. Аталған шара қоғамның едәуір дәрежеде алға басуына ықпал еткенімен, мәселелер
шешімін таппады. Заң экономиканың жартылай дамуына ғана мүмкіндік берді. Заң мемлекет-
тік жоспар және нарық қатынасы сияқты екі сыйымсыз дүниені қабыстыруға әрекет жасады.
Тағы бір өте маңызды, бірақ тұтас алғанда, орындалмай қалған бағдарлама тұрғын үй
бағдарламасы болды. Сол кезеңде КСРО-да алғашқылардың бірі болып Қазақстан «Тұрғын
үй-91» бағдарламасын жасады, бұл Колбиннің қалт-құлт еткен тұрақсыз жағдайын нығайтуға
деген ұмтылысынан туған еді. Шындығында, бұл идея назар аударуға лайық іс болды және бағ-
дарлама орындалды да, бірақ барлық жерде қосып жазу арқасында ғана «жүзеге асты», оның
үстіне құрылыс ресурстарының шектеулі болу жағдайында сапаның едәуір төмендетілуі нәти-


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
11
жесінде орын алды. Бірақ Қазақстандағы бүкіл тұрғын үй мәселесін өте қысқа мерзім бес
жылдың ішінде шешу мүмкін емес еді.
Горбачевтің: «Қайта құру басталғаннан кейін екі жылдан соң молшылыққа кенеле-
міз, жетпіс жыл ішінде елімізде қанша өндіріс потенциалы жасалса, алдағы он бес жылда
сонша өндіріс потенциалын жасаймыз, ХХ ғасырдың аяғына дейін әрбір отбасын пәтермен
немесе жеке үймен қамтамасыз етеміз», – деген сөздеріне қалың жұртшылықтың бәрі еш
шүбәсіз сенді. Ол түбегейлі реформа жасау арқылы экономиканы сауықтыруға, басқару жүй-
есін өзгерту арқылы қоғамдық ахуалды жақсартуға ниеттенді. Ал қайта құрудың экономикаға
реформа жасау саласындағы даму барысы республикалардың әлеуметтік-экономикалық жағ-
дайына елеулі өзгерістер әкелмеді. Жеделдету жайына қалды. «Адам факторы» деген бұлы-
ңғыр ұғым ұмытыла бастады.
Елде жариялылықты қамтамасыз ету айдары тағылған үшінші кезеңге (1989 жылдың
мамыры – 1991 жылдың тамызы) қатысты мәселелерге тоқталсақ, қайта құру идеяларының
кең қанат жая алмауы, біріншіден, партия, мемлекет басшылары реформистік қанатының жал-
тақтап шегініс тауып, реформаны батыл түрде іске асырмай отырғандығы болса, екіншіден,
оның барлық сатыдағы бюрократиялық номенклатурасының қарсылығына ұшырауы болды.
Дегенмен 1989 ж. 25 тамызда КСРО депутаттарының І съезінің трибунасында тоталитарлық
империя қалдықтарының орнына демократиялық, яғни азаматтық құқықтық қоғамды құру-
дың маңызды алғышарты болып нарық пен жекеменшікке өту жолындағы күрес басталды.
1985 ж. сәуірдің жылы лебі әкелген бұл өзгерістердің кемшіліктерімен қатар жақсы
жақтарының да болғаны белгілі. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық
қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптар қоя бастады, бұл мәселелер
жаңа қырынан көрініс тапты.
1987 ж. шілдеде алғаш рет Қазақстанда кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер
бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты
округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і
депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық және селолық
кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бой-
ынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым академиясы әлеумет-
тану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті
мақұлдады. Өйткені көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалау-
лыларын ұсынуға, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарлама-
ларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Наурыз мерекесінен көрініс


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
12
1988 ж. шілдеде Кремльдің Съездер сарайында Бүкілодақтық ХІХ партия конференци-
ясында «Кеңес қоғамын демократияландыру және саяси жүйенің реформасы туралы», «Бюро-
кратизмге қарсы күрес туралы», «Жариялылық туралы» қарарларының қабылдануы қоғамда
демократиялық үдерістердің орнығып, одан әрі өрістеуіне кең жол ашты деп есептеуге болады.
Әсіресе республикаларда орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-
жақты айтылды. Осыдан келіп қайта құру әкелген жаңаша ойлау жүйесі қоғамның рухани әле-
уметтік саласында белсенді позицияға ие бола бастады. Соның бір айғағы ретінде Қазақстан
Жазушылар Одағы жанынан Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің құры-
луының маңызы зор болды. Бұл қоғамдық комитет өз жұмысында Арал мен Балқаш мәселесін
ғана емес, республикада қалыптасқан ауыр экологиялық ахуал туралы дабыл қақты. Араға 62
жыл салып қайтып оралған Наурыз мерекесі де жаңаша ойлаудың жарқын бір көрінісі болды.
1988 ж. мамырда Қазақстан астанасы Алматыда өткен Орта Азия мен Қазақстан театрларының
аймақтық Наурыз фестивалі соның бір айғағы деуге әбден болады. 1989 ж. Наурыз мерекесі
республика көлемінде кең өрісті, мол әсерлі, қуанышты аталып өтті.
Келесі бір оң қадам Кеңестер Одағы өз әскерін Ауғанстаннан шығара бастап, оны 1989
ж. 15 ақпанда аяқтады. Ауғанстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд сом шығын әкеліп оты-
рған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Әскерді шығару Кеңестер Одағының
әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақ КСРО әлі де болса
бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп кешенін ұстап отырды
3
.
Әкімшіл-әміршіл жүйе саясатының тоқырау идеологиясы мен психологиясы мәдениет,
әдебиет, өнер салаларының жағдайына да әсер еткені белгілі. Бес арыс: Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев мұра-
ларымен танысу өз ұрпақтарына қайта құрудың арқасында ғана мүмкін болды. Репрессия құр-
бандары мен казармалық саясаттың құрбандары болған асыл ағаларымыз бен апаларымызды
ақтап алу осы жариялылық тұсында жүзеге асырыла бастады.
Міне, осындай реформалық өзгерістердің әсерімен республикаларда ұлттық сана-сезім-
нің өсуі, халықтың өзін-өзі танып білуі, дербестікке ие болу, саяси қару тізгінін өз қолдарына
алу жөнінде митингілер, бас қосулар жиірек бой көрсете бастады. Ұлттық-территориялық
аймақтардың кейбір жерлерінде орталықтың жүргізіп отырған саясатына әлсін-әлсін қарсы-
лықтар көрсетіліп жатты. Орталық ведомстволар жергілікті аймақтардағы жүргізіп отырған
билігінен бірте-бірте айырыла бастады.
1990 ж. наурызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1-інші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР
Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты
біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 ж. 24 сәуірде Қазақ
КСР Жоғарғы кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады.
Н.Ә. Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді
шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді
басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында
сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алма-
тыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы комиссия
құрды
4
.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары кеңесінің заң шығару қызметі маңы-
зды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі (1990 ж. сәуір)
жетекші орын алды. 1990-1991 жылдары қабылданған республика заңдарында әрбір адам-
3
Сайлан Б.С. Ауғанстан ақиқаты // Қазақ тарихы. – 1996. – № 4. – 51 б.
4
Омаров Д.К. Қайта құру дәуірінің Қазақстан болашағына ықпалы // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Тарих
сериясы. – 2004. – № 1. – 84-б.


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
13
ның мұқият зерттеліп жасалған, құқықтық және әділеттік процедуралар арқылы заң жүзінде
бекітілген бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуге қажетті жағдайларды қам-
тамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан шындық жағдайының талаптарына сай рес-
публика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заң-
дар Қазақстандағы саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия
жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Республика парламентінің қазақ
тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген «Қазақ КСР-дың тіл туралы» заңын 1989 ж. қыркүйек
айында қабылдауы үлкен оқиға болды.
Елде іске асып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әр түрлі көзқа-
растардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құры-
лып, олардың кеңінен дамып өрістеуіне жағдай жасалды. Мәселен, 1990 ж. Қазақстан социал-
демократиялық партиясы құрылды. Партияның алдына қойған басты мақсаты республика-
лық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу
еді. Бұл партия қоғамдық өмірге белсене араласып, оның материалдық және рухани дамуына
өздерінің лайықты үлесін қоспақшы болды. Сондай-ақ партия қоғамдағы жекеменшікті мой-
ындайды және өзінің қызметінде кәсіпқойлықты қолдап отыруды көздеді.
1990 ж. Қазақстанда «Азат» азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты –
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылы-
ғын, әлеуметтік әділеттілікті, адамгершілік идеалын қорғау болды. Одан басқа республикада
«Алаш», «Желтоқсан», т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көп пар-
тиялық жүйенің және тоталитаризмнен демократияға өтпелі кезеңнің бастамасы екенін көр-
сетті. 1991 ж. қазанда Қазақстан халық конгресі партиясы құрылды. Оның жетекшілері болып
Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сайланды.
Қайта құру жағдайында Қазақстанның комсомол ұйымдарында да сапалық жаңа
өзгерістер іске асты. Қазақстанда жастар істері жөніндегі мемлекеттік басқару органы туралы
мәселе талқыланды. 1990 ж. 17 желтоқсанда Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақ КСР
Жастар істері, дене мәдениеті және спорт жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Әр түрлі
деңгейдегі партия комитеттерінің жанынан аппарат құрамында Жастар істері жөнінде комис-
сиялар құрылды. Комиссия мүшелері «Қазақ КСР-дың мемлекеттік жастар саясаты туралы»
заңның жобасын қарады. 1991 ж. сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің IV сессиясында «Мем-
лекеттік жастар саясаты туралы» мәселе талқыланды. 1991 ж. маусымда «Қазақ КСР-ындағы
мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. 28 маусым күні бұл заңға Қазақстан
Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев қол қойды. «Қазақ КСР-дың мемлекет-
тік жастар саясаты туралы» бұл заң 1991 ж. КСРО құлағанға дейін қабылданған болатын. Сон-
дықтан бұл заңның жүзеге асуында кедергілердің болуы кездейсоқтық емес еді. Тәуелсіздік
алған мемлекетіміз жастар мәселесін жаңаша қарауға мүмкіндік алды, жастардың әр түрлі
саяси партиялары мемлекет әкімшілігіне жастар мәселесі туралы бағдарламалар ұсынды, мем-
лекет тарапынан жас отбасыларына жеңілдіктер көрсетілді.
Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге
ерекше мән берілді. Олар өздерінің мүшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұм-
сауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ коми-
теттері, салалық кәсіподақ кеңестері болып қайта құрылды. Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер
кеңесіне балама ұйымдар «Солдат аналарының комитеті», «Қазақстан мұсылман әйелдерінің
лигасы», «Көп балалы аналар», «Жанұялар одағы», «Айша», «Ақ отау» және «Іскер әйелдер
қауымдастығы» құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 ж. барлығы 120-дан астам дербес қоғам-
дық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Міне, осылай қайта құру дүмпуімен басталған қоғамдағы өзгерістер халықтың жігерін
жанып, мүлгіген сана-сезімін оятып, ұлттық намысын күшейтті. Жариялылық рухымен


. Коллектив авторов. «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышар-
ттары және қалыптасуы. 4-кітап»
14
басталған саяси-экономикалық, руханиәлеуметтік үрдістерден кейін ұлтымыз өзін-өзі тану,
ұлттық қайта даму, төл тарихына үңілуде жаңа бетбұрыс жасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет